АЛАКӨЛ, АЙНАЛАЙЫН, СЕН АМАН БОЛ!
«…Сіңіріміз созылып ілбіп келе жатырмыз»
Шілденің 14-нен 15-не қараған түні Жүрсін Ерман, Жүсіпбек Қорғасбек бастаған ақын-жазушылар Алматы-Алакөл бағытында жүретін ескі-жамау пойызбен жолға шықтық. Алматының 2-вокзалынан шығысқа бет түзейтін пойыз «Жалаңашкөл» станциясына дейін 15 сағат изеңдеп әрең жетеді екен. Бүгінгі зымыран уақыттың екпінімен салыстырсақ, біз аяқ артқан пойызды пойыз емес, «өгіз арба» деген жөн. «Өгіз арбамыз» өкіріп-бақырып әрең тоқтайды, локомотив бүкіл эшелонды сілкіндіріп әрең қозғалады.
Қозғалғанда отырған орныңнан жиегін қайырып лақтырған қалпақтай ұшып кете жаздайсың. Әйтеуір, әр-әр жерде интернет жылт ете қалады. Әдеттегідей әлемжеліні шоласың. Әлемжеліні шолып отырып, журналист Ақырыс Сейтқазының бір жазбасына көзім түсті. Ақырыс парақшасына: «Дамыған 50 ел деп жатыр екенсіздер. Кеше төрт күн бойы пойызбен жүріп, төркінге барып келдік. Көптеген аудан орталықтары мен станцияларда интернет ұстамайды. «Е» деген белгі тұрмақ, интернет таяқшасы мүлде көрінбейді. Тараз, Шымкент, Түркістан мен Қызылордада әрең ұстайды. Бізге сол ешбір елмен бәсекелеспей, интернетті, жолды, пойыздағы тазалықты дұрыстап берсе болар еді. Әйтпесе, бәсеке деген жеткізбейді ешқашан. Әркіммен бәсекелесе бермей, өзімізге қажетті дүниелерге қол жеткізсек болды емес пе?» – деп жазыпты.
Жөн сөз, тура сөз. Алдымен елге ең керекті шаруаны жолға қой, шешімін тап, түйінін тарқат, қажеттісін жасап бер, содан кейін бәсекелесе бер. Біз мына түрімізбен кімдермен, не үшін, қайтіп бәсекелесіп жүрміз? Түсінбеймін. Айтпақшы, Алматыдан Алакөлге аттанған жолаушылардың ортасында жазушы, этнограф Зейнеп Ахметова да бар еді. Зейнеп апамыз «Теңбіл тіршілік» атты жаңа кітабының «Үзіліп түскен ойлар» тарауында: «Самұрық болып самғаймыз, Азияның жолбарысы болып жортамыз», – деп ұрандағанда езуіміз кереқарыс жайылды. Даңғаза жарнаманың жілігі татушы ма еді, тәйірі! Сол баяғы ойдым-ойдым тозаңы шыққан жолымен сіңіріміз созылып ілбіп келе жатырмыз. Әйтеуір, бас аман болсын дейміз. Әдеттегі қазақы көнбістік», – дейді.
Әдеттегі қазақы көнбістікпен, апамыз айтқандай, «сіңіріміз созылып» Жалаңашкөлге жанды жалдап, тісті қайрап әрең жеттік. Сөйтіп келе жатып өзімізше елдің қамын жеп, сөйлей келдік:
«Үкімет істейтін шаруаны анау Құрмет деген қара бала қара шалғысын қайрап алып бір өзі атқарып жүр».
«Уа, Құрметің кім?»
«Сіз естімгенсіз бе? Құрмет деген қаршадай ғана бала шалғынды жерлердің шөбін қол шалғымен шауып, қуаңшылық қысып тұрған Маңғыстау мен Қызылорда облысына жіберуде».
«Азамат екен! Ер екен!»
«Құрмет ел құрметіне бөленсін!»
«Оу, сонда әлгі флешмобшыл жастар қайда? Биліктің алдында бедел жинағыш волонтерлер қайда? Солар неге Құрметтің ісін жалғастырып, халықтық акцияға айналдырмайды?»
«Осы біздің Үкіметтің елге жаулығы бар ма деймін. Түркістан облысының азаматтары ортақ қор ашып, бес вагон шөп жинаған екен, соған ҚТЖ ақша сұрап, күйдіріп жатқан көрінеді».
«Бір вагон шөпті ҚТЖ 500 мың теңгеге жеткіземіз депті. «Вагондар Түркістанның вокзалында тұрып қалса, күніне 100 мың теңге бересіңдер», – деп және шалқаятын көрінеді».
«Жынды ма бұлар?!. Жынды болмаса, халықтың мына бірлігін, жанашырлығын, қамқорлығын пайдаланып, игілікті іске үлес қоспай ма?»
Терезеден қараймыз: жусаны мен алаботасын құм-топырақ жұтқан жүдеу дала еріні кезеріп аспаннан жауын тілеп жатыр. Аспанда қылаң еткен бұлт жоқ. Аспан… Биылғы аспан алаштың байтақ даласына мейірімсіздеу болып тұр.
Үкілі Үржар төрінде
«Оптимизацияның» тұсында бұрынғы Мақаншы, Таскескен аудандарының басын қосып, орталыққа айналған Үржар кентіндегі қатарласып жалғаса салынған әлде сауда үйінің, әлде үлкен бір мекеменің маңдайшасына «Ұлы даланың үкілі Үржары» деген жазу ілініпті. Бек қуанып қалдық. Қандай қуатты, шуақты сөз: үкілі Үржар! Ұлы даланың үкілі Үржары! Сол үкілі Үржардың бүгінгі өркениеттің сәулесі түсе бастаған бір көшесіне жазушы Зейнолла Сәніктің аты берілді. Бұл – аудан халқы ақжарыла қолдаған, аудандық мәслихат мақұлдап, жоғары жақ бекіткен оңды шешім болыпты. Өйткені Зекең – осындай құрметке әбден лайықты тұлға. Зейнолла Сәнікті еске алсақ, «қайың сауып, ел ауған» замана қасыретінің қазақтың төбесіне қайта төнген ХХ ғасыр басындағы үркіншілік ойға оралады. Қазақтың өз еркі өзінен кетіп, орыс пен қытай байтақ өлкеміздің шығысы мен оңтүстік шығысын бөліп алып билеген, шекара сызып, бүтін жұртты бөлшектеген кесірлі кезі жадыңда жаңғырып, жаныңды түршіктіреді.
Зейнолла Сәнік десек, Маоның «мәдени төңкерісі» мен «ашылып сайраған» тар құрсаулы қоғамында «қалпақ киіп», «халық жауы» атанып, азапты лагерлерге айдалған қазақ баласының жылаулы тағдыры алдыңнан шығады. Жары Шәмшабану Хамзақызымен бірге жер аударылып, тауқымет тартқан ер Зәкең алайда сынбапты, зәбір-жапа шексе де, қайыспапты. Қытай халық Республикасының билігінен Мао кеткен соң өкіметтің төріне озған Дэн Сяопин жолдастың қалпына келтірген бейбіт өмірінде қоғамдық ортаға оралып, қаламын сертке ұстайды. Өндіртіп жазады. Соңына өлмес мұралар қалдырады.
Мао демекші, бір таңқаларлығы, Маоға Жүңго жұрты әлі табынады. Бірақ Мао – жүңголықтар үшін табынатын тұлға емес, мемлекеттік символ. Өз басым солай ойлаймын. Өйткені миллиардтан астам жан саны бар, іші ала-құла Қытайға қытайлық нұсқадағы коммунистік билік пен қытайлық нұсқадағы жартылай социалистік қоғамды ұстап тұру үшін Мао керек. Әйтпесе Мао деген адамыңыз – Нобель сыйлығының лауреаты Мо Ян жазғандай, инкарнацияның айналымына салып, құзырына қараған қараша жұртын сан құбылтқан диктатор. (Осы арада қысқаша баян етіп өтейін, Мо Янның «Өлім мен өмір жазасы» романында өліп тірілген помещик өмірге есек болып, бұқа болып, ит болып, ақырында маймыл болып бірнеше рет қайтып келеді. Соңында пешенесіне жазылған тағдырына көніп, бәрін кешіреді, өткенімен ымыраласады. Қытай да Маоны кешірді. Бүгінгі қытайдың басындағы хал – осы. Қала берді бұл – жалғанның жағасына жармаса бермей, жаңаға бейімделуге үйрететін, уақыт ырғағына үндейтін Конфуцийлік ілім).
Зекеңе оралайық. Зейнолла Сәнік – «сан алуан тарихи тұлғалар мен оқиғаларды әр алуан жанрдағы 15 томдық еңбегі арқылы жазып қалдырған, туған халқының өткен кезеңдегі тарихы мен тұрмыс-салтының, дүниетанымы мен өмірінің айшықты болмысын көрсете білген қаламгер. Жазушының соңында мол рухани мұра қалды. Атап айтқанда, «Хан батыр – Қабанбай», «Сергелдең», «Баспай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Қайрақбай», «Сүлеймен би»», «Қазақ зтнографиясы», т,б, кітаптарынан ел мен жердің тағдыры мен тарихы, тұлғалар болмысы, ұлттық сипаты менмұндалап тұрады» (журналист, З.Сәнік атындағы мәдениет қорының қызметкері Жарқын Сәленұлының сөзі).
Барша қазақтың атакүлдігі, бабақонысы – байтақ жатқан қазақ даласы. Әйтсе де қазақ тағдырдың айдауымен қиыр жайлап, шет қонуға бір замандары мәжбүр болды. Бір бұлақтың суын ішіп отырып жағалаудың екі шетінде қалған қазақ қаншама? Оларды біз байырғы атажұртындағы, ғылымның тіліне салсақ, «ирредент» бауырларымыз деп білеміз. Алайда қазақ руханиятында «ирредента» жоқ және болған да емес. Себебі қазақтың тілі, салт-дәстүрі, әңгіме-ертегісі, әні мен жыры, күйі, салтанаты қай тараптан болса да бір арнаға кеп құйылып, тұтасып жатады. Зейнолла Сәнік қаламынан туған дүниелер – сол тұтастықты тұтастыра түскен жауһар дүниелер.
Ақын-жазушылар – Ұлықбек Есдәулет, Жүрсін Ерман, Зейнеп Ахметова, Жүсіпбек Қорғасбек, тарихшы-этнограф – Ахмет Тоқтабай, күйші Секен Тұрысбек Зейнолла Сәнік атындағы көшенің лентасын қиып естеліктер айтты, көшеге құтты болсын лебіз білдірді.
«Анкараға жетесің бес сағатта, Алакөлге жүресің он бес сағат»
Зейнолла Сәнік атындағы көшенің лентасын қиып, қайшысын қызмет көрсеткен қыздарға қайтып берген ақындар (әзіл) Үржардағы мәдениет үйіне келді. Соның алдында үлкен бір мейрамханада Зейнолла Сәніктің рухына құран бағышталып, ас берілген. Мейрамханамыз енді – мейрамхана-ақ! Биік, еңселі. Ішіндегі ауасы да тынысты. Мейрамхананың сырты мәрмәр таспен өрілген. «Мен Үржардағы мейманасы асқан мейрамханамын!» деп тұр ол. Ал Мәдениет үйі мейрамхананың қасында қораштау көрінді. Бұл да болса қазіргі жалқы мен жалпының көрінісі. Жалқы – бай, жалпы – жұпыны. Байқауымызша, аудан әкімі іскер азамат сияқты: алдағы уақытта Мәдениет үйін жаңалап, күрделі жөндеуден өткізер немесе жаңасын салар деген үміттеміз.
Мәдениет үйінде алдымен «Барқытбел баурайындағы жыр» атты кітаптың таныстырылымы өтті. ФОТО КІТАП ТҰСАУКЕСЕР Жинаққа Барқытбелдің баурайында жасаған, қазақты «әнмен қырған» әнші, арынды ақын Әсет Найманбаевтан бастап, Үржардағы үр жаңа ақындардың өлеңдеріне дейін еніпті. Оған бәріміз «бәрекелді» дестік. Кітаптың таныстырылымынан кейін үржарлық өнерпаздар ән шырқап, жанымызды рахатқа бөледі. Үржар әншілері үлкен сахнаға санын шапалақтап шығып кеткен шатпақ әнсымақтарды ән көрмейді екен, соған қуандық. Соған сүйсіндік.
Концерттің соңы Жүрсіннің жүйріктеріне тиді. Ақын, айтыс өнерінің бағасын арттырып, бәсін көтерген Жүрсін Ерманның мерейлі 70 жасына арналған айтысқа әр облыстан келген 5 жұп, 10 ақын қатысып, сөз додасына түсті. Тәжтажалдың құрсауындағы уақыттың талабы осы күні көпшіліктің басын қоса бермейді. Дегендей-ақ, залда айтыс жанкүйерлерінің қарасы аз болды. Алайда Үржардың мәдениет үйіндегі айтыс Республикалық, тіпті, халықаралық айтулы айтыстардан аспаса, кем соққан жоқ.
Ақындар бәрін айтыстың аламанына салды. Үйкүшік Үкіметтің дәрменсіздігі де, қара жерді қуырған қуаңшылық та, Илон Масктың Марсқа сапары да, қазақ баласының заманауи білім алып, ІТ мамандығын игеруі керектігі де, қазақтың «арғы беттегі» ахуалы да, Алматы мен Алакөлдің арасындағы азапты жол да – шаппа-шап айтыстың тақырыбына айналып шыға келді. «Анкараға жетесің бес сағатта, Алакөлге жүресің он бес сағат», – деді ақындар. «Үржарға үйіп-төгіп әкелер ме ед, Үрімжіде үрпиген қазақтарды», – деді. «Көлің ала болғанмен, көңілің ала болмасын», – деді.
Ақындар әпке-іні болып жарасты, құрдастар болып қалжың айтып қағысты. Төрде айтыскерлерінің тапқырлығына тәнті боп Жүрсін Ерманның өзі отырды. Тарлан таланттардың бағын жандырған, жолын ашқан, тұлғалық деңгейге көтерген, қазақтың қас өнері – айтысты қайта түлеткен, мәдениеттер экспансиясы мен маргиналдар заманынан қазақ руханиятын қорғап тұрған дарабоз тұлға – Жүрсін Ерман… иә, ол төрде отырды.
Жүкеңмен екеуара оңаша әңгімемізде айтыстың әркез билік тарапынан цензураға ұшырайтынын, қолы ұзын, құшағы қатты мықтылар: «Ананы айтқызба, мынаны дегізбе», – деп бұйрық соғатынын естідім. Алайда қас пен көздің арасында заулап кеп қалған сөзді ақын ұстап тұра ала ма, талай рет айтылған сөз – айтылған, жабық тақырып жайрап қалған. Ал Жүкең – кәтепті қара нар. Ыңыранып қойып қысастықты да, құс жастықты да көтеріп жүре береді. Айтқыштығы, әзілкештігі, тапқырлығы өз алдына.
Молалы стансасында аялдап тұрмыз. Қоңырқай жүзін Күн аптап, жел қаққан бір жігіт Жүрсінге жармаса кетті:
– Сіз Ермансыз ғой. Суретке түсейікші. Ақсақалымызсыз ғой.
– Ақсақал екеніміді білмеймін, бірақ Жүрсін Ерман екеніміді білемін. Кел, кәне, түссек – түсейік!
Кең мол дастархан басындамыз. Алдымызға сірне келді. Аспазшы астының отын көп жағып, сірненің етін қатқылдау етіп жіберіпті. Сонда біреу, жаңылыспасам, Ахмет Тоқтабай-ау деймін:
– Мынау өзі кәрі қойдың еті сияқты, – деп қалды. Жүкең сонда жұлып алғандай етіп, қолма-қол:
– Бұл қойдың жасы осы ортадағы кәрі-құртаңдармен, мына бізбен шамалас болса керек, – деді.
«Жақсы өнегенің жарығы алысқа түседі»
Зейнолла Сәнік марқұм: «Жақсы өнегенің жарығы алысқа түседі» дейді екен. Десе дегендей-ақ, жоғарыда біз баян еткен ақын-жазушылардың Алакөлге сапарын, «Барқытбел баурайындағы жыр» кітабының таныстырылымын, жазушы-этнограф Зейнеп Ахметованың Мақаншы ауылындағы кітапханада оқырман қауыммен жүздесуін, Жүрсін Ерманның мерейжасына арналған ақындар айтысы мен ақындарға берілген ақшалай сый-сыяпатты көтеріп, бас ие болған азамат – кәсіпкер Қанат Сәнік деген азаматтың жарығы алысқа жайыла бастаған, жақсы, өнегелі ісін елеусіз қалдырып кетсек – қиянат болар.
«Пейілі тар күншіл адам байыса да тоймай, жарымай жүреді» дейді Зейнеп апай «Теңбіл тіршілік» кітабында. Расында, қазақтың қазіргі әлеуметтік жағдайында әлеуметтік теңдікті бұзып, байыса да тоймай, жарымай жүргендер жетіп артылады. Солардың жемсауы қашан толар екен деп қалың қазақтың күні өтіп барады. Бірақ дәтке қуат – қазақта Қанаттай азаматтар қанаттанып, қатар түзеп келеді.
Құрметті, оқырман! Сіз бұны жарнама десеңіз де, басқа десеңіз де – өзіңіз біліңіз. Ал өзім кәсіпкер азаматтарға ой салатын, көптің алқауына кенелген өнегелі істерді үлгі етуді жөн көремін. Бұндағы айтпағымыз – «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» қызметі. Қараңыз:
2018 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегеновтің «Біртұтас қазақ әдебиеті: қытайдағы және атажұртқа оралған ақын-жазушылардың шығармашылығы» зерттеу монографиясы қордың демеушілігімен жарық көріпті;
Сәуір, мамыр айларында Астана, Семей қалаларында Зейнолла Сәніктің 15 томдық еңбегінің таныстырылымы және ғылыми бағыттағы басқосу өтіпті;
Қордың қолдауымен І республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы қараша айында болыпты;
2019 жылы шілде айында Алакөл жағасында «Ел айбыны, жыр айдыны – Алакөл» республикалық ақындар айтысы өткізіліпті;
Қазан айында Орал қаласында қордың ұйытқы болуымен һәм демеушілігімен, Қадыр Мырза Әлі орталығының қолдауымен «Жыр – ғибрат» батыс аймақтық жыршы-термешілер фестивалі ұйымдастырылыпты;
2020 жылы журналист, қор қызметкері Жарқын Сәленұлының «Тәңіртау түлегі» кітабы қордың кітапхана сериясымен жарық көріпті. Осы жылы «Жыр бесігі – Тарбағатай» жинағы оқырманға жол тартып, ұлттық кітапханада таныстырылымы өткен;
Үржар ауданының Қабанбай ауылында аудан әкімдігінің қолдауымен «Зейнолла Сәнік атындағы қазақ әдебиеті кабинеті» ашылып, заманауи үлгіде жабдықталған арнайы кабинетке 60-қа тарта танымал ақын-жазушының кітабы сыйға тартылыпты. Сонымен қатар Қабанбай ауылындағы екі мектептің әлеуметтік аз қамтылған ең үздік, талантты 7 оқушысына ынталандыру ретінде 50 000 теңгеден шәкіртақы берілген. Аталған қор індет өршіген тұста Қабанбай ауылдық ауруханасына 3,5 миллион теңгеге 6 дана оттегі аппараты мен арнайы медициналық төсек алып берген. Тарбағатай аудандық ауруханасына да 3 оттегі аппаратын беріп, қиналған халыққа қамқорлық жасаған.
Қайтқан жолда…
Әне-міне дегенше, Алакөлдің Шығыс Қазақстан облысына тиесілі жағалауына жасаған сапарымыз аяқталып, баяғы «өгіз арбамызға» қайтадан қонжидық. Өзімізге таныс «Жалаңашкөл» стансасының вокзалы. Ығы-жығы жұрт. Вокзал – жарықсыз. Тас қараңғы. Тізе бүгіп отыратын орындық жетіспейді. Таласып-тармасып, шулап-шұрқырап «Достық – Алматы» бағытымен жүретін пойызымыздың қаңылтыр жамау түскен бір купесіне жайғасқан болдық. Көршілерім көлге шомылып, біраз сергіп қалғандарын айтып жатты. Алайда, амал кем, арада біраз станса артта қалған соң, олар шаршай бастады. Селк-селк, тоңқ-тоңқ. Шашын сары бояуға малған жолсерік әйел желайдағыш аппараттан жасанды суық желді «аңратып» қоя берді дерсің. Пойызымыз тоқтаса, жасанды желді аптап алып, купенің іші тарылып кетеді. Пойызымыз қозғалса, айналамызды суық қымтайды. Көлде жүзіп көңілі өскен көршілерім кейи сөйлеп келеді:
– Күніне бір адам 80 мың теңге жамбаспұлын беріп жаттық. Әуел десең, 120 мың теңге төлейтін бөлмелер де кездесті. Не дұрыс тамағы жоқ. Сервис, қызмет деген – нөл. Ал көлдің өзі керемет: мөп-мөлдір, шипалық қасиеті күшті. Қайтейік, Алакөл аман болсын, бірақ келесі жылы Анталияға барамыз. Жамбаспұлын қойшы, мынандай жолмен жүрудің өзі азап емес пе?..
Тәуелсіз ел болғанымызға, ен байлығымызға еншілес қоспай еге болғанымызға ширек ғасыр өтіп, отыз жыл толды. Барыңды әлі күнге базарлы ете алмай келесің-ау, Қазақстан!
Дәурен ҚАСЕНҰЛЫ,
Алматы – Жалаңашкөл – Үржар
Үржар – Жалаңашкөл – Алматы