Мен отырмын жазылмайтын дерт қысып
04.12.2015
1889
0

25dbdbf9177b2fe6d6a5ca2742bdef89Жания ЕРАЛИЕВА

Ілияс Жансүгіровті

еске алу

Ілияс аға, еске алдық сізді көктемде,

Арада біраз уақыт, жүз жыл өткенде.

Халықтың жауы дегені қай қылықтары?

Сендегі таза, қазақи қайғыны ұқпады.

 

Жанына батқан ұмытпас жарасын адам,

Құлагер менен Ақанға жаны ашымаған.

Орға құлаған тұлпардай от тұяғымен,

Отты жылдарда көз жұмды сан асыл адам.

 

Сыйғызып бүкіл арманын азат күйіне,

Тұтқын күйшіні босаттың, қазақты үйіне.

«Жетісуың» да орнында, «Далаң» да орнында,

Балаң да орнында, Алматы, қалаң да орнында!

 

Өмірдің өзі күй екен мәңгі бітпейтін,

Жырларың қалды кітапта мәңгілік дейтін.

Ілияс аға, еске алдық сізді көктемде,

Арада біраз уақыт, жүз жыл өткенде.

 

Нүкте

Аспаннан қарағанда жер де нүкте,

Босағадан қараса төр де нүкте.

Нүктелерді екіге бөліп тұрған,

Екі дүние арасы – перде – нүкте.

 

Көп жұлдыздан бір жұлдыз дара нүкте,

Көз ұшында қарайған қара – нүкте.

Қараға қара жазса көрінбейді,

Аққа жазса көрінер қара нүкте.

 

Жерде тұрып қараса ай да нүкте,

Көп жылқының ішінде тай да нүкте.

Ұйықтасам түс, оянсам елес болған,

Менің жаным қалаған қайда нүкте?

 

Мойыныма таққаным тұмар – нүкте,

Табиғатқа сыймайды сыңар нүкте.

Төртінші әлем – қабірге өткенімде,

Қайда қалды нәпсі мен құмар – нүкте?

 

Ньютон да пенде ғой

Ньютонның басына түскен алма,

Жерге қашан түсті екен?

Қолымдағы жалғыз тал піскен алма,

Қай мезгілде пісті екен?

 

Ньютонның басына түскен алма,

Қызыл ма екен, ақ па екен?

Қолымдағы жалғыз тал піскен алма,

Сорым ба екен, бақ па екен?

 

Ньютонның басына түскен алма –

Формулалар жиыны.

Қолымдағы жалғыз тал піскен алма –

Тағдырымның қиыны.

 

Сол алманы абайсыз тістеп алма,

Өйткені, ол менде ғой.

Жерге қарай тартылып, түскен алма…

Ньютон да пенде ғой.

 

Жалынамын

Суға батып бара жатыр кеме деп,

Мен де баттым. Қолтығымнан деме деп.

Қарсы алдымнан аузын ашқан балыққа,

Жалынамын: «Мені балық, жеме», – деп.

 

Қызыл оттың ортасында «Күйме!» – деп,

Қызыл оттан қызыл көйлек киме деп.

Қызыл тілін жалаңдатса айдаһар,

Жалынамын айдаһарға «Тиме», – деп.

 

Әркімді бір өзіңе үлгі тұтпа деп,

Ашуланба, қабағыңды шытпа деп.

Сиқырымен арбағанда әб жылан,

Жалынамын: «Жылан, мені жұтпа» – деп.

 

Жалынамын анаған да мынаған,

(Қылығым жоқ тірі жанға ұнаған).

Жалынамын: «Сабыр бер» деп Алладан,

Сынағыңа шыдайын деп сынаған.

 

Дүниенің жалғандығын білдір деп,

Аз жылатып, көп қуантып, күлдір деп.

Әр күнімді «соңғы күнім» деп едім,

Көздеріме толтырды жел күлді үрлеп.

 

Жұлдыз ақты

(Шәкәрім Құдайбердіұлының рухына)

Жұлдыз ақты. Бір жұлдыз тағы да ақты,

Қысым көрді. Болмаса нағып ақты?

Бойындағы жарығын нұрға толған,

Жарқ еткізіп, соңғы рет жағып ақты.

 

Жұлдыз ақты. Қай жаққа бағыт алды?

Соған қарап, көздерім тағы талды.

Түн ортасы. Әтеш пен иттің дауысы,

Айқайлады, үрді әбден, жағы талды.

 

Жұлдыз ақты. Ол жұлдыз ақты неге?

Жарқ еткізіп жарығын жақты неге?

Айқайлауын қоя сап әтеш байғұс,

Қанат қақты, қанатын қақты неге?

 

Жұлдыз ақты. Бір емес, оншақты ақты,

Жердегілер жұлдыздан моншақ тақты.

Тірісінде қаралап, қара жауып,

Өлгеннен соң оларды сонша ақтапты.

 

Жұлдыз ақты. Мен де ақтым. Қауышалық,

«Мақұл» деді. Естілді дауысы анық.

Оны көкке сыйғызбас, мені жерге,

Кездеселік. Көшелік. Ауысалық.

 

Жұлдыз ақты. Бір жұлдыз ағып өтті,

Шексіздіктің қақпасын қағып өтті.

Абсолютті іздеген атом едім,

Адастырып абсолют тағы кетті.

 

Жұлдыз ақты. Жұлдыздар аға берсін,

Жарқ еткізіп, жарығын жаға берсін.

Тірісінде көзге іліп, көңіл бөліп,

Жердегілер жұлдызға баға берсін!

 

***

Түйеқұсты құтқарады аяғы,

Басқа құсты құтқарады көздері.

Мені өлеңім құтқарады баяғы,

Аннан, мұннан ұйқасатын сөздері.

 

Белгісізді анықтайды белгісі,

Белгілінің белгілі ғой есімі.

Кейбіреудің келмейді екен өлгісі,

Борышының өскен сайын өсімі.

 

«Білімдіге бақыт басын иеді»,

Басын иген көре алмадым бақытты.

Бақыт маған жұдырығын түйеді,

Білімсіздер әлдеқайда бақытты.

 

***

Өзегіме өкініштен өрт түсіп,

Сырт киімді иыққа іліп желбегей.

Мен отырмын жазылмайтын дерт қысып,

Өзіме жат, баламды ойлап, елге өгей.

 

Түсімде де жүрем ылғи аптығып,

Бәтеңкемнің шешіліп қап бар бауы.

Мен сөйлесем жақындарым шаптығып,

Қайда барсам улы жылан арбауы.

 

Қу тіліме бола алмадым мен ие,

Түк істемей отырсам да, түк демей.

Болашақта жоқтар мені дүние,

Соңғы сөйлем соңындағы нүктедей.

 

***

Өмір сүру – қасқырға мұң, түлкіге ой,

Маған – қайғы, біреулерге күлкі ғой.

Құлыптаулы сандық толы қазына,

Менікі емес, біреулердің мүлкі ғой.

 

Өмір сүру – қасқырға сын, итке не?

Ит тірлікте үйт деме де, бүйт деме.

«Менікі емес, мен үшін ғой» дейді адам,

Арам қанын сорған кезде бит, кене.

 

Өмір сүру – қасқырға шер, құсқа өлең,

Қасқыр – шабыт тудырғанда қысқа өлең.

Бекітулі қос есіктен кіре алмай,

Тереземді тықылдатты тыста өлең.

 

Өмір сүру – қасқырға ауыр, кімге не?

Көп сөйлеме, шамаң келсе, үндеме.

Өз жарасын өзі жалап жазатын,

Тағы ақынның тағы өмірін күндеме.

 

***

Әуелі әуез,

Екінші әуен,

Үшіншіде үн естіп.

Біресе онда,

Бірде мұнда,

Өтіп жатыр күн өстіп.

 

Басқалармен,

Басқашамын,

Аспан үсті, аспан асты.

Жол байлаған,

Қол байлаған,

Шаруалар бастан асты.

 

Көкшіл түстен,

Көгілдірге

Ауысқанда мүсіні.

Көк ала үйрек,

Көгершіндер,

Естіледі құс үні.

 

Жақсы әуез

Талғар қаласындағы Тұрар Рысқұловтың

ескерткішін сүртіп, айналасын тазалап қойыпты.

Сүртіпті, тазалапты,

Тастарды құс сарыған.

Қызыңмын қазақ атты,

Жаралған тысқарыдан.

 

Естідім жылы әуенді,

«Жақындап, оң қарайын.

Жарамас жылау енді,

Жолыңды оңғарайын».

 

Топырақ уысына ап,

Саусақтан қан шығарды.

Құмы алтын, суы сынап,

Жоғалды, қамшы қалды.

Қолыма қамшыны ұстап,

Жығылып, тұрып кеттім.

Құбылаға жан шығыста-ақ,

Бетімді бұрып кеттім.

 

Тас қақпа өзі ашылып,

Жақсы әуез, үнді естідім.

Күннің де көзі ашылып,

Бұлт білді күндестігін.

 

Ақын

Поэты похожи на медведей, которые

кормятся тем, что сосут свою лапу.

(француз даналығы).

Ақындарға тұрған да жоқ сөз дайын,

Оқып, жазып, тауысады көз майын.

Дүние ойлап, ақша іздеп, саспайды,

Аюлардай сорады олар өз майын.

 

Халық үшін арқалайды тас таудан,

Мөлдір, тұнық су тасиды бастаудан.

Ажалға да бой бермейді, өледі,

Бүркіттердей өзін шыңнан тастаудан.

 

Іздейді олар жан жылуын, жарығын,

Оларда жоқ шолақ ойлау, тар ұғым.

Барды-жоқты күн кешеді там-тұмдап,

Бөрілердей білдірмейді арығын.

 

Көре алмайтын дұшпаны көп, қасы көп,

Таусылмайтын көзінің де жасы көп.

Ақын деген әулие ғой, сен оның,

Адам болсаң, басқан ізін басып өт!

 

***

Солды екен қанша жаз гүлі,

Еріді қанша қыс қары.

Төркіннің төрі жат енді,

«Шыққан қыз шиден тысқары».

 

Келін боп кірген жат үйде,

Төрде емес, орны – босаға.

Бір басы екеу, төрт болып,

Дүние деген… осы, аға.

 

Сағынып келсе қарындас,

Алдынан шығып, тос, аға.

Әжеге айналды ол ақ шашты,

Дүние деген… осы, аға!

 

Аты жаман пәле

Ет пен тері арасынан,

Түлен түрткір, түрткілеме.

Ескі дерттің жарасынан,

Қан аққанын жұрт біле ме?

 

Сол бір қанды қарға тамған,

Таба алмадым қарап ешбір.

Жауым едің арғы атамнан,

Жоғалшы әрі, қараң өшкір.

 

Пері қызы

Мына өмірді ойламадың «бес күн» деп,

Қызметіңде бәлкім, тағы өскің кеп.

«Неге керек, неге керек» дедің сен,

Ат кекілін біржолата кескің кеп.

 

Сенің оған керегің де шамалы,

Жақындатпас құдіреттің қамалы.

«Керек емес, керек емес» дей берді,

Пері қызы таусылғанда амалы.

 

Төбе биік көрінгенде, сай терең,

Күн мылқау боп көрінгенде, ай керең.

Пері көші кездесіп қап елсізде,

Пері қызы сүйіп алса, қайтер ең?

 

Бала кезден естіп өскен ескі өлең,

Ала жіппен тұсауымды кесті өлең.

Пері қызы саған арнап жыр жазып,

Түсіңе еніп, оқып тұрса, не істер ең?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір