Жанболат Құрман. Туыпты ғажап Тұранның күні…
Менің күнім
Менің күнім – тым ерекше, шуақты,
Шуағынан табам ғажап қуатты.
Жібереді маужыратып, балқытып,
Анашымның алақаны сыяқты.
Менің күнім тек өзіме тәуелді,
Ол барында қаратамын әлемді.
Сыйламаса ғажап күнді мендегі,
Патшаға да бере алмаспын сәлемді!
Менің күнім – боз жусанды боз далам, –
Ғасырлардың қатпарында тозбаған.
Менің күнім – арыстар мен ерлерім,
Ерлігімен ел намысын қорғаған.
Менің күнім – аңқылдаған Алашым,
Алашыммен табам мәңгі жарасым.
Қазағымның аламанын алам деп,
Болаттадым тұлпарымның тағасын.
* * *
Тұла бойым – сен білмейтін тұңғиық,
Жетіп жатыр ғарыш аттар құндылық.
Көз көретін айғай салым өрімде
Төңкерілер төрт түлігім мыңғырып.
Тұлабойым – толықсыған сұлулық,
Күллі өмірге таратады жылулық.
Сол үшін де нұр шашады жанарым,
Ешкімге де қарамаймын күмілжіп.
Тұла бойым дархандыққа тұнады,
Тектілердің темірқазық тұрағы.
Сарқылмайтын жақсылықтың бұлағы, –
Бейбіт өмір – берекенің жұмағы.
Құлпыру
Көк тұманға тұла бойым тұншығып,
Жүрдім қанша жарық күнге құлшынып…
Тәңір қолдап, сансыз көздің құрты боп
Шыға келдім қараңғыдан құлпырып.
Енді менің үнім басқа, жол – қасқа,
Сарай салам алтындаған тозбасқа.
Әлі-ақ менің айым туып солымнан,
Нұрын төгер күнім күліп оң жақта.
Бесігім
Бесіктің жыры – құранның жыры,
Оны естіген болмайды қыранның мұңы.
Тербеткенде бесікті анам әлдимен,
Туыпты ғажап Тұранның күні.
Түраным содан айналып нұрға,
Сапар шегіпті мәңгілік жылға.
Ананың әсем әлдиін тыңдап,
Айналар сәби айбынды ұлға.
* * *
Мен – қазақтың жанарының нұрымын,
Желбіреген алтын айдар тұлымым.
Көк туымды көрсетеді биіктен,
Көктүрігім – қадап кеткен тұғырым.
Сынатпаймын тұлпарымның шабысын,
Шабысымнан әлем мені танысын.
Досым болсаң, алдыменен киелі –
Үйреніп ал домбыраның қағысын.
Мен және әлем
мен әлемді, әлем мені жырлайды,
Екі әлемде – бір қуаныш, бір қайғы.
Мені қойшы, әлемімнің әуені,
Ай мен күннің періштесін ұрлайды.
Мен өзімді әлеміме арнадым,
Онсыз болмас қауырсындай салмағым.
Аспаны бар, орман-тоғай, көлі бар,
Керек болса, өзің көргін ар жағын!
Заңғар биік әлемімнің таулары,
Өлшемедім қанша екенін аумағы…
Асылзада, қыдырады арулар,
Ұжымақтың өзі дерсің – бау-бағы.
Түсінгенге жұмбағы жоқ әлемім,
Жетіп жатыр түзу болса, сәлемің.
Шығарсаң да әлемімнің әлегін,
Қалдыра гөр тек өзіме дәнегін!
Бір ұғым
Қазақ – Алаш, Алаш – қазақ, бір ұғым,
Ол тұрғанда лайланбайды тұнығым.
Бір ұғымның құдіретімен киелі,
Түрегелді Тұран түзеп тұғырын.
Алаш – қазақ, ажырамас бір ұғым,
Жеті қырға жеткізетін құрығын.
Бір ұғымның қасиеті тамызды –
Таңдайыма бар байлықтың шырынын.
Қазақ – Алаш, Алаш – қазақ, текті ұғым,
Ол барында елгезекпін, естімін.
Ол барында бақыттымын, батырмын,
Өзегімді өртемейді өксігім!
Төбе
дауыс кетті, тек сыбырлап айтамын,
Әдіре қалды адуынды айқайым.
Менен неге алыстады, білмеймін,
Табан асты тап беретін сайтаным.
Мен туралы қаңқулар да көбейді,
Қаңқу менің тоқтата алмас кемемді.
Баратұғын барлығына байыппен,
Мүмкін менің кезім болар кемелді.
Артты білем, менің текті тереңім,
Тереңімнен табылады керегің.
Ұрпағымның қуанышын көбейтсін,
Отырғаным төбесінде төбенің.
Ақиқат
Іздеп жүріп ақиқаттың сорабын,
Бірде ысып, бірде қатты тоңамын.
Кетпесін деп күресінге айналып,
Аршып жүрем кісіліктің тоғанын.
Тапқанымда ақиқаттың ауылын, –
Жүрегіме түсіремін жарығын.
Қуанғаннан, сағым түсіп санама,
Нұрланады алпыс екі тамырым.
Өршіл рухым түлеп, қайта жаңғырып,
Қастарымды тұрады естен таңдырып.
Өзімнің тек ақиқатым тұрғанда,
Күй ойнайды кеудемде бір мәңгілік…