Дәурен ҚУАТ. ЗАМАНДАС. МҰҢДАС. ҚАЛАМГЕР
14.09.2021
2561
2

Бәкеңмен – Валерий Михайлов ағамызбен Жазушылар Одағының дәлізінде бірер рет кездесіп, қол алысқанымыз болмаса, жеке басымыздың таныстығы жоқ екен. Бәкең – сыпайы адам. Біртоға жан. Орыс ағайынның бұрқырап жүретін әдеті бұл кісіге жұқпаған. Өзінің де кісіге жұғымы кемдеу көрінгенімен, іші толы әңгіме мен шежіре сияқты сезілетін. Солай болып шықты. «Ғаламат жұт шежіресі».

Ақын Ғұсыман Жандыбаев аударған. «Хроника великого джута». Кітап авторы Голощекин деген құбыжық пен әлгі құбыжықтың замандастарының   адамзат баласына жасаған жауыздықтарын әшкерелей отырып, қазақ даласында аранын ашқан алапат аштықты байланыстыра баяндайды. Бұлтартпас, нақты деректермен сөйлейді. Кітаптың алғашқы беті бүй дейді:

–       «Ең бірінші есімде қалғаны – Ай. Күздің суық күнінде біз әлдебір жаққа көшіп барамыз. Мен шайқалақтаған арбаның үстінде көрпеге ораулы жатырмын. Кенет арба солқ етіп тоқтай қалды. Менің көзім қап-қара болып түнерген аспан төріндегі Айға түсті. Мен шалқамнан жатып, одан көзімді алмай ұзақ қарадым. Жолдың екі шеті толған адам мүрделері. Олардың созылған қолдары бұратылып тырбиған ағаш бұтақтарына ұқсайды. Өлі-тірісі белгісіз, жерге жабысып қатып қалған. Маған айтпасада бәрі белгілі еді. Үлкендер бәрібір сұрағанымен жауап бермейді, олардың маған қарайлауға мұршасы да жоқ. Осы бір серейіп қатып қалған адамдарды әлдебір тылысым үрей қоршап тұрғандай… Кейін естияр болған кезімде сұрағанмын, сонда бәрін айтып берді. Олар адамның мәйіттері еді…».

Оңаша бір отырыста «өзінің қашанғы күмбірлеген майда қоңыр дауысымен ерекше бір толқу үстінде» ақын Ғафу Қайырбековтың Валерий бауырын құлағдар еткен әңгімесі екен бұл. Ғафаң осы әңгіме үстінде әжесінің қайрат көрсеткенінің арқасында Торғай қаласына жетіп, сондағы нағашы жұртымен селбесіп аман қалғандары туралы сыр шертеді. Тағы бір әңгімесінде ақын «Ғабеңнен – Ғабит Мүсіреповтен естіген едік» деп тағы бір сұмдық  көріністі оқиғаны жайып салады:

–        «… 1932 жылы Қазақстан сұмдық аштықтың құрсауында қалды. Мүсірепов төрт жолдасымен бірге өлкелік комитетке хат жазды. Онда ұжымдастырудағы асыра сілтеушілік туралы айтылды. Бірақ олардың бәрін «ұлтшылсыңдар» деп айыптады. «Біз, — деді Ғабең, — біткен жеріміз осы деп ойладық. Олар үшін, қолына қанды қылыш ұстаған баскесерлер үшін, біздің өміріміз не тұрады…»

Сол жылы қыс ерте түскен болатын, Алматыны қазан айының өзінде-ақ қар басып қалған. Мүсіреповті өлкелік комитетке шақырды.

«Несі бар, егер сен өзіңнің халқың үшін осынша алаңдайтын болсаң, Торғайға барып қайт, деп оған Голощекин мысқылдай қарады. – Онда ешқандай аштықтың жоқ екенін өз көзіңмен көресің».

Мүсірепов жолға шықты. Қостанайға жетті. Онда ақырған қыс екен. Атқару комитетіне келді. Оның төрағасы Қазақстанға өз еркінен тыс келген адам екен. «Е-е, дейді ол, сіздер де мен сияқты жер  аударылғандар екенсіздер ғой. Сіздерді мұнда қай Құдай айдап келген? Елсіз дала, толассыз боран, ал Батпаққараға дейін мың жарым шақырым, үсіп қаласыздар. Не сіздерді жеп қояды». Осы сөздердің бәрін ол еш қалжыңсыз, байыппен айтқаны көрініп тұрды.

… Әулиекөл ауданынан өткеннен кейін боран басталды. Ұйтқып соққан қар ұшқындары күннің көзін жауып, жолды бітеп тастады. Жүргіншілер жолдың жүлгесінен адасып, аттар тұрып қалады. Кенет Мүсіреповтің көзіне әлдене шалынғандай болады: анандай жердегі күртік қардың арасынан бірдеңе қараңдайды, бейнебір сексеуілдің қисық бұтағы секілді. Ол шанадан ырғып түсіп әлгінің қасына барады. Қар астында адам өліктері жатты.

… Олар күртік қардан шығып, өлілер салған жолмен жүріп отырды. Алда – қаңырап бос қалған ауылдар. Жергілікті жол бастаушы бұл қоныстардың нөмірлерін айтып келеді.: олар бір-бірінен тек нөмірімен ғана ажыратылады: ешбірінде жан баласы қалмаған. Жолаушылар қазақтың көзіне тосын көрінетін киіз үй қалашығына ат басын тіреді.

… Мүсіреповті, әсіресе, іші-сыртының сән-салтанаты келіскен алты қанатты киіз үй таңғалдырды. Үй жасаулары – ашық түсті жібек көрпелер мен атылас жастықтар, бетін әсем өрнектермен әшекейлеген түкті кілемдер көздің жауын алады. Орта тұсында тең болып жиналған жүк тұр. Бейне бір үй иелері әлгінде ғана сәл уақытқа шығып кеткендей, әне-міне қайтадан кіріп келетін секілді.

… Бәрі жан-жақтан қарап жүр – ал мына бір тұстағы киімдер жиналған жүк өзгеше бір күркеге ұқсайды. Ортасында кішкене тесік бар… Әлдебір бейтаныс та үрейлі әлемге ашылған қараңғы терезеге ұқсайды. Кенеттен араларындағы екеуі қаруланған төрт еркек бір мезетте әлденеден секем алып селт етті. Денелері түршігіп, үрке қарап сәл тұрды да, есікке қарай ентелей беттеді. Тұра беруге дәттері шыдамай, далаға атып-атып шықты. Ғабит Мүсірепов ең соңында қалды. Табалдырықта сәл кідіріп, арт жағына қарады: үстіне киімдерді үйіп тастаған шағын жүк теңнің ішінде біреу бар секілді.

… Аяқтарын күртік қардан әрең-әрең суырып, олар шанаға беттеді. Кенет көкейін түрткілеген беймәлім түйсікпен қарсыласуға бойынан күш таппаған Мүсірепов өздері әлгінде ғана кіріп шыққан, ақ киізбен жабылған еңселі үлкен үйге қарай бұрылды. Жолдастары да соңынан ерді.

«Ойбай, мұнда біреудің ізі жатыр!» деп ышқына дауыстады біреуі.

Олар қар бетіндегі беймәлім ізге үңіліп, үймелесіп қалды. Із мүлде жаңа еді.

«Бұл не? Қарасақ па? Түлкі ме?»

«Жоқ, ұқсамайды! Сірә… Әй, бірақ болуы мүмкін емес!..»

Жігіттер із қуалап жүріп отырып киіз үйден бір-ақ шықты. Есікті айқара ашты.

Күтпеген жерден иесіз үйдің ішінен ыңырсыған ащы дыбыс естілді. Бәрінің жотасы мұздап қоя берді. Әлде иттің қыңсылы ма немесе мысықтың зарлағаны ма – айырып болмайды және осының бәрі қандай бір қорсылмен қатар естіледі.

Жүк жиналған теңнің қуықтай ғана тесігінен әлдебір кіп-кішкене тірі жан атып шықты да, адамдарға тұра ұмтылды. Ол қанға малшынған еді. Қансүңгі болып қатып қалған ұзын шаштары мүйізге ұқсап, жан-жағына сорая шығып тұр, аяқтары бейнебір қарғаның сирақтары сияқты қап-қара, шидей. Көздері ойсыз, бетіне қатып қалған қанның үсті жаңадан аққан қан тамшыларымен әлеміштенген. Тістері ақсиып, аузынан қызыл көпіршік ағып тұр.

Төртеуі бірдей қорыққаннан естері шығып, есікке қарай секіре қашты. Сыртқа шығып, артқа бұрылғанда әлгі құбыжықтың қарасы да көрінбеді, ғайып болса керек.

«Бұл сонда не болды?» деді Ғабит қырылдай сөйлеп, жолдастарына қарап. Қорқыныштан әлі де селкілдеп тұрған олар үндемеді. Тек кейін, Қостанайға барған соң жолсеріктерінің бірі Ғабекеңе мынаны айтты:

– Сіз, бәлкім, оны жын деп ойлап қалған шығарсыз? Жоқ, жын емес. Мен байқап қалдым, анық байқадым. Ол адам. Сәби. Қазақтың жеті-сегіз жасар қызы…

Жоқ! Жоқ! – Мүсірепов ышқына айғай салды. Оның үнінен жан дүниесінің алапат жарылысындай, айтып жеткізгісіз долы, сонымен бір уақытта шарасыздықтың дәрменсіз ашуы бұрқ етті. – Ол – аштық! Ол аштықтың көзі болатын! Қарғыс атқыр аштықтың дәл өзінің…»(«Ғаламат жұт шежіресі», 9-14 беттер) 

Қазақ даласына осы алапат аштықты алып келген, қазақтың жеті-сегіз жасар қызын аштықтың тірі бейнесіне айналдырған, Мүсіреповті мысқылдап Торғай даласына жіберіп, көзін құртпақ болған Голощекин кім еді? Әрине, ол туралы жазылып та, айтылып жатыр. Шын есімі – Шая, төңкерістік жанама ныспысы Филипп болған қуаяқ құрдымның істеген ісін, салған лаңын жария етпей советтік цензура қатаң бақылап отырды. Онысы – қазақтың марғасқа ұлдарын тізімдеп аттырудың алғы шартын жасап, қалың елді аштық дейтін қолдан егілген апатпен қырып салған революционердің шынайы бет-бейнесін жасыру, рухын бодандық қамыты бордай езген елдің есіне қайдағы-жайдағыны салмаудың амалы болса керек. Оның үстіне, «жылымық жылдары» Шая Ицкович – Филипп Исаевич Голощекиннің сұмпайы жүзін танытуға қазақ тарихшыларының ерік-жігері жетпеген де сияқты. Иә, ол кездегі ахуал түсінікті болатын. Бертін, оның өзінде де 1980 жылдардың аяғын ала,  аталарымыз «қу жақ» атаған зұлымның іс-әрекетінен ептеп хабардар бола бастадық. Алайда, Голощекиннің әуелбаста бұзылған адамдық келбетінің түп-тамырын қозғап, жандүниесіндегі кемтарлықты әйгілеген кітап – «Ғаламат жұт шежіресі» дер едік. Автордың нақты дерегі бойынша, Голощекин өзінің қан қасап жолындағы досы Свердловпен Туруханский өлкесінің орталығы Монастырь селосына жер аударлып барып, бірге тұрады. Сол селода Свердлов әйелі Клавдия Новгородцева-Свердловаға жазған хаттарының бірінде Голощкинді «Мизонторп» дейді (мизонтроп – адам баласын жек көретін ауруға шалдыққан міскін). Ал, патшаның тақтан құлағанын естіп Моностырьдан Мәскеуге жеткен Яков Свердлов қарындасының үйіне түсіп, далаға Голощекинді қалдырып кетеді. Сонысына ыңғайсызданғаннан бұрын қатты қорққан ол қарындасын жұмсап: «Жорж, ой, Жорж! Ол мені өлтіреді. Сен бар, сен барып ертіп келмесең мен құрыдым», – дегенді айтады. Мизонтропқа адам өлтіру деген рахат емес пе, ол расында сенімді серігі Свердловты енді сәл кешіккенінде сеспей қатыруы мүмкін еді ғой. Әйтсе де мизонтроп революция ісі үшін өзінің шексіз пайдасын тигізіп қалады: ол бір-ақ түннің ішінде Ресейді 300 жыл билеген романовтар әулетінің тұқым-тұяғын, қызметшілерімен қосып о дүниеге шіміркпестен аттандырды. Романовтарды Тобылдағы губернатор үйінің жертөлесіне қамап алып атқан Голощекиннің жендеттері – Войков, Юровский, Партин, т.б. дегендер болса керек. Бірақ Екатеринбург қаласына таяп қалған ақгвардияшылардан сескенген Голщекин патша отбасының мәйітін тегіс өртетеді. Кейін оның Мәскеуге үш үлкен ағаш жәшікпен кетіп бара жатқанын көгендер: «Мынауыңыздың ішінде  не бар?» – деп сұрағанда: «Путилов зауыты үшін дайындалған снарядтардың үлгісі», – десе керек. Ал, шындығында арқанмен шандып буылған әлгі жәшіктердің ішінде романовтардың спиртке малынған бассүйектері мен өртенбей қалған тістері жатқан еді.

… Даламызға оралайық. Валерий Михайлов Голощекиннің қияпат істерін осы және өзге де сұмдық деректермен шегендеп алған соң қазақ даласында басталған жұттың себеп-салдарын, оған қатысты оқиғалар мен төтенше жайттардың хронологиясын жасайды. Асықпайды, бұра тартпайды. Қазақтар туралы жазып отыр екенмін деп сол замандағы қазақ басшыларының қателіктерге жол бергенін, өтірік айтуға мәжүбір болған тұстарын, бір-бірімен саяси тартысқа түскенін, бір-бірінің үстінен арыз айдағанын жасырып қалмайды. Бір кереметі: Бәкең соның бәрін ашық айта отырып, тарихи тұлғаларды бүгінгі замананың бетімен біржақты сынап-мінемейді, бәрін уақыттың безбеніне салып, салмақты пікір айтады. Біз әредік алашорда көсемдерінің өмірін, еңбегін, күрес жолын зерттеушілер мен рысқұловтанушылар арасындағы полемейкаға куә болып қалып жүрміз. Мұндағы басты мәселе – Тұрар Рысқұловтың 1930 жылы Халком кеңесінің төрағасының орынбасары кезінде   ұжымдастыруды жеделдету туралы қаулыға (қаулының жобасына) түзету енгізгені турасынан өрбиді. Қаулы жөнінде Рысқұловтың Саяси бюроға жолдаған хаты 1950 жылдары «Вопросы истории КПСС» журналында жарияланған екен. Рас, Рысқұлов коллективтендірудің тездетуін жақтайды. Алайда, айналдырған бірер жылдан соң Тұраннан шыққан Тұрардың елінде алапат аштық аранын ашады. Сонда Рысқұлов өз халқына жамандық шақырғаны ма, билік үшін солай жасады ма? Бұл сұраққа «иә» деп жауап қайыру қиын сияқты. Өйткені, қазақ тарихшылары өнбес даудың өзегіне айналдырып алған осы сұраққа Мәскеудің сұрқия саясатын ет-жүрегімен сезетін гумманист-жазушы Валерий Михайлов: «Шын мәнінде Рысқұловтың түзетулері Сталиннің бастапқы ескертепелерімен бір бағытта шықты және шаруалар бұқарасының ұжымдасу жолына түсуінің обьективті жасанды шаралармен жеделдетуді мақсат етті.

… Бәлкім, Сталиннің қысымынан тысқары қалмаған шығар. Айтпақшы, Рысқұловтың тікелей бастығы – РСФСР Халком кеңесінің төрағасы С.И. Сырцов та (1919 жылғы дон казактары геноцидін басты орындаушылардың бірі) мал шаруашылығы аудандарында «колхоз қозғалысын күшейтуді» талап етті. Көсемнің нұсқауын орындай отырып, Сырцовтың Рысқұловты Саяси бюроға хат жазуға мәжбүрлеуі де әбден мүмкін ғой. Тарихта болып көрмеген күштеу мен зорлық-зомбылыққа жол ашқан ұжымдастыру туралы қаулының екі күннен кейін қатаң сталиндік редакциямен қабылдануын кездейсоқтық деуге болмайды» деп жазады («Ғаламат жұт шежіресі», 282-283 бб) кітап авторы.

Мәскеудің осылайша түртіп, ымдап, нұсқап ойнайтын әдеті бүгінде қалған жоқ, оны көріп те, біліп те жүрміз. Өзінің ығына көніп, ықтап сөйлейтіндерден Мәскеу әзірге іргесін аулақ сала да қоймас.

Сонымен, кітабымызға келейік. Ұжымдастыру мен ортақтастыруға құлшына кіріскен  есалаң әрі мизонтроп Голощекиннің науқаны ұлы далада құйын-перен қарқын алады. Тіпті, амалсыз езуіңе күлкі де үйреді екен.

«Кантемировкада (Сырдария округы.-ред) киімді, үй-ыдысаяқтарын ортақтасыра бастаған, ал жергілікті агроном Фросов ит пен мысықты да ортақтасыруды қолға алды.

… Еңбекшіқазақ ауданында киізүйді ортақтастырған, Сырдария округы Иріжар ауданында аңшы мылтығы мен іс тігетін машина, басқа аудандарда үйрек пен қазды…

Кейбір ауылдарда бақытты болашақтың «жоспарын» жасаған – «ортақ отбасылық-тұрмыстық өмірге өту қажеттілігі» туралы мәселе қойылған. Демек, «колхозда әйелдер мен балаларды да ортақтастырады» деген байлардың өсегі де негіссіз болмағаны ғой», дейді аталған еңбегінде қаламгер.

1929 жылы елдің қолында 40 миллион бас мал болған екен, «1933 жылы сол 40 миллионнан 4 миллион ғана бас мал қалды. Оның өзінің шындығына сену қиын. Қазақстан Одақты етпен, жүнмен, терімен қамтамсыз ететін ең ірі аймақтан өзін-өзі асырай алмайтын өлкеге айналды. Голощекин кез келген болмашы сынның өзін қысымға алып, сөзіне құлақ аспайтын саусақпен қана санарлық адамдарды аясуыз жазалады» (сонда, 264 бет) Ал, әлемнің жарты халқын аш-жалаңаш жасағандардың бірі, ұжымдастырудың бұрынғы үйлестірушісі Лазарь Моисеевич Каганович ұзақ жасап, жүзге жетіп, көшеде масайрап отырып қайтыс болыпты. Өлерінің алдында оған «ауылшаруашылығын дамытудағы табыстары үшін» Ленин ордені берілген-ді.

Валерий Михайлов «Ғаламат жұт шежіресінде» деректерді ғана тізбектеп қоймай аштық пен қуғын сүргін тақырыбын қамтыған  қаламгерлердің шығармалары мен ғалымдардың зерттеулерінен (мысалы, Зейтін Ақышовтың «Зауал», Роберт Коквестің Лондонда жарық көрген «Қайғы қасірет қырманы. Кеңестік ұжымдастыру және аштық терроры» кітабынан, Н. Михайлов пен Н Тепцовтің еңбектерінен т.б.) үзінділер келтіріп отырады. Әйгілі бесудің хатына қол қойғандардың бірі М. Ғатауллиннің сотталушылардың ортасында отырып: «Халық жаулары бұлар емес. Жау – менімін. Мені соттаңыздар. Жалғыз өзімді ғана. Бірақ мен де халық жауы емеспін. Мен халық жауларының жауымын. Ал, мен мұндай жауға 1932 жылы  іссапармен Кентке келгенде айналдым» деген сөзін бірінші болып тасқа түсіреді (сонда, 262-263 беттер), Голощекиннің уағында табу қойылып, тиым салынған сөздерге дейін тірнектеп тауып нақты мысал келтіреді. Голощекин адамды адам деп атауды тиып «өндіргіш күштердің негізгі элементі» деп айтқызыпты. «Өндіргіш күштердің негізгі элементі» адам  екенін, сол адамның бірі қазақ екенін, қазақтың 80 мыңға жуық баласы қараусыз қалып бара жатқанын Голощекиннің есіне салған  қайран ер сол заманда Мемлекеттік жоспарлау басқарамысында істеген Нұрмұхамедов болады (бұл да аталған кітапта, 209 бет)Нұрмұхамедовке Голощекин не деп жауап берді дерсіз сол кезде? «Нұрмұхамедовше, бастысы сол: оның айтуынша, Қазақстанда 80 мың қараусыз қалғандар бар, олардың түрлері адам шошырлық, тіпті бет-жүздеріне тіктеп қараудың өзі қиын. Менің ойымша, мұндай медициналық көзқараспен пленум келісе алмайды. Біздер саясаткерлерміз және бұл секілді буржуазиялық филонтропиялық (мейрбандық – ауд.) дүниетанымда тұра алмаймыз» (201 бет).

Алапат аштықтың шындығы  аштық кернеген заманда сөз болды ма? Әрине, болған. Оны жарияға жар салып жазған қазақ газеттері еді дейді орыс В. Михайлов Ғаббас Тоғжановтың 1922 жылы 21 ақпанда «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген мақаласына сілтеме жасай отырып.   

«Ғаламат жұт шежіресінде» әкесімен бірге жер ауып, қазақ ортасын паналаған орыс қызы  Татьяна Невадовскаяның естілік-дәптерінің де беттері парақталады. Татьяна Гавриловна Іле Алатауының баурайындағы Шымдәулет ауылында тұрған. «Қазақстандағы қасіретті» өкісіп тұрып өлең жолдарымен өрген Невадовскаяның:

«Боянып әлем – келіп те қалды көктем де…

Ұмытылған бәрі – оралам, бірақ өткенге…

Қыстағы қатқан есіме дене түседі,

Көгеріп шығып қалса да алау көк белде» – деп басталатын толғауын ақын Аманхан Әлім ағамыз тебірене тәржімалапты.

1980 жылдары Невадовская Орталық мемлекеттік мұрағатқа отызыншы жылдардың фотоальбомын тапсырады. Сол фотоальбомдағы «бір шағын әуесқойлық фотосурет бәрінен де көп әсер тударды» дейді кітап авторы. Альбомдағы естеліктен оқығанымыздың қысқаша баяны: кезекті аштық құрбаны. Жас қыз  (Татьяна Невадовская) үйінен талғажу ететін дәм алып келгенше, қырда қол жайып отырған қазақ бақиға аттанып кеткен…

Миллиондаған тағдырларды аштық пен ажалдың аранына салып ойнаған, сахарада сайтанның «салтанатын» құрған Голощекин 1941 жылы 28 қазанда Берияның нұсқауымен Барбыш кентінде атылды. «Ғаламат жұт шежіресі» деректі хикаятында баяндалған жайттардың ұзын-ырғасы міне осы.

Ел іші біле жүргені дұрыс-ау: Бәкең – Валерий Михайлов – қазақтың үлкен досы. Шын зиялы адам. Замандас. Мұңдас. Қаламгер. Осы Бәкеңді 1993 жылдары «Хроника великого джута» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынғандар болыпты. Бірақ комиссия мүшелері қабылдамаған. Жарамсыз деп таныған. Сені, сенің байтақ әлеміңді әлемтапырақ жасап, рухыңды жасытқан, құл қылған, сорлатқан қоғамның қоясын ақтарып, бар болмысын әшкерлеген, адамзаттың әділ сотына салған  кітап пен кітап авторын менсінбесең, мемсыйлықтан кем көрсең саған не дейік,  қазақтың әдеби билігі. Әйтсе де, Бәкеңнің қаламгер қауым мен оқырман ортасындағы беделі зор. Соның бір куәсі Ғұсман ағамыздың аудармасы болса керек. Авторға деген зор құрметпен тәржімаланған кітап – ХХ ғасырда жазылған ең ұлы туындылардың біріне есеп. Өйткені «Ғаламат жұт шежіресі» осынау аласапыран сұмдықтың ар жағындағы құбыжықты танып, жер-жаһанды кезекті лаңнан сақтандырады. Бұл кітап – жұт пен аштықтың жұмырына тұтасымен жұтылып кете жаздаған жұрттың басынан өткен тағдырды жырлаған эпопеялық жинақ. «Қазан төңкерісінен кейін құлдандыру кезеңі басталды», «Большевиктер халықтың қолындағы қазына байлықты тонап алып әлемдік революция жасағысы келді». Валерий Михайловтың кітабында мұндай тезистер жиі кездеседі. Ол октябрь төңкерісінің атасы Ленинді, оның жолын жалғастырушыларды жек көретіндігін ашық жазады. Әрине деректі хикаяттағының бәрін ақтарып шығуға бір мақала жетпейді. Мен кітапқа сараптама пікір айтып та отырған жоқпын. Тек қысқаша шолу жасадым. Сондықтан  «Ғаламат жұт шежіресіне» алдағы уақыттарда оралып  отыратын боламыз.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 09.10.2021 | 20:22

оқыдық.

Аноним 26.10.2021 | 13:25

Оқысың қайтейік. Оқы деп біреу міндеттеді ме?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір