Зухра Исламбаева. Қорғансыздың күні
14.09.2021
18928
0

Қыз тағдырының, әйел өмірінің қиындығын «Қаралы сұлу», «Қорғансыздың күні», «Қыр суреттері», т.б. шығармалары арқылы суреттеген Мұхтар Әуезовтің прозалық туындыларының қазақ театрының репертуарынан өткен ғасырда-ақ орын алып, көпшіліктің назарын елең еткізгенін жақсы білеміз.   Шығармашылық мұндай үрдістің жыл өткен сайын артуы олардағы идеяның өзектілігіне, мәнділігіне, мәңгілігіне байланысты. Ағымдағы жылдың маусым айында Б.Римова атындағы Талдықорған театрының сахнасына қойылған «Қорғансыздың күні» спектаклі соның бір көрінісі болды деп айта аламыз.

 АДАМ ӨЛІМІНЕ НЕМҚҰРАЙДЫ ҚАРАЙТЫН УАҚЫТ…

 Жас қыздың қорғансыздығын, адам баласының қолымен жасалатын зұлымдықты аса шерлі сарында бедерлеген жазушының әңгімесіндегі оқиға желісі кімді де болса бей-жай қалдырмайтыны анық. Режиссерлік тың шешімдерімен елең еткізген қойылымда соңғы жылдары М.Әуезов шығармаларына батыл барып, ондағы идеяның негізін өзіндік жаңашыл көзқарасымен оқып, түйіп жүрген Фархад Молдағали сахналық жүйені жасауда нақтылыққа назар аударыпты. Спектакльдің бастапқы сахналарында  ол Ғазиза отбасының өткен күндердегі, яғни әкесі тірі кезіндегі қызықты, берекелі дәуренінен хабардар етеді. Одан әрі бой жетіп қалған қыздың құрбыларымен күннің суығына қарамастан бір-біріне қар лақтырып ойнаған алаңсыз бақытты балалық шағына куә боламыз.  

Мұнда режиссер әрі сахналық жүйе авторы Ф.Молдағали әңгімедегі тек автордың немесе кемпірдің сипаттауымен ғана берілетін кейіпкерлерге жан енгізіп, сахнаға алып шыққан. Мәселен, кемпірдің айтуындағы ел-жұрттың алдында абыройлы, сыйлы Жақып оқиғаға араласып, толыққанды бейнеге айналған. Прозалық шығарма сахналық қалыпқа түскен кезде қаһарманның осылайша баяндау тәсілінен жанды образға айналуы шығармашылық процесс үшін қажет-ақ. Егер ол көркемдік тұрғыдан оқылып, ақталып тұрса әрине. Мұны Ф.Молдағалидың ой-тұжырымынан байқай алдық. Рольдегі Шалқар Мүкен сүзекпен ауырған адамның ауыр халін тікесінен тұрған күйінде қалтырап, дірілдеуі арқылы береді де жерге құлайды. Осы көрініс әйелдердің, ауыл-аймақтың жоқтауына ұласып, композициялық жүйенің тұтастығын құраған.

Сол жоқтаудың соңы көпшіліктің ойынына, әзілі мен қалжыңына, ауыл әйелдерінің өсегі мен бейпіл әңгімесіне ұштасып кетуі де қисынды. Қазіргі адам өліміне немқұрайды қарайтын уақыттағы тіршілік иелерінің күнделікті тұрмысы бұл. Әрине өмірде қуаныш пен қайғының қатар жүретіні белгілі. Алайда осы жерде сол көпшіліктің тобырлық сипаты анық көрінеді. Әңгімедегі оқиғалар желісі спектакльде сол тобырдың әрекет ете жүріп айтуымен өрілген. Сахналық жүйенің мұндай үлгісі қазақ театрының тарихында өткен ғасырдан-ақ қалыптасқан. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде сахналанған «Абай» (реж. Ш.Айманов, Я.Штейн), Ж.Аймауытовтың «Ғашықтық дерті» (реж. Қ.Сүгірбеков, М.Әуезов театры), М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» (реж. Б.Шамбетов, С.Мұқанов театры), т.б. Бұлардағы жазушының қаламынан туындаған сөздердің, яғни оқиғалар тізбегінің көрерменге қатысушы кейіпкерлер арқылы жетуі көпшілікке сол шығарманы оқып отырғандай әсер қалдырады. Аталған қойылымда да композициялық құрылымның келісті жасалғанына, оқиғалар легі әңгіменің тақырыбына, шығарманың идеялық мағынасына қарай бірінен-бірі өрбіп, дамып отырғанына куә болдық.

РЕЖИССЕРДІҢ АСТАРЛЫ ӘРІ ТАПҚЫР ШЕШІМІ

 «Күшікбайдан асатын қара жолдың үстінде Арқалықты бетіне алып, қала жақтан бір пар атты келе жатқан» (М.Әуезов) екі адамның сахнаның оң жақ төрінен көрінетін пластикалық баяу қимылы олардың атты жолаушылар екендігін меңзейді. Сараң жүріспен сахнаны тұтас айналып өтіп, кемпір үйінің жанына тоқтаған бұлар – Ақан мен Қалтай болатын. Алғашында көркем мінезді, иманды адамның кейпін байқатып, қазақтың  салтымен құран оқып, бет сипағандардың бұл үйдің босағасын адал оймен аттамағаны қарт ананың зарлы әңгімесінің тұсында аңғарылып отырады. Кемпір тағдырдың басқа салған тауқыметі мен қайғысын, ағайындардың алалығын ашына айтып отырғанымен үш бейбақтың зарын, аянышты тұрмысын тыңдап-түсіну Ақанның тоғышар санасына жетпейді. Мұны режиссер қызыл жарықтың аясында Ақан мен Қалтайдың айнала жүріп, Ғазизадан көз алмай ішіп-жеп қарайтын, ал қыздың олардан үркіп, қашқақтаған мизансценасы арқылы берген. Бұл көрініс – әрине Ақанның ойы, нәпсіге бой алдырған арманы. «Өмірдің қызығы мен мәні тек байлықта, мансапта, әйелмен өткізген рахатты сәтте» деп түсінетін санасы саяз болыс Ғазиза шарамен қымыз ұсынғанда да оның қолынан сипап, жібергісі келмейді.

Осы Ақан роліндегі актер Ерлік Қалибектің зорлық әрекеті орындалатын тұста жігіттің әрбір киімін шешіп лақтыруымен гүрс еткен қатты дыбыстың және жарқ еткен жарықтың қатар берілуі сұмдық істің болып жатқандығын айғақтайды. Аталған көріністі (алғашында) «сахна этикасын сақтай отырып, пластикалық үлгіде берсе» деген ойдың болғанын жасырмаймыз. Алайда осы сәттегі оғаш қимылды, жарқыл мен үрейлі дыбысты Ақанның міз бақпайтын мінезіне қарай бағыттаған режиссердің астарлы әрі тапқыр шешімі байқалды. Е.Қалибектің бұл әрекеті Ақанның аяушылықты білмейтін, топас һәм пасық мінезіне сай келіп тұр. Нақтысын айтқанда, Ақан нағыз зұлым, арамдықпен, құмарлықпен ғана көрші қонған адам болып шыққан.

Ал, оның көлеңкесінде күн көріп, мырзасының қас қабағын баққан, автордың суреттеуіндегі «аса пысық, сөзге ұста, қалжыңқой, әсіресе Ақанның түндегі жүрісіне өте ыңғайлы, әрі жылпос, әрі тілді», «ерте күннен жалтаң болып өскен» (М.Әуезов) деген мінездемелерге ие Қалтайдың бойына режиссер адам баласында болуға қажетті ұят, аяушылық, жан ашу деген сезімдерді қосыпты. Пресстелген шөптің тасасында жатқан Қалтай – Еркебұлан Айдымбаевтың мырзасының теріс ісіне ішкі қарсылығы мен сол қарсылықты білдіруге дәрменсіздігі анық көрінді. Зұлымнан қорлық көрген қызға жан ашуын актер өкінішті әрі аянышты көзқарасы мен  көз жасы арқылы байқатады. Осы тұста Е.Айдымбаев пресс шөппен қызды қоршап, соның тасасында жатып-ақ өкінішін байқатқан Қалтайдың Ақан болысқа деген тәуелді санасындағы жылт еткен адами қасиетін байқатып өтеді.

Ауыл әйелдерінің сол болып жатқан көрініс кезінде қызыл гүлдің күлтелерін айналдыра шашып жүруі де оқиғаның трагедиялық бояуын қоюлатқан. Мұны біріншіден –  қыз абыройының төгілуі десек, екіншіден – жас қызды өлімге апаратын жолдың қызметін атқарады.   

Адам санасын терең ойға жетелейтін бұл қойылым сонымен қатар қаһарманның психологиясына, мінез-құлқына, оның әлеуметтік орнына шынайы бойлаған актерлік ансамблімен есте қалды. Әсіресе, кемпірдің роліндегі тәжірибелі актриса Алмахан Кенжебекова өмірдің күнгейінен гөрі көлеңкесін көп көріп ысылған, жан-жағындағылардан, ағайын-туыстан теперіш көріп, әбден тісқақты болған ананың бейнесін аса бір ыждағаттылықпен орындады. Автордың жазбасында күш қуаты азайғанымен бастан өткен жетімдіктен, көрген қиындығы мен зұлымдықтарынан әбден ысылған адамның көз жанарындағы ерекше қайраты бұл қаһарманның болмысын биіктете түседі. Ал, сахналық қимыл-қозғалысы жоқ, бір орында ғана отыратын сексеннен асқан кемпірдің психологиясын, оның ішкі әлеміндегі қайнап жатқан қайғыны актриса зор даусының түрлі иірімімен, екпінді ырғағымен жеткізді. Кемпір – А.Кенжебекованың шымылдық ашылған сәттегі домбыраның сүйемелдеуімен орындаған әлди әні де бір отбасының өткен өмірі мен бүгінін баяндап бергендей әсер қалдырады. Жалпы ән айтқанда да, сахналық серіктестерімен диалогында да қоңыр дауысты актрисаның шеберлігін, сахнагер ұстанған «кішкентай роль жоқ» принципін байқадық.

Спектакльдегі ерекше әсер еткен тұс – келіннің әрекеті. Кемпір бастан өткен қиянатқа толы оқиғасын мұң-шермен жеткізіп, айтып отырғанда сол келін, яғни Ғазизаның анасы өзінің мазасыздануын қасындағы ыдыстарды тарсылдатуымен, қолын әрі-бері ербеңдетіп, ауа қармаған әрекетімен  береді. Бұл – көзі соқыр болса да көкірегі ояу әйел. Актриса Роза Қапашеваның трактовкасынан ана жүрегінің дамылсыз, мазасыз соғысын, бір жамандықты сезген жан қиналысын анық аңғарамыз. Тіпті роль орындаушының қазанды тарсылдатып, ішіндегі асты бейберекет сапырып аласұруында ананың терең психологиясы, өте сезімталдық қасиеті жатыр. Келін – Р.Қапашеваның ана сезімін осылайша қарапайым ғана тәсілмен жеткізген қимылынан болатын алдағы сұмдықты байқамау мүмкін емес.

Ф.МОЛДАҒАЛИ М.ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАСЫНЫҢ ИДЕЯСЫН ТЕРЕҢДЕТКЕН

Зорлық көрінісінен кейін сахнада Ғазизаны іздеп шарқ ұрған аналарының зарлы даусы, ауыл адамдарының ащы үні, Қалтайдың іздеген болып әрі-бері жүгіруі, айғайлап, аппақ қарға аунаған, бірде сүрініп, енді бірде құлаған Ғазизаның ішті өртеген өкінішке толы зарлы даусы, жан ұшыра аласұруы, ақ түтек боран мен ұйытқи жауған қар барлығы параллель беріліп, М.Әуезов шығармасының идеясын тереңдетіп, шығарманың жанрын аша түскен. Осы көріністегі автор суреттеген ызғарлы, суық өңірдегі тым қатал табиғат құбылысы сахналық-көркемдік эффектілермен келісті қызмет атқарған. Финалдағы өскен, балалық бақытты шағы өткен үйін тастап, өлімге бет алған Ғазизаның бүлдіршін шағын білдіретін кішкентай қыз баланың сахнаға шығып, қар лақтырып ойнауында да қисынды ой бар. Яғни, бұл – бізге әңгімеден белгілі әкесіне еркелеп өскен қыздың адал, таза болмысы, періште өмірі.   

Кейбір қойылымдарынан Ф.Молдағалидың символизмге назар аударып, тау, өзен, өсіп тұрған ағаш тәрізді табиғат элементтерін спектакльдің мәні мен мағынасына қарай қолдана білетініне куә болып жүрміз. Мәселен, «Құлагер» спектакліндегі теріс өскен ағаш кері кеткен заманды (немесе адамды) меңзесе, «Қорғансыздың күніндегі» сахнаның әр жерінде өсіп тұрған қамыстар режиссер мен суретші Қарлығаш Шалабаеваның шешімінде бір отбасындағы әлеуметтік жағдайдың жұтаңдығын, жалпы қазақ ауылының төмен ахуалынан хабардар етеді. Сол сияқты мұның астарында жеңілдікпен ғана күн көрген Ақан сияқтылардың санасының тым таяздығы жатыр. Және режиссердің назарынан ұлттық дәстүрлерді қолдану да тыс қалмапты. Өмірдегі тірегінен, асыл азаматынан айырылған келіннің белін таянып жоқтауы, қаза болғандарға арнап құран оқу сияқты қазақ үшін аса маңызды салттар драманың құрылымына келісті байланыстырылған.

Жалпы спектакль көрерменіне маңызды ой салатын дүние болып шыққан. Көркемдік тұтастық әңгіме мен сахналық жүйедегі негізгі ойдан ажырамай, керісінше мән мен мазмұнға бағытталыпты. Роль орындаушылардың қимыл-қозғалыстары режиссерлік тұжырымнан туындап, келісті ойын бедері жасалған. Дегенмен осы қойылымнан кейінгі (ең алғашқы премьерасы кезіндегі – 03.06.2021 ж.) талқылау барысында театртанушы, өнертану кандидаты Еркін Жуасбек Ақан сияқты зұлым, тоңмойын тоғышарларға бірде-бір зауалдың болмағандығын, қазақ ұғымында аса ауыр саналатын қарғыстың спектакль финалына қажеттілігін айтқан болатын. Өте орынды ой. Демек, адам өліміне себепші болып, оның ішінде жас бойжеткеннің тағдырын тәлкек еткен мұндай сұмдық іске қарғыс сияқты моральдық қарсылық болмаса, мұның әрине қоғамның жазылмас дертіне алып келетіні анық.

 Зухра ИСЛАМБАЕВА,

театртанушы, өнертану кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір