Болашаққа арналған
11.12.2015
1533
0
Ильяс Есенберлин с читателями 1978 годЕсенберлиннің шығармашылығы күні бүгінге дейін тарихшылар тарапынан әділетті де нақты ғылыми бағаға ие бола қойған жоқ. Оның басты себебі, жазушының шығармашылығындағы аса елеулі тарихи тақырыптарға арналған еңбектерінде көтерілген қазақ тарихының өзекті мәселелерінің кезінде идеологиялық құрсауда болған қоғамымыздан алға оза баяндалуынан туындап отыр. «Көшпенділерде» көтерілген тарихи тақырыптар шын мәнінде кеңестік жүйе тұсында объективті бағасын алмаған, тіптен аяусыз аяққа тапталып айыпталған және таптық көзқарас тұрғысынан қасаңдықпен бұрмалап сипатталған мәселелер еді. 

«Алмас қылыш», «Жанталас» және «Қаһар» атты тарихи романдар шын мәнінде Алтын Орда тарихынан басталатын және Қазақ хандығының күрделі тарихын жалпылама көркем тілмен ай­шық­ты баяндап қамтитын, ең бастысы, Кенеса­ры­ның ұлт-азаттық қозғалысын ақиқаттың адал арнасында сипаттайтын еңбектер еді. Өкінішке орай, тарих ғылымы бұл тұста, тіптен күні бүгінге дейін І.Есенберлиннің шығар­машылығында көтерілген күр­делі оқиғалар тізбегін құрайтын тарихи кезең­дер­ден жан-жақты да терең зерттеулерді өмірге кел­тіре алған жоқ. Оған, әрине, тарихшылар кінәлі емес.
 Түсінікті себептермен ұлт тарихын зерт­тейтін тарих ғылымы бізде шын мәнінде 1991 жылы тәуел­сіз­дік алғаннан соң ғана қалыптаса бастады. Егер «елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегенді бас­шылыққа алатын болсақ және тарих ғылы­мының Қазақстаннан тыс аймақтағы көптеген тарихи деректерге жүгінуге мәжбүр болатын дерек­тік қиыншылықтарын ескерер болсақ, І.Есенберлин қамтыған бірнеше ғасырға созылатын тарихи кезеңдерді ғылыми тұрғыдан тереңдете зерттеуге әлі де біраз уақыт керек. Ең бастысы, біздің қоғамда осы заманның тарихына тереңдеп және батыл баратын, мето­доло­гиялық және теориялық дайын­ды­ғы бар тарихшылардың жаңа ұрпағы өсіп шығуы тиіс. Осыған байланысты Есенберлиннің «Көш­пен­ділер» трилогиясы әлі де біраз уақыт өткенді баян­дауға аса  қажет  тарихи еңбектер жетіс­пейтін аталмыш кезеңдерді сипаттауда және баяндауда тарихи білімге басты бағдар болып қала берері сөз­сіз. Әдебиетшілеріміз толық мойындаған осы тарихи шындықты ғалым­дарымыз да мойындауы тиіс.
Бұл жердегі тағы бір үлкен қиыншылық, Шың­ғыс хан құрған алып империяның арнасында пай­да болған әртүрлі ұлыстар мен ордалардың және Қазақ хандығының тарихы ресми  деректердің көпшілігінде (негізінен орыс деректерінде) бұр­ма­ла­нып берілгендіктен қазақтың болашақ зерттеу­ші­леріне халқымыз қалдырған бай фольклорлық ауызша тарих айту мұраларын басқа жазба және археологиялық деректермен салыстыра пай­да­лану­ға тура ке­леді. Осындай зерттеу методоло­гия­сын­дағы өзіндік ерекшелік аталмыш кезеңді зерттеуде тарихшыны әдебиетшіге жақындата түсетіні сөзсіз.
Қалай десек те, Есенберлиннің еңбектерінде көтерілген тарихи-этнографиялық, этноау­мақ­тық, топонимикалық  және т.б. көптеген маңыз­ды мә­селе­­лер қазақ тарихын қайта жазамын деген зерт­теушінің назарынан ешқашан да тыс қалмауы керек. Өйткені, жазушы өзінің белгілі ең­бек­терінде жыраулар қалдырған мол поэ­тикалық мұраларды ғана емес, әр түрлі халық арасында тараған, ұрпақ­тан-ұрпаққа беріліп отырған естеліктерді де және тарихи шын­дық­тың негізінде халықтың жадында сақталған аңыз-әңгімелерді де, тіптен сол тұста ресми ғылым мойындамаған қазақ шежіресін де кеңінен пайдаланған. Хандардың, халық арасынан шыққан от ауызды шешендердің, данагөй билердің, жүрек  жұтқан батырлардың бейнесін көркемдік  және эпикалық тұрғыдан айшықтауда әзірге Есен­берлинді ауыстыра алатындай мұндай тарихи шы­ғар­малар жоқтың қасы. Әрине, әдебиеттегі Мұх­тар Мағауиннің, Әбіш Кекілбаевтың, Қабдеш Жұма­ділов­тың, Сопы Сматаевтың және т.б. тарихи ең­бектері де осы Ілияс Есенберлин бастауында тұрған кейінгі тарихи әдебиетіміздің үлкен жетістігі болып табылатыны сөзсіз.
Бірақ алғашқылардың жолы әрқашан да ауыр дейтін болсақ, І.Есенберлиннің еңбектері кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында қазақ тарихын көркем баяндауға берік бағыт ұстаған, адуынды тау суындай жолындағы кедергіге қарамай, арналы екпінмен бұза-жара жазық далаға шыққан кең өзеннің бастау арнасына ұқсайды. Оның «Көшпенділері» жарық көрген кезде қазіргі жасы алпыстың асқарындағы  және одан асқан оқырман буын жоғары оқу орнының студенттері және көзқарасы жаңадан қалыптаса бастаған азаматтар еді. Олардың ішінде біз де бармыз. І.Ес­ен­берлин­нің «Көшпенділері» кең­естік таптық идеологиямен санасы әбден улан­ған, дүниеге интернационалист ретінде біржақты қарауға тәр­бие­лен­ген осы ұрпақтың санасында күрделі төңкерістер жасап, ауылда өскен әрбір азаматтың ата-бабадан үздік-создық әңгіме түрінде келіп жет­кен ұлттық рухани мұраларды жазушының еңбе­гін­дегі тарихи деректермен ұштастырып, қазақ тарихына ұлттық көзбен қарау ұстаным­дарын сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Әсіресе, хандар жаппай айыпталған, халық ара­сынан оза шауып шыққан дарынды билеріміз «феодалдық-реакциялық» қоғамның керітартпа өкілдері ретінде сипатталған, ақын-жырау­ларымыз «жамау-жасқау, қырық құрау» жырлар туындатқан, батырларымыз «рушыл, жүзшіл» және көзсіз тентек ретінде сипатталған қоғамда мұндай шығарманың өмірге келуі шын мәнінде қазақтың қазақтығын сақ­тап қалуға, ұлт тарихын  көркем тілмен баяндап, оның шынайы­лығын жастар санасына сіңіруде І.Есенберлиннің еңбектерінің маңызы өлшеусіз зор болды.
Бұл кезде Кенесары мәселесіне байланысты Ермұхан Бекмахановқа қарсы шыққан Т.Шойынбаев, С.Толыбеков, Ә.Тұрсынбаев тәрізді ағала­ры­мыз әлі тірі болатын. Сондықтан да қо­ғамда Есен­берлиннің «Көшпенділері» аңыз сарынымен жазылған, тарихи оқиғаны көркем тілмен бұрмалай­тын, ғылыми сипаттаудан тыс тұрған әдеби шы­ғар­ма ретінде қарастырылып, жазу­шының қазақ қо­ғамы үшін асқар таудай алып тұлғасы көпе-көрнеу тө­мендетілді.
Бүгінгі күні де қазақ ғалымдары жоғарыда ай­тыл­ған себептерге байланысты І.Есенберлинге баға беруде шындық биігіне көтеріле алған жоқ. Оның айқын көрінісі – биылғы жазушының мерейтойында тарихшылар тарапынан ғалым еңбектерін үлкен құрметпен кө­термелейтін және марапаттайтын пікірлердің аз болуы дер едік. Ғалымдарымыз осындай деңгейде болғанда көбісі орысша ойлайтын шенеуніктерімізге өкпелей аламыз ба? Осы айтылғандардың өзі бізді мынадай маңызды қоры­тын­дыға жете­лейді: І.Есенберлиннің шы­ғармалары болашақ ұрпаққа арнап жазылған шығарма, сондықтан да ол өзінің зерттеушілерін күтіп жатыр. Ол әлі қазақтардың сандаған ұрпақтарын тарихи біліммен сусындатып, оларды отаншылдыққа тәрбиелейтін болады.
Талас Омарбеков.

• Ағынан жарылу
Алдында сүйеушілері, артында соңынан ерген топтары бар кей жазушылар шепке тұрып шабуылға шыққан жауынгерлердей бірігіп, бір қауым болып, қандай сын болса да қарсы тұрып, туындыларын мақтата алды. Кім мұндай топқа қарсы шығып өзін-өзі құрбан еткізгісі, не пәлеге қалғысы келеді? Өткен ғасырдың аяғында А.Чеховтың өзі: «жалақорлардан кімнің болса да қорқатыны – белгілі ғой», – деп жазған жоқ па еді? Осы топтан – әдебиетке «жаңа күш» боп келген топтан, кейбіреулері ерекше көзге түсер еді. Жоқ, олар көзге өзінің жап-жақсы дарыны арқылы емес, өзгелерді, өзгелердің шығармаларын жек көретін мінездерімен түсті. Олар ешкімге айқайламайтын (рас, өзіне тиімді жерде көкдолылық мінез де көрсете алатын), ештеңені сындырып, күйретпейтін, тек өздерінің зілдей мінездерімен басқаларды жерге жаныша беретін. Әдетте олар өздері құрбандыққа шалмақ болған адамның үйіне, не кеңсесіне екі-үшеуі келетін, дауыстарын бір көтермей кәдімгі жоғарыдан ақырын түскен ауыр гүрзідей, аспай-саспай бір сағат, екі сағат өз дегендерін айтып отырып алатын. Тыңдап отырған адам, бір тоқтап, бір аққан кранның таусылмайтын суындай бұлардың бітпейтін сөздерінен, ауыр мінездерінен әбден жаншылып жерге кіргенше кетпейтін. Ондай кісі амалсыз бұлардың дегенін істеп құтылатын.

• Темір қызған кезінде…
Ол өмірде де, адал, досқа жайлы болуға тырысқанмен, мінезі де қисық, қыңыр, қатал кісі еді. Оның жайсыз, қатты кететін кездері де болатын. Ол біреудің көңілінен шығып, жағына білуге тырыспайтын. Айтса, бетің бар, жүзің бар демей қатты айтатын. Талай әдеби жиындарда Ілекеңнің осындай қатты сөздерінен кейін талас-тартыс өршіп, жұрт өшігіп, бір-бірімен жауласып, әдеби өмір күрт өзгеріп, дау-дамайға қалатын. Ол өзіне деген әділетсіздікті, өзіне дұшпан болған адамды қашан да жек көретін, аяусыз күресетін. Осынысы үшін ол көпшілікке жақпады.
Бекежан Тілегенов.
* * *
 І.Есенберлин асықпай-саспай бір жұмыс күнінде сан алуан шаруа бітіріп үлгеретін. Ал кешкі сағат алтыдан кейін І.Есенберлин директорлықтан «түсетін». Кешкісіне, не демалыс күндері қызмет бабымен соғылатын телефонды оның жаны жек көретін. Тіпті, дүние аударылып жатса да. Өйткені, бұл уақытта ол директор емес, жазушы болатын. Қызық еді.
Осы кісі қай жерде жүріп осыншама кітаптар жазды деген ойтүрткімен бірде сұрадым. Ілекеңнің айтқаны:
– Үйге келемін, шәй ішемін, сосын ұйықтаймын. Сағат ондарда үйдегілер сабырлана бастайды. Сосын мен столыма отырып түнгі 3-4-ке дейін жазамын.
– Демалыс күндері де ме?
– Жоқ, демалыс күндері мен аз жұмыс істеймін. Бізде,  қазақтарда қонаққа бару, достармен араласу деген салт бар ғой.
– Сонда бір түнде қанша жазып үлгересіз?
– 20-30 бет.
Павел Косенко.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір