Сая ҚАСЫМБЕК, драматург: СІЗДЕН ЕСТІГЕН ҒАЖАЙЫП ӘҢГІМЕЛЕР ҚОЛЫМА ҚАЛАМ ҰСТАТТЫ
Қыздарды «мұңлық» деуіңіздің мәнін кейін түсіндім…
Әдетте «Қыз бала анасына жақын» деп жатады. Ол шындыққа таласым жоқ. Бірақ мен әкеме жақын болдым. Әкемнен бір елі қалмай жүретінімді көрген ауылдағылар: «Қасымбектің қара қызы» – дейтін.
Атадан төрт қыз, бір ұл болдық. Әке, сіз ерекше әке болдыңыз. Ұлды «ширасын» десеңіз керек, тежеп ұстадыңыз. Есесіне, қыздарды «мұңлық» деп, ерекше қадірледіңіз. «Мұңлық» деген сөзіңізді алғаш естігенде, эпостағы «Мұңлық-Зарлықтағы» Мұңлық екен деп ойлап: «Ешқандай да Мұңлық емеспін?!» – деп жыладым. «Бала ғой, жылар да қояр» демей, ерінбестен сөздің мәнін түсіндірдіңіз. Ол Мұңлыққа еш қатысы жоғын естіп барып уанғанмын сонда. Сіз айтқан «Мұңлықтың» мағынасын кейін… Өз алдыма отбасын құрғанда түсіндім. Сөйтсем, қыз баланың жат жұрттығын ойлап, мұңаяды екенсіз ғой, әкешім?!.
«Өмір есе қайтарудан тұрмайды»
Сая ҚАСЫМБЕК
Маңдайымызға жел тигізбей жеткіздіңіз. Бала күнімде еркелікпен тентектік жасаған кезім көп болды. Қандай да бір бұзықтық жасасам, қорғанды өзіңнен табатыныма сенімді болдым. Бүгінде өзім немере сүйген әжемін. Бірақ ылғи өзіңізді сағынамын. «Дұғадан ізде» дейді ғой. Дұғамды өзіңізге бағыштап отырып іздеймін…
Мейірімді түйме көздерді… Бұзықтығыма мұртынан мырс ететін күлкіңізді… Шектен асып бара жатсам: «Қалқа, менің қызыма бұндай іс жарамас», – деп басыңызды шайқайтын шақтарды… Сағына іздеймін.
Әрдайым қолдаушым өзіңіз болдыңыз. Есіңізде ме, мектепке баратындарға қызығып, алғаш рет бес жасымда әпкеме еріп мектепке барғаным… Апам жібергісі келмесе де: «Бара берсін… Шаршаған күні өзі-ақ қояр», – деп мектепке деген құштарлығымды сіз қолдадыңыз.
Бәрі сіз айтқандай болып, ай өткенде шаршап, мектеппен қоштастым. Келесі жылы қайтадан оқу ошағына барғым келетінін айтқанымда, тағы да қолдаушым өзіңіз болдыңыз. Ауыл ортасындағы жалғыз дүкенге ертіп барып: «Қалқа, қалағаныңды таңда!..» – дедіңіз. Көзім бойыммен бірдей әдемі сөмкеге түсті. Таңдауымды табанда сатып әпердіңіз. Әрине, ол қуанышым ұзаққа бармай, әпкем тартып алды. Алайда Сіз бетімді қайтармадыңыз. 1 қыркүйек күні апама мектеп формасын алдыртып, күміс қоңырау шылдырлайтын білім күнінде қолымнан жетелеп, мектеп қабырғасына алып бардыңыз.
Директор ағайға өтініш айтып, алты жасымда мектепке қабылдатып, білімге деген ықыласыма қанат бітірдіңіз. Әрдайым сізден қолдау табатыныма сендірдіңіз. Бала үшін әке қорғаны – асқар таудай екенін іспен дәлелдедіңіз. Балалық шалалығыма әрдайым кешіріммен қарай отырып, санама әсер ететін ақылды сөзді баласынбай айтқаныңызға осы күні таң қаламын. Бірде, құрдасыңыз боп келетін бір кісінің жасаған жамандығын кешірдіңіз. Оп-оңай кешіргеніңізге таң қалып, неге есе қайтармайтыныңызды талап ете сұрағанымда: «Қалқа, өмір есе қайтарудан тұрмайды. Есе қайтарамын деп жүріп, жүректегі иманыңды өмірдің қалтарысында түсіріп алуың мүмкін. Әрдайым бір «жарайдың» болсын. Өштесудің ақыры өкінішке тірейді», – деп жауап бердіңіз. Сол сәтте мен небәрі сегіз жаста едім.
«Сегіз жасар бала не түсінер?..» демедіңіз. Ересек адам әрең сіңіретін парасатты сөзді қидыңыз. Түсінеді деген оймен маған сендіңіз. Бүгінгі жаһанданған қоғамдағы біз, сегіз жастағы балаға соншалық пайымды сөзді айтамыз ба… Әй, қайдам?.. Өзім сізден алған өнегемді өз ұрпағыма көрсетуім керектігін Сіз арқылы ұқтым.
«Сол тауықты неге ұрладым?» деп ұялдым
Тауық ұрлағаным есіңізде ме?.. Апамның денсаулығына мал еті зиян болуы мүмкін деген соң, жүз күркетауық, екі жүз тауық асырадық. Баламын… Мал күтімінің салмағы үйде сіз жоқта маған түсетін. Қорадағы малға тауық қосылып кетіп, соларды бөліп жүріп шаршайтынмын. Бала кезде «ерлік жасауға», өзгеден ерекшеленуге деген ынтызарлық болатыны белгілі ғой.
Бірде ауылдас достарыммен бірге балалықпен көршінің қорасынан тауық ұрластым. «Кісі ақысын жеуге болмайдыны» сізден құлағыма құйып алған басым, «обал болады» деген оймен, бір тауықтың орнына үйден үш тауық апарып қостым. Достарыммен қыр асып, ұрланған тауықты отқа қақтап жеп, мәз боп қайттым.
Кешкісін көрші апа келіп, қорасынан бір тауығы жоғалып, орнына үш бірдей тауықтың пайда болғанын таңдана жеткізіп: «Сендердің тауықтарың емес пе, барып көріңдерші?..» – деп өтініш айтты. Сіз барып көрдіңіз. Тауықтарды бірден танитыныңызды біліп, қысылған жанымды қоярға жер таппай тыпыршып, сізбен бірге ере бардым. Тауықтарды бірден таныдыңыз. Бірақ сыр берместен, біздікі еместігін, ұрланған бір тауығының орнына Құдай үш бірдей тауықты разылыққа қосқанын айттыңыз да, көршінің көңілін жайландырдыңыз.
Үйге келген соң, апама да тауықтардың «біздікі емес» екенін емеурінмен жеткіздіңіз. Жаныңызға шақырып: «Қалқа, ұрлыққа қол созу – дүниедегі ең жаман қасиет. Аштан өліп бара жатсаң да ұрлық жасама», – дегеніңізде, бұрын-соңды ұрлық жасап көрмеген басым, достарымның азғырғанына көніп қалғанымды айтып еңіредім. Ұрыспастан тыңдадыңыз. Жылап болғанымда: «Қалқа, ұрлаған бір тауықтың орнына – қорадағы үш тауықты қосқаның адамгершілігіңнің, ұятыңның жоғалмағаны. Бірақ ол үш тауық та – менің маңдай теріммен келген тауықтар. Ендігәрі қайталамайтын бол!» – деп маңдайымнан жәймен сипадыңыз. Сіздің мейірімге толы ескертпе сөзіңізді естігеннен гөрі, апамнан таяқ жегенім мың есе артық еді деп, кірерге тесік таппай қиналдым.
«Ешқашан сарыуайымға салынба»
Әке, «адамның бәрі бір-біріне бауыр болу үшін жаралған» дегенді жиі айтатынсыз. Сондықтан болар, ауылда тұратындардың бәрі туысымыз деп ойлап өстім. Ауылда күрделі мәселе бола қалса, бәрі сізге келетін. Алыс-жақынға бөлмей, бірдей қолұшын созатынсыз. Әсіресе, ауылдағылар «қысырақ апа» атап кеткен апаның сіздің аяғыңызды құша рақметін жаудырғаны, қуаныштан жылағаны әлі көз алдымда.
Қысырақ апа шын мәнінде ешкімге қосылмай, ауылдағылардан жырақ жүретін. Ораза кезі болатын. Әдеттегідей Оразаның алғашқы ауызашарын біздің үй атқарды. Апам екеуіңіздің көл-көсір дастарханыңыздан ауыл-үй түгел тояттанды. Батасын беріп тараған ауылдастардың қолдарына апам екеуіңіз сәре сыбағасынан бөлек, бір-бір қауын-қарбызды ұстатып жібердіңіздер.
Таңғы шай үстінде апамның: «Қысырақ апа қолы қысқа болған соң ауызашар бере алмай, көпке қосыла алмай жүр-ау деймін. Қорадағы қойды босағасына апарып сойып, ауызашардың дастарханын ауыл-үй жабыла көтерсек қайтеді?..» – деген ұсынысын бірден қолдадыңыз. Қорадағы қазақы ісек қойды қысырақ апаның үйіне жетелеп алып барып, босағасында дұға жасап алып құрбандыққа шалдыңыз. Терісін жәй сыпыра салмай, бабына келтіре үйіттіңіз. Әдемі үйітілген нән ісекті қазанға түгелімен астырдыңыз. Солай, саяқ жүретін апаның қазанында ет қайнады. Апам бастап ауылдағы әйелдер көл-көсір дастархан жайды. Дастарханның үсті ауылдастардың әрқайсы әкелген асқа толды. Не деген керемет ауызашар өтті десеңізші?!.
Аяғы апамдардың көңілді әніне ұласты. Жиылғандар көңілді басқосуды қимай, түн ортасы ауғанша әндетті. Көпшілік тарқағанда қысырақ апа сіз бен апамды оңаша алып қалып, рақметін жаудырып жылағанда Сіз, масаттанудың орнына, қатты қысылдыңыз. Қолы қысқалығына жаны қаяу боп жүрген жанды қарапайым қадамыңызбен бақытқа бөледіңіз. Жетіспеушілік деген жарадан мүйізденген жүрегіне бір шөкім мейіріммен шипа сыйлап, жабырқаған көңілін жадыраттыңыз. Өйткені Сіз, жасаған жақсылығын міндетсінбейтіндердің қатарынан едіңіз.
Шежірені біреу айту керек болса – Сіз айтыңыз!.. «Сонау бір өткен заманда, пәленше деген байға, түгенше деген шешен былай депті…» деп басталатын шежіреңізді құлағыма құйып өскенім, шығармашылық өміріме тікелей ықпал етті. Сізден естіген ғажайып оқиғалар қолыма қалам ұстатты. Драматург болдым.
Алғашқы пьесам сахналанған премьерама келгендегі разы болған кейпіңіз мен үшін тіршілігімнің ең бағалы сәті болды. Сахнаға өзіңізді құрметтеп шақыратынмын. Мұртыңыздан жымиып сахнаға шығып, көрерменнің шапалақ ұрған құрметінен көзіңізге жас тола толқитынсыз.
Көрермендерге қарап, сөзді бастар алдын микрафонға жақындап тұрып: «Қарақтарым, мен мынау, алдарыңызда тұрған драматургтың әкесі боламын!..» – деп марқайған жүзіңіз мен үшін әке алдында өтеген бір борышымдай қуантатын. Премьераларымнан қалмай келіп, осы сөзді қайталап айтқан кездердегі бейнеңіз көз алдымда. Сол мүмкіндікті сыйлаған Жаратқанға сансыз ризалығымды білдіремін.
Торыққан сәттерімде тіреуім Өзіңіз болдыңыз, әке! «Қалқа, өмір деген кіл беттен сүйіп, маңдайыңнан сипайтын әкең емес. Қайрандата жағаға лақтырып тастайтын сәті болады. Ауа таппай қарманамын деп қателікке жол беруші болма. Қара бұлт төбеңді торлай бастаған сәтте қолыңа айбалтаны ал да, тамырымен қоса шауып-шауып таста! Ешқашан сары уайымның созылмалы торына түспе!..» – деген сөзіңіз – өмірлік ұстанымыма айналды.
«Жақсылықты кісіге есеппен жасама. Жасаған жақсылығыңның жауабын күтпе. Одан қайтпаса, Алла шебер… Күтпеген жерден көлденең бейтаныстан қайтарымын аласың. Жақсылық жаса. Жақсылық жасау қолыңнан келмесе – тым құрығанда жамандық жамасаң, Құдайға сол да жеткілікті», – дейтінсіз.
Әлі есімде… Ауылда мінезі жайсыз кісі болды. Сегіз ұлының да мінезі әкесіне ұқсап, күллі ауылдың мазасын алатын. Бірде, мереке кезінде әлгі кісі қызулау боп келіп: «Сенің жалғыз ғана ұлың бар. Менің сегіз бірдей ұлым бар…» – деп мақтанғанда, алғашында үнсіз қалдыңыз.
Сәлден соң: «Е, досым-ай, ұрпағың мол болсын. Тек, «Еккенің тікен болса – орарың балауса болмас», – деумен ғана шектелдіңіз. Кейін сол сегізінің басы қосылмайтын дүрдараз отбасыға айналғанын көргенде, «тікен мен балаусаның» не үшін айтылғанының парқын ұқтым. «Өзіңде бармен өзгенің жанын ауыртуға болмайтынын» қарапайым сөзбен жеткізген Сіздің парасатыңызды өзіме өнеге етіп, санамның бір түкпіріне ілдім. Әлі күнге сол ілгенімді ұмытпаймын, әке.
Театрға келген сайын жылайтынсыз
Драматургияға алғаш қалам тартқан кезім болатын. Кейін театр төрінде сахналанған «Жанталас» деген пьесамды жазып отырғанымда үйіме келдіңіз. «Әсері қалай болар екен?» деген оймен, Хан Кене мен қырғыздың Жалаңтөс батырының айтыс сахнасын оқып бердім.
Таңдай қаға тыңдап, шоқша сақалыңызды сипап: «Ой, азамат?! Дұрыс ой?! Қырғыздың сөзі – сөз-ақ?! Хан Кене де қайтсін-ай?!» – деп, тұшына қосылып қойып, рахаттана тыңдадыңыз. Оқып біткенімде ұзақ үнсіз отырып барып: «Әй, анаңнан айналайын сені туған, Мұхтарым-ай?!» дедіңіз. Мен: «Қай Мұхтарды айтасыз?» – деп сұрадым. Сіз болсаңыз: «Қайсы болсын, мынаны қатырып жазған Әуезов Мұхтарды айтамын да?!» – деп тамсана түстіңіз. Мен: «Ешқандай Әуезов емес, бұны жазған Қасымбек деген қара шалдың Сая деген қара қызы», – дегенімде: «Қой, қалқа, олай деме?.. Құрып кетесің», – деп, зәреңіз қалмады.
Сонау бәлшебек кезеңінде «бай-құлақтың ұрпағы» боп, қуғын-сүргіннен зәрезап болған жүрегіңіз, менің басыма қатер төнердей сескеніп қалғанын сездім. Қызыңыздың жазғанына көзіңіз жеткенде: «Қалқа-ау, тұқымымызда жазушы жоқ еді, сен қайдан шықтың?!» – деп, қуаныштан жылап жібердіңіз.
Кейін, талай премьераларыма келген сайын қуаныштан жылайтынсыз. Әке, Сіз маған ешқашан, ештеңені еркімнен тыс үйретуге тырыспадыңыз. Әрдайым өнегеңіз өздігінен туындайтын қымбат сәттермен жадымда сақталатын.
«Шаңырағым кішкене мешітке айналса деп тіледім»
Ең алғашқы ауызашар біздің үйден басталатын. Қалған жиырма тоғыз күннің тарауых намазы ауызашар үйде оқылмай, әрдайым біздің үйде оқылатын. Ауызашар аяқталуға жақындап қалған сәттен бастап апам үйдегі он литрлік екі самаурынға от тұтата бастайды. Қонаққа арналған үлкен бөлменің бұрышында бетін орамалмен жапқан өрік-мейіз салынған табалар қаланып тұрады. Ауызашарға жиылған қарияларды ертіп Сіз келесіз. Алдымен тарауых намаз оқылып, соңы шайға ауысады. Оразадан тамыры қаңсыған қариялар мұсылмандық міндетін атқарып болып, рахаттана шай сораптауға көшеді.
Көңілді шай ішудің аяғы сан-қилы шежірені тамсана айтуға ұласады. Түн жарымына ауғанда қауқылдаса ризалығын білдірген қариялар тарқайды. Бірде: «Тарауыхты неге ауызашар берген үйде оқымайды? Бір ай бойы біздің үйдің жайнамазы мен дастарханы жиналмайды…» – деп, күнде шай жасағаннан ығырым шығып, жастық жалынмен наразылығымды білдірдім.
Жауапқа асықпадыңыз. Әлде, ашуланып қалмас үшін сабырыңызды шақырдыңыз ба екен?.. «Қалқа, Алладан ораза айында үйімде жамағат жиылып намаз оқыса, шаңырағым жердегі қарапайым мешітке айналса деп тілек тілеумен келемін. Әр мұсылманның маңдайы сәждеге тиген сайын екі иығындағы періштелер қуаныш пен бақыт нұрын желпіп тұрады. Бірі болмаса, бірінің шапағаты сендерге тисе деп тілеймін. Дұға тіленіп жатқанда, қос алақанға әлем сияды. Шапағаты күннің нұрындай шашырайды. Сәулесі соңымдағы ұрпағыма тисе екен деп үміттенемін. Отыз күн бойы мұсылманға шай беруге мүмкіндік жасаған Тәңірге табынамын. Есігі ашылмай қалған қаншама мұсылман бар? Осы мүмкіндікті сыйлаған Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын», – деген жауабыңыз, жүрегімде сақтаулы.
Дүниедегі ең ерекше қадыр түні еді…
Қарапайым ғақлиясымен жадымда сақталатындай оқиғаның бірі Қадыр түні болатын. Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейінгі ауылда өткізген балалық шағым мен қалада өткізген жастық шағымда «Қадыр түнін күту» дегенді білмей өстік. Себебі ол кезеңім кеңестік «Құдай жоқ…» деген атеизм идеологиясына тұспа-тұс келді.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дінге қарсылық тоқтап, қолдау көрсетіле бастаған болатын. Ел арасында Қадыр түнін күту дәстүрі етек жайды. Ең алғашқы Қадыр түнін апам екеуіңізбен бірге күткім келіп, үйге бардым. Қадыр түні жайлы өзіңізден сұрағанымда, әдеттегіше ойланып отырып барып асықпастан сөз бастадыңыз.
«Қалқа, Қыдыр атаны күткенге бір түн арнау – дінге, мұсылмандыққа деген құрметтен туындаған болар деп топшылаймын. Ақиқатында, мұсылман үшін әр түн, әр сәт – сынақ. Қыдыр ата сенің иманыңды кірпігіңнің арасынан бақылап, жүрегіңдегі иманды тәулік бойы қалт жібермей бағамдап тұрады.
Егер сен, әр күніңе есеп беруді әдетке айналдырсаң, жақсы мен жаман қылығыңның парқын білетін боласың. Иманың бір ғана түнде емес, әр сәтіңде таразыда тартылып тұратынын ұғасың. Қайырымың қанша болса, Қыдыр атаны жолымда соншама рет кездестірдім деп сана. Өйткені қол жайғанның бәрінің бірдей алақанында имандылық тұрмайды. Қыдыр ата адамдардың жүрегінен иман іздейді. Күні бойғы ауыр жұмыстан иманды пенденің Қадыр түнін күтуге мұршасы келмей, сілейіп ұйықтап жатса да көреді. Аттап кетпейді. Имансыз жан кірпік ілмей күзетсе де маңайын баспайды. Қалқа, иман таразың ауып кетпесін деп тіле…» – деген болатынсыз сонда.
Сол түні апам екеуіңіздің бөлмеңізде, апам басқан текеметтің үстінде ұйықтадым. Түн жарымында апам оянды. Сізді оятып, көрген түсін айтты. Апамды мұқият тыңдап алып, әдемілеп жорыдыңыз. Жоруыңыз тура кино көргендей әсер етсе де, үнсіз жаттым. «Шал-ау, қандай әдемі жорыдың, ә?» – деп тапсанған апам, көңілі жайланып, ұйқысына қайта кірісті.
Сәлден соң, қалың ұйқыдағы апамды ояту кезегі сізге тиді. Көрген түсіңізді айтып бердіңіз. Апам түсіңізді ерекше ықыласпен шабыттана жорып шықты. Бұл жолы әдемі жорылған түсіңізге сіз тамсандыңыз. Ұйқы қысқан көзім бір ашылып, бір жұмылып, екеуіңіздің түс жорығаныңызды үнсіз тыңдап мен жаттым. Екеуіңіз де көңілдеріңіз жайланып, қалың ұйқының көрпесін қайыра жамылдыңыздар. Екеуіңіздің алаңсыз пысылыңызды естіп, менің жаным жайланды. Ғұмырымдағы ең ғажайып Қадыр түнім сол – екеуіңіз кезекпен түс жорыған Қадыр түні екен!..
Сіздің ажалды күтіп алғаныңыз да ешкімге ұқсамайтын дастан… Шипасы жоқ дертке ұшырағаныңызда жанұшырып ем іздеп, ота жасатқым келді. «Аз жасаған жоқпын. Пышаққа түсіп қиналғанша, Алланың сыйын күтіп алайын. Құдай сендердің алдарыңда алсын, жасатпаймын!..» – деп, көнбедіңіз.
Келместің керуені жақындағанын сезгенде, менімен оңаша сөйлестіңіз. «Қалқа, Ақ Сұлтанның қарсы бетіндегі қалың қорымға апарып жерле (Әзірет Сұлтан. Қожа Ахмет Яссауді айтады). Қасыма өмірсерігім болған шешеңе де бір орын алып, бір қоршауда жататындай ет. Бес мезгіл намазға азан шақырылғанын естіп жатайын. Көзімнің тірісінде осы соңғы өтінішімді орында, күтемін…» – дедіңіз.
Парасатты әкенің пайымды өтінішін түсіндім. Түркістан әкіміне кіріп өтінішімді білдірдім. Айтқан қорымыңыздан орын алғаным жайлы құжатты әкеп көрсеткенімде, құжатты әлсіз қолыңызбен ұстап, діріл қаққан үніңізбен «Шүкір», – деп, кеудеңізге басып, көзіңізді жәймен жұмдыңыз.
Жұмулы көзіңізден аққан жас жастығыңызға тамып жатты. Бұл жас – ажалдан қорыққанның әлсіз жасы емес, мәңгілік ғұмырда да кәміл мұсылманмен бірге болатынына деген қуаныштың жасы еді.
Соңғы қоштасар сәтім де өзгеше болды. Үй оңаша болатын. Қасыңызда өзімше көңіліңізді аулап, сүйікті тақырыбыңыз Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері жайлы айтып отырдым. Сіздің кенже сіңлім Раяны тізеңізге отырғызып алып «Ху-ху, ху Алла…» деп салатын зікіріңіздің «Яссауи қасіреті» деп аталатын пьесамның сюжеттік арқауына айналғанын әңгімеледік. Премьерама қатысқан кездегі қуанышыңызды еске түсіріп, көзіңізге жас алдыңыз. Яссауи арқылы Аллаға деген махаббатыңызды сол жолы терең түсіндім.
«Қалқа, дәм-тұзым таусылатын сәт келді. Не дайындығың бар?» – деп сұрадыңыз бір сәтте. Үстіңізге жабатын қалы кілемнен бастап, нән өгізшеге қосып бірнеше қойды баптап жатқанымды… Дастарханға қажеттіні түгел дайындап, жыртысына дейін түгендегенімді, дәстүрлі үш ата мен молдаға беретін шапаныма дейін дайындап қойғанымды айтып, толық есебімді бердім.
Көңіліңіз толқып, қолымды әлсіз қысқаныңызда, көзіңізден ащы жасыңыз ыршып түсті. Мен жыламадым. Қаттылықтан емес, сізді өлімге қимағандықтан. Әлі де болса, алдымда асқар тауым боп жүресіз ғой деген үміттен жыламадым.
«Қалқа, тек теңге таратпа. Қолына теңге түскен қулардың жаназадан шыға салып арақ ішкендерін көріп жүрмін. Маған ауыр тиеді. Қалқа, әкем өлді екен деп жылап-еңіреме. Сексеннен асқан да бар, аспаған да бар. Жаназа дастарханымды той ғып атқар. Артымда қалған сендер аман болыңдар», – деп, соңғы өтінішіңізді айттыңыз.
Екеуміз осылайша бақылдастық. Өтінішіңізді толығымен орындадым. Бүгінде Түркістандағы Әзірет Сұлтанға қарама-қарсы қалың қорымда өмірсерігіңіз апаммен бірге бір қоршауда томпиып жатырсыз. Әрдайым басыңызға барып дұға еткенімде жылаудың орнына, тапқырлығыңызға риза боп: «Қара шал, Әзірет Сұлтаныңа бес мезгіл барып, кемпіріңізбен бірге намаз оқып жүрсіз бе?!» – деп, күліп аламын.
Өмірдегі ұстанымыңызбен бірге – өлімнің өзін пәлсапаға айналдырып, «Тіршілік» керуенінен лайықты көше білудің өнегесін осылайша көрсетіп кеттіңіз, әке!
Мектепте оқып жүргенімде апамның тігін тігіп отырып: «Әкем-ай, әкем?!.» – деп айқайлап жылап жібергенін көргенде «өліп қалған кәрі әкесіне несіне жылап отыр?» деп ойлаған бала көңіліме осы күні ұяламын. Әкеге деген сағыныш жасқа қарамайтынын кейін ұқтым. Бүгінде апамның сол сәттегі жасынан астым. Өзім әже болсам да, Сізді сағынамын, Әке!..
ПІКІРЛЕР1