ЗАУАЛ (әңгіме)
Таң атқалы бері Сәлима дүкеншінің аузы бір дамыл тапқан жоқ. Дүкенге кіріп-шыққан әр танысына айтатыны, сол баяғы Тұрлығұлдың «жыры». Тіпті дүкенге бас сұққан келушілер асығып тұрса да, әңгімесін аяқтамай жібермейді. Ондайда аузы көпіріп, көзі ақиып, қолын оңды-солды сермеп, лепіріп кетеді.
– Жағдайдың несін сұрайсың? – деді жұлып алғандай дүкенге келген Ақжамалға, – Жағдай мәз емес. Жұрттың бәрі қарызға алады да, уақытында қайтармайды. Сосын, соңынан жүргенің қуалап.
Дүкенші Сәлима – өзі қызық кісі. Кейде сәлеміңді де алмайды. Көңіл күйі жоқ кездерде өзіңе дүрсе қоя береді. Бір сөйлесе, тоқтауы қиын. Оны танитындар дүкеншінің бұл мінезіне әбден үйренген. «Арқасы бар» дейді де, көп мән бере бермейді.
Ал Сәлимадан азық-түлік пен басқа да керекті заттарын қарызға жаздырып алатындар оның бұл қылығына үнсіз көнеді. Әңгімесін біткенше тыңдап, көңілін қалдырмауға тырысады. Көнбегенде қайтсін? Сәлимаға жақпай қалсаң, екінші рет қарыз бермейді. Қарыз бермек түгілі, дүкенінің табалдырығынан аттап басқызбайды. Оның осы шайпау мінезін білетіндер амалсыздан қарсы келмейді. Жалақыдан жалақыға ақшасын зорға жеткізетіндер бастарына бәле тілеп алғылары жоқ. Әрбір клиентін бес саусағындай жатқа білетін Сәлима кейде солардың өзіне қарсы келмейтінін пайдаланып, өтпей тұрған заттарын, бұзыла бастаған тауарларын алмасына қоймай, мойындарына «іліп» жібереді.
Ақжамал сөмкесіндегі керекті азық-түлігі жазылған қағазын шығара бастап еді, Сәлима:
– Бірден айтайын, менде көп азық-түлік жоқ. Бәрі таусылып тұр. Ал оларды алдыратын ақша жоқ. Иә, дәл солай, ақша жоқ, – деп бажырая қарады.
Ақжамал:
– Жарайды, барын берсеңші, – дегені сол-ақ еді, дүкенші жалма-жан:
– Бәріне ана қақпас шал Тұрлығұл кінәлі! Осыдан төрт жұма бұрын кемпірі келіп: «Айналайын, Сәлима, үйдегі ағаң өлім аузында жатыр. Дәрігерлер қайран жоқ деп отыр. Түн бойы кірпік ілмей шықтық. Халі нашар. Тағдырдың жазуына шара бар ма? Мешіттен молда шақырып қойдық. Қазір олай-бұлай болып кетсе, дастарқанға қоятын түгім жоқ. Жұмсай қоятын келінім де, туысым да жоғын білесің. Алдын ала алып қоймасам, қазір жылап-сықтап жүріп, үйден аттап шыға алмаймын ғой. Ертең туған-туыс ақша әкелмей ме? Ағаңды ақтық сапарға жөнелткен соң, сол ақшаны қолыңа ұстата қоямын. Түгел есептесемін», – деп дүкендегі барлық азық-түлікті өлердегі сөзін айтып үйіне тасып кетті. Ал өледі деген Тұрлығұл әлі өлген жоқ! Байсыз қалғыр Құндызай болса: «Қолымда көк тиыным жоқ», – деп аузын қу шөппен сүртіп отыр. Екі ортада мені жынды қылып қойды», – деп бір тоқтады.
Сәлиманың Тұрлығұл деп отырғаны – өзінің алыс туысы, аталас ағайыны. Оның дүкені орналасқан «Қазақ» көшесінің басында тұрады. Сексенге жақындаған шағында «жаман» ауруға шалдығып, соңғы екі жылдан бері төсекке таңылған. Алғашында Астанада тұратын жалғыз ұлы Асанның көрсетпеген дәрігері, апармаған ауруханасы қалмаған. Бірақ дәрігерлер: «Адам болмайды. Қалғаны Құдайдың қолында» дескен. Содан не керек, Жаратқанның басқа салғанына бағынып, қалған күндерін төрт қабырғаға телмірумен өткізіп келеді. Осы екі жылдың ішінде Тұрлығұлдың жағдайы бұрынғыдан нашарламаса, жақсара қоймады. Төрт рет өлім аузынан қалды. Соңғысында ес-түссіз бір жұма жатқан. Аудандағы дәрігерлер есін жиған соң «көп ұзамайдыны» айтып, үйіне шығарған. Содан бері Тұрлығұлдың кемпірі Құндызайдың әр күні сары уайыммен өтіп жатыр. Алпыс жылға жуық отасқан жолдасын ақтық сапарға барлық кәде-құрметімен жөнелткісі келеді. Елге күлкі болып, ағайын-туыстың табасына қалмасам дейді. Жалғыз ұлдан қайран жоқ. Жауапты қызметінен қолы босамайды. Намазына үлгеріп келсе, соның өзіне шүкіршілік етпек. Осыдан бір ай бұрын шалы нашарлағанда, қапелімде қайтерін білмей жүгіріп Сәлиманың дүкеніне келген. Сонда әншейінде туысшыл әрі жанашыр дүкенші мың сылтау айтып, жеңгесі Құндызайдың сұрап келген азық-түліктерін зорға берген. Содан бері оның Тұрлығұл туралы «жыры» әлі күнге дейін таусылар емес.
– Капуста бере алмаймын, – деп саңқ ете қалды Сәлима дүкенші. – Бір қабын жалынып-жалпайып зорға алдырдым. Сөйте тұра, қарызға таратып бере алмаймын. Тек нақты ақшаға беремін. Бәрі қарызға алғанды жақсы көреді. Ал осы заттардың бәрі қалай келетінін ойламайды. Мені батаға алады дейді-ау осылар!
Оған Ақжамал үн қатпады. Қолында жазылған тізімі бойынша керекті азық-түлігін одан әрі айтуға көшті.
Ақжамал – сабырлы әрі ұстамды жан. Ауданда үлкен беделі бар әйел. Әкімдікте жұмыс істейді. Талай қызметтің сатысынан өтіп, көпті көрген адам болғандықтан, Сәлиманың анау-мынау әңгімесіне құлақ аса бермейді. Өзгелер секілді қосыла жамандауға, өсек-аяңға жоқ. Сондықтан Сәлиманың дүкеніне келген сайын оның әпербақан мінезіне шыдаммен қарап, артық ауыз әңгімелеріне ере қоймайды. Көбінде үнсіз қалғанды дұрыс санайды.
Айтпақшы, Ақжамалды тапқан Сәлиманың өзі. Дүкеншінің үлкен ұлы Ақжамалдың нағашы жағынан қыз алған. Кейін келе отбасылық басқосуларда онымен жақын танысып, «құдағилап» жүріп, өзінің дүкенінен кез келген уақытта қалаған азық-түлігін алып тұруды ұсынған. «Кел де қарызға қалаған затыңды ала бер. Айлықтан беріп тұрсаң болғаны», – деп жылышырай танытқан соң, Ақжамал да қарсы болмаған. Сөйткен «құдағиының» мінезін біле бастаған соң, оның дүкеніне келмей қоюға ұялып, бәрін сол күйінде қалдыруды жөн деп шешкен.
– Картоп пен жуаны он келілеп алып не істейсің? – деді Сәлима. – Өткен жолғыдай бірден қабымен алсаңшы. Он келі түк болмайды ғой. Қызметтегі адамсың. Жұмыстан қолың босай бермейді. Қайта-қайта келіп жүрмексің бе? Шопыр жігітке айт, бір қап картоп пен жуаны тией берсін.
– Құдағи, өткенде қабымен алған картоп та, жуа да бұзылып кеткен болып шықты. Үйдегі келінім сорттаған екен. Көбісі жеуге келмейтін жарамсыз болғандықтан, кәдеге аспапты. Ақырында картопты малға беріп, жуаны жерге көмдік, – деді Ақжамал.
– Оның жарамсыз болғанын итім біліп пе? Қаптың ішіне кіріп-шыққан жоқпын ғой. Салқын бөлмеде сақтаулы тұрған жерінен алып бердім. Саған бүлінгені кездесіп қалған шығар. Әйтпесе бірде-бір адам осы уақытқа дейін олай айтып көрген емес, – деп өзіне шаң жуытпады дүкенші.
– Сәке, мен сізді кінәлап жатқан жоқпын. Бірақ мен де оны қып-қызыл ақшама аламын. Сол жағын ойлап қойыңыз, – деді Ақжамал сабырлы қалыппен.
Бұл жолы Сәлиманың өзі үнсіз қалды. Әншейінде өзіне кіріптар клиенттерінің аузын ашқызбай, аузына келгенді айтатын еді. Ақжамалға олай жасай алмайды. Ол да өзінің өлетін жерін біледі. Ірі-ірі, салмағы басым келушілерінен айырылып қалғысы жоқ. Сондайда амалсыз үнсіз қалуға даяр.
– Сәлима апа, әжем сүт беріп жіберсін деп жатыр, – деді есіктен анталай кірген көрші Қантайдың немересі.
– Сүт жоқ! – деп қолын бір-ақ сілтеді дүкенші, – Қантайға айтып бар, сүтті Тұрлығұлдың үйінен алсын. Бір емес, он қорап сүтті Құндызай алып кеткен. Әр қорапта он екі данадан бар. Сүт болғанда қандай! Алты да екілік кілегей! Ана өледі деген албасты Тұрлығұл мысыққа ұқсап пештің түбінде сол сүтті ішіп жатқан болар.
Дүкенші апаның өзіне неге дүрсе қоя бергенін түк түсінбеген қалпы Қантайдың төртінші сыныпта оқитын немересі көзі бадырайып кері қайтты. Ал Ақжамалдың сынына өз деңгейінде жауап бере алмай, дымы құрып үнсіз қалған Сәлима дүкенге келушінің бала екеніне қараған жоқ, кәрін бір-ақ төкті.
– Сүт демекші, Тұрлығұлдан не хабар екен? – деп күбірледі дүкенші өзімен-өзі. – Таңертеңнен бері бір хабарын алмадым.
Осылай күбірлеген Сәлима дүкенінен шығып, көшенің бас жағына қарай мойнын созды. Оң қолымен көзін күннен көлегейлеп, Тұрлығұлдың үй жағына ұзақ қарады. Сондағысы – оның не өлі, не тірісін білу. Үйінің қақпасы екі жағына ашылмап па, есігінің алдында самсаған көліктер мен адамдар жоқ па, ауласынан будақтаған түтін шығып жатыр ма – осының бәрін аңдып, өзіне бір қорытынды шығарады. Осылардың бірі де болмаса – Тұрлығұлдың әлі тірі болғаны.
Сәлима дүкенші келушілерден қолы босай қалғанда күніне бір-екі рет осылай Тұрлығұлдың үйін бағуды әдетке айналдырған. Кейде үйіндегі немересін шақырып алып, төсекке таңылған туысының үйіне «тыңшылыққа» жібереді.
– Сендердің түк пайдаларың жоқ осы! Арасында маған келіп көмектесуді білмейсіңдер! Ас ішіп, аяқ босатарлар кілең! Сендерді асыраймын деп-ақ өлетін болдым ғой! Бар, ана Тұрлығұлдың үй жағына барып қайт! Сол үйдің көрші балаларымен ойнағансып, бір хабарын біліп кел. Өй, өңкей арамтамақ немелер! – деп немересінің жер-жебіріне жетіп, «қатаң тапсырма» береді.
Ақыры өзіне керекті хабарды ести қоймаған соң, Сәлима арасына үш-төрт күн салып, Тұрлығұлдың үйіне өзі баратынды шығарды. Қарттың халін білгенсіп, кетерде міндетті түрде қарызын сұрайды. Сондайда Құндызай байғұстың жаны шығып кете жаздайды. Тұрлығұл естіп қоймаса екен деп шыр-пыр болады. Онсыз да жағдайы ауыр отағасын уайымға салып, денсаулығын одан әрі нашарлатып алмасам екен дейді. Оған қарап жатқан, оны ойлап жатқан Сәлима жоқ. Бір сөйлесе тоқтамайтын, әйел заты болса да қатты шығатын аюдай ақырған зор даусымен біраз жерге апарып тастайды. Құндызай оны «айналайындап» жүріп, ауызғы бөлмеге зорға дегенде алып шығады. Жағдайын айтып, түсіндіріп бағады.
Төсекке таңылып, есі кіресілі-шығасылы болып жатыр дегенмен, Тұрлығұлдың іші бірдеңені сезеді. Сәлиманың жиі келуінен күдіктенеді. Дүкенші алыс туысы болғанымен, оның қандай адам екенін бұл беске біледі. Ол жұмасына бір-екі рет келіп жағдай сұрайтындардың қатарынан емес. Нақты шаруасы болмаса, «екі туып, бір қалғаны» болса да, шаңырағына бас сұқпайды. Одан да Сәлимаға дүкенінде болғаны артық.
– Бәй… Бәй-бі-і-ше, Сәлима жайша жүр ме? – деп сұраған Тұрлығұл дүкеншінің соңғы бір келгенінде иегін зорға кемсеңдетіп.
Отағасы осы сөзді айтып болғанша оның ерні дірілдеген, аһылап-уһілеген түрін көріп, Құндызайдың жүрегі жарылып кете жаздаған.
Онысының өзіндік себебі бар. Тәнін дерт дендеген Тұрлығұл ауруға шалдыққалы бері мүлдем сөйлеуді қойған. Кемпіріне бәрін ыммен түсіндіреді. Аяқ астынан оның тілге келгенін бәйбішесі жақсылыққа балай қоймаған. Енді қайтсін? Тілге келгенде де, бір сөйлемді айтамын дегенше әбден жаны қиналды. Тіпті екі бетін жас жуып кетті. «Тұрлығұл Сәлиманың айтқандарын естіп қойған-ау, құрсын. Енді қайттім?» деп жаны қалмаған Құндызай не де болса оған ештеңе айтпауға бекінді.
– Ойбай, Тұрлығұл, сен де қатырасың? Әншейінде ләм-мим деп жақ ашпайтын едің. Аяқ астынан Сәлиманы сұрағаныңа жөн болсын. Жайша жүрмегенде қайтеді? Дүкені осы көшеде емес пе? Не дегенмен бір атадан тарайды, туыс деген аттарың бар емес пе? Біздің үйдің үстінен олай-бұлай өткенде кіріп жағдайыңды сұрайды да. Мен оған келме деп айта алмаймын ғой енді, – деп бет бақтырмай қойды.
Көңілі бір шикілік барын сезсе де, Тұрлығұл бәйбішесіне жауап қатпады. Бір ауыз сөз айтқанға әлі құрып, шаршап қалған оның бірдеңе деуге шамасы да келмеді.
– Сәлима, айналайын, жиі келе бермеші. Тұрлығұлдың жағдайын білесің. Оған ештеңе айтқаным жоқ еді. Өткенде сені сұраймын деп өліп қала жаздады. Сөзін айтып болғанша иегі кемсеңдеп ана жаққа бір барып келді. Мынандай жағдайда жатқанында бірдеңе айтып, уайымға сала алмаймын ғой. Дұрыс түсін, алтыным. Мен ақша іздестіріп жатырмын. Тапсам, бірден апарып беремін, көке, – деді жалынып-жалпайып, Құндызай дүкеншіге тағы бір келгенінде.
– Зейнетақыларың ше? Екеуіңнің зейнетақыларың қайда кетіп жатыр өзі? – деді оған иліге қоймаған дүкенші қазымырланып.
– Айналайын-ау, қайда кетуші еді? Ағаңның дәрі-дәрмегіне кетіп жатыр. Екеуміздікін қосқанда алатынымыз жетпіс сегіз мың-ақ теңге ғой. Оның өзі жетпейді. Жүз мыңның үстінде дәрі-дәрмек аламын. Астанадағы ұл азын-аулақ ақша салады. Соны қосып, «шықпа, жаным, шықпа» деп айдан айға жеткізіп келеміз. Қолымда бар болса, саған бермей мені жын ұрып па? Құлағымның тыныш болғаны жақсы емес пе?!. Ағаң ауырғалы бері ет жеуді де қойдық. Қара су мен нанды талғажау етіп келеміз. Оның бәрін саған несін айта берейін? Менсіз де жақсы білесің ғой, – деді екі көзі жасқа толған Құндызай.
– Мен ештеңе білмеймін. Балаң үлкен қызметте дейді ғой. Одан қалды туған-туысқандарың бар емес пе? Солардан қарыз алып бер. Далада жатқан жүз жиырма сегіз мың теңге ақшам жоқ, – деп әй-шәйға қарамай айғайға басты Сәлима.
– Беремін, айналайын, беремін. Сәл шыдай тұршы! – деген Құндызайдың сөзін аяғына дейін тыңдамай қолын бір сілтеген Сәлима теріс бұрылып, есікті тарс еткізіп жапты да, жұлқына шығып кетті.
* * *
Содан бері үш ай уақыт өткен. Құдайдың құдіреті шексіз ғой, «адам болмайды», «өледі» деген Тұрлығұлдың беті бері қарап, денсаулығы жақсара бастаған. Төсекке таңылған қарттың аяққа тұрып келе жатқанын көрген аудандағы дәрігерлер мұны «ғажайыпқа» балаған. «Жаман ауруға» шалдыққандардың арасынан жазылып келе жатқан науқасты бірінші рет көріп тұрғандарын айтып, таң-тамаша қалған олардың әңгімесін естіген Құндызайдың да көңілі бірлене түскен.
Бұл кезде Сәлима дүкеншінің Тұрлығұл туралы «жыры» бүкіл ауылға жайылған. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деген рас екен. Сәлима дүкенші мен Тұрлығұлдың көрші-көлемі, ағайын-туыстарынан бөлек, былайғы жұрт та бұл әңгімеге әбден қанық болған. Ел ішінде: «Сәлима дүкенші Тұрлығұлды өлтіре алмай жүр екен», «Құндызай Сәлимадан қарыз алу үшін тірі күйеуін өтірік өлтіріпті», «Тұрлығұл сексенге жақындағанда алжып, туысы Сәлимаға қарызын қайтармас үшін үйінен шықпай, бір бөлмеге тығылып жатады екен», «Қартайғанда ақша үшін өліммен ойнаған Тұрлығұлда да, Құндызайда да ұят жоқ екен» деген секілді түрлі өсек-аяң, қауесеттер тарап үлгерген.
Мұндай әңгіме жерде жатсын ба? Көп ұзамай осы әңгімелердің бәрі Тұрлығұлдың да құлағына жеткен. Енді аяққа тұрып, ең болмаса күніне бір-екі рет дәретке тысқа шығатын жағдайға жеткенде көрші Базаркүл екі үйді бөліп тұрған шарбақтарынан көріп қалып, қартқа Сәлиманың «жырын» жақсылап айтып берген.
– Тұреке-ау, Құдай оңдап, аяққа тұрдың. «Ауырып тұрдым – аунап тұрдым» деген. Енді ана Сәлима дүкеншінің қарызынан құтылыңдар. Әйтпесе сендерді бүкіл ауылға масқара қылып болды, – деген Базаркүл.
Содан дереу үйіне алқына кіріп, кемпірінен мән-жайды сұрағанда, Құндызай алыстан орағыта отырып, шет жағасын айтып берген.
– Жұрт айтып жүргендей көп қарызымыз жоқ. Ананы-мынаны ойлай берме. Тағы да ауырып қаларсың. Зейнетақыдан шетінен беріп келе жатырмын. Аз ғана қалды. Алдағы айда толық құтыламын. Сәлиманы білесің ғой, жоқты бар қылып, қосып айта береді, – деген бәйбішесі шалы қайта ауырып қала ма деп қорыққанынан амалсыздан өтірік айтып, оны зорға дегенде сабасына түсірген.
«Тұрлығұл аяққа тұрыпты» дегенді естіген Сәлима сол күні-ақ шаңдатып отырып оның үйіне келген. Дүкеншінің де шыдамы таусылса керек, Тұрлығұл мен кемпіріне айтпағаны жоқ. Арасында:
– Ауру түгіл түгің де жоқ сенің! Жұрттың «өтірік ауырып жатыр» дегені рас екен. Менен қарызға алған барлық тәтті мен жылы-жұмсақты жеп, сүтті ішіп, жарылуға айналыпсың, – деп қойып қалған.
Әйтеуір, содан не керек, сол күні Тұрлығұлдың да, кемпірі Құндызайдың да тынышы кетті. Құндызай шалының алдында бар шындықты жасырмай айтып, ақталып әлек болды.
– Ел-жұртқа масқара болдым-ау! Қартайғанда ауыл-аймаққа жексұрын қылғанша, алғаның дұрыс еді ғой, Құдеке! – деп түнімен ұйықтай алмай күбірлеп шыққан Тұрлығұлдың таңға жуық қызуы көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шықты.
– Осы Сәлимаға бір зауал келмесе болар еді… Абыройымызды ақшаға бола айрандай төкті-ау! Соның кесірінен Тұрлығұлдан айырылып қалмасам жарар еді, – деді Құндызай шалын жедел жәрдем көлігі әкетіп бара жатқанда ботадай боздап.
Тұрлығұл ауруханада да тыныш жата алмады. Құдай қас қылғанда, Сәлиманың көршісі Ырысты мұғаліммен бір палатаға түсіпті. Ол да Тұрлығұлға дүкенші көршісінен естігендерін айтып, одан сайын есін шығарған. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген бар емес пе? Мұғалімнің айтқандарынан сай-сүйегі сырқырап, тірідей жерге кіре жаздаған қарт ақыры үш күннен соң бас дәрігерден сұранып, үйіне кері қайтқан.
Шаңырағына келе сала үйге кірмей, бірден мал қораға беттеді. Қорадағы жалғыз қызыл сиырдың күйін байқаған ол ертеңіне оны базарға апарып, сатуға шығармаққа бекінді.
Тұрлығұл бұл ойын түскі ас кезінде кемпірімен бөлісті. Құндызай бұған үнсіз келісіп, басын шұлғыды. Келіспеске амалы жоқ. Соңғы күндері Сәлима дүкенші қарызын сұрап, күнде келетінді шығарған. Құндызай да тезірек қарызынан құтылып, құлағының тыныш болғанын қалайды. Оның үстіне, қызыл сиырдың жем-шөбі де таусылып тұр. Дертке шалдыққан шалына ем-дом қонбай, дәрігерлер «дәм-тұзы таусылар күн жақын» деген соң Астанадағы жалғыз ұлы келіп, «алда-жалда демі үзіліп жатса, жаназасына соярсыңдар» деп осы қызыл сиырды сатып алып беріп кеткен. Сиырмен қоса бір машина шөп пен жиырма шақты қап жемін қоса әперген. Соны қыс бойы там-тұмдап, аз-аздан қысып берген Құндызай көктемге дейін әрең жеткізген. Бір жұмадан бері қызыл сиырға жем-шөпті қайдан аларын білмей өзінің де басы қатып жүрген. Сондықтан да болар, шалының сиырды сатамын деген шешіміне ештеңе дей қойған жоқ.
– Қаншаға сатпақсың? – деді кемпірі ертеңіне қызыл сиырды жетектеп қақпадан шығып бара жатқан шалын шығарып салып тұрып.
– Өткеніне беремін. Сәлимадағы қарызымызды жабуға жетсе болды, – деді оған Тұрлығұл.
* * *
Көктем шығып, сәуірдің ортасы ауса да, қыстың тоңы әлі күнге дейін жіби қоймаған. Күннің көзі төбеде шақырайғанмен, суық жел өңменіңнен өтіп кете жаздайды. Қыстың ызғары қайтпағаны анық сезіледі. Бұрынғылар «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деуші еді. Бұл жолы олай емес секілді. Ағаш-талдардың әлі күнге дейін бүршік жара алмағаны былай тұрсын, қара жердің өзі жасыл кейіпке ене алмай тұр. Осы уақытта қырдағы қызғалдақтар көздің жауын алып жататын. Бірде ашық, бірде түнерген күннің қабағынан олардың да қауызы гүл жармай, жасыл сабақтары ғана әр жерден менмұндалайды.
Бүгін күннің көзі мүлде көрінбейді. Таңнан бері түнерген көктің «қабағы» бір ашылған емес. Аспанды қап-қара бұлт торлап, бойыңды суық ызғар қариды. Сол аспанды торлаған қара бұлтпен жағаласа толассыз ұшқан қара қарғалардың даусы құлақта жаңғырады.
Сәуірдің таңғы суығынан денесі түршігіп, тоңғанына қарамастан Тұрлығұл қарт қадамын алға лақтыра басып, Сәлиманың дүкенін бетке алып келеді. Таң намазынан кейін қорадағы қызыл сиырды жетектеп базарға жеткен. Бүгін де күндегі әдетінше ертерек келіп қойыпты. Күннің көзін таппай, көлеңкеде тұрып денесіне суық өткізіп алғанын сезсе де жарты жолдан кері қайтпай, соңына дейін шыдап баққан. Онысы дұрыс та болыпты. Түскі мезгіл жақындағанда мұның айы оңынан туып, сиырының саудасы жүріп кеткен. Жас шамасы қырықтан енді асқан қараторылау келген мұртты жігіт Тұрлығұлмен ұзақ саудаласып жатпай, сиырын бірден сатып алған. Осылайша, оның бір апта бойы қызыл сиырды жетектеп базарға қатынаған еңбегі қайтқан. Енді Сәлимаға қарызын қайтарса, арқасынан ауыр жүк түспек.
Өзі тұратын көшеге бұрылғаны сол еді, көзі бірден Сәлиманың дүкеніне түсті. «Жабық секілді ме, қалай өзі? Сәлима түскі асқа үйіне бармаушы еді ғой» деп ойлады қарт ішінен. Тұрлығұл қателеспепті. Дүкеннің жабық екеніне тура алдына келгенде көзі жетті. Есігінде үлкен қара құлып тұр.
– Жұмыстарымен шығып кеткен болар. Ол да адам баласы ғой. Күте тұрайын, – деп күбірледі Тұрлығұл. Дүкеннің алдында қанша тұрғаны есінде жоқ, бір кезде өзімен амандасқан келіншектің дауысы оның ойын бөліп жіберді.
– Сәлем бердік, ата!
Қараса, Сәлиманың көршісі әрі өзімен бірге ауруханада бір палатада жатқан Ырысты мұғалім екен.
– Бақытты бол, айналайын!
– Қалайсыз? Тәуір болып кеттіңіз бе?
– Тәуірмін, қызым, тәуірмін.
– Ата, жайша жүрсіз бе?
– Бір жұмыстарыммен Сәлимаға келіп едім…
– Ойбүу-у, ата, сіз естімегенсіз бе?
– Нені, шырағым?
– Бүгін таңда Сәлима апа қайтыс болыпты. Түнде ұйықтауға жатқаннан таңертең оянбай қалыпты дейді.
Мұны естігенде, Тұрлығұлдың қақ төбесінен біреу салқын су құйып жібергендей болды. Онсызда бойына суық өтіп, қол-аяғы дір-дір етіп зорға тұрған қарт мең-зең болып, басы айналып жерге құлап түсті.
Тұрлығұл көзін ашса, аспандағы қара қарғалардың қатары көбейе түсіпті. Қартты қаумалаған бейтаныс адамдардың не айтып тұрғандары бұған естіліп те жатқан жоқ. Тек құлағынан қарғалардың даусы кетер емес.
– Қарқ, қарқ…
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ