Кемелбек ШАМАТАЙ. Желтоқсан. Көргендерімді айтамын…
08.09.2021
18223
0

Осыдан бес жыл бұрын «Дәуір» баспасынан менің көп жылдан бері шығарып келе жатқан «Алматы. 1986. Желтоқсан» айғақ-кітаптарымның алғашқы екі томы «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен жарық көрді. Таяуда осы баспадан мемлекеттік тапсырыспен үшінші томы қолға тиеді. Онда негізінен көтерілістің жиырма жылдығы кезінде мерзімдік басылымдарда жарық көрген зерттеу материалдары мен көтеріліс қаһармандарының естелік әңгімелері қамтылған. Біз төменде осы кітаптан белгілі журналист, сатирик-жазушы Кемелбек Шаматайдың мақаласын өздеріңізге ұсынғанды жөн көрдік.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

баспагер-жазушы.

Елемисовтың сөзі ереуілшілердің ашу-ызасын тудырды

Ол кезде Қазақ радиосының шет елдерге, нақтылы айтқанда, Қытайда тұратын қазақтарға хабар тарататын бас редакциясында қызмет ететінмін. Түскі үзілістен кешірек оралған бас редактордың орынбасары Сейітмақан Қоңқақов:

– Студент-жастар ереуілдетіп жатыр. Орталық Комитеттің алдындағы алаңға шығып, Қонаевтың орнына сонау Ресейден келген адамның басшылығына қарсы наразылық білдіріп жатқан көрінеді, – деді жүзі алабұртып, қобалжыған үнмен.

Бөлмеде отырған төрт-бесеуіміз бір-бірімізге жалт-жалт қарастық. Тұла бойымыздан көшкін жүріп өткендей дүр-р ете түсті.

– Қой, рас па?!

– Бұл қызық екен!

Не құптағандық, не қарсылық екені белгісіз, осындай қысқа-қысқа сөздерден бөлек ештеңе айтылған жоқ… Әлден уақытта барып:

– Байғұстар-ай, арандап қалмаса жарар еді-ау, – деді ер көңілді Бибігүл Мәтенова қамыға уайым етіп.

– Шынында, өзімізден бір адам табылмағандай, басшы біткен сырттан жіберіледі. Бұл бізді Мәскеудегілердің халық деп есептемегені тағы да. Төзімнің де шегі болуы керек қой! – деді ширығып, ойындағысын қашан да қаймықпастан айтып салатын Айгүл Ысқақова.

– Әттең… – деп, Сәруар Қабдіразақова түйіліп қалды.

– Не әттең? – Біз де барып қосылайық, тап қазір жүріңдер дейін десем, жұмысты тастап кетуге болмайды. Эфирді хабарсыз қалдыра алмаймыз…

Көңіліміз осылай, май ішкендей болып отырғанда бастық қызметкерлерді кабинетіне жинады. Артық сөзге бармай, жоғарыдан берілген нұсқау бойынша сөйледі.

– Ертең жұмысқа уақытымен келіңіздер. Бөтен әңгіме болмасын…

Аз-кем кідіріп барып аудармашы Ғизат Сәдірмекті, машинка басушы Ұлту Мұсабекованы және мені жеке-жеке атап:

– Ертең сіздер жұмысты студияның өзінде атқарасыздар. Телетайп материалдарын мұнда әкеліп дайындаудың мүмкіндігі болмайды, – деді.

Бұлай деудің жөні бар. Ол кезде бұл редакция Қазақ редакциясының құрамында болғанымен, тікелей Мәскеудің құзырына бағынатын. Күнделікті хабарлардың 70-80 пайызын телетайп арқылы солар жібереді. Міне, сол материалдарды мынадай сәтте радионың қала ортасындағы, тап жастар толқуы жүріп жатқан алаң іргесіндегі, негізгі ғимараттарынан 5-6 шақырымдық шалғайға алып шығудан сақтанғандық немесе мынадай дүрбелеңде оның мүмкіндігі жоқ.

Жұмыс аяғында қазіргі Достық даңғылымен төмен түсіп келе жатып, Абай даңғылына жеткенде, белгісіз бір күштің әсерімен автобустан түсіп қалдым. Алаңдағы жастарды, болып жатқан оқиғаны өз көзіммен көргім келді. Сол оймен батысқа қарай созылып жатқан ұлы ақын атындағы даңғылмен жүріп келіп, Күләш Бәйсейітова көшесі арқылы алаңға шықтым.

Тап ортадағы Орталық Комитет үйінің құлай беріс алдына Мәскеу Кремліндегі «күн көсем» мавзолейіне еліктеп, қызғылт мәрмәрдан жасалған мерекелік аумақты мінбердің батыс қапталында студент жастардың легі. Түстік пен шығыс жақ қапталын ала солдаттар мен милиционерлер сап түзеген. Солдаттардың қолдарындағы кісі бойы келетін қалқандары батуға таяған күн сәулесімен жалт-жұлт етеді. Ал теріскей жақтағы он сегіз қабат биік екі үй ортасындағы су бұрқағының айналасында негізінен мен сияқты мына оқиғаны өз көздерімен көруге жиналғандар. Олардың өздері бес-алты мың шамасында, жастары үлкен-кіші аралас, ала-құла топ. Бір таң қаларлығы алаң ортасындағы студенттер де, оны көруге келгендер де арнайы іріктеп әкелгендей, өңшең қаракөздер. Әншейінде көшеде өріп жүретін жирен шаштылардың бірі де көрінбейді. Мен осы биік екі үйдің ортасындағы топқа келіп қосылдым. Ара-арасынан таныс жүздер де көзге шалынып қалады. Бәрінің өңдері қобалжулы.

 – Шаматаев! – деген дауысқа жалт қарасам, Тоқсын екен, кәдімгі «Тамашаның» тарланы Тоқсын Құлыбеков. Субұрқақ ернеуіне жерден жарты метрдей биік етіп жүргізілген мәрмәр плиталарға шығып, қол созым жерде Әзірбайжан Мәмбетов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Уайыс Сұлтанғазин, Құдайберген Сұлтанбаев секілді бір топ әріптестерімен қатар тұр екен. (Ертеңіне-ақ солардың ішіндегі Әзірбайжан Мәмбетовтың соққыға жығылғанын, Тұңғышбайдың да таяқ жегенін естідік). Тоқсынның бірдеңе айтпақ болған үнін темір бағандардың басындағы дауыс ұлғайтқыштардан шыққан ән көміп кетті.

Иә, дауыс ұлғайтқыштардан оқтын-оқтын мінберде тұрғандардың сөздері естіледі.

– Мен ауулшаручилик институт комсомол секретарь. Студенттер, комсомолдар, тараныздар. А то уят болат, тарандар, – деп тілін шайнап сақауланған әйел дауысы естіліп еді, алаң ортасындағылар ызалана шуылдасып, мінберге қарай жентектелген қар боратты. Біраздан соң ер кісінің дауысы естілді.

– Мен республика прокуроры Елемисовпын. Қане, тараңдар! Болмаса күш қолданамыз. Біздің күшіміз жетеді сендерге! Тараңдар, тез арада!..

Осы сөздің естілуі мұң екен, алаңды айқай-шу, ысқырық қайта басты. Тоқсынның да дауысы естіліп қалды.

– Мұның «біз» деп тұрғаны кім, «сендер» дегені кімдер екен, сонда?!

– Бәсе деймін-ау, жетпіс жылдан бері бәріміз бір тұтаспыз, біргеміз деп жүрсек, мынауың араға жік салып, бөлектеп тұр ғой, түге!

– Мына халықты бөлексіңдер, жатсыңдар деп кеудеден итеріп тұр ғой! – тәрізді үндер Елемисовтың сөзі осында жиналғандардың бәрінің ашу-ызасын келтіргенін байқатты.

Мен өзім заңды талаптарын бейбіт шерумен ғана білдіріп қайтпақ болған жастарды (Оған дәлел алаңдағы студент жастардың «Ұлт саясатының лениндік принциптерін сақтауды талап етеміз», «Әр халыққа – өз көсемі», «Өзімізді өзіміз билеуді талап етеміз!» сияқты талаптарын жазып алып шығуы). Елемисов айтқан осындай өрескел сөздер мен шексіз жасалған зорлық-зомбылық ашындырып жіберді деп ойлаймын.

Студенттер легі Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, мінберге қарай жақындай беріп еді, әлдекімнің бұйрығы бойынша, солдаттар мен милиционерлер оларға лап қойды. Бейбіт шеру ұйқы-тұйқы болып кейін серпілді. Олардың қолдарында әлгіндей талап-тілектері жазылған транспоранттар мен Лениннің портреттерінен өзге ештеңе жоқ болып шықты… Осы көрініс бірнеше рет қайталанды.

Әлдекімдер олардың тарағанын қаламайтын сияқты

Еңсем езіліп үйге қайттым. Ұлымыз ауруханада еді, соған бару керек. Бірақ көргендерімді үйдегілерге айта алмадым. Айтар болсам, ауруханадағы ұлымызға барар алдындағы анасының көңіл-күйі қандай болады, қандай шешімге барады деп ойлап, әзірге тіс жармадым. Коммунистік (қазіргі Абылай хан) даңғылы мен Пастер (қазіргі Мақатаев) көшесінің қиылысындағы ауруханаға бара жатып та ол жайында тіс жармадым. Ұлымыз Сәкеннің жайымен танысып, қайтып келе жатқанда, 4-ші нөмірлі троллейбус Абылай хан даңғылынан бұрылып, Пушкин атындағы (сол кездегі атауы) кітапхананың алдындағы аялдамаға тоқтай бергенде ғана:

– Қазір мына алаңда не болып жатқанын білесің бе? – дедім.

– Не боп жатыр?

Менің үнімнен бірдеңе аңғарды ма, жұбайым сезіктене қарады. Мен осыдан екі сағат бұрын көргенімді айттым.

– Жүр, кеттік онда! – деп жұбайым асығыс ұмтылып, троллейбустан секіріп түсті. Алаңға келгенімізде, кешкі жеті жарымнан асып қалған еді.

Алаңдағы жұрт манағысынан әлдеқайда көбейе түсіпті. Темір бағандардың басындағы неон шамдары айналаны анық көрсетеді. Мінберде ешкім көрінбейді. Репродукторлар тым-тырыс. Сонда, мына жастарға не керек, неге тарамайды?! Сөйтсем, гәп басқада екен. Әлдекімдер олардың тарағанын қаламайтын сияқты. Жастарды өршелендіре түсу үшін оларды әлсін-әлсін ызаландырып, намыстарын түрткілейді. Жастардың әрі-бері толқынды қозғалысы саябырлай бастаса, прожекторлардың көз қарықтырған өткір сәулесі әлдекімдерді іздегендей, онсыз да жарық алаңды айқыш-ұйқыш тіліп өтеді. Асықпайды, әрбір жанға жеке-жеке үңіліп қарағандай, мейлінше баяу жылжиды. (Оның алаңдағы жастардың бетбейнелерін камераға түсіріп алу үшін берілген сұрқия ойдың жемісі екенін, әрине, ол кезде білген жоқпыз). Үлкен-үлкен әскери машиналар айналаны азан-қазан етіп, сигналдарын бебеулетіп, бірінен соң бірі алаң ортасымен жын буғандай құйғытып өтеді. Сондай машиналардың бірі ортаға жете бере ұйлығып тұрған қалың топқа су шашып жіберді. Олай болар деп күтпеген жүздеген қыз-жігіт суық жаңбырдың астында қалып қойды. Бұдан соң екінші, үшінші… бесінші… машина су шашып өтті. Ортадағылар жанұшыра жан сауғалап кейін серпіледі. Прожектор сол баяғысынша алаңның үстімен қалықтай шарлауда. Су шашушы машиналар қайтып оралып келіп, қалың топқа таяй бере су бұрқағын қайтадан атқылайды…

Жастар да қарап тұрмастан, алаң шетіне әрі-бері жүгірген қозғалыс пайда болды да, келесі бір машина су бұрқағын жасап, жақындай бергенде, тасыр-тұсыр таспен атқылауға кірісті. Сондай машиналардың бірі батыс жақтан құйғыта шығып келді де алаң ортасына жақындай беріп, кілт тоқтады. Жарық жеткілікті болғандықтан, одан таяқ тастам жердегі бізге бәрі анық көрініп тұр. Кабинадағы жүргізуші сәл уақыт бүкшең-бүкшең етіп отырды да, бір кезде есігін ашып шыға сап, мінбердің арғы жағында сап түзеп тұрған солдаттарға қарай тұра жүгірді. Алаңда қалған машинаға да, оны тастай қашқан шопырдың соңынан қуа жүгірген де ешкім болған жоқ. Қайта машина тоқтай қалған сәтте-ақ тас атқылау сап тыйылған. Бір кезде кабина іші жылт еткендей болды да, жалын тілі байқалды. Ап-анық көрініп тұр. Машина маңына жастар жағынан да, арғы жақтағы «ел қорғаушылардан» да ешкім жақындаған жоқ. Біреулер келіп кабина ішіндегі тұтана бастаған отты сөндірер деген ойым орындалмады.

Сонда жүргізушіден өзге ешкім жақындамаған машина қалай өртенді, оңаша тұрған ондағы отты сөндіруге неге ешкім келмеді?.. Оның себебін шамалау қиын емес. Жастар жағы әдейі істелген қыздырма арандатудан бойларын аулақ салса, форма кигендер анау ала көлеңке мінберді тастап шығып оның ар жағындағы Орталық Комитет үйіне бойтасалағандардың жымысқы ойларын жүзеге асыру үшін неше түрлі айла-шарғыға баруға мәжбүр. Сөйтіп, алаңға шыққандардың күнәсін қоюландыра түсу үшін, мынау машинаның жүргізушісіне оған от тастап қашып шығу жөнінде «жауынгерлік» міндет жүктелген.

Осындай «стратегиялық» әрекеттің құрбандығы болған автомашинадағы жылтыраған от бірте-бірте ұлғая берді. Машина кабинасына отты, жаңа өзінен өзі бүкшеңдеп отырған кезде, жүргізушінің өзі арнайы тапсырмамен тастағаны анық көрініп тұр. Машина түгелдей жалынға оранған кезде одан арырақта екіншісі тұтанды… Оған ілесе Фурманов көшесі жақтан бір жеңіл автомобиль лаулай бастады.

Қарсы алдымыздағы өрттің қалай шыққанын көзімізбен көргендіктен, оларға от қоюшылардың да кім екенін жазбай танып тұрдық. Олардың жалынымен айналадағы жарық молая түсті. Студент жастар су бұрқақтың қасында тұрған біздің жанымызда да қаптап жүр. Барлығы да жігерлі, тастүйін. Әсіресе, қыздардың үндері жиі естіледі.

Әскери киінгендердің ішінде жанашырлықпен сөйлеп жүргендер де баршылық. Олар негізінен жоғары шенділер. Неге екені белгісіз, алаңның бұл бөлігінде әзірге қатардағы жауынгерлер көрінбейді. Тағы бір байқалғаны: әлгі жоғары шенділердің бәрі қазақ жігіттері. Орта жастағы сымбатты полковник екі-үш қызға сыбырлағандай, даусын бәсеңдетіп сөйлеп: «Айналайындар-ай, түсінсеңдерші, күш осылардың қолында, аямайды бұлар», – дейді. «Сонда қашанғы біз өгей баланың күнін кешеміз? Қорлықпен өмір сүргенше, осы түннен қалмай, өліп кеткеніміз артық», – дейді қыздардың бірі шиыршық атып. «Өлтірсе, өлтірсін, кетпейміз!» – дейді екіншісі. Енді бір тұстан: «Бәрібір, ештеңе шығара алмайсыңдар, босқа күйіп кетесіңдер. Тарай қойсаңдаршы», – деген дауыс естіледі.

– Сіз өзіңіз қалай қарайсыз біздің осы талабымызға? – деп, әлгі сөзді айтқан офицерге талдырмаш қараторы қыз тайсалмай қарады. Офицер шошып кеткендей, көз жанарымен жан-жағына жіті қарап алды. Сөйтті де даусын бәсеңдете түсіп:

– Менің қалай қарайтынымды қайтесің, айналайын. Мен сендердің амандықтарыңды ойлап тұрмын ғой, – деді ол.

– Құлдықта жүрген амандықтың қажеті бар ма, аға?!

Қайсар қыз қояр емес. Ұрымтал тұсқа кеп қалған соң, сөзге араласуыма тура келді.

– Қызымыздың сұрағы орынды ғой, анығын айтқанда, оған не деп жауап бересіз?

– Жастардың талабы дұрыс, бірақ, оны қазір кімге тыңдатарсың. Биліктің машинасы басып-жаншып кетеді…

Бұл сол күні форма кигендердің бәрі жендеттік «қызмет» атқармағанын, олардың да талайының ішінде тоталитарлық жүйенің әділетсіздігіне деген наразылықтың тұншығып жатқандығын көрсетіп тастады.

Келесі бір қысқа-қысқа тіл қатысулар біздің осы ойымызды бекіте түсті.

– О, бәрекелді, кеп қалдыңдар ма?! – деді жас жігіттердің бірі шет жақтан екпіндей келіп, қатарларына қосылған бір топ шымыр денелі жігіттерге.

– Сендердің талаптарың – біздің де талабымыз. Мана сапқа тұрғызып алып келген соң, амалсыз жүріп едік. Енді курсанттық киімімізді әдейі шешіп тастап, сендерді қолдауға келдік, – деп ескі таныстардай тілдесіп жатқан жастарды осы алаңда тіл табысып жатыр-ау деп жобаладық.

Таңғы аязды ауаны: «А-па-а!..» – деген ащы дауыс тіліп өтті

Ертеңіне, яғни 18 желтоқсан күні бастықтың тапсырмасы бойынша Бейбітшілік (қазіргі Желтоқсан) көшесіндегі Республикалық теледидар ғимаратындағы шет елге хабар дайындайтын студияға, жұмысыма бармақ болып мінген троллейбусым Фурманов көшесіне тірелгенде, одан арғы жол жабық болып шықты. Алда 350-400 метрдей жер бар. Енді оған жаяу жүріп бару керек. Троллейбустан түсіп, көшенің сол қапталындағы тротуарға аяқ іліндіргеннен-ақ жанды дәлізге тап болдым. Ұзындығы 50-60, диаметрі 1,5-2 сантиметрдей болатын темір кеспелтектерді винтовка тәрізді иықтарына тірей ұстағандар жаяу жолдың екі жағын ала иін тіресіп тұр. Әдеттегі аспан түстес көгілдір көздері іріген айран сияқтанып ызғар шашады. Жүрегім мұздап қоя берді. Ойпыр-ай, кеше ғана кез келген жерде, қоян-қолтық араласып, бір-бірімізді жанай өткенде, көшеде қатар қадам басқанда ешбір алаң көңіл болмайтын еді. Енді бір күннің ішінде өзге, жат әлемге түскендеймін. Жаңағы жат көздер бірінен соң бірі ішіп-жеп қарайды…

Ішектей созылған жанды дәліздің ені бір жарым метрге жетер-жетпес. Өкпені тесер ызғырық соққандай, осынау қаһарлы дәлізде менен өзге ешкім көрінбейді. Суық ызғармен шаншыла қадалған сансыз жанар тұла бойымды шұрық-шұрық тесіп жатқандай болса да бойымды тіп-тік ұстап жүріп келемін. Қайсысының қолындағы темір кеспелтек көк желкемнен немесе қақ маңдайымнан сарт ете түсер екен деп ойлаймын. Сөйтіп келе жатып Бәйсейітова көшесіне жеткенде жанарымды аударып, сол жағымда, сонау биік екі үйдің ортасынан бір пұшпағы ғана көрінуі мүмкін алаңға көз тастадым. Әзір, таңғы сегізден енді ғана өтіп бара жатқан кезде, ештеңе байқала қоймады…

Уһ! Бейбітшілік көшесіне де жеттім-ау. Бірақ, жанды дәлізден бұ жерде де шыға алмадым. Сол қоршаумен солға қарай бұрылдым. Радио үйіне жиырма метрдей қалды. Осы кезде таңғы аязды ауаны:

– А-па-а!.. – деген ащы дауыс тіліп өтті. Еріксіз жалт қарағаным сол еді, оң жауырынымның асты ине сұғып алғандай болды да, әлдебір әлуетті күш ілгері қарай итеріп жіберді.

– Не оглядываться!

Осы бір қас қағым сәтте көзіме шалынған сол сурет… Мәңгі өшпестей сақталып қалды. Бұралып құлап бара жатқан нәзік денелі қызды жасыл киімді алпамсадай біреу қос бұрымынан ұстап, жалтыраған мұзды асфальтқа қызыл жұлдыздар қалдырып, көшенің арғы бетіне қарай сүйреп бара жатты. Көзіме жас құйылды… Ара түсерге дәрмен жоқ. Қайран ару қарындас!.. Жауырын астынан тиген соққыдан оң қолым салбырап, жүрегім шаншып кеп, жұмысқа кірістім. Жұмыс бөлмеміздің терезесі Сәтбаев көшесіне қараған. Жұмыстан қолымыз қалт еткенде, оқтын-оқтын сол терезеден сыртқа көз саламыз. Бұл тұстан Сәтбаев көшесі барып тірелетін атышулы алаңның бір пұшпағы көрінеді. Алаңның бергі шетінде кісі бойындай Ленин портретін әлденемен сүйеп тұрғызып қойыпты.

Бүгін ОМОН-дықтар мен солдаттар алаңды жаппай құрсаулап алған. Милиция қызметкерлерінің жастарға іштартатыны сезіліп қалған ба, бүгін қызыл жағалылар көзге шалына қоймады. Аяусыз қимыл көрсеткен ОМОН-дықтардың Ресейден арнайы алдырылғанын кейін білдік. Олар ортаға жан адамды жіберер емес. Соған қарамастан, студенттер алаңға лек-легімен өтіп жатыр. Өзге тұста не болып жатқаны бізге көрінбейді. Бес қаруын түгел асынған солдаттар оларға қарайлап қойғанда, студенттер кері серпіледі. Түні бойы шашылған су көк мұзға айналған екен, әсіресе, етектері бөгет бола ма немесе биік өкше аяқ киімнің «сатқындығы» ма, қыздар жағы көбірек тайып құлап жатыр. Оларға жеткен солдат екеу болса екеуі, бесеу болса бесеуі ортаға алып аяусыз тепкілейді де, күш-қуаттан ада болған денені сүйрей жөнеледі. Хайуанда да бола бермейтін мұндай жауыздықты көрген студент жігіттер ара түспек болса, сан да, қару да, күш те тең емес. Әп-сәттік алыс-жұлыстан соң, олар да соққыға жығылады.

Өзек өрт боп жанады. Алдымыздағы жұмысымызды қалай атқарып отырғанымызды ұмытып, оқтын-оқтын есеңгіреп қаламыз… Машинка басушы Ұлту Мұсабекованың маңдайын машинкаға сүйеп, солқылдай жылап отырып қалуы көп. Оператор қызымыз Айжан да жапырақтай қалтырап, өксіп-өксіп алады. Фурманов көшесінің алаңға тірелер тұсындағы «Береке» дүкенінің төбесінде тұратын Ғизат Сәдірмеков түнімен ереуілші жастарды қасқыр итке талатып, соққыға жығып, шала-жансар денелерді өлген мал тәрізді, темір қорапты машинаға бірінің үстіне бірін лақтырып, әлдеқайда алып кетумен болғанын айтып, жанымызды одан сайын шыжғырды.

Мәскеуден телетайп арқылы жіберілетін хабардың бір бөлігі түс әлетінде келіп түседі. Ал телетайп осы телевизия ғимаратымен іргелес орналасқан радио үйінің ішінде. Оны алуға телевизия үйінің дәлізімен жүріп барып, көше жақ бетке шықпастан, бүйірдегі есік арқылы өтіп барады. Ғизат оның алдындағы материалдарды аударып отырғандықтан, жаңа түскен хабарларды өзім әкеле қоймақ болдым. Екінші қабаттан түсіп, фоеге кірсем, телеқызметкерлердің талайы сонда жүр. Өңдері суық. Кейбіреулерінің жеңдерінде халық жасақшыларының қызыл шүберегі көрінеді. Белсенділік танытып, әркімге нұсқау беріп жүргендер негізінен орыс қызметкерлер. Әрі олар қазақтарға суық сөйлеп, іргелерін алыстата бастағандары байқалады. Әсіресе, арықша келген жирен шашты Савицкий деген ысқырынып жүр, алдынан кездескен қаракөз әріптестеріне зекіп қалады. Радио үйінің ішінде де осындай көрініс. Кеше ғана емен-жарқын араласып, бірге жүрген орыс әріптестеріміз бөлектене қалыпты.

Олардың ішінен Валяева мен Рыжкова деген әйел жалған куәлік беріп, талай кінәсіз жастың обалына қалғанын жазушы Темірхан Момбекұлы талай жерде айтып, жазалануын талап еткенін біраз жұрт біледі.

Терезеден күні бойы көрген сұмдықтарға осы көріністер қосылғанда, тұла бойым бұрынғыдан да ауырлай түсіп, телетайп материалдарын жұмыс орнымызға әкелдім. Оларды аударып отырған Ғизат:

– Кемел, мына хабарды қайтеміз? – деп жанына шақырды.

Оқып қарасам, өзіміздің іргемізде кешеден бері өтіп жатқан оқиға туралы хабар. Сөз саптауы жаман! «Нашақор», «бұзақы топ», «ұлтшылдар» деген сөздер жүрегіңе мина қойғандай әсер етеді.

– Өзің қалай қарайсың? – деп әдейі қайыра сұрақ қойдым.

– Бастық сен ғой, сен шеш. Бұл сөзден оның да мені сынап отырғанын ұқтым. Болмаса, бұл атауларға оның риза боп отырмағаны белгілі. Аса бір үлкен жаумен белдесетіндей, оқыс күйге түстім де:

– Мұны аудармай-ақ қой, әрі оның көзін жойып тастайық! – деп әлгі хабарды бөлектеп жыртып алып, күлдей ұсақтап, қоқыс қағаздар арасына зытырдық…

Мәскеу жіберген ақпараттық хабарларды бұрын да түгел берместен, іріктеп алатынбыз. Ал мынаның жөні бөлек болғанымен, шет елге таралатын болғандықтан, өзіміздегілер тыңдай бермейді, әрі қай хабар беріліп, қайсысы қалып қойды деген бақылау бола бермейтін. Бір жағынан соған үміт арттық. Онымыз ақталып, ешкімге білінбеген күйі қалды. Ең негізгісі алаңға әділеттік талап етіп шыққан жастарға әлгіндей ауыр күнә тақпақ болған хабардың шетел тыңдаушыларына кететін жолын кесе алдық. Көз алдымызда соққыға жығылып жатқан боздақтарға ара түсе алмағанмен, осы бір кішкене ғана ісімізбен біз олармен бірге екенімізді білдірмек болдық.

Бұл күндері жетпіс жыл бойы жалған сөздермен өздерінің шын жүзін көлегейлеп келген компартия көсемдерінің бетпердесі быт-шыт болып жыртылды. Оны жыртқан жүректерінде ата-бабаның ерлік рухының шоғы сөнбей, қызуын сақтап, Тәуелсіздікке ұмтылған қазақтың желкілдеп өсіп келе жатқан Ұлдары мен Қыздары еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір