ҮЛГІ МЕН ҮЙЛЕСІМ
05.07.2021
81
0

Елдің есінде ғой, Елорданың жиырма жылдығында Елбасы бүй деді: «Қазіргі кезде әлем қарсы тұрушылықтарға емес, үйлесімділікке, даму мен ынтымақтастыққа мұқтаж. Сондықтан Астана шашқан ізгілік пен қазақстандық құндылықтардың нұры бүкіл планетаға тарап, ризашылықты шұғыла ретінде қайта оралып жатыр».

         Қарудың қаһарлана құтырынуы мен қараулық пиғылдағы сайқал саясаттар қарсы тұрушылықтарды қабындырады.  Өрелі өрістерді көздейтін өнегелі өзгерістер мен үздік үлгілер үйлесімділікке, ырыс алды – ынтымақтастыққа, ықпалдастыққа бастайды.  XX  ғасырдың аяғы мен XXI  ғасырдың басында Жер-Ананың бетінде небір-небір ұлағатты, ұлы оқиғалар да; кесірлі, кесапатты кедергілер де тарихқа тіркелгені мағлұм-дүр.

         Құдайға шүкір, Тәуелсіздікке тәубә, XX  ғасырдың аяғы мен XXI  ғасырдың басындағы ұлы оқиғалардың қатарында Еуразия жүрегінде Қазақстан астанасының асқақтауы да айрықша аталады. Ерекше екшеледі. Әрине, ел астанасын көшіру, жаңадан жасампаз қала салу тіпті де жеңілге соққан жоқ. Алғашында  қарсы шыққандар да аз болмады. Сенбегендер сансыз-тұғын. Күлетіндер көбейген. Елбасының ерендігі, кемелдігі мен кенендігі алға бастады. Бүкіл әлем қызыға қарайтынға айналды. ЮНЕСКО «Әлем қаласы» деп атады. «Астана – қазіргі әлемнің ғажайыбы, Еуразияның ең заманауи қалаларының бірі», – деді көршілес Ресейдің лидері Владимир Путин. «Астана Қазақстан халқының еңбексүйгіштігі мен гүлденуінің нышаны болды», – деді  КХР Төрағасы Си Цзиньпин. Бұрынғы Ақмола, кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан – мемлекетіңіздің мерейі. Мақтанышы. Ұлысыңыздың ұнасымды ұлағаты. Үйлесімдер үлгісі.

        Ұлы дала еліндегі тарих тіркеген текті тірліктердің, ұлы құбылыстардың қатарында, әрине, «Түркілер төрі Түркістаныңыз» да тұрыпты. Түркістаныңыздағы Әзірет Сұлтан кесенесінде қайран қазағыңыздың 21 ханы, 8 сұлтаны, 19 биі, 52 батыр қолбасшысы мәңгілік мекенін тапқан. Текті төрді рухы тербеткен Ахмет Ясауи бабамыз: «Өз дініңдегіні дос тұт, өзге діңдердегіні де дұшпан тұтпа», – деген. Мінекиіңіз, үлгі. Мінекиіңіз, үйлесім. Тарихшы, археолог ғалымдар Ясы-Шабғар-Түркістаныңыздың жасы үш мың  жылға жуықтайды десіп, дәлелдесіп жатыр. Ұлы дала елі өз Тәуелсіздігінің отыз жылдығын атап өтуде. Түркістан уәлаятының құрылғанына үш жыл толды. Әнекиіңіз, бұлар-дағы – үйлесім.

         Тұңғыш Президентіңіз Түркістан мұраттары мен мақсаттарына орай, 2018 жылғы 19 маусымда Түркістан қаласы мен облысы хақындағы тарихи Жарлығын  қабылдау арқылы тағы да көрегендік  танытты. Түркістанды орталық етпек  ойын ол кісі осы  19 маусымдағы тарихи шешімінен  19 жыл бұрын Ахмет Ясауи университетінде алғаш рет айтқан еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мемлекет басшысы, Республика Президенті ретіндегі ең алғашқы  ақжолтай сапарын түркілер төрі Түркістаннан бастағаны белгілі. Баршаңызға. Арнайы жиын өткізді. Ұлы Жібек жолы бойындағы бірегей шаһардың мән-маңызына тоқталды. Тұңғыш мәрте өзінің үш ұстанымын мәлім етті. Олар: сабақтастық, әділеттілік, өрлеу. Үлгі һәмүйлесім дегеніңіз осы ғой, осы. Сол басқосуда біз пақырыңызға да сөз бұйырып, толқып тұрып, адамзаттың Абайы ұнастырған үш иманигүлге балағанбыз. Президенттің үш ұстанымын.

         Ежелден бермен қарата Ұлы Жібек жолының жарқын шаһары болған, болашағы жаңаша жобаланған Түркістанның түлеуі жасампаз жылдамдықпен қарқын алған кезең өңірге Өмірзақ Шокеевтің әкімдікке тағайындалуымен тұспа-тұс келгені рас. Түркістанның тыныс-тіршілігі, өсіп-өркендеуі Елбасының, Мемлекет басшысының үнемі назарында. Үкімет басшысы ай сайын дерлік ат басын бұрады. Әсіресе, 2019 жылғы наурыздан бастап, Түркістан шын мәніндегі алып құрылыс алаңына айналғаны аян. Құрылыс нысандарының салыну қарқыны әлденеше еселенген. Сапасы артқан. Екі мың бесінші жылдардың арғы жақ, бергі жақтарындағы Елордаңызды екі айдай ғана көрмесеңіз, танымай қалатыныңыз, таңғалатыныңыз секілді. Түркістанға да бірер апта ғана бармай қалсаңыз, тұп-тура сондағыдай күй кешесіз қазір.  

         Иә, Нұр-Сұлтан қаласы – жасампаз жүрегіміз, Түркістан – текті тірегіміз, Шымкентіңіз – шуақты реңіміз. Елбасының қайта-қайта айтқымыз келе беретін 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи Жарлығында шырайлы Шымкентке де айрықша назар аударылып, үшінші мегаполистік, республикалық мәртебе берілгені мәлім-дүр. Сол Жарлықты оқып таныстырып, жұртшылықты құттықтауға сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен сол кездегі Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков мырзалар Шымкентке келген. Бізге ардагерлер мен қаламгерлер атынан сөз берілген.   «Елбасыға мың да бір рақмет! Шымкенттің де, Түркістанның да мәртебелерін биіктетті, тарихи әділеттілік әуеледі, айбынымызды асқақтатты. Ендігі жерде Шымкентімізді шымшылап, Түркістанымызды түрткілеп кекетер кежірлер кемитін шығар», – дегенбіз әзіл-шынын  араластырып. Сағынтаев сықылықтап, рақаттана, риясыз күлген. Жақсыбаев жақсы түсіне алмай, айналасына алақтаңқырап жымиған.

         Шынында да Шымкентіңізге шүйіле, Түркістаныңызға түйіле қарайтындар аз емес әлі. Тым шектен шыққандарға шыдай алмай, жүдә жамандағысы келетіндерге жүйкеміз жұқаратыны да рас. Шырыл қағамыз. Айтамыз. Жазып та жүріппіз. Елдің бәрі баяғы сырбаз ақын ағамыз Сырбай Мәуленов дейсіз бе? «Шымкенттің барына шүкір, Түркістанның тұрғанына тәубе» деп жанарына жас үйіре шын шаттанатын. Екінің бірі поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынқызы емес қой. «Бәріміз Оңтүстікке, шапағатты Шымкентке қарыздармыз», – дейтін.

         «Шымкентіңізге шадырлана шәлкестенетіндер шажылдай берсін. Бәрібір  алтын құрсақ аймағыңызға соқпай тұрмас. Ықыласқа, пейілге «шәй-шәшлігіңізге» құрсан болар. Қайран қалар. Былай шыға… Бажылдай берсін. Шыдайды Шымкент. Шаптықпайды Шымкент. Қандай қағытпа қойылымдарға да осы Оңтүстікті, Шымкентті қыстырмаса, дәмі кірмес. Деп жүріппіз. Біз. Шымкент қой – бұл. Кім не десе, о десін. Қазақ елі қалаларының әуелгі үштігіне үйлесіп үлгерген де Шымкентіңіз. Шырайлы Шымкент. Шүленді Шымкент. Шаруажай Шымкент. Шыдамды Шымкент. Шұғылалы, шуақты Шымкент.

         Жер-Ананың бетінде бірегей бәтуалы, бейбіт, берекетті әрекеттер, келбетті келісімдер, жасампаз жарасымдар жалғаса түссе, Жаратқан иеміз адамзатты да ұзақ-ұзақ жасатар. Ол үшін ниеттеріміз ақ, пейілдеріміз пәк болмағы ләзім-дүр. Жүрегіміз де, тірегіміз де, реңіміз де үлгілі-үйлесімді болғай, ағайын.

Мархабат БАЙҒҰТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір