Отбасымызда бәріміз қазақша сөйлейміз
05.08.2021
485
0

Алматы облысының Текелі қаласына барған сапарымызда Ляйсан Тайырқызымен жолығып қалдық. Қазақшаға судай татар қызы сауықтыру орталығында аспаз екен. Аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

 – Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз, қайда тудыңыз, қайда өстіңіз?

– Менің аты-жөнім – Тоқабаева Ляйсан Тайырқызы. Алматы облысының Қарабұлақ ауылында туып-өстім. Сол жерде мектеп бітірдім.

–  Мектептен кейінгі өміріңіз қалай өрілді?

– Мектептен кейін… Мектептен кейін бірден отбасылы болдым…

–  Сонда оқу бітіре салып тұрмысқа шықтыңыз ба?

–  Иә, 18 жасымда Үштөбенің жігітіне тұрмысқа шықтым.

–  Жолдасыңыздың аты-жөні кім?

–  Тоқабаев Мұхтар.

–  Жарыңыздың ұлты қазақ па?

–  Иә, қазақ.

– Қанша бала сүйдіңіздер?

–  Бір қыз, бір ұлымыз және екі немереміз бен бір жиеніміз  бар. Ұлдан – екі ұл, қыздан –  бір қыз.

–  Тұрмысқа шыққаннан кейін жұмыс істедіңіз бе, үйде болдыңыз ба?

– Жолдасымның Үштөбеде мал шаруашылығы болды. Сегіз жыл сол жерде мал бақтық. Сосын, осы Текелі қаласына көшіп келдік. Бұл жерге келген соң да біраз уақыт баламен үйде отырдым. Кейін балалар өсіп, өздеріне келгеннен кейін осында жұмысқа тұрдым. Бұйырса, «Алтын Шажа» сауықтыру орталығында жұмыс істеп жүргеніме желтоқсан айында 13 жыл болады.

–  Қалай, өзіңізге жұмысыңыз ұнай ма?

–  Жұмысымыз жақсы. Дегенмен  кез келген жұмыстың қызығы мен қиындығы қатар жүреді ғой. Бұл жерге түрлі адам келеді, әр қилы жандармен  тіл табыса білу керек дегендей…

– Бәрімен қазақ тілінде сөйлесесіз бе?

–  Адамына қарай ғой. Кейбір қазақ ағайынға қазақша сөйлесең, орысша жауап береді. Өзіңіз сияқты үйіріле кететіндер де аз емес. Негізі, мені көбі бір көргенде орыс екен деп қалады. Сосын барып, танысып-білісіп жатамыз.

–  Қазақ тілін қалай, қашан үйрендіңіз?

–  Енді жолдасым қазақ болғаннан кейін қазақ тілінде сөйлеуім керек қой. 

– Ал өмірлік жолдасыңызбен  танысқанға дейін отбасыңызда қазақша сөйлейтін бе едіңіз?

–  Қазақша сөйлегенде, әке-шешем бұрыннан қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Ал өзім мектепте орысша оқығанмын. Сосын, қазақ отбасына келін болып түстім. Содан бері, міне, 32 жыл болды, бәріміз тату-тәтті тұрып жатырмыз.

– Жолдасыңыз алып қашып кетті ме, әлде өзара келісіп отау құрдыңыздар ма?

–  Алып қашты.

– Келісілген алып қашу ғой сонда?

–  Иә, келісілген. Бірақ әкем жібергісі келмеді. Кейін бәрі ретке келді ғой.

–  Айналаңызда қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бар ма?

–  Әрине бар. Әсіресе Үштөбеде, күйеуім жақта көп. Кәрістер, орыстар, бәрі қазақша сөйлеп жүр.

– Жұмыста қазақша сөйлейтініңізді байқадық. Балаларыңыз қай тілде сөйлейді?

–  Екеуі де қазақша сөйлейді. Отбасымызда бәріміз қазақша сөйлейміз.

– Әке-шешем қазақша сөйлейді дедіңіз. Негізі, ол кісілер осы жердің тумасы ма?

– Жоқ. Олар –  Қазан татарлары. Бұл жерге ертеде көшіп келген. Негізі, кім қай уақытта көшіп келсе де, қай елде тұрса да сол елдің мемлекеттік тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сыйлауы, білуі керек деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан Дана БЕКБОСЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір