Зауал (әңгіме)
Қиқымның мысқылдап кірген ауруы өрши келе меңдеп, төсекке таңылғанына жылдан асты. Дәрігерлер үйден күтініңіз десе, қазақи ұшықтап, емдеушілер «сәтін салсыннан» аса алмады. Көзі жайнап, көкірегі сайрап тұрса да кеуде көтерер дәрмен жоқ, тамаққа тәбет шаппайды, іштен түйіліп, денені жаздырмайды. Бас ауырып, құлақ шыңылдап, кейде аспан жерге түсердей айналып төңкеріліп, жан алқымға келіп жатқанына да біраз уақыт болды. Есалаң күйге түскенде сөйлеуге тілі күрмеліп, былдырлап қалатынды шығарды. Өз-өзінен ойланып, жігері құм болады. Шаңыраққа қара бұлт үйіріліп, ойы да, сөзі де ойлаған мақсатына жетіп, ұмтылғанын алатын дәуреннен айырылғанына он жыл. Бас көтерген үлкен баласынан қапыда көз жазып қалды, мінген атының аяғы інге кіріп сүрініп құлағанда жұлыны үзіліп, дүниеден өтті. Жақында Дүйсеннің баласының селолық кеңеске басшы болып келгенін естігеннен бері бұдан отыз жылдай бұрынғы уақиға есіне түсіп, мазасын алды. Күндіз көз алдына елестесе, түнде түсінен шықпайды. Сол сурет ұйқыдан, күлкіден қалдырды. Адам өзінен қашып құтыла алмайды екен. Болған жайды кемпіріне айтып, шерін тарқатуға бекінді.
Сіңірі шыққан кедей Дүйсен көрші ауылдағы ауқатты Құлымбектің малын төлдетіп, түйесін күзеп, қойын қырқып, биесін байлап, аруаналарын сауынға үйретіп, екі айдың үстінде жұмыс жасайды. Табан жалына бір лақты ешкі алып үйіне кеткенін естіп, бұл соңына түседі. Аттылы адамға жер қашықтық ете ме, әудемде қарасын көріп, алыстан барлайды. Ол жыңғылды сайға кіргенде жылдам жүріп барып атынан түсіп, көлігін бекітіп, өзі жаяулап ілеседі. Табысына риза, ыңылдап әндетіп, ешкісін жетектеп еш алаңсыз келе жатқан кісінің артына алақтап қарамайтын бейғамдығын пайдаланып, қалтарысқа келгенде лағын дыбысын шығартпай ұстап алып, жыңғылдың түбіне буып тастайды. Дүйсен артына бұрылып қарағанда лағының жоғын көріп: «Шөре-шөре», – деп шақырады. Лақ келмегесін, ешкісін қалдырып, өзі шөрелеп келген жағына қарай жүріп іздейді. Оның кеткен сәтін пайдаланып, ешкінің аузын байлап,жетектеп бір қалтарысқа апарып, аяғын буып жыңғылдың тасасына тастайды. Іздегенін таба алмай келгенде ізім-қайым жоқ болған ешкісін шыр айналып біраз қарайды. Әбден шаршап, екеуінен де күдер үзіп, мысы құрып, не істерін білмей жан күйзелісіне түсіп жүрелеп отырып, шашын жұлып: «Құдайға не жаздым», «Ақ адал еңбегіме алған малым еді», – деп еңіреп жылағанын көрді. Оған көңіл аудармастан мысқылдап миығынан күліп жүре берген. Үлкен кісінің жер сабалап, күйзеліп жылаған бейнесі көзінде таңбаланып, санасында хатталыпты. Жан арпалысында жатқанда, жылдар тізбегінің тереңінен шыққан, есіне оралған естеліктен құтылайын деген сайын бояуы қанығып жаңғыра берді. Кезінде масайратқан, ауру меңдегенде азапқа салған қылығынан арылудың амалын іздеп, дал болды. Ең соңғы үміті Дүйсеннің баласынан кішірейіп, алдынан өтіп кешірімін алу. «Ұсынған мойынды қылыш кеспейді» деген мақалға сүйенді. Қарманғанда қолына іліккен өзін құтқарар амалдай сенді.
* * *
– Кемпір, – деді Қиқым қырылдаған әлсіз дауыспен қасына шақырып: – Мен жатқалы екі жылға айқасты. Елде жаңалық мол, соның бірі жаңадан келген кеңес басшысы Қабыл Дүйсеннің баласы екен. Сұрастыра келе, оның баяғы талдап шашын жұлып жылаған Дүйсен болар ден топшыладым. Ел ауып кеткен, мына бала да қырықтың қырқасына шыққан, арғы тегі Түрікмендерден келген жігіт дейді. Бұл кездейсоқ емес, қаптап кеткен Дүйсен атты кісі көп болмас. Біршама уақыттан бері анықтап білейін, алдынан өтіп, кешірім сұрайын деген ойдамын, сөйлеуге шамам келіп тұрғанда кездестірші, – деді. Көңілі қаяу кемпірі қартының сәлемін айтып, өзі барып шақыруды дұрыс санады.
Қарияны кідіртпей қабылдап, биязы мінез танытып, жылы сөйлегеніне риза болған. Жанұялық жағдайын тәптіштеп жеткізіп, үйге шақырды. Меселін қайтармай күнделікті күйбің тірлік шаруаларын реттеген соң баратынын айтып шығарып салды. Арада он шақты күн өтті. Қиқымның жағдайы күннен-күнге кеміп, Қабылмен дидарласқанда түсіндіріп сөйлей алмайтын қалге жеткен. Өзінің жағдайына қапаланды ма, әлде жасаған кінәсіне өкінді ме, булығып қырылдаудан аса алмай, көзінен жас сорғалаған күйінде Қабылдың қолын сүйіп, «Айт-Айттан» әріге бара алмады.
Шалының не айтпағы барын анық түсінген кемпірі: «Шырағым, балам, ол кісі өзің жөнінде айтуыңды сұрайды. Жас кезінде ауылдасы Дүйсен деген өзі қарайлас кісі болған, елден ертеректе кеткен. Сен сол кісінің баласысың ба? Соны білгісі келіп, айтшы деп сұрап жатқаны», – деді.
Өксіп жылауға әлі жетпей ықылық ата басын изеді. Жағдайды толық түсініп және үлкендердің көңілін қимай, өзі жөнінде әңгімесін бастаған Қабыл:
– Иә, осы өңірде болған Дүйсеннің баласымын, – дегенде Қиқым «үһ» дегендей ыңырсып дыбыс шығарған күйі шалқасынан сұлқ түсіп жатты да, біраздан соң жалынышты жанарын тіктеп, басын изеп әңгіменің жалғауын сұрағандай ишара білдірді.
– Жарайды, қиындығы мол, қыспаққа толы жылдардағы өмір ғой, – деді. – Бұл жерден ауғанда алты бала едік. Мен – үшіншісімін. Есімді анық білем, сегіздер шамасындамын. Малдан жалғыз ғана арықтау сиырға жүкті артып, өзіміз жаяулатып жолға шықтық, күніне бірер көрінім жерден артық өндіре алмаймыз. Бағытымыз түстік, оң қанатымызда теңіз. Сол жақ тұсымыз көбіне таулы аймақ, арасында жазық кездеседі. Бар қорегіміз аңдардың өлексесі, соғып алатын саршұнақ, шөптің тамыры. Әкем бізді алдыға салып жіберіп, қасына ондардағы Тілек ағамды ертіп, тұзақ құрып, аң аулайды. Сүтке тойып ұйықтаған еліктің лағын аңдиды. Арасында біреуін ұстап әкелсе ол күн үлкен той, теңіз суына асып сорпаланып оңып қаламыз. Тау арасында бұлақ баршылық, соны пайдаланамыз. Киік, елік, жалпы аңдардың да суаттары бар. Сол жерден тұзақ құрып, кейде аран жасап 3-4 күн боламыз. Қасқыр тартқан малдың өлексесі кездессе, бұйыртқан тағам деп мәз боламыз. Бұлақ басында дем алып, аң аулап, тынымсыз жүрісімізді жалғаймыз. Жылжумен жазды өткізіп қараша айына жете қабыл тау арасында тұрақтап отырған бір ауылға кездестік. Заман зобалаңынан аман, шаруалары өксімеген ауыл. Тұрақты қоныстары жоқ, табиғаттың райына қарай ауа көшеді. Биік құзды таудың ығында теңіз қойнауындағы нулы алқапқа жайғасқан. «Құдай айдап келген жандарсыңдар» деп бізді жатырқамай, қарсы алды. Қыс та жайлы болды. Ырысты Алладан сұрап, күнделікті бұйыртқанды ас еттік. Садақтың қызығын көрдік. Тауда аңы, теңізде құсы, паналаған адамды ашықтырмайтын жерұйық екен. Қас-қағымда қысты өткіздік. Жазғытұрым мал төлдеді. Бие байланды, түйе сауылды, қой, ешкінің сүтін талғажау еттік. Қоныс аударатын тұс та келді. Баланың үлкені Тілекші апамыз да 14-ке келген-ді. Бізді паналатқан үйдің бір аяғы кемдеу баласына тұрмысқа бердік. Бағымызға сиырымыз бұзаулады. Апамның қалың малына боталы інген алдық. Оған жүк артып, сиырымызды жетектеп сапарымызды жалғадық. Сол жолда кіші ініміз ауырып, дүниеден өтті. Екі айдай жүріп Түрікмен елінің шетіне іліктік. Отырықшы, егін мен мал шаруашылықтары қатар дамыған. Қуғын-сүргіннен аман, еңбек жасап, бей-жай отырған. Бізді жатсынбай қой, ешкі бағу жұмысына қабыл алды. Бүйіріміз шығып нан жейтін күйге жеттік. Тұрақты орнымыз жоқ, қыс қыстап, жаз жайлауға көшіп жүреміз. Оған үйренген жанбыз. Уақыт зырлап өтіп үш жылды игеріп тастадық. Әкем бәрімізді жинап алып: «Шырақтарым, аштан өлмейтін халге жеттік. Төрт түлік те қораланып жинақталды. Бәрі еңбектің арқасы әрі жайлы басшылардың қолдауы, сондықтан жұмыстан қол үзбейміз. Бірақ барлығымыз мал соңында жүре бермейік. Құдай бергенін өзі алды,жолда кішкентай сәбиіміз шейіт кетті. Аллекем кеңшілігі мол ғой, орнына мына кішкентай қарындастарыңды берді. Баланың үлкені Тілек өзіме серік болады, қасымда ұстаймын. Кішкентай кенже жасқа жеткен жоқ, оған қарау үшін он жасар қызым үйде болады. Ортаншы екі ұлды оқытайық. Класс оқуын тиіп-қашып барып көбіне үйде болып өткізіп жүр. Енді тыңғылықты білім жолына салайын деп отырмын. Жатаққа орналастырармын, болмай жатса, мектепке жақын үйлердің біріне пәтерге тұрарсыңдар, ауыл деп алаңдамайсыңдар. Біздің әулеттен білім қуар екеуің боласыңдар», – деп жолға салды. Иә, ата-ана армандағандай тілектеріне сай болуға тырысып біз оқуға ден қойдық. Білім алуымызға жағдай жасалды, еш нәрседен кенде емеспіз. Жоғары оқу орнын тамамдап, мамандық алдық. Әкем де, шешем де бар. Жеке шаруаны дамытып отыр. Ол жақта қысым жоқ, әлің жеткенше малыңды өсіруге жағдай жасалған. Тілек ағам балаларымен қолдарында. Қарындастарымыз тұрмыста. Інім облыс орталығында білім саласында қызметте.
Осыны айтып әңгімесін аяқтаған соң рұқсат сұрап, жүруге жинақталған Қабылға тесіле қараған Қиқым бір ауыз сөз айта алмай, көзін жұмып, иегін қақты. Көзінен сорасы ағып, кемсеңдеген еріндері: «Зауал, Зауал», – дегенді байқатып жыбырлады. Қасына келген кемпірінің демеуімен кеудесін көтеріп, өксіген дыбыс шығарды. Парлаған жас жуған сақалын тарамдап жұлып, ессіз сұлық құлады. Дүйсенді шашын жұлғызып зарлатып жылатып едім. Алла мені сақалымды жұлдырып, жылатты. Істеген қиянатымның зауалы. Зауал екенін түсінді ол, бірақ кеш еді. Тосын әрекетпен, дыбыстан шошына тітіркеніп, аласұрып жатқан жанды демеген кемпірі былқ-сылқ еткен жансыз денені ұстады…
Қабыл құлазыған үйден, жанды түршіктірген көрдің қара суығындай ызғардан денесі қалтырап, тысқа зорға шықты.
* * *
Қабыл ойдың тұңғиығына батып келеді. Адамның жанталасқан сәті жүрегін сыздатып, көңілін түсірген күйден арыла алмай, жұмыс орнына кірген бетте бебеу қаққан телефонды көтеріп еді, қоңырау шалып тұрған бала кезден досы Қауыс екен. Өздеріне үлкен жақсылық жасап, ажалдан құтқарған Бүркіт деген азаматты анасының тапсыруымен іздейтін-ді. Бүгінде сол сұрағын пысықтаған.
– Қауыс досым, жоғыңды таптым. Түзтөбе деген ауылда тұрады,– деді Қабыл.Бұл қуаншыты хабарды естіп қабағы жадырап сала берген Қауыс:
– Кідірмей барамын, өзің таныстырасың, бар жайды барған соң білерміз, – деп келісті.
* * *
Аруаққа арнап дұға оқып бет сипаған, селолық кеңес төрағасы Қабыл самайын қырау шалған шот маңдайына орналасқан қою қасы айбарландырып көрінсе де жанарынан жылылық нұры себелеп тұрған қырықтар шамасындағы адамды таныстырды.
– Айдар замандас, сіз бейтаныс кісі деп таңырқап отырғаныңызды білем. Бүркіт атамды көптен сұрастырып, таяуда Қабыл арқылы тауып, арнайы келіп отырмын. Бір ай бұрын келуге тірлік шаруасынан босай алмадым. Кездесуге Алладан әмір болмаған шығар, – деді Қауыс.
– Иә, шырағым, оқыған дұғаң қабыл болсын, сауапты қадам. Десек те, тани алмадық, – деді Қамқа ана.
– Апай мен Қауыс боламын. Сіздер жөнінде аса қанықпыз. Анам денсаулығына байланысты келе алмады. Сонау аласапыран жылдары Бүркіт ағаның азаматтық мәрттігінен тікелей келген ажалдан құтылыппыз, – дей келе, үш баласы мен жесір әйелдің ен далада тоналып, баратын жер таба алмай қиналып отырғанда Бүркіттің құтқарғаны жөнінде уақиғаны баяндады.
– Сіздер екенсіздер, қосағасы бір жұма сырқаттанып, дүниеден озды. Көңіл түкпіріндегі сырын дүниеден өтер алдында айтқан. Марқұм жас кезінде тентектігі болса да адамға жөнсіз қиянат жасамаушы еді. Барымта-сырымтасы қиядан, қиянатпен мал жинағандардан, міскіндерге зорлық жасағандардан есе қайтару әрекеттері болатын.
– Әлсіз жандарға сауапты іс тындыратынын елден көп естідік, – деп сөзге Қабыл да араласты.
– Жарайды Қауыс, жөндеріңді айта отыр. – Біз жасаңдаумыз, көп нәрсені байыбына барып біле бермейміз. Нағашылардың ауылында екі жылдай тұрдық. Анам біздерге екінші әке болған Күзен атты сақалау азаматпен бас қосты. Бұрынырақта түрікмендерде болған екен. Елдің берекесі кетті, аман тұрғанда жөнімізді табайық деп түрікмендерге аудық. Мал бағып, шет жүріп көп нәрседен құр қалдық, содан аман-сау сақталдық. Екі қарындасты болдық. Тиіп-қашып оқыдық. Колхоздағы жастар ретінде қысқа курстар тамамдап, малдың мамандығын алдық. Алпысыншы жылдары ес жинап, ел қатарына қосылдық. Техникум бітіріп, белді қызметкер ретінде шаруадамыз. Ол жақта қазақтар баршылық, өздері жеке ауыл. Апам мен бір қарындасым қазаққа тұрмысқа шықты, інім екеуміз қазақ қызына үйлендік. Бір қарындасымыз түрікмендерге бұйырды. Қабылмен мектепте, кейін оқу орындарында танысып, дос болдық. Бұның білімі жоғары, қолдары ұзын, ертерек елге қауышты. Біздер кейіндеу қалып жүрміз. Әкеміз біраз жыл бұрын бізді жетілдіріп, қайтыс болды. Анам інімнің қолында, сіздерді бір көру арманы. Бүркіт ағаға алғысын жаудырып, жетім мен жесірге жасаған жақсылығының сауабы тисін деп отырады.
– Қауыс-ау, жанға ашпаған тұңғиық сырың көп екен. «Жақсы көргенін айтады» деген, анаңыз тәуір кісі болды ғой, дәм қосып, көрісуге жазғай, – деп Қамқа әже де сөзді жинақтаған. Айдар қонақтарды дәмге шақырды.
Қамкөңіл жандар. Қазаның батасында кездессе де, бір-біріне деген риясыз көңілдері жандарын сергітіп, шұғылалы нұрға бөлегендей әсерде отырды. Сол шапақты сезінген Қабыл іштей апыр-ау, ниеті түзу адамдар дүниеден өтсе де, өзінен кейінгілерді біріктіріп, жандарын жадыратар шуақ сеуіп тұрады екен-ау! Қайғырса да күңірентпей қаралы үйдің де қабағын аштырып, шаттандыруға мейірін төгіп жата ма? Өзі кетсе де, артына өлмейтін естелік қалдырған тірідегі ісінің сауабы ма деген ойда отырды.
Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ
Атырау облысы