ПАРАСАТ МАЙДАНЫ
05.07.2021
971
0

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 кітапхана-бөлімшесінде ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Парасат жолы» жобасы аясында «Парасат жолы – адалдықтан басталады» атты кезекті онлайн кездесу болып өтті. Онлайн кездесудің бұл жолғы арнайы қонағы болып белгілі ақын, әдебиетші, Бүкілтүркі дүниесі ақындары фестивалінің лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Болат Шарахымбай қатысты.

Онлайн кездесу барысында парасаттылық пен адамгершілік, ізгілік пен мейірімділік ұғымдарының әрбір қоғам мүшесі үшін қаншалықты маңызды екенін тілге тиек еткен қаламгер, қолға алынған «Парасат жолы» жобасының тиімділігі мен маңызына айрықша тоқталды. Адамзат – адамзат болғалы  парасатты, әділетті қоғам қалыптастыруды армандап келе жатқандығын айтты. «Парасатты жан болу үшін оқымысты, немесе шенеунік болудың қажеті жоқ, қарапайым адамдар да парасат иесі бола алады. Парасат – ақыл мен ой үндестігі, мінез жарастығы. Парасат иесі істейтін ісін, сөйлейтін сөзін, қабылдайтын шешімін алдымен ақыл таразысынан өткізіп алады. Содан кейін ғана барып әрекетке көшеді. Ол содан соң әдеп пен инабатқа, ізгілік пен кең пейілділікке ие болады. Парасатты адам – ең бірінші ұлтына қиянат жасамайтын, өзіне сенгендерге өтірік айтпайтын, алдамайтын адам. Әрине, парасатты қоғам құру оңай емес. Қазақ даласында  ізгілікті, тең құқылы, парасатты қоғам құруды аңсаған  Тоқсарыдан бастап, одан кейінгі Әбу Нәсір әл-Фараби, Баласағұни, Қашқарилер сияқты талай ғұламалар өмір сүрген. Мысалы, Әл-Фарабидің әйгілі «Ізгілікті қала тұрғындары» атты трактатын білмейтін адам жоқ. Оның түпкі мақсаты – әлемде әділетті, парасаттықоғам құру еді. Данышпан бабамыздың арманы әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Сана анықтығы, жан дүниенің тазалығы, адалдық болмай парасатты қоғамға жете алмаймыз», – деді қонағымыз. Расында да, парасаттылыққа жетеміз десек, ең алдымен әділетті қоғам құруға ұмтылуымыз қажет.

Жылы шырайлы жүздесу барысында елімізге кеңінен танымал ақын ағамыздың өмірі мен шығармашылық жолы, қазіргі қоғамның тыныс-тіршілігі, дәстүршілдік пен жаңашылдық жайында көрермендерден сұрақтар түсіп, оған лайықты жауаптар берілді. Сондай-ақ, жұртшылықты кітаппен дос болуға шақырды. «Кітап оқу – білім беріп, сауатты етіп қана қоймайды, ол ең алдымен миды жаттықтырады. Мысалы, қазіргі карантин кезінде қоғамда, отбасында жалғызсырау, үрейлену, содан барып  күйзелу көп. Оны қалай жеңуге болады? Күйзелісті жеңудің бір жолы – кітап оқу. Әсіресе, иммунитті көтеретін рухты, келісті өлеңдерді дауыстап оқудың пайдасы орасан», – деді Болат Шарахымбай.

Айтып өтетін жайт, кездесу Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің инстаграм  әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфир форматында жүргізілді.  

Лаура ТҰРСЫН,
№20 кітапхана-бөлімшесінің
меңгерушісі

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір