ТАРИХЫМЫЗДЫ БҮРКЕМЕЛЕУДІ ДОҒАРСАҚ…

С.Өтениязов
«Қазақ әдебиеті» газетінің №8-9 нөмірлерінде (26 ақпан 2021 жыл) белгілі ғалым Самат Өтенияздың Берекет Кәрібаевтың «Қазақ хандарының тарихы» кітабы туралы «Еңсегей бойлы ер Есім… Ескі деректер неге жоқ?» атты сын мақаласы жарық көрген болатын. Көп өтпей мақалада келтірілген деректерге байланысты Берекет Кәрібаев та газет бетінде өз тұжырым, пікірін білдірді («Қазақ әдебиеті» №13-14, 21 мамыр 2021 жыл).
Бұл жолы Самат Өтенияз Есім ханға қатысты түрлі деректерді салыстыра келіп, қазақ тарихын жалған «дәйектерден» арылтып, ел өткеніне шындық әрі ақиқат тұрғысынан қарау керектігін алға тартқан екен.
Қазақ тарихын ресейлік cаясатшылар бұрыннан бері бұрмалап келе жатыр. Докторларымыз бен академиктеріміз оларға дер кезінде жауап беріп отырса, бұлай болмас еді. Есім ханның ерлігін Ақсақ Темірге теліген жарнама видеоны Қазақстан телеарналарынан төрт жыл бойы көрсеткенде, біздің тарих ғылымының басында отырғандардың бір де біреуі үн қатқан жоқ. Дәл сол видеоны қазір қайталаса да, үкіметіміз бен ғалымдарымыз тырп етпейтін сияқты. Бұған дәлел – Б.Кәрібаевтың қатты шамданып, біздің азын-аулақ сын пікірімізге айтқан жауабы. Тарихымыздың көкейкесті мәселелеріне әлі күнге дейін атүсті қарайтындығы соншалық, біздің жазғанымызды «Долбар…» деп «атап», өз «долбарын» жазыпты.
Қазақтың әйгілі ханы Есім хан туралы жазылған Берекеттің еңбегіне өзіміздің пікіріміз бен ренішімізді айттық. Алайда Берекет оны басқаша түсініп, бізге құбыжық есебінде қарапты. Әрине, біздің Есім хан туралы айтатынымыз көп. Оның бәрін тізіп отырмай, қазіргі замандағы зерттеулердің негізгі кемшілігіне тоқталған едік. Берекетті қатты шамдандырған мәселенің бірі – қазақтың атақты ханын «1645 жылдан соң қайтыс болған» деп көрсеткеніміз болса керек.
Есім ханның дүниеден өткен жылын – «1628» деп берген тарихшылар аз емес. Берекет осы көрсетілген жыл мен жалпы Қазақ мемлекеті тарихын Т.Сұлтанов жазбаларының негізінде баяндағанын да жазыпты. Ал Т.Сұлтанов, біздің Берекет айтқандай, Есім ханның өлген жылын нақты кесіп айтқан жоқ. Ол еңбегінде: «…Согласно известиям Махмуда ибн Вали, он умер в 1628 г.» (История КазССР, 2-том, А.1979. 286-бет), – деп тайға таңба басқандай етіп баяндаған еді. Махмуд ибн Вали – алыстағы адам. «Хандық биліктен адам тірілей кетпейді» деп өз еліндегі жағдай тұрғысынан ойлаған зерттеуші Қазақ елінде о заманда демократиялық басқару жүйесі болғанын ол қайдан білсін?!.
Осыған ұқсас Қазақ тарихына қатысты жалған айтылған тағы бір деректі көрсетсек, ол – М.Х.Дулатидың: «Қасым хан өлген соң Қазақ елі бытырап кетті», – деп жазғаны. Демек алыста отырып жазғандардың бәрі шындық бола бермейді. Сол сияқты Т.Сұлтановтың да: «1628 жылы Есім хан қайтыс болды», – деп жазғаны – нақты дерек емес. Сондай ақ «Әбілғазы хан» деп жазғанға Ташкент бөлек, дербес хандық бола қойған жоқ. Тұрсын сұлтан өзін хан деп жариялағанымен, ақыры не болғаны белгілі.
Берекеттің қатты шамданғаны соншалық, «…өзі жасап отырған тұжырымына негіз болар деректі көрсетуі керек», – деп бір жазса, мақаланың соңында: «Қарастырып отырған мәселенің деректік базасын жақсы меңгеру керек» – деп бізді айыптапты. Менің бұған айтарым – біз қазақ тарихына қатысты деректерді жинай бастағанда Берекет мектеп оқушысы еді. Сондықтан бұл салада менің білетінім Берекеттің жиған-тергенінен әлдеқайда көп деп айтсам, артық болмас.
Мақалада көрсеткеніміздей, Есім ханның қайтыс болған жылы 1645 жыл екенін Ш.Ш.Уәлиханов еңбектерімен таныс адам жақсы біледі. Мысалы, бұл дерек Ә.Х.Марғұлан басылымының бірінші томында (ССВ, 1 том, 1961; 629-бет), Б.Көмеков басылымының бірінші томында (ССВ в 5-ти томах, 1-томи 1984; 398-бет) және басқа да Шоқанның еңбектерінде көрсетіледі. Осы нақты датаны академик Марғұлан мен Көмеков басқарған ғалымдардың қорытындысы екенін Берекет білсе – жақсы болар еді. Сол сияқты мұндай дерек М.Мағауинның еңбектерінде көрсетілген. Берекеттің өзі мақалаларында көп сілтеме келтіретін Тынышбаев жазбаларында нақты жазылмағанымен, отызыншы жылдары Есім ханның өмірде болғаны айтылады.
Одан ары бізге Берекет: «…жетекші маманның еңбегімен таныс болыңыз», – деп ақыл-кеңес беріпті. Есім ханның тұсында, яғни ХҮІІ ғасырдың бірінші жартысында «Қазақ елі құдіретті мемлекет болған» деп жазғанымызға Берекет күдікпен қарайды екен әрі ол тұста бытыраңқы бейшара ел болғанын жазыпты. Бұл жағдайда Т.Сұлтанов ағасының жазбалары дұрыс болып шығатынын да кесіп айтыпты.
Ресейлік ғалымдардың үлкен бөлігі Қазақ тарихына әлі күнге дейін кеңестік көзқараспен қарайды. Осы орайда, Т.Сұлтановтың 1979 жылы жазған дүниесін ескеруіміз керек. Мысалы, оның соңғы жылдардағы кітаптарында бұрынғы көзқарастардың да жоқ емес екенін айтуымыз қажет. Cол ағамыздың 2006 жылы Астанада шыққан кітабының эпилогында берілген мына сөйлемдерге көңіл бөлейік (Берекет бұл кітаптың 2001 жылы Алматыда шыққан нұсқасын пайдаланыпты):
«Итак, в 1718 году Тауке-хан умрет во время переговоров с представителями царского правительства, но вопрос о подданстве казахских жузов России не будет снят. Напротив, осенью 1730 г. бии Киши (Младшего) жуза соберутся в одно место, «в средине степи, для рассуждения о делах народных». Абу-л-Хайр-хан, воспользовавшись настроением биев, отправит грамоту в Санкт-Петербург с просьбой о подданстве России казахских жузов. С этого времени судьба Казахстана будет решаться в иных геополитических условиях, в составе Российской империи...» – деп жазылған сөздерін көргенде қалай ішің ашымайды.
Жалпы осындай жалған тарихи материалдар берілген, яғни Ресей саясатының сойылын соғатын кітаптарды Қазақстанда жиі жарыққа шығарады. Осы жинақтың бес жылдың ішінде екі рет екі астанамызда жарық көруіне қандай қажеттілік болған?! Берілген сөйлемдердегі Т.Сұлтанов ағамыздың шәлкес мәліметтерін талдасақ: «Тәуке хан 1715 жылы өлді және ол Ресейге бодан болу үшін ешқандай келіссөз жүргізген жоқ. 1718 жылы өлген – Тәуке хан емес, Қайып хан. Оның Ресейдің көмегіне сүйеніп «самозванец» хан болғаны – тарихи шындық. Қайып хан, әрине, Ресеймен талай келіссөз жасамақшы болғаны ақиқат. Сондықтан оны қазақтардың өздері өлтіргені де – тарихи шындық. Екінші, Кіші жүздің билері жиналып және соны пайдаланып Әбілхайырдың ата жауы Ресейден бодандық сұрауы ешқандай ақылға симайды. (Т.Сұлтанов ағамыз Қазақстандағы тарих ғылымының жаңалықтарын әдейі көзге ілмейтін болуы керек. Кіші жүз билері және Әбілхайыр ешуақытта Ресейден бодандық сұраған жоқ… Ресей жапқан жалаға Қазақстан тарих ғылымы 2001 жылы Әбілхайырдың хатының түпнұсқасын оқығанда көз жеткізді)…» Осындай ауру сөйлемдер мен жалған мәліметтер қазақ баласының қаламынан шыққаны өкінішті-ақ.
Қазақ мемлекетінің ең күшті және ең құдіретті болған кезі – Есім ханның тұсы. Сол кезде Қазақ мемлекетінің құрамында қырғыз ағайындар, қарақалпақтар және Ташкент өңірі болған еді. Тұрсын сұлтанның өзін хан деп жариялағаны ұзаққа созылған жоқ. Әбілғазы оны «хан» деп жазғанға Ташкент бөлек, дербес хандық бола қойған жоқ. Халқымыздың керемет мемлекет болғанын айғақтайтын ақиқат-тарихын Ресейдің айтағымен көп тарихшыларымыз осылай тұқыртып басып келе жатыр.
«С.Өтенияз мақаласының жартысына жуығы Ш.Уәлиханов материалдарындағы аңызға негізделген» – деп Берекеттің жазғаны – адам төзгісіз жала. Біз келтірген Шоқанның материалдары тарихи құнды материалдар екенін Берекеттің түсінбегені, көрмегені өкінішті-ақ.
Берекет диссертацияларын үш ғасыр өмір сүрген Қазақ мемлекетінің тарихынан қорғағандықтан, өзін осы тақырыптың жалғыз иесі сияқты есептейтін болар. Қ.Жалаири еңбегінің 1997 жылғы нұсқасы туралы: «С.Өтенияз болған басылымға неге сілтеме бермейді деген өкпеңіздің, ренішіңіздің кемшілікке айналғанын бірден байқап отырмын» – деп мені өкпелетіп қойыпты. Тырнақ астынан кір іздеу деген осы шығар. М.Мағауинның аталған тақырыпқа қатысты көптеген еңбектері жарыққа шықты. Берекеттің соларды көзге ілмегені – тағы өкінішті. Жалпы Мұхтар Мағауинның осы тақырыптағы еңбегі Берекеттің жазғандарынан әлденеше есе артық және құнды деп айтуға міндеттімін. Қ.Жалаири кітабындағы оның фамилиясын көрген Берекет басқа құнды еңбектерін есепке алмаған. Өзінің жетекшісі Б.Көмеков Есім хан дәуіріне арнап талай пікір мен мақала жазды. Осы ағаларының екеуі де Берекет сияқты Есім ханды «1628 жылы өлді» деп кесіп айтқан жоқ. Керісінше М.Мағауин – «1643», ал Ә.Марғұлан мен Б.Көмеков басқарған шоқантанушылар тобы – «1645» деп тасқа басқандай етіп талай жерде жазды.
Берекеттің кітабы туралы мақаламызда біз тек Есім хан жайлы деректерге қысқаша тоқталдық. Басқа хандар туралы келтірілген тарихи мағлұматтар жайында айтарымыз көп болса да, тоқталмадық. Себебі Есім хан заманы – Қазақ мемлекетінің ең құдіретті және азамат соғысы (Қатаған қырғыны) жүріп, қабырғасының сөгіле бастаған кезі еді.
Қазақстан Республикасы өкіметі тарихымызды ретке келтіру үшін қыруар қаржы бөліп, 7 томдық фундаментал басылымды жарыққа шығаруды қолдап отыр. Бұл – өте үлкен оқиға. Қысқаша болса да кейбір көп айтылып жауыр болған кемшіліктерді көрсеткеніміз – осы үлкен басылымда бұрынғы кателіктерді жібермеуге септігі тиер деген тілек. Алайда Берекет мұны басқаша қабылдапты.
Жеті томдық фундаментал басылымда Қазақ мемлекеті (хандығы) тарихына бұрын жазылмаған мына мәселелерді кіргізсе екен деп тілейміз.
1) Үш ғасыр өмір сүрген Қазақ мемлекеті демократиялық мемлекет ретінде танылды. Хан билігі – шектеулі, хан сайланбалы болды. Ханды халық сайлаған жоқ, оны билер мен рубасылар сайлады. Хан барлық жағдайда рубасыларға тәуелді болды: сайлау жағынан, заң шығару жағынан, қаржы жағынан және әскери күш пен құрылым тарапынан. Ханда әскер болған жоқ, әскери жауынгерлерді соғыс алдында рубасылар жинап берді. Соңғы екі мың жылдықта осындай нағыз демократиялық мемлекет құрған біздің бабаларымыз екенін айтып, дүние жүзіне паш етіп мақтануымыз керек.
Ертедегі Грекия мен Республикалық Римнен соң ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін Еуропада ешқандай демократиялық мемлекет болған жоқ. Азияның жағдайы дәл солай болды. Осынау қараңғылықты жойған тек ХҮ ғасырдың екінші жартысында пайда болған Қазақ мемлекеті еді. Оны орыс саясатшыларының айтағымен «хандық» дейміз. Егер хандық басқару жүйесі болғанда, Орта Азия хандықтарынан айырмашылығы болмас еді. Оларда хан билігі шексіз болды, яғни білгенін істеді… Қазақ хандарының бәрі туралы жазған Берекеттің билер билігіне тоқталмағанын көрсеткенімізге ол қатты шамданыпты. Билер мен рубасылардың келісімінсіз қазақ хандары ешқандай іс-қимыл, шешім қабылдамаған. Есім хан бір рет билердің келісімінсіз іс жасағандықтан да сол тұста «Қатаған қырғыны» өтті. Сондықтан ол кінәлі екенін мойындап, өзі биліктен кетті. Кетпесе де енді оның басқаруында ешқандай әскер болмайтын еді. Жоғарыда айтқанымыздай ханда әскер болған жоқ. Әскерді рубасылар берген.
Оның үстіне үш ғасыр өмір сүрген Қазақ мемлекеті Берекет және оның ағалары ойлағандай бытыраңқы мемлекет болған жоқ. Керісінше бір орталыққа бағынған (централизованный) мемлекет болды. Оның көрсеткіші – Волгаград пен Томскге дейінгі ұлан-ғайыр территорияда халқымыздың тілі мен әдет-ғұрпының, салты мен дінінің бірдей болғаны. Қазақ тілінде ешқандай диалект болған жоқ. Көрші халықтар алақандай жерді мекендесе де, тілдерінде бірнеше үлгідегі диалектілер кездеседі. Біртұтас болған халқымыздың рухани, әдеби, музыкалық мұрасы орасан үлкен. Жүз томдық батырлар жыры басқа ешқандай халықта болған емес;
2) Орыс-қазақ қатынасын түгелдей қайта жазу керек. М.Абдировтың «История казачества Казахстана» атты кітабының материалдарын түгелдей кіргізу қажет. Сонда Ресейдің Қазақ еліне жасаған қиянаты мен қылмыстары анық көрінеді. Мысалы, ең көп айтылып жауыр болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасын» жасағандар жоңғарлар емес, Ресей патшасы – Бірінші Петр екенін бүгінгі ұрпағымыз білетін болады.
Абылай мен Әбілхайыр туралы жазылған фантазиялардың 180 градусқа өзгергенін де осынау дәйектермен келтіруіміз керек;
3) Туысқан халықтар туралы қазақ-қырғыз қатынасы және қазақ-башқұрт қатынасы тарихын толық көлемде беру керек. Мысалы, башқұрттардың Ресейге қарсы барлық көтерілістеріне қазақтар көп жәрдем берді. Олардың ХҮІІІ ғасырдағы екі көтерілісіне (1707-1709 жылдардағы және 1736-1739 жыдардағы) үш-төрт мың әскермен барып Әбілхайыр хан көмектескен еді. Осындай аса мақтанышты оқиғаларды көрсетіп, біздің халық мақтануға тиіс. Біз де, керісінше, Әбілхайырдың ерліктерін айтып мақтанудың орнына, оны нақақтан-нақақ айыптап, «Ресейден бодандық сұрады» деп шындыққа он қайнаса сорпасы қосылмайтын жалған тарихпен ұрпағымыздың санасын улап келе жатырмыз.
Халқымыздың рухани байлығын әркім бұрмалап жатқанда көз жұмуды, яғни тоғышарлықты қоятын уақыт жетті. Менің Есім ханның ерлігін орыстар Темірланға теліп беріп жатқанына қатты шамданғаным Берекетке ұнамапты. Жалғыз ол емес, тарихымыз бен фольклорымызды бұрмалап, телеканалдардан бейнеролик арқылы беріп жатқанда, оған қарсы сөз айтатын шені үлкен тарихшылардың табылмайтыны нағыз бейшара, шерменде болғанымыз емес пе? Мысалы, басқа ұлт өкілдері Қазақстанның мол қаржысын алған жобасымен ертегілерімізді бұрмалап, бүлдіршіндерге жалған көріністер көрсетіп жатыр деп айтсақ, артық болмас. «Ер Төстік» – солардың бір ғана мысалы. Шенділер мұндай кереғарлыққа көз жұмады, ал ғалымдарымызға жол болсын. Осындай жағдайда өз нанын тарих ғылымымен тауып жүргендер неге үнсіз отырады?
Қазақстан тарих ғылымының басында сенімді адамдар отырған жоқ. Шынын айтсақ, академик А.Нүсіпбековтен соң (1983 ж.) Тарих институтына шын патриот және батыл адамдар басшылық ете қоймады. Сондықтан біз 7 томдық іргелі басылымды жөндеп шығарса екен деп алаңдаулымыз.
Берекет Кәрібаев – қазақ тарихының басында отырғандардың бірі. Біз оның кітабын оқығанымызда секем алып қалғанымыз рас. Қазақ мемлекетінің жетістігін көргісі келмейтін сыңаржақ тарихшыларымыз әлі күнге дейін Ресей саясатын қолдап, рухани байлығымызды тұқыртып, басып отыр. Оған дәлел – оқу орындарына беріліп жатқан оқулықтар. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, шені үлкен ғалымдар көп болса да тарихымыздың көкейкесті мәселелері жетіп артылады. Бізді жек көрсе де тарихымызды жөндеп, яғни 7 томдық фундаментал басылымды ойдағыдай етіп шығарса екен деп тілейміз.
ПІКІРЛЕР18