…Қысқы найзағай
Менің шығармашылығыма баса ден қойған ақындарым – Мақан Баймурзин мен Аманғазы Кәріпжанәулеті болды. Мақан ақынның өзгелерден ерекшелігі – ол кісінің әмбебап, жан-жақты, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі екендігі. Жомарт табиғат бір адамның бойына бар өнерді жиып-теріп төге салған ғой. Ол – тоғыз түрлі аспапта ойнап, сахараны күңіренткен әнші, сазгер, суырыпсалма айтыскер ақын, қазақ жазба әдебиетінің әрбір жанрында өзіндік ізін қалдырған тұлға. Сондай-ақ, ол режиссер, драматург, сықақшы, тіпті ол аз десең, суретші, тігінші, т.с.с. Бұның бәрі, әрине, басқа әңгіменің ұштығы. Ал Аманғазы ақынның шығармашылығы бір тақырыпты жеріне жеткізе суреттеуімен бөлекшеленеді. Бүкіл шығармашылығының бітім-болмысы тәуелсіздік тақырыбымен өріліп, тұла бойынан қазақы рух, ұлттық идея аңқиды. Ақынның өзі тұрғанда оның өмірінде, санасында, бүкіл жадында жаңғырып тұратын Желтоқсан оқиғасы жайлы керемет сөз айтамыз деу артық болар. Тек – Аманғазы Кәріпжанәулетінің шығармашылығы сол кезеңнің айқын көрінісі екендігі. Қазіргі тілмен айтар болсақ, ақын шығармашылығы Желтоқсан оқиғасының аудио-бейне жазбасы, фотосуреттері тәріздес. Жазушы қаламынан туындаған «Желтоқсан жыры», «Желтоқсан сүргіні» атты кітаптары соның дәлелі.
Ақын жырларымен етене таныса келсек, оның бүкіл өлеңдерінен Желтоқсан оқиғасының мақсаты, жастардың алаңға шығу себебі, оның нәтиже, салдарлары көз алдыңа жанды сурет болып елес береді. «Азаттық маршынан» ақынның намысты ту еткен шынайы жанайқайын естиміз.
Қазақтың жері үшін, тілі үшін,
Бабаның арқалап ұлы ісін.
Көзіңе жас алып,
Барасың, бас, анық!
Жарқырат намыстың қылышын!
Атқа мін, ұлы елдің баласы!
Жойылсын тарихтың наласы!
Келіңдер алаңға,
Еріңдер жол алда,
Қалғыма, қазақтың даласы!
Ақынның «Тоналған дүкен», «Алаңдағы өрт», «Аударылған трамвай» сияқты өлеңдері аталған тақырыпты аша түскен. Шындығында, Желтоқсан тақырыбына қатысты жайлардың Аманғазы ақын шығармашылығынан қағыс қалғаны жоқ-ау… Тіпті, Желтоқсанның нақты құрбандары мен өз-өздеріне желтоқсаншылармыз деген ат жамылып жүргендердің де шынайы болмысы әшкереленген. «Біз білетін құрбандар!», «Қайрат кім?», «Ләззаттың басына барғанда», «Ердің бірі» атты өлеңдерінде нағыз боздақтардың есімін ерекше үнмен еске алса, «Желтоқсандық екіжүзділер» өлеңінде өзін-өзі өтірік насихаттаушыларды аяусыз масқаралайды:
Жанғаны аздай тарихтың ақ парағы,
Жалған сыбыс намысты отқа орады.
Екеу едік журфактан қудаланған,
Бара-бара бірнешеу боп барады.
Өзді-өзімен соғысқан бұзақы да,
Емтиханның екілік сызаты да,
Желтоқсан мен қаңтарда қуылдық деп,
Еніп жатыр ерліктің құжатына.
Кез келген ақын-жазушының қаламына арқау болар тақырып оның дүниетанымдық негізінен бастау алып, рухани болмысынан нәр алатыны белгілі. Сол өзінің танымдық жүйесінен нық орын алған тақырыпты жыр жолдарында өрнектейді. Қаламгер шығармашылығы оның өмірлік ұстанымының, ақындық позициясының көрінісі. Аманғазы шығармашылығының бүкіл болмысы осыны дәлелдейді.
Ақын «Желтоқсан сүргіні» атты кітабында сол Желтоқсан көтерілісіне қатысқандықтан қуғын-сүргін көріп, оның зардабын тартқан бірнеше адамның естелік әңгімелерін құрастырған, олардан сұхбат алған, оларға жыр жолдарын арнаған. Бұндағы айтылған жан түршігерлік оқиғалар, адам басына келген нәубет күндер оқырманды тебірентпей қоймайды. Сан адамның сергелдеңге түскен сәттері суреттелген кітаптың тілі де, ондағы оқиғалар да тартымды. Әр адамның естелігі Желтоқсан оқиғасына қатысты бір-бір шындық оқиғаның көрінісі. Мәселен, Тоқтар Әжіғұловтың «Оқиға алдындағы үш күнде Алматыдағы ауа-райы сұмдық мінез танытты. Ақ қар, көк мұзда күн күркіреп, найзағай жарқылдап, қар ақ жауындай ағыл-тегіл жауып, дүниенің астаң-кестеңі шықты. Қысқы жасын, қысқы найзағай… Ұлы Отан соғысы алдында «күн ұзақ тұтылды» дейтін…». Тосын мінез танытқан табиғаттың тылсым күшіне таңқаласың. Расылхан Құдайбергеновтің естелігін оқи отырып, ер басына күн туған шақта қасында демеу болар жандардың табылғаны көңіл қуантады. Кітаптағы осындай оқиғалар Желтоқсан кейіпкерлерінің өз ауыздарымен айтылғандықтан да құнды, бағалы.
Кезінде Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін оқудан шығарылып, комсомол қатарынан қуылған Аманғазы ақын өлеңдерінің бірінде:
Мені ешқашан ақтамас,
Сөніп қалсам жоқтамас, – деген жыр жолдары кездеседі. Алайда, ақын есімі ақталды. Оның өмірі мен шығармашылығына жасалған ақтаңдақ беттер аяқталып, енді тек шығармашылық өрлеу ғана күтіп тұрғаны анық.
Гүлнар Апеева,
филология ғылымдарының кандидаты.
Орталық Азия университеті.