Нұрғали Рахаев. Зауал
10.07.2021
4193
0

 

(ә ң г і м е) 

 

                                                     …Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:                                                 

                                                            Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,

                                                          Еш діннің мақсұты жоқ мұнан асар…

                                                                                        Шәкәрім.

 Алагеуімнен бері ояу. Ұйқысы келмесе де көзін ашпаған күйі, жып˗жылы көрпені қимай, құйын елестің құшағына малтығып едәуір жатты. «Қартайғанда ұйқы қашады деген рас екен˗ау…»

 Біраздан бері өкпесін қауып, маза бермей жүрген ойдың түңлігі түріле бергенде, желке тұсынан жұмсақ адымдаған дыбыс естілгендей болды. Көзінің қырын ескі кебеже жаққа тастаған.

«Ту сыртынан біреу қарап тұрғандай ма?.. Адам ба, жын ба, әлде пері ме?..»

Талай құқайды басынан өткерген кәрі жүрек  бір жайсыздықты сезгендей дүрсілдей жөнелді. Бұрнағы күні де осы бір аяқтың жеңіл дыбысы құлағына келген… Басын шалқайта, төр жаққа қарады. Ешкім көрінбейді. Немересі де: «Үйде жалғыз қалсам, біреу сыртымнан қарап, аңдып жүргендей болады», – дейтін. «Өтірігіңе береке дарысын», – деп елең қылмаған. Енді, міне, сып˗сып етіп, сырттай тесірейген «көз» немересі қалаға оқуға кеткелі өзін де иектеп алды.

 Былшықтанған көзін уқалап, сүлесоқ күйде ойы  тұрақтамай тағы біраз жатып, әлгі сыбдырға құлақ түрген. Аңдуға іліккенін сезді ме, әл˗әзір тым˗тырыс. Терезеден себезгілене түскен жарық бөлменің түкпір˗түкпіріне жайыла бастапты. «Жалғызға жантақ та шайтан боп көрінер, жай елегізу болар… Ертең Диасжанға барып келейін… Көптен бері дерексіз… Хабар алайын демейді, бәтшағар… Қой, тұрайын… Не, бала құсап… Торыны шығарып астын жаңалап, шөбін салайын».

 Орнынан тұрып шалбарын киді. Сылбыр қозғалып тоқ шәугімді қосты да, шапанын жүре жамылып, құмғанды іле сыртқа шықты. Оқырана қарсы алған биенің  астын тазалап, ақырын жаңалады.

– «Сат, сат!» – деп құлақ етін жегеннен басқа не біледі дейсің? Маған  бұл да – ермек. Жетпістен асқанда мал қарап жүргеніме шүкір демей ме?! Мен қатарлының көздеріне көр топырақ толып, жерлері әлдеқашан тып˗типыл болған. Талқаны таусылған Мамақұл, Әсілдер кетті ғой, әне, қаш˗ша˗а˗н… 

Сөйлей жүріп үйге енді. Төсегінің шетіне отырғаны сол, Мамақұл мен Әсіл ойына оралған. Ауыл-аймақ ұбап˗шұбап Әсілді жерлеуге апара жатқанда: «Талқысының зорын  күн жылы, жер қара, дүмеген ел…» – деп қаралы жиындағы елдің ақ пейілін де қызғанды˗ау…

Ал Шылманның Мамақұлы… Бейшараның тағдыр-талайына тікелей қатысы барын бүгінде өзінен басқа ешкім білмейді. Ешкім… Кенет қарсы қабырғадағы қол кілем ақ дәке орағандай тұманданып кетті…

–  Көзі құрғыр буалдыр тартты ма… Бұнысы несі?.. – дегенше әлгі аппақ бу шымылдықша баяу ашылып, Мамақұлдың тұйғындай түйілген сұсты бейнесі көріне берді… Иә, иә, анық сол… Бас аламанда басқан ізінен бәле іздеп, жазықсыз ұстатып жіберген қатары… Кішкенеден асық ойнап, тел өскен досы… Дос деуге келмес… Әйтсе де, асыр салып, суға түсіп балдәурен балалықтың базарын бірге қарыштағаны рас… Со кезде˗ақ еті тірі, пысық болатын. Мына тұрысы… Пәдерсіздің, шиыршық атқан баяғысы… Жап˗жас˗ау, әлі жап˗жас… Қыран қабақ, от жанары өңменін тесіп барады… Аузына «Астапыралланың» орнына «Атаңа нәлеті» түсіп, кесірткенің басындай кішкентай басы кекшеңдеп, танауы делдие орнынан тұрып кетті…

Мың қысса да, қанмен келген мінез сүйекпен кетеді екен… «Өмір өзгертеді» деуші еді, мұны өзгерте алмады… Сол баяғы «өзімдікі жөн»  деп қақайған қыр…

 Құрыс-тырысын жазып әрлі˗берлі жүрді. Шай ішуге  зауқы соқпай, қайнап тұрған шәугімді тоқтан ажыратты. Реңі қуқыл тарта кереуетіне сүлесоқ қисайып, көңілі алабұрта әлгі жаққа қарады. Сағым бейне қазақы кілемнің артына жасырынғандай ізім-қайым.

«Өткенге – салауат» десе де, ешнәрсе ұмытылмақ емес екен˗ау… Пенденің пендешілігі сол, көзі тірісінде бұ жаһанда өзін кінәлі санамайтыны. Ақталуға мың сара, датталуға бір пара… Бұл да харам істерін күні бүгінге дейін заманға жауып, қала берді тағдырға сілтеп, өмір жәрмеңкесінде жасаған зәбір˗жапасы мен күнә˗ғайбаттарын жаба шіркемелеп өзін де, өзгені де алдап келді…

Көкірек айнасы өткенін безбендеп кеп бергенде, обал˗сауап, мейірім˗шапағат, иба˗иман, аяушылық˗адамгершілік секілді ғазиз қасиеттерді өз өмірімен  байланыстыра алмады. Осынша жасқа келгенде, бір момынға қол ұшын беріп, сәулесін түсіре алмағаны ма сонда?.. Есіне түспеді… Ұзақ жасағандағы барһадар тапқаны кәне?.. Сырластан тірідей айырылып, құрдастан өлідей айырылып, жапалақтай жарбиып жалғыз қалғандағы жеткен жері осы болғаны ма?!.

 Не қылғанда да, көптен бері санасын шымшылап жүрген атам заманғы бұлың ой шалды бұл кезде қылаусыз тұтқындап алған еді…

* * *    

 …Мамақұл «Жігірген» қалқозына бастық болып екі жылдай істеген құрдасы. Иттің баласының қабілет˗қарымында мін жоқ еді. «Бұлт қайда қонса, береке сонда шөгеді» дегендей, айналасы бірер жылдың ішінде жұртты жұмылдырып, қаңсып қалған оқ арық пен орта арыққа су келтірді. Егін салып, алма бақ ектірді. Екі қолға бір жұмыс табылған елдің тұрмысы да біршама оңалып сала берген. Судың тіршілік тірегі екеніне бұрын кім мән беріпті? Малдың соңында жүрген ел  Сталиннің кезіндегі үркіншілікте таза тақырға отырып, аштықтан титықтап, сандалып қалған еді. Енді, міне,  Мамақұл, Тәжібай секілді істің көзін білетін кемел жігіттер бас болып жерге жабысқан. Диқаншылықта арпа мен бидайдан басқаны білмейтін жұрт –  тары, ноқат, жасымық, қонақ пен сұлы да егетін болған. Біразы есік алдына бау өсіріп, қауын˗қарбыз, қияр˗қызанақ егіп, кәні болған да қалған.

 Құдай бергенге, құлай береді екен, елдің аузында: «Мамақұл ондай, Мамақұл мұндай!» – деген іскерлігі мен күпірліктен ада тазалығына разы˗хош мақтау. Бригадир болуға ықылас білдіріп көріп еді, калхоз праулениесі өткізбей тастады. Әрине, Мамақұл келісім берсе, прауление қарсы емес еді, желдің қай жақтан ескенін біледі. Көкірегіне тұтылған осы кек зар болып қатып қалды. Со сол екен, қатары болса да, «қай жерінен кінәрат тапсам?» деген құйымыр іштарлық жанын жай таптырмай, күні˗түні ілік іздеудің соңында жүрді. «Саптыаяқтың сабына қарауыл қойған» аумалы˗төкпелі кез. Дәттемесе жүре алмайтын екі˗үш аусайды жанына ертіп, «жаптым жала, жақтым күйе» дегендей,  түртінектеп кеп берген.

«Партияға қарсы саясат жүргізеді… Елді өзім білермендікпен басқаруда… Жиналған егін мен салық талан˗таражға ұшырауда… Жақын ағайындарына артық еңбеккүн жазады»… Осы  тақылеттес долбар арыздар үсті˗үстіне тоғытылып, «қу шеке» Голощекин тұсындағы әпербақан саясат  «құланның қасуына» дөп келді. Сөйтіп кеше ғана асығы алшысынан тұрған Мамақұлдың ісі кері кетті де, мойнына бұғалық түскен асаудай қолы артына байланып, қамауға алынды.

 Көп өтпей, ауданнан келген тексеруші жаналғыштар ауылда ашық сот жасады. Ол кезде арыз қай ауылдан түссе, сот та ашық түрде сонда өтетін. «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнар», әшейінде алдына кіруге бата алмай жүрген Исебай бастаған топ «бұл – біздің ісіміз» дегендей, көптің алдында шеңбірек ата шіреніп тұрды. Ал қалай да «халық жауын» табуды мақсат тұтқан әзірейілдер қалың бұқараға да, Мамақұлға да сөз бермей,  арыздағы жазылғандарды негізге алып, соттың үкімін оқи салды. Ауыл түгел жиналған. Көздерінде үміт оты жылтыраған халық соттан да, Тәңірден де Мамақұлдың тілеуін сұраған. Алайда Құдаймен ісі жоқ кісәпірлер ол тілекті болдырмады. Үштік құрам шешімімен:

– Мамақұл Шылманұлы жиырма бес жыл қатаң режимде түрмеге қамалсын! – дегенді естігенде: «Есіл˗дағы, боздағым˗ай!» – деген көпшілік күңірене еңіреп жіберді. Беткеұстар қаймақтарынан ажырап, қос үрей билеген үркінді халықтың ішінен бәтуәлі сөз айтар адам шықпады.

Сөйтіп, әшейінде сөз баққан ділмәр ағайын азаматына араша түсіп, ар сыналар сәтте аузына құм толтырып алғандай үнсіз қалды. «Қапталдықтың қадірін ері білмес – ат білер, азаматтың қадірін елі білмес – жат білер» дегенді ілгергілер осындайда айтса керек. Обалы кәні, сын сағатта ана жүрек, әйелдер қауымы ғана мінез көрсетіп:

– Тұқымың тұздай құрысын!..

– Құдая, ақыбетің оңбасын!..  – деп әлдекімді қарғап˗сілеумен болды.

  Әлекедей жалаңдаған айдауылдың алдында бара жатқан Мамақұлдың арыстандай гүжілдеп:

– Әй, Исебай, өзекті жанға бір өлім! Зұлымдық тісі ана сүтімен шыққан сендей азғынға сөзім шығын! Ақирет сұрауына әлі˗ақ жауап бересің! – деген мірдің оғындай сөзінен көзіне қамшы тигендей бүгежектеп қалған. Артынша кеудесін тәкаппар ұстап, тектілігіне сай төменшіктемей, күркірей дауыстаған Мамақұл:

– Уа, ел˗жұртым! Сары лағың боп, садағаң кетейін! Менің ақ екенім бір Құдайға аян! Жасаққа жарамас жамандар, қосаққа жүрмес жасықтар  көш бастап қарық қылмас, оған да зауал келер! Өлсем – шейіт, қалсам – қазы! Сөге-жамандамаңдар! Қош, ағайын! – деген бойы, төрт доңғалақты, ағаш шабаралы арбаға секіріп отырғанда, «Арысым˗ай!» – деп ұлардай шулаған халық боздап қала берді. Ең соңғы қоштасуы екен, со кеткеннен із˗түзсіз, хат˗дерексіз кетті…

Елу жылдан асып кетсе де, күні кешегідей кестелене бергені несі? «Ақирет сұрауы… Байғұс онымен не айтқысы келді екен?..»

Өзегін өртеген өткені тасқа басылғандай көз алдынан күні кешегідей боп тізбек˗тізбек өте берді…

      …Көктен Ата бұлағынан бастау алатын Жігірген өзенінің қос сағасын алты жүзге тарта түтін – Ұлы жүз, Сіргелі атаның қыз алыспайтын – Алыбай, Толыбай, Қалыбайдан тараған ұрпақтары мекен етеді, әрі бұл жерді әлімсақтан атақонысымыз деп біледі. Қазығұрттың түстік бетіндегі Көгем тауына аса берістегі аттың тағасындай дөңгеленген шұңқырдағы айрандай ұйыған шағын ауыл  осы өзеннің атымен аталады. Қалмақпен болған ұрыстарда көрсеткен ерлігіне сай – Батыр, Жайдақ, Жәдігер атанып кеткен бір атаның балалары, осында қыс қыстап, жаз шыға малдарын таудағы жайлауға өргізіп, бейпара өмір сүріп келе жатқанына да нешеме жыл. 

   …Көпті көрген қариялардың айтуынша, Төле би бабамыз қарттық меңдеген шағында Ленгір жақтағы ағайындарына қыдырып барған екен. Сапар барысында бабаның бабы болмай, ауырып қалады да, өзі билік ететін Ташкен шәріне ат басын бұрады. Жолай Жігірген өзенінің жоғары жағындағы Ордақонған жазығындағы Ақбұрхан тегісінде дем басып, аз уақыт дамылдапты.

     Көгі жайқалып, құрағы құлпырған табиғатына қызыққан Төле баба тастан-тасқа ұрғылап, сарқырай аққан  Жігірген өзеніне қарап:

– Жүгірген баладай жылдам ағатын су екен, «Жүгірген» аты бертін келе «Жігірген» боп кеткен де… Дәмін айтсаңшы!..  Көктем шыға малдарға шыр бітіп, иесіне төл бітетін ауасы жұпар өлкеде өмір сүрудің өзі – Тәңірдің сендерге берген сыйы. Аспанмен астасқан Көгем тауының атауы да «көкті ему», «көкпен ауыздану» дегенді меңзесе керек… – деген екен ел жақсыларына.      

      Алла Тағала бабаға дәм˗тұзының таусыларын аян қылды ма: 

    – Мені Тасқаладағы  ұстазым Шайхантауыр хазіреттің жанына жерлеңдер! – деген аманатын айтып, Ордақонған алқабындағы Ақбұрхан алаңқайында бақиға аттаныпты. Шежіреші-тарихшылардың Төле би баба қайтыс болған жер дейтін   Ақбұрхан да – осы жер  (Бұл жерлер қазір де Ордақонған, Ақбұрхан деп аталады).    

Сөйтіп, «Ақылман бабаның аманаты бойынша мәйітті суланған ақ киізге орап, сексен шақырым жердегі Ташкент қаласының қақ ортасындағы Шайхантауыр хазірет жатқан кесененің жанына апарып жерлеген екен», – деген ілгергілердің әпсана˗әңгімесі ақиқаттан алыс болмаса керек.

Туған жердің қасиеті мен табиғатына ырза қариялар, бұрынғы аталардың көрегендігі мен Төле би бабаның баталы сөзін риясыз мақтанышпен әрдайым еске алып, айтып отыратын…

    …Кеңес үкіметі орнап, қанды кәззап Голощекин билік басында болған жылдары ел мойынсерікке зорлап кіргізілді. Іле-шала байларды тәркілеу басталды да, өзеннің қос қапталын өрлей иінтіресе жайғасқан ел «Жұма» ауыл кеңесіне біріктіріліп: «Жігірген», «Айнатас», «Қызыл диқан», «Шақпақ», «Тесік төбе» калхоздары боп құрылды.

       Қазақ елін қан қақсатып, ашаршылықты қолдан ұйымдастырған «қу жақтың» тұсында халық ауа көшіп, өлім көбейіп, елдің көрмеген қиыншылығы, тартпаған азабы қалмады. Құбыладан соққан борандай ұлыған жойқын жұтта адамның арық тоқтыдай құны болмай, алдындағы малынан айырылған ел таяғын ұстап сандалып, жел айдаған қаңбақтай тентіреп қалды. Ақ сүйек аштықты қолдан ұйымдастырып, Сталиннің ойындағысын асыра орындаған «Қу жақ» – Голощекин дегеніне жетіп, Мәскеу асты да, артынша елді басқаруға қазақ құрып қалғандай ұлты бөгде,  діні жат Мирзоян деген түлкімінез біреу келді. Құдай Тағала патшаға қылдан таймас адалдық пен қанағат бермесе, құр шуылдағанның бәрі бекер екен.

 Бұл кезде ауыс˗түйіс Мәскеу мен Алматы түгілі, ауылда да тоқтаусыз жүріп жатқан еді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасынның» арқасында Мамақұлды ұстатып жіберген соң, «Жігірген» калхозына бастық болып Мырзабекұлы Тәжібай сайланды. Бірбеткей, турашыл, жұмыстың көзін табатын, сұңғыла сөзшең Тәжібайдан аудан басшылары да ығатын. Оқ арықтың бойын жағалай тал, терек отырғыздырып, елу гектар жерге алма бақ еккізуді бастаған Мамақұлдың ісін іліп әкетті. Сұрапыл жұтта інін суға алдырған суырдай сенделіп қалған жұрттың еңсесі көтеріле бастаған. Байшұбарын арқырата, қос ат жеккен екі арбаға бес˗алты қойды артып, түстік жақтағы ағайындарға барып, көшеттердің неше атасын әкелді. Алма, алмұрт, шабдалы, өрік, алхоры дейсің бе, жүзімнің түр˗түрі – құсайын, кіш˗міш, ахангерен… Көшет әкелуге барғанда қолы епсекті Шералыны өзімен бірге әкетіп, сол жақтағы ағайындардан бау˗дараққа жасалатын күтім мен баптауды үйретіп қайтты. Сөйтіп әкелген көшеттерді егіп, қарауға Шералыны баушы қып тағайындады. Сол алма бау мен жүзімдік күні кешеге дейін елдің ерніне тиіп келді.

Досын да, дұшпанын да қайсарлығымен тұқыртып, іскерлігімен мойындатқан, ертеңін бүгіннен ойлаған көреген азаматтар биліктің ұшар басында да, етегінде де аз болмады˗ау. Өзіміз жеттік қой түптеріне… Тәжібай да айтқанынан қайтпайтын, мақсатына жетпей тынбайтын бөрілі байрақты, жүрек жұтқанның сойынан еді. «Іскер бастық – түзетер, жәркеш бастық –  жүдетер» деген мақал да осы шақта шықты˗ау, әсілі. Мәдени ошақ –  клуб пен мектеп те Тәжібайдың тұсында салынды. Орталық көшенің қос қапталына сәмбі тал мен терек егіліп, ауылдың ажары ашыла түсті. Бидай орылып кеткен қодырадан ауыл түгілі, бүткіл аудан халқының масақ теруіне де ұлықсат әперген күш – Тәжібайдың партбюрода: «Ішіп тойынбаған, жалап тойынбайды» деп тіліп айтқан сөзі.

 Бригадир болуға ыңғай білдіріп еді, суық жүзінен ызғар шаша, Мамақұл досына істеген қиянатын кешпейтінін аңғартып, бұл әңгімені қаузама дегендей: «Жоқ!» – деп ашулы арыстандай гүрілдеп шорт кесті. Артынан шала байлауға морт мінезінен бата алмай жүргенде, ойда-жоқта тілеуі бола кетті.  Тәжібайды «Қызыл қия» калхозына бастық етіп ауыстырып жіберді. Істің көзін білетін қайсар тұлға, онда да талай бастамаға ұйытқы болады. «Қызыл қияға» кіре беріс қолтықтағы бидай төккен алаңқай, әлі күнге «Тәжібай қырман» деп аталады. Талапшыл да  іскер басшының абыройы асып, астанасы тасығанын көре алмаған мерез іштарлар о жақта да бар екен,  тамағына у қосып түбіне жетті. Сөйтіп, «елім» деп еңіреген есіл ер, иегіндегі сақалдан басқаны көрмейтін көрбілте көрқаулардың қолынан қапияда мерт болды.

  Мектеп болар әзіздерді «халық жауы»,  даналарын «құлақ», ел бастарын «тыңшы» қып жібергесін˗ақ көкжал қазақтың басынан бағы тайды. Тік мінез баба қаны сұйылып, ілезде қалбыр жүрек шүкіршіл қазаққа айналды да, сахнаға шыққан бақай есепті қараулардың жолы болып, солардың тақымында кетті. Мұнан соң бодандық пен аштықты – заманға, айдау мен атуды –  пешенеге, ауру мен өлімді –  Құдайға жаба салатын именшек, бұқпантай әдетті жұқтырған ұсақ ұрпақ өсіп-жетілмегенде қайтеді.

 Тәжібай ауысқасын «Жігіргенге» жаңа бастық болып Мамақұлдың жақын ағайыны келген. Бейшара ағайынын соттатқан бұған ыза буып, кек тұту орнына, жалбақтай амандасып, қатты сескенетін. Сонысын пайдаланып қашанғы арманы – бригадирлікке қолы жетті. Мұнан соң, ал кеп дүркіресін. «Туф!» деген түкірігі жерге түспейтін болды. Азанғы «наряд» Исебайсыз өтпейді. «Ақ!» дегені – алғыс, «Қақ!» дегені – қарғыс. Калхоз праулениясы мұнсыз бір де бір тірлікті шеше алмайтын болған.

 Бригадир боп бекігеннен кейінгі аптада, ауыл түгілі аудандағылардың да көз құрты – Тәжібайдың жалы құлағын жапқан Байшұбарын тақымына басты. Атағы жер жарған жорғаның тізгіні тиген замат, қамшысын жыланша ысылдатып шыға келді. Ауылдың апшысын қуыра – қаққанда қанын, сыққанда сөлін алатын. Бұқара жұртты қорқытқаннан тоят алғаны сонша: «Исебай, келе жатыр!» десе, жылаған бала тыншитын еді. Бейшара қатындар аждаһадай жалақтаған Исебайдың төбесі көрінгеннен қамшы тиген жыландай қайқаңдап, алдына түсіп желіп ала жөнелетін.

 Таң алагеуімнен жиырма шақты адамды оқ арықты тазалауға салады. Жүзімдік пен алма баққа қарайтын Шералыға үш˗төрт әйел тастайды да, отыз шақты қатынды жоңышқа оруға апарады. Жоңышқаны баулау, жинау, тасу, су қою секілді науқанның нағыз қызған шағы,  шұрқ етуге мұрша жоқ. Жұмыс күші қасқалдақтың қанындай қат. Бидайдан басқа арпа, тары, қонақ, ноқат егілген. Азғантай жерге егілгендіктен, бұларға күтім жасап, жинау бидай мен жоңышқаның қасында түк емес, қатындарды уақтылы апарып, қадағаласаң бітті. Ал кімде˗кім жұмысқа шықпай қалды ма, Байшұбарды ойқастата, қамшысын үйіріп есігінің алдында дігірлеп тұрғаны. Тұғырда тұйғын түлетіп, тұсына тұлпар байлаған заман˗ай…

 Сол жылдың жазында соғыс басталды. Ер-азаматтар түгелімен дерлік майданға аттанды. Пысықайлық танытқан бұл, жүрексіз калхоз бастықтардың қолдауымен аудандағылардың «аузын ұрып», брон алды да, тылдағы жұмысы –  бригадирлігінде қалды. «Әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа жоқ,  өзі – би, өзі – қазы.

    …Соғыстың үшінші жылында ауыл еркек кіндіктен жұрдай болып сансырап, бала˗шаға, шал˗шауқан, қатын˗қалаштар ғана қалған. Алты жүздей үйдің қара жамылмағаны кем. Жараланғандар мен бірді˗екілі мүгедектер, одан қалса көзі жерошақтан әріні көрмейтін үйкүшіктер  жетекке жүрмес жетесізді қалай жөнге салсын.

 Дәл осы кез ғой қыдырып ішіп, сыдырып билік айтып, ырғап˗жырғап өмір сүрген, арам пиғылдарының да армансыз іске асқан тұсы. Қара түнді серік етіп, көзінің сұғы түскен келіншектің үйіне ай˗шай жоқ кіріп барады. Қотыр қолға қола жүзік дегендей,  сұр жыландай сумаңдап зәрін төгіп, уын шашып, ойындағысын істеп ойрандап кетсе де, бейшаралар ұрпағы мен өзінің абыройы үшін дымын шығармайды. Әйелдік ар мен намыстың бұл ойлаған харам істен әлдеқайда биік екеніне сәулесі жетпеген күйі, харам нәжісін талай шаңыраққа шашты˗ау…

Бастық пен прауление білмейді емес, біледі, амал не, беделі асып, бас бермей кеткен адуынның сасық ісіне тосқауыл қояр қауқарлы адам шыға қоймады. Азулы деген Мамақұлдың түбіне жеткелі, бәрі де тайсақтайды. Атқа мінгенін таққа балап, шектен шығып бара жатқанын өзі де бағамдағанмен, қу нәпсісін тия алмады.

      Бәрі де майдан үшін –  жұмыс қолы кем, адам жетіспейді. Сабақтары сояудай болып, әлдеқашан гүлін төгіп қойған қырық гектар жоңышқалықтың екінші орымы кешеуілдеп, бидай ораққа тұспа˗тұс келіп қалды да, қатындарды бөліп істетіп жүрген. Жанында еңбеккүн жазып жүретін есепші Мәделіні жоңышқалықта қалдырып, өзі Қаражондағы ақ егіске аттың басын бұрған. Жұмыс бастан асады. Сопбек сазындағы тары, Тұрта саздағы қонақ тұр кезегін күтіп. Енді бұған мектеп балаларын тартпаса болмайтын еді.                                                                                                               

     Бұл келгенде сексен гектардағы бидай орымшылар түскі тамақ – бидай көжеге отырған екен. Сонда  ғой, бала қаздай байпаң басқан Манзураға көзі түскені. Қара торының хас сұлуы екен. Жас баланың білегіндей қос бұрымы, мойыл қара көзі, оң жақ бетіндегі жарасымды меңі, шие ерні… Тары көрген тауықтай сұқсыр көзімен сұқтана ішіп˗жеп ұзақ қараған… Бұрын неге байқамай жүргенін… Білетіні – үйленген соң екі ай отасты ма, отаспады ма,  күйеуі Нұржанды майданға әкеткен.

 Оңашалау сәтте түнделетіп үйіне баратынын айтқанда тана көздері алайып, зұлымдық іздеген құзғын көзіне тіктеп қарамай, орағын алып, орамалын түзеп ісіне кеткен.

 Кешкі асты ішіп болды˗ау деген қызыл іңірде, қара құстай қалбаңдап қою қараңғылықтың құшағына еніп, зәлім оймен Манзураның үйін бетке алған. Есігі ашық екен. Құлып қайда ол кезде? Тырс еткен дыбыс жоқ. «Бұлар қайда кеткен?» – деп төр жаққа озған. Шынында да,  төрде бір нәрсе қараяды. Манзура екен кеш бата ұйқыға бас қойған. Үстіне қонжия кеткені сол: «Әпке!» – деген сүйріктей қыз баланың даусынан селк ете қалған. Қараса, шынында да, томашадай қыз бала –  Манзураның төркінінен ес болады деп алдырған алты˗жеті оқитын сіңлісі екен. 

«Ойбай˗ау, кішкентай бала екен ғой…» – деп ойлағанша болмады, жылтырап тұрған аспалы шамның себезгі жарығымен жас баланың балтыры еліктің таңындай жылт ете қалмасы бар ма? Не істерін білмей дағдарып тұрғанда: «Өзі, жарап та қапты˗ау!» деген әулекі ой санасында жылт етіп, әуелгі нәпсіқұмарлық қайтадан бой көтеріп шыға келді. Бұдан ары, бойындағы басыла қоймаған хайуани сезім бейдауа нәпсінің жетегіне ергізді де, мауыққан мысықтай көзі тұманданып, жас баланы тарпа бас салды. Кіп˗кішкене қыз… Неге әлі келсін, «Апа!» – деп тұншыға шырылдай дауыс шығарды да, алпамсадай еркектің астында көміліп қала берді…

 Ертесіне күндегі дағдымен атын тебініп, жыландай ысқырына әйелдерді алдына сап ораққа қуған. Манзура да жүр басы салбырап. Бейшараның қолынан не келе қойсын… Қоңыр шәлісімен бетін тұмшалай орап, қол орағын білегіне қыстырған күйі  қатындардың арасында ілби басып барады.

 Сол жылы «Қой, бұлай жүре берсем ақыры қолға түсіп, масқара болармын» деп, үйленуге бел байлаған. Қоймашы Өмірәліден өз атына жаздырып, алты қап бидай алып, көрші Жылыбұлақ ауылындағы Есімбектің үйіне апарып тастады. Ішкі есебі –  көптен бері Сейсенкүл деген қызына ойы кетіп жүрген. Не керек, айналасы бірер айдың жүзінде, балға ашытқан қымыздай Сейсенкүл сұлуды үйіне әкеліп түсірді.

 Бәрі жап˗жақсы келе жатыр еді, бәленің барлығы келесі жылы көктем шыға басталды. Манзураның іші білініп, ел ішінде гу˗гу…  Артық еңбек күн жазып, одан қалса, екі˗үш қап бидай беріп, ұры мысықша ұрлана басып түнделетіп барып жүрген. Сіңлісін өткендегіден соң төркініне апарып тастапты. Қазақтың желден жүйрік абың˗күбіңі тыныш жатқан ба,  ауыл да, аудан да құлақтанған. Іс насырға шауып, тықыр енді шындап˗ақ таянды.

 Көп өтпей ауданнан сарт етіп өкіл келіп, конторға шақыртты. Өкіл де бәлеқорлығынан қаймықты˗ау, әрі десе, тыныш қана құтылғысы келді ме?.. Оның үстіне бастық та ара түсіп, елден кетуіне бәтуа қылысты. Амандығына «ақсарбас» атап, сол күні түнделетіп көрші аудандағы нағашыларын сағалап көшіп кеткен.

 Қияндағыны қағатын кәшімір бұл істің түбі қайта қаузалатынын білді. Аш бөрідей ашынды боп, кектеніп жүрген ағайын – ол бар. Құтылудың жолы біреу –  ерікті түрде әскери комиссариатқа барып, майданға баруға арыз жазған. Өтініші сол күні қабыл боп, ертесіне˗ақ ұрысқа аттанып кетті. Соғыс аяқталуға тақау. Кеңес Армиясы шайқас даласындағы басымдықты толық өз қолына алған уақ. Арада бес ай өткенде соғысты Берлинде аяқтап, жеңіспен елге оралған…

 …Әй, бураша шабынған күндер˗ай!.. Байламы жоқ бақ деген осы екен дә… ә…

 – Е, оны айт та, мұны айт… Балаларды айтсай… – деп зарлана дауыстап жіберді есіне кемпір, балалары түсіп. Құдай перзенттен кенде қылмағанмен, бейшаралардың өмірлерін келте қылды. Үйелмелі˗сүйелмелі екі баласын бірінен кейін бірін жер қойнына берді. Қу шешек жетті түптеріне… Заманның беті бері қараған кезде екі қызынан қабат айрылды… Құрдастарымен Өгем тауына шығамыз деп… Содан оралмады… «Біреу шақырды деп кеткеннен кейін қайта көрмедік», – дейді жанындағылар… Ақ киім киген біреудің шақыратынын бұрындары да айтатын… Мән бермеген… Онысы да мақұл˗ау, тағдырмен тәжікелесе алмайсың, кенже бала мен кемпірді айтсай…

 – Әй, Сейсенкүл˗ай… Сорлы˗ау, неменеге асықтың?.. Құманымды ысытып, жанымда жүретін˗ақ жөнің еді ғой, байғұс˗ау?.. Өзің кетсең де мақұл, шонтай қақтыны да ала кетіп… О жақта қорқам дедің бе?..

 Әлдеқашан сүйегі қурап қалған кемпірімен салғыласып алған шал:

 – Ух˗х! Сұм, жалған˗ай! – деп, күңірене өксіп жіберді.

…Сол бір қанды жексенбі… Бейшара әйелі мен баласы екеуі қалаға бара жатып, жол апатына ұшырады… Енапат көлікпен соғысқан жеңіл мәшиненің түгі қалмапты. Күл-талқаны шыққан көліктің темірлерін кесіп жүріп, мәйіттерді әупіріммен зорға алыпты. Содан үш˗төрттерге келіп қалған немересі, келіні үшеуі қалған сопайып. Жылға жетпей келіні кетті… Қайтсін өрімдей жас… Әйелі өлген біреу келе берді… келе берді… Ақыры дегеніне жетіп, әкетіп тынды… Шүкірі сол –  немересі қолында қалды. Иә… оған да жиырма жылға жуықтапты˗ау…

 ««Біреудің бағын көре алмағаннан – бақ жериді» деуші еді…»

 Күндестікпен талайды сорлатып, ауы ашыла, бауы шашыла талай шаңырақты шаңғытқаны ой елегінен өткенде, көбесі сөгілген сағым күндер тамұқтың лебіндей жан жүйесі мен бүкіл қан тамырларын аралап, ащы запыран кәрі кеудесін қыжылдатып жіберді…

«…Апырым˗ай! Кеш те боп қапты˗ау…»

Шапанын жолай жамылып, қора жаққа бет алды. Торы бие ақырын тазалап, «не бересің?»  дегендей осқырынып тұр.

«Берікке тапсырып кетем-дағы… Былтырғы құлынды арзан болса да, осыған сатқаным жөн бопты… Ендігі міндетсіне тапсырып кете берсе болады…»

Ауыр күйік көкірегін қари, көршісінің үйіне көз қиығын салды. Еңкіш тартқан кеудесін тіктеп, сақалы шошая әуеге қараған. Қарашаның сүрең де, сыбылыңқы күні «қыс таяу» дегендей, зілдей боп түнере төніп тұр.

…Ертесіне автобус күтіп сарсылмай, таксилетіп Шымкентке дем арасында жеткен. «Бұ, қызталақ, енді таптыра қойса?» – деп таныс көшеге бұрыла бергені сол, қарсы алдында қара сөмке арқалаған немересі ойраңдап бара жатыр.

 –  Әй, Диас! Диасжан…

 –  Оу, ата!  Таң атпай неғып жүрсіз? – деген немересі аңтарыла құшақтап.

 – Өзің қайда? Оқуға ма?

   Жауап ала алмаған бойы аталы˗балалы  екінші қабатқа көтеріліп, үйге енген. Өкімет Жеңістің 45 жылдығына орай, жалғызілікті соғыс ардагері деп осы бір бөлмелі үйді берген.

 – Ата, сіз енді беймарал демала беріңіз. Менің біраз шаруаларым бар еді, соны тындырып, кешірек кеп қалам. Шай˗пай бәрі ас үйде, өзіңіз үйреніп қалғансыз ғой… Тоңазытқышта барлығы бар…

 –  Өй, бәтшағар! Бүгінгінің балдары осы…

…Бұл этаж дегенің тірі азап дерсің. Дәретханасы ас бөлменің жанында, жатын бөлме іргеде… Не деген бәле?!. Мұның қасында жер үй дегенің жәннат қой…

  Шайланып алған соң, үйге сыймай әрлі˗берлі сенделіп жүргенде, есіктің қоңырауы шылдырлап қоя берді.

«Ә, қызталақ, келген болды…»

  Есікті ашқан. Үріп ауызға салғандай, әп˗әдемі қыз тұр есік аузында.

– Саламатсыз ба? Диас бар ма?

–  Жоқ, келіп қалар… Кел, келе ғой… Кір үйге.

– Жо, рақмет! Онда кейінірек хабарласармын.

 Сыпайы қоштасқан қыздың соңынан төрт тал сақалы шошая, алақұйын ойдың ұштығын ұстай алмаған күйі телміре тұрып қалған.

 «Әй, мына қыз… Жүзі таныс… Қай жерде көргем..? Өзі тәп˗тәуір˗ақ бала екен… Диасжан үйленейін деп жүр ме?..»

 Бұл күні немересі қара көрсетпеді. Ұйқының да мәнісі болмай, түнімен дөңбекшіп, жайсыз түс пен қорқынышты елес өзінің тұңғиық иіріміне тартып, ауық˗ауық елермелеп бастығырылып шықты. Көзі ілінсе – кешегі ойдың жалғасындай, әлдеқашан о дүниелік болған ауылдастары қаумалап, қоршалай кетеді… Амандаспайды. Сөйлеспейді. Түрлері таныс болса да жыға тани алмай дал… Малынып аппақ киім киген шағаладай міскіндер… Таң ата ғана көз шырымын алған.  Тұрып шай қойды.

«Қап, кешегі қызды нанға септеп алғанда ма?.. Әттесі…»

 Түс әлетінде есіктің қоңырауы безілдеп ала жөнелді.

 «Ә, Диасжанның өзі де келді… Ұрсып алайын, қайда жүр екен?..»

Ашса, иманы көзінен шүпілдей төгіліп кешегі қыз тұр.

– Саламатсыз ба?

– Өй, айналайын, кел! Келе ғой!

–  Рақмет, ата, Диасқа келіп едім. Келді ме?.

–  Ә…ә…ә… Диас әлі келмеді. Не болғанын өзім де білмей отырмын.

– Жақсы онда…

 Енді болмаса, айырылып қалардай апалақтаған шал:

– Қызым! Қызым, тоқтай тұр! Дүкеннен нан әкеліп бере қойшы, балам! Кімді жұмсарымды білмей отыр ем… Жол соқты боп, жүре алсамшы…

 – Мақұл, ата!

 Лып етіп, көшенің арғы бетіндегі дүкеннен қос бөлкені әп˗сәтте жеткізе қойды.

– Өй, мың жасап, береке тапқыр! Енді екеуміз бірге шай ішейік, – деген бойы, қаршығадай қағылез қыздың «жоқ» дегеніне қарамай, қолқалап жүріп ішке кіргізді. Гүлді паластың үстіне жазылған дастарханды қусыра шайға отырды.

Елеусіздеу жүзіне қараған… Көргені ақиқат… Қайда?.. Қашан?.. Құлаққа жағымды қоңырау үн  сыңғырлап тұр.

– Қазақ –  қазақ болғалы дастарханын еденге жазып, ерлері малдас құрып, қыз˗келіншектері шөкелеп отырып тамақтанған. Мұның денсаулыққа пайдалы екендігін бүгінде кәріс ғалымдары анықтап отыр…

– Бәрекелде, мұнысы дұрыс екен…

 Шал: «Қайдан көрдім, меңіне дейін таныс…»

– Тіпті, қолмен жеген тамақ оңай қорытылып, бойға тез тарайтыны жөнінде де айтылып жүр. Бұл біздің ата салтымыздың өміршең екенін көрсетсе керек…

–  Иә… иә… Өзің қай туған болдың, қарағым?

– Сиқымның Қусирағы боламын. Төле би ауданында туғанмен, оқушы кезімде Өгем жақтағы нағашы апамның қолында өстім.

– Е, жөн екен, қарағым. Нағашы деген біле білгенге, үлкен тірек қой…

– Ой, ата, менің Манзура апамды білмейсіз  ғой! Керемет адам еді ғой, жарықтық!

–  Кім?.. Кім дедің, қалқам?..

– Жігіргендегі Манзура, нағашы апам… Негізі менің айтайын дегенім басқа… Білесіз бе, Диас оқуға бармай жүр. Деканға жолықпаса, оқудан шығармақшы…

 Қыздың соңғы айтқандарының бір де біреуі құлағына кірмеді. Сол жақ қолтығының асты дүрк ысып барып, сөгіле шым етті де, тызылдай жөнелді… Құлақ˗басы шыңылдап, миына мың сан ине сұққылағандай, шаншып барады…

 

* * *   

 …Қанша жатқанын, есін жиса – қыз әлдеқашан кетіп қалыпты. Қозғалайын десе – бой˗басы мұз боп сіресіп қалған…

 «Манзура… О, тоба…а…а…а!.. Уа, шебер Құдай…

 Өмір –  шолақ, жан –  қонақ, Ақирет киім бары – сол˗ақ!

 Қиянат, зәбір жасасаң –  Қияметтен тұр қарап!

 Қалай дәл айтқан ә?.. Қалай?.. Қиянат, зәбір… Пайымдай алмаппын дә… ә… Әттеген˗ай…»

 Бұ дүниенің құсасы о дүниеге жүрмейтінін тайқы зердесі таразылай алмаса да, санасын сүргілеген өткенге деген өкініш өзегін аяусыз тілгілеп, жегі құртша кеміріп жатыр…

«Әттегене… Қап…п…п..!»

 Кенет кәртамыс кеуде көріктей көтеріле беріп: «А…аһ…һ!..» деген жағымсыз үнді талақтады да, сол жағына жантайған күйі «гүрс» етіп құлап түсті.

«Бұл жолы өзім ғана…»  – деген жасын ой санасында жылт етіп үлгерді де, көзі әнтек алайып барзах әлеміне ене берді.

 

* * *   

…Өзбек˗қазақ шекарасында қара дәрі сатып жүрген немересінің оққа ұшқанынан хабарсыз өлген шалдың иістеніп кеткен мәйітін тауып алғанда, қызыл империяның құрдымға кетуіне  тура  отыз күн қалған еді…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір