БАСПАСӨЗ БАЯНЫ
21.05.2021
1036
0

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында, және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан 15 наурыз күні басталған халықаралық онлайн-байқауға өтініш қабылдау 15 мамыр күні тоқтатылып, өз мәресіне жетті. Барлық қатысушылардың бейнежазбалары филармонияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды.

19 мамыр күні байқаудың қазылар алқасы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры А.Абдуалиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Б.Оспанова және Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің директоры С.Жамбылова байқауға қатысқан бабалардың өнерін бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

Үш түрлі жас санаты бойынша іріктелген үміткерлердің арасында оза шыққан оқушылар Дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Топ жарған жасөспірімдер келешекте Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында өтетін Гала концертіне қатысады деп жоспарлануда.

Атап айтқанда, ұтыс сыйлықтарына домбыра, кеңселік органайзерлер мен қойындәптерлер, сонымен қатар, әріптестік қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұжымы атынан он төрт балаға «Арнайы сыйлық», әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаларының лүпіл санына орай бес балаға құнды кітаптар қорын табыстады.     

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры С.Нұрмолдаев: «Талабы бір-бірінен асып түсетін балалардың онлайн-байқауға қатысуға деген құлшынысының  артуы біздерді қатты қуантып отыр. Себебі, қоғамның және жастардың Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына деген ынтасын оятып, қызығушылығын арттыру, жыр алыбының баға жетпес ұлттық мұрасы арқылы халықтың рухани деңгейін дамыту бұл байқаудың басты мақсаты болып табылады».   

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы осы онлайн-байқау арқылы жасөспірімдердің бойындағы патриотизмді, рухани-адамгершілік үйлесімділікті дамытуды, жаңа технологиялардың көмегімен жастардың көркемдік талғамын тәрбиелеуді, кәсіби дәстүрлі музыка әлеміне және көркемсөз өнеріне баулуды және жас өнер өкілдерінің қалыптасуы мен дамуына ықпал етіп, олардың шығармашылық әлеуетін іс жүзінде іске асыруға жәрдем беруді, сонымен қатар, Халықаралық еңбек нарығында болашақ өнер өкілдері мен дарынды орындаушылардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді, әр елдердегі мәдени-ағарту мекемелері мен жастарға білім беретін ұжымдардың өзара ара-қатынасын әрі тәжірибе алмасуын ұйымдастырып, келешекте бірлескен шығармашылық жұмыстар жасауына ықпал етуді көздеп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен аталған іс-шараны жоғары деңгейінде өткізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір