ЗАУАЛ ЗАҢНАН КЕЛСІН!
…Әлгі бәтшағарды басында тырнағына тырнақ жалғап алған көп шөпжелкенің бірі екен деп ойлап қалдым. Мұндайға етіміз өліп, көзіміз үйреніп кеткен ғой, «е, мейлі, тырнағына сүрініп, тырайып жатса да өзі білсін» дегенбіз. Бетін борлап алған шой қара қыз… өзінше «блондинка» болғысы келген түрі. Үстінде – етегімен қаусырып қаптал тігілген юбка-кофталы мектеп формасы.
Аяқта – біз өкшелі туфли. Бірақ ол бойжеткен емес, бояуға малынған бозбала болып шықты. Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептердің бірінде оқып, үлкен өмірге жолдама алып тұр. Мектепке жасанып көйлек киіп келіп жүрген көрінеді, сол киімімен «ұзатылып» барады. «Сенің мына түріңді достарың, парталастарың әбестік көріп, қысымға алған жоқ па?» – деген сұраққа ол еш қымсынбастан: «Жоқ, олар мені осы қалпымда жақсы қабылдады», – деп жауап берді. Демек, оның қатар құрбылары да, мектебі де туа бітті табиғатынан айнып, азғындаған адамның ісі мен әрекетін елең қылмаған. Бәлкім, жаңағы бәтшағардың мектепте жалғыз болмауы да мүмкін. Сондықтан ол ұрланбай-ақ ашық түрде өзін ұрғашы сезініп жүре берген. Ата-ана тарапынан тыйым, мектеп басшылығынан тоқтам болмаған. Мектеп, әрине, лажсыз. Себебі, мектеп оқушының жынысына, тегіне, діни һәм қоғамдық көзқарасына, ұстанымы мен ұстынына қарамастан, бөліп-жармастан білім беруге міндетті. Соны жақсы білетін ата-ана да, оқушы да осы күндері мектеп ішінде білгенін істеуде. Масқара! Масқара ғана емес, сұмдық!
Алматыда жуырда «Балуан Шолақ» кешенді спорт сарайында «Ирина Кайратовна» тобының концерті болды. Әзілге сүйеп рэп айтатын жігіттердің тобы неге «Ирина Кайратовна» атанғанын итім білсін, әйтеуір, кейінгі жылдары аталған топтың аты жақсы-ақ шығып кетті. «Отыздан асып барамын» дейтін жамау-жамау, құрақ-құрақ бір фильм түсірген екен, онысын жастар жағы жыртыла көріп, тамашалады. Иә, мен де көрдім. Көрдім де, кейінгі жас буынның талғамы тозып, қаңсықты таңсық көріп біткеніне қынжылдым әрі өкіндім. Жасырып не керек, кейінгі жас буынның осындай алабажақ дүниеге құлауына, құмар болуына біз кінәліміз. Қоғам кінәлі. Халықтың рухани сұранысын құлдыратып, құрдымға қарай бұрған билік кінәлі. Рейтинг қуып, шоу бағдарламалар арқылы контент жасаудан өзгені ұмытқан телеарналар кінәлі. Үкіметтің қазынасына салық төлеушілердің қалтасынан түскен миллиондаған қаржыны қағып алып, сүреңсіз, сұрғылт фильмдер қоюдан өзгені ұмытқан кинорежиссерлер кінәлі. Әйтпесе, бұлай болмауы керек еді. Амал кем… рухани саф дүниелер жоғала бастаған ел мен жерді сайтан иектейді. Сайтан иектеген ортаны жын буады. Сол «ИК» тобының жындысүрей концертіне қатысқан шайтан ныспылас «Shisa» деген тағы бір топ шығып алып елдің туын білегіне орап, кіндік тұсына үйкелеп, аузына келгенін көкіп, былапыт, анайы сөздер айтып, жұртты дүрліктірді. Сұмырайдың сұңқылына елітіп шулаған жастардың дауысын естісеңіз, жаныңыздан қарадай түңілесіз.
Қайбір жылы араққа лықа тойып алған нәйістер «салтанатты түрде» қазақтың қасиетті домбырасын жерге ұрып сындырды. Көкіді, ауыздарына келген сөзді айтты. Сөйтті де, артынан кешірім сұраған болып құтылды. «Ирина Кайратовнаның» да дүлейлері әлемжелі арқылы есті жұрттан кешірім сұрап, сытылып кетіпті. Біз кешіппіз. Кешірген көрінеміз. Бірақ осы кешірімшілдігіміз түбімізге жетпесе игі еді. Өйткені жаман адамның әдеті – «бір көргенін екі қылады, екі қылғанын әдет қылады». Қазір қазақтың рухани құндылығын масқаралау, тілін мазақ қылу, ұлттық намысын қорлау екінің бірінің әдетіне айналып барады. Сондай сорақылықты көре-көре көкірегі уға толған көпшілік қазір Лұт пайғамбардың заманын еске алатын болыпты.
Ибрагим пайғамбардың інісі Лұт Жаратқан Хақтан уәхи алып, Садум елін түзетпек болыпты дейді, әлқисса. Лұт Садум жұрты қоныс тепкен қаланың іргесіне күрке-лашығын тігіп жатады. Лұтты көрген садумдықтар оған барып «кімсің?» деп сұрайды. Пайғамбар жөнін айтады. Садумдықтар Лұтты жамандап патшаларына барады. Патшалары да бір Құдай атқан пенде екен, пайғамбармен тартысқа түсіп, оны мазақ етіп қорламақ болады. Ең сұмдығы, садумдықтардың әйелі әйеліне сүйкеніп, еркегі еркекке асылып ойнайды екен. Әйелінен еркегін, еркегінен әйелін айырып алудың өзі қиынға түсіпті. Ер адам көрсе еліріп, қозып кететін садумдықтар Құдайдың құдыретіне қарсы шықпаса да өздерін бақытты сезінеді екен. Садумдықтардың қиямпұрыстығы мен азғындығы үшін Жаратқанға жалбарынып күн кешетін Лұттың үйіне күндердің бір күні өрімдей үш жас жігіт келеді. Олар келбетті, көрікті адам бейнесіндегі үш періште: Жәбірейіл, Әзірейіл, Ысырапыл екен. Лұттың үйіне келген «үш жігітті» сыртынан байқап қалған садумдық сұмдар құмардан шықпақ болып Лұттың үйіне баса көктеп кіреді. Сонда пайғамбарлар Лұтты екі қызымен және жанына ерген мүміндерімен бірге құтқарып, Садум халқының төбесінен отты бұршақ жаудырып, жер бетінен жойып жіберген екен дейді, көне қисса.
Құдай сақтасын! Қазақ садумдықтардың тағдырын қайталамасын, бірақ тап бүгінгідей азып-тозу, рухани жалаңаштану бізді отты бұршақсыз-ақ құрдымға жіберуі мүмкін. Алайда пайғамбарлар енді қайтып келмейді деседі. Ендеше, қандай да бір ар сотының, иман сотының болуы да бейкүмән ғой. Сонда қайтпек керек? Осы сұрақтың соңын ала, «біз өзі зайырлы мемлекетпіз бе?» деген сұрақты да қалдыра кеткеніміз жөн. Әгәрәки, зайырлы мемлекет болсақ, онда заң талабын күшейтуіміз қажет-ақ. «Мәдениет туралы» заңға «ИК» немесе «Shisa» сияқты топтарға топалаң келтіріп, сахнаға да, телеарналар мен әлеуметтік желілерге де шығармайтын, екі-үш жыл концерт қоюын шектейтін тыйымды күшейту керек.
ҚР «Мәдениет туралы» заңында ардан безіп, адамдықтан айныған азғындардың жынойнақтарына қандай тыйым бар екен деп шолып шыққам, көзіме түскені тек мынау болды. Қараңыз:
6) әртістермен жасалған шарттар негізінде ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізгенге дейін және оларды өткізу уақытында көрермендермен қарым-қатынас кезінде олардың тиісті мінез-құлқын, оның ішінде нормативтік емес лексикадан, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынудан көрінуі мүмкін олардың аморалдық, әдепсіз мінез-құлыққа жол бермеуін қамтамасыз етуге (міндетті);
(ҚР Мәдениет туралы заңы. 9-1-бап. Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру тәртібі).
Көріп отырсыздар, бұл бап – концерт қоятын тарапқа емес, ойын-сауық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушы тарапқа ұсынылған тәртіп. Ұйымдастырушы жақ тәртіпті қанша жерден ұстануға ұмтылғанымен, ұяттан жұрдай шығармашылық ұжым оны ескермесе – бітті шаруа. Заңның осындай солқылдақтығынан қазақ руханияты небір сорақылықты көрумен келеді. Сөздің қысқасы, есерсоқтар бәрін бүлдіріп алып ертеңінде кешірім сұрап құтылмас үшін «Мәдениет туралы» заңды қайта бір сүзгіден өткеріп, соның ішінде қазақтың рухани құндылықтарын қорлатпау турасында қатал шараларды талап ететін заң қабылдануы керек. Білім туралы заңда да мектептегі бірыңғай қалыпты әдеп пен иба салты барынша ескерілуге тиіс.
Есерлерге зауал заңнан келсін!
Д. Қасенұлы
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.