Арманы аласармаған тұлға
12.05.2021
697
0

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


 

«Уәде – Құдай аты…»

«Уәде берме, бердің бе, орында», – дейтін тоқсанның жетеуіне келіп, менің жиырма жасымда өмірден озған бабам Өмір қария.

Баба деуімнің себебі бар. Өйткені жүз жасаған абыз қарияның үлкен ұлы, әкесінің жарты жасына да келмей, Ұлы Соғыстан бір аяғын жауға беріп, елге аман оралған ұлы Оразалы (менің атам) 1945 жылдың суық күзінде мына жарық жалғанмен қоштасыпты… Сондықтан Өмір қарияны мен «ата» дейтінмін.

Ол кісі жылы жымиып:  

– Баба» деп айт, – дейтін сөзімді түзетіп.

Мен:

– Неге? – деп сұрайтынмын.

– Сенің атаң – Оразалы! Менің ұлым… Жарығым Оразалы тым ерте кетіп қалды ғой… Әйтпесе, мына сендердің кекілдеріңнен сыйпап отырмас па еді? Ата болып… – деп ауыр күрсінетін. Күрсінетін де әріден сөз қозғап, әңгімесін сабақтайтын. – Әкең Мырқасым да, Мырқасымның балалары сендер де Оразалының атын арқалап, өсіп-жетіліп келесіңдер… Оразалы дейтін атты биік ұста, шырағым! –  деп, Алматыға оқуға аттанарымда арқамнан сыйпап, маңдайымнан иіскеп бата бергені есімде.

Содан бері 56 жыл өтіпті.

Бабам Өмірге берген уәдені орындап, Алаштың ұлы қаласында өстік, жетілдік. Өзін көрмесек те атын арқалаған қазақтың Оразалы есімді бір перзентінің, шама келгенше, жақсы атын шығаруға тырыстық…

Бүгінгі мақалама арқау болып отырған ағамыз Сұлтан Шәріпұлымен де, әуелі сырттай, келе-келе жақын таныс-біліс болуыма себеп болған сол атам Оразалының есімі.

Сұлтекеңмен мені сырттай таныстырған адам –  ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев. Рекең сөзі мірдің оғындай өткір, не айтса да тауып айтатын көсем мінезді, шешен тілді кісі еді ғой. Төртінші курста оқып жүрген кезіміз. Өлеңдері мен мақала, әңгімелері газет-журнал бетіне шығып, ауызға іліге бастаған қатар-құрбыларымның қалың қиқуына ілесіп, мінбеге шығып, жыр оқимыз, сөз сөйлейміз… Сондай күндердің бірінде жүрісі ширақ жас ұстазымыз Рекең мені дәлізде  тоқтатып алды:

– Қал қалай? – деді өзімсіне әңгімеге тартып.

– Жаман емес…

– Сенің осы не ойлағаның бар? Курстастарыңның біразы жұмысқа орналасты… – деп барлай қарады. – Телевидениеге қалай қарайсың? Сұлтан өзің секілді жігіттерді сұрастырып  жүр… Сөзің… Кескінің келеді, –  деді ағайымыз… –  Оның да фамилиясы Оразалин. Қара шалдың балалары, жарасып кетерсіңдер бәлкім…

Шынында да… Араға көп уақыт салып ұзартпай Рекеңнің ұсынысымен мен Сұлтан ағамызбен жолықтым. Аққұба өңді, әдеміше келген жігіт ағасы ақсия күліп қарсы алды.

– Рымғали айтқан Нұрлан сен екенсің ғой… Сен осы біздің студияда болмадың ба?

– Болдым, аға… Бір рет келіп, өлең оқығанмын…

– Бәсе… Бәсе..? Түрің таныс… Сағат, Жарасқандардың курсынан ғой… Рымғали ауызынан ақ суы құрып мақтайды сендерді. Сені… Тағы кім еді әлгі? Әділбек, Алдан, деген жігіттерді айтады… – деп басталған әңгіменің аяғы «Оразалин» дейтін фамилияға тірелді.

Сұлтекең: «Ел ініңді қызметке алыпсың дер азар болса… –  деп жеңіл жымиды. –  Айтса айтсын… Ең бастысы Семей мен Жетісудың төрінде жатқан Оразалы дейтін қазақтың қара шалдарының атына шаң қондырмауымыз керек… Мұнда телевидениеде жұмыс тынымсыз. Күндіз – күлкіні, түнде  ұйқыны ұмытуға тура келеді. Біздің редакция әдебиет, өнер, музыка, театр, кино, қысқасы ұлттың мәдениетімен байланысты. Ұлы шалдарымыздың мұрат, мақсаттарын жалғау. Солардың сөздері мен ойларын, кескіндері мен келбеттерін таспаға түсіру. Кешегі тағылымды тарихымыздың көзіндей болып арамызда жүрген Ғабең, Сәбең, Ғабиден ағаларымыздың, Құдайға шүкір, айтарлары көп. Бүгінгі театр мен бүгінгі музыканың проблемалары аз ба? Менің Рымғали досым құйған шығар құлақтарыңа. Ол айтқыштың айтқышы ғой… Көп біледі… Жалпы біздің қатарымызда жүйрік көп. Аламанның алдын бермейтіндер жетіп артылады. Әбіш, Мұхтар, Зейнолла, Асқарлардың өзі неге тұрады?!»  –  деп алғашқы кездесудің өзінде-ақ Сұлтекең аттың басын біраз жерге жіберіп алды. Телевидение дейтін ұлт санасы мен ойына ықпал етудің, ұрпақ көзқарасын қалыптастырудың мықты құралы екені айтылды. «Газет пен журнал – бүгінгінің насихаты, телевидение – болашақтың тізгіні» деген секілді ойлардың ұшқыны шашырады.

Көгілдір экран дейтін заман қанатына айнала бастаған электронды ақпарат құралының адамзат санасын жаңа-жаңа игеріп, төрткүл дүниеге билігін жүргізе бастаған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары. Естігеніміз, оқығанымыз болмаса, әлемдік өркениет айдынындағы болып жатқан өзгерістерді экраннан көруіміз кемшіндеу кезең.  Маған Сұлтекең айтқан әлгі телевидениенің болашағы хақындағы жалынды сөздері мен жақсы әңгімесі «бұйырса, болады» деген ертеңгі күннің ертегісіндей елестеді. Бірақ «орда бұзар отызға» енді-енді келіп, елдің ертеңін телевидениенің өрістеуінен, өркен жаюынан көретінін айтып, еркін, көсіле сөйлеп тұрған ағамызға деген бір құрметтің ішімде оянғаны анық.

Осы бір алғашқы кездесуде ме, әлде екінші кездесуде ме, ұмытып отырмын, Сұлтекеңнің өз ауызынан естіген бір әңгіме жадымда жақсы қалып қойыпты.

«Нұрлан, сенің қатарластарыңды көріп отырып, өз буынымды ойлаймын. Арамызды ары кетсе, он жыл бөліп тұр.  Абайдың тілімен айтқанда, «алдыңғы буын ағалар, кейінгі буын інілер» деуге болатындай мерзім. Біз де бір кезде осы өздерің секілді Бейсекеңдер мен Темкеңдердің, Зекеңдердің лекциясын тыңдап өскен буынбыз. Шетімізден білгір, шетімізден данышпанбыз… Ана Әбіш пен Мұхтарлардың оқымайтыны жоқ. Бәрін мектептен оқып, тауысып келгендер… Әлемді – орыспен, орысты қазақпен жалғаған сол буынның сендерден бір өзгешелігі неде деп ойлайсың? Ұлы Мұхаңның көзін көріп, аз ба, көп пе, сөзін естіп қалдық… Өзгешелігіміз сол – біз Мұхаңды көрдік. Сөз жоқ, келе-келе Әуезовті көргендерді қойып, әдебиеттің осы күні арамызда жүрген алыптары – Сәбең, Ғабең, Ғабидендерді көргендердің өзі сирейтін кезең келеді. Уақыт жел секілді. Соғады. Сипап өтеді. Үрлеп әкетеді. Ұмыттырады. Әрине адам жадын ұмытудан сақтайтын осыған дейінгі бір құдырет, тағы да, Абайшылап айтсақ, «өлмейтұғын артына сөз қалдыру!» Әдебиет жасау! Бұл – өнердің де, өмірдің де, ұлттың да мәңгілігін қалыптастырудың кепілі! Ұлттың ойы мен сөзіне қанат бітірудің жаңа дәуірі келеді!

Ол – телевидение дәуірі! Соны игеруіміз керек!

Мана айттым ғой, сөз өнерін өрістету мен  жалпы өнердің жолын кеңейтуде, адам санасын тәрбиелеу мен өткен тарихымызды бедерлеуде орны айрықша, замана тудырған құдыретті құрал – телевидение!

Біз – жаратылысымыздан асықпайтын халықпыз. Дәл осы телевидениеге асығуымыз керек! Мысалы, менің бір үлкен өкінішім бар. Ол не дейсің? Мен Мұхаңды көрген, дәрісін тыңдаған адаммын. Бала кезімде Мұхаңның қасында тұрып түскен суретім де бар… Қайран, Мұхаң сөз сөйлегенде қазақтың сайын сахарасы тіріліп көз алдыңа келетіндей болатын. Талай шешенді көрдік. Талай көсемді көрдік. Бірақ дәл Мұхаңдай сұрапыл ой мен сұңғыла сөздің иесін көргенім жоқ. Арманым! Орындалмай қалған бір арманым! Ең үлкен арманым – сол кісімен бір сұхбат құра алмағаным… Мұхаңның мен оқымаған дүниесі жоқ. Тағдыры да өзгеше еді ғой. Сол кісі, әттең, тағы бір он жыл өмір сүрсе, мықты сұхбаттар алар едім, деп ойлаймын. Армандаймын. Дәл қазіргідей болмаса да, ол кезде телевизия бар. Бірақ ешкімнің ойына келмегені…

Сондықтан… Сол «әттеңдерді» қайталамау үшін арамызда жүрген көзі тірі алыптарымыздың сөзі мен бейнесін қаз-қалпы таспаға түсіріп алуымыз керек! Менің қарамағыма келсең… Осындай іргелі, үлкен істің бір пұшпағын ұстайтын боласың…» –  деген сөзі әлі күнге құлағымда тұр…

Жасыратыны жоқ, Сұлтекеңнің ашық әңгіме құруы маған ұнады. «Бері итеріп, әрі құлатып жатпай, тура айтып, тура сөйлейтін мінезіне де іштей «плюс» деген бағаны қойған болдым өзімше. Жұмысқа орналасуға мен де асықпадым. Сұлтекең де тықақтамады. Бір хабарласқанымда: «Аға, диплом жұмысымды бітіріп алайын», – дедім.

Сөйтіп жүргенде…

Мен аяқ астынан «Қазақстан пионері» газетіне әдебиет бөліміне қызметке орналастым.

Бармас бұрын Сұлтекеңнің алдынан өттім…

«Жарайды. Ұйғарымың солай болған екен. Реніш жоқ. Қызметің құтты болсын! Бірақ… Хабарласып тұр. Әділбек Тауасаров дейтін досыңды алып қалуымыз мүмкін, –  деді сөзін көп ұзартпай, қысқа қайырып: – Бір қара шалдың баласы екенімізді есіңнен шығарма! Екеуміз де Оразалының немересіміз ғой…» –  деді жылы жымиып.

Әрине…

Сұлтекең айтқандай болды. Сол жылы, араға көп уақыт салмай, Әділбек марқұм Қазақ телевидениесіне қызметке кірді. Ағасы екеуі қол ұстасып жүріп, ұлттық телевидениенің өсуі мен өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. «Тележурналист» дейтін шектеулі кеңістік аясында қалып қоймай, Сұлтан Шәріпұлы бастаған Бас редакция әдебиет пен өнердің кәсіби, танымдық, тағылымдық сипатына барынша терең үңілуге ұмтылған кино, театр, живопись салаларының қыры-сырын ашатын хабарлар қаулай бастады. Өмірге келгеніне алғашқы мүшел жастан жаңа асқан қазақ телевидениесінің өзіндік бет-бейнесін, бағыт-бағдарын анықтайтын эксперименттерге батыл барар қадамдар жасалды. Ең бастысы, Сұлтан Оразалин өз сөзімен айтқанда, «ұлттық ой-сананы тәрбиелейтін жаңа жобалар өмірге келе бастады».

Бұл  – өткен ғасырдың жетпісінші жылдары еді.

Қазақ теледидарындағы ұлттық төл туындылар мен арнайы хабарлар түсіру үрдісі басталды. Газет, журналдарда жүрген жігіттер мен театр драматургиясында тер төгіп, пьеса жазуға машығы бар қаламгерлер телевидение айналасына топтала бастады. Теледраматургияны өрістету, шағын экранның талабына сай қойылымдар әзірлеу, ұлттық дәстүрді, әдепті, ғұрыпты насихаттау бағытында көптеген игілікті істер атқарылды. Осы жолдарда ұлттық телеарнаның көрермені мен тілекшілерінің қатарын молайтқан «Қымызхана», «Айтыс», «Халық қазынасы», «Тамаша» секілді экрандық іргелі жобалар өмірге келді. Мен ол кезде Мәдениет министрлігіне репертуарлық-редакциялық коллегияға ауысып, театр өміріне қызу араласып жүрген кезім.  Рухани өміріміздегі өзгеріс-жаңалықтарды қалт жібермей, қадағалап отыратын Сұлтекең мені де көгілдір экранға жиі шығарып, театр проблемалары хақында сұхбаттар жүргіздірді. «Қымызханаға» автор ету туралы ойы барын айтқаны есімде. Осы жылдарда «Қарымта» дейтін телепьеса жазып, ол дүнием экранға да шығып еді…

Қазақ телевидениесіне жиырма жылдан астам уақытын арнаған ойы сергек, қиялы жүйрік, тілге шешен тележурналист, беделді қаламгер Сұлтан Шәріпұлы Оразалиннің есімі елге кең танылды. Ол ұйымдастырған телехабарлар мен сұхбаттар ұлттың ұстынын танытар танымдық, тағылымдық ойлы дүниелеріміздің қатарын молайтты. Баяғыда мені қызметке шақырғанда өзі айтқан: «Арамызда жүрген алыптар мен көрнекті жазушылар туралы сұхбаттар жүзеге асты. Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сапарғали Бегалин, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтанов, Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрімдермен жүргізген сұхбаттарды  ұйымдастырамыз», – деген мақсаты бірінен соң бірі өмірге жолдама алып жатты.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай…» дейтін халық әніндегі екі жол жиі еске түседі. Анда-санда  жолығып, өмір, өнер жайлы сыр бөліскен сәттерде өз ісінің шеберіне айналған Сұлтекең: «Нұрлан, өмір қас-қағым сәт секілді. Бұл кеше болғандай… Күні кеше секілді… Кеше ғана… Көрген жерде айқара құшақтап, жағдайыңды сұрап, тұмадай тұнық көзінен кемеңгерлік лебі есіп тұратын Әбіш қандай еді?! Тұрған жеріне жан бітіріп, айналасына сұрағы мен сауалын қардай борататын білім мен біліктің көзі Рымғали қалай еді?! Солармен жүрген сәт-сағаттарды іздеймін. Сағынамын. Ана мұхит асып кетіп, боратып жазып жатқан Мұхтарды көргім келеді. Мына сұрапыл індеттің беті қайтып, адамзат баласы қалыпты өміріне тезірек оралса екен, деп тілеймін. Қаншама аяулы, ардақты замандастарымыз кетіп қалды. Өткен өміріңді електейсің. Тарихқа айналып бара жатқан айларың мен жылдарыңды ойлайсың. Осы мен не бітірдім? Не бітіре алмадым? Ел алдында ұялмай жүретіндей шаруалардың басын қайыра алдым ба? Қайтармағаным қайсы? Қайтпағаны қайсы? Өткен күндердің мазмұнына, мағынасына үңіліп отырып, кейде өз-өзіңе «тәубе» айтатын сәттердің барына шүкіршілік дейсің іштей…» – дегені есімде.

Міне… Сұлтекеңмен пандемия аяқ-қолды буып тұрған кейінгі күндердің біріндегі әңгімеміздің бағыты мен сарыны да осылай жалғасып еді: «Ұзақ сөзді телефон көтере бермейді ғой… Әңгіме көп, қордаланып қалған мәселе де, жинақталып қалған шаруа да жетіп артылады. Екі он жыл телевидение деп шапқылаппыз… Ұлы Мұхаң мен Сәбеңе үлгере алмадым. Екі Ғабеңнің көзі тірі кезі. Арманым сол кісілермен еркін отырып, барлық сырларын ақтарып, сыртқа бір шығарып алсам, шіркін… Ұлтқа, ұрпаққа пайдалы іс болар еді деген ойымның біразы жүзеге асқан секілді. Есіме Тахауи Ахтановпен болған жарқын сәттер жиі түседі. Өзің жақсы білетін Шыңғыс Айтматовпен де сұхбаттарымның ел игілігіне жарағанына қуанамын. Мұстай Кәрім, Ілияс Есенберлин…  Әрқайсы бір-бір түпсіз-терең қазынаға айналған кешегі ұлы тарихымыз – ХХ ғасырдың кесек тұлғалары ғой. Шығармалары, бұйыртса, кітап болып қайыра талай басылар. Ал ол кісілердің өмірде күлгені, ойланып отырған сәті, ортасы, киген киімі, айтқан әңгімелері… егер менің «сұхбаттарым» болмаса, бүгінгі ұрпақ, бүгінгі көрермен білер ме еді?!.» –  деді.

Сұлтекең Шәріпұлының әңгімесін естіп отырып, телефонның арғы қанатындағы түр-түсін кескінін көз алдыма елестеттім…

Баяғыда-а… Жастау кезімізде болған бір әңгіме жадымда жаңғырды.

1977 жылдың күзі…

Менің тұңғыш пьесам Республикалық жастар театрында қойылып, аяғымыз жерге тимей жүрген күндердің бірінде Сұлтекең маған телефон соқты.

– Қалың қалай, қара шалдың баласы? – деді.

– Шүкіршілік…

– Сен премьераңа жарты Алматыны жинағанда, ағаңды ұмытып кеткенің қалай?..

– Ертең үшінші премьерасы… Келіңіз…

– Ертең?

– Иә…

– Ертең… Әттеген-ай! Жол жүріп барамын… Келесіге барармын… Менің айтпағым… Біріншіден, құтты болсын! Асқар Сүлейменов пен Рымғалиға ұнау оңай емес. Соларға ұнаған нәрсе дұрыс дүние болғаны ғой… Әділбек досыңа айттым, жақсы хабар ұйымдастырады – деп ішек-сілесі қата күлді. – Елдегі ағайын-туыстар телефон соғып, «ініңнің спектакльі құтты болсын!» десіп жатыр. «Оразалиндер әулетінен Кәмен, Сұлтан деген жазушыларды білетін еді бұл қазақ… Енді Нұрланмен толығыпсыңдар!» – деді бір танысым…» Рақмет айттым! «Құдайға шүкір! Қара шалдың балалары аман болсын!» – дедім…

– Жақсы айтқан екенсіз…

– Ағаңның жаман айтқан кезі бар ма? – деді Сұлтекең.

– Тауып айтқан екенсіз…

– Ағаңның тауып айтпаған кезі бар ма? –  деп әңгіме соңын әдемі қалжыңға жалғап еді… «Қалжың – қалжың… Өмір үшін, мақсат үшін өсе білудің өзі бақыт, бауырым! Жаққан шырағың (пьесаны айтып отырғаның жобаладым) сөнбесін! Арманымыз аласармасын! – деді сөзінің соңында. 

Содан бері де, міне, аттай арқырап қырық төрт жыл өтіпті.

Армандар аласармаған қырық төрт жыл!

Қырық төрт жыл ішінде қаншама ұлы өзгерістер болды?! Ел өмірінде де… Жеке басымыздың өмірінде де… Қоғам өмірінде де… Замана ағысында да болған сұрапыл өзгерістер жыртылып айырылады.

Менің жадымда Тәуелсіздік туы көгінде желбіреп, «арқа еті – арша, борбай еті борша болған» қазақтың тіл үшін, діл үшін, жер үшін, ел үшін кеудесін уақыт желіне төсеген жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары  жаңғырып отыр.

Айта берсе… Ол күндердің әр сағаты, әр сәті тарих қой. Сондай тағылымы мол сәт, сағаттың бірі – 1993 жылдың 5 сәуірі күні болып еді.

Мен – «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактормын.

Бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайыл марқұм ширақ қимылдап кабинетке кіріп келді. Көзінде – қуаныш. Қолында – Мемлекет басшысы –  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолы қойылған Указ туралы ресми ақпар.

– Нұреке! Сүйінші! Министрлердің үстінен қарайтын Тіл комитеті құрылыпты! Төрағасы кім дейсіз ғой?..

– Сіздің ағаңыз…

– Қай ағаңыз?..

– Сұлтан Оразалин. Өзіңіз айтатын бір  қара шалдың баласы… –  деп, жайбарақат күлді.

Осыған дейін Орталық Комитетте әдебиет секторының басшысы, «Өнер» баспасының директоры болып, ұлт руханиятының өсіп-өркендеуіне бойында бар қаламгерлік, қайраткерлік қабылетін қалтқысыз сарқа жұмсап келе жатқан қарымды басшы, дарынды жазушы, қазақ  телевизиясының қара нары, тіл десе, ішкен асын ысырып қойып, істің қандайына болсын, бел шешіп кірісетін қайсар мінезді, қағылез ойлы алаш азаматының жаңа дәуір ел төріне бой алған кезеңде Тіл тағдырын мойнына артар аруақты мекеменің тізгінін қолға алуы зиялы қауымды бір серпілткені рас еді… Кешегі ХХ ғасырдың аламан топыр ауыр жылдары белін қанша бүктіргісі келіп, күшке салғанымен, ондаған ғасырлар бедерінде қабырғасы қатып, буыны бекіген Қазақ Тілі тоталитарлық жүйенің күшіне де, айлалы саясатына да дес бермей,  жаңа – жұмбағы мол жаһандану дейтін беймәлім дәуірмен беттесуге келе жатты… Қазақ елінің ертеңін Тіл тағдырынсыз елестету мүмкін емесін сезінген Ел де, Ел басшысы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та,  иығына түскен ауыр жүктің салмағын сезінген Тәуелсіздік Дәуіріндегі тіл саясатының тұңғыш түреншісі – Комитет төрағасы да жұмысын осы бағытқа бұрды…

Жаңа дәуірдегі жаңа тіл саясатының алғашқы қадамдары басталды.

Бұл – басқа іргелі әңгіменің басы еді…

 

Біз алпысыншы жылғылар дейтін күрескер буынның маңдайалды өкілдерінің бірі, бес  баласы артында Арқа төрінде, Шыңғыстау бөктерінде қалған, сүйегі Витебскі орманында жатқан Шәріп ақсақалдың ұлы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Сұлтан Шәріпұлы Оразалиннің бір қырын ғана – қазақ телевидениесінде өткен кезеңін әңгімемізге арқау еттік.

Замандас, қаламдас ағамыздың «Жұлдыз» журналының кейінгі сәуір айындағы санынан «Сталин өлген жыл» дейтін хикаяларын оқып отырып іштей риза болдым.

Сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған қаламгер, қайраткер тұлғаның арманын аласартпай атүстінде келе жатқанын аңғардым.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір