Тәттімбеттің кесенесін неге ұмыттық?
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалаң…
Адам баласының барлығының басында болатын сәби кез, балалық шақ, бозбала кез, жігіттік мезгіл бір-біріне ұқсас болатыны рас қой. Білім алып белгілі бір мамандық иесі, үйлі-баранды болғаннан кейін әркімнің өз жолы болатыны да – ақиқат. Міне, сол уақыттан бастап әр адам өзінің саналы ғұмырының сағатын санап өмір тарихының шежіресін жазуды бастайды.
default
Өткен уақытты таразы басына салып, «қоғамға, қоршаған ортама, ағайын-туысыма, дос-жараныма не жақсылық жасадым, қандай іс атқардым?» деген ой жиі мазалайды.
Еңбек жолын бастағаннан бергі отыз жеті жыл ішінде қатардағы маманнан бастап басшылық деңгейде әртүрлі салада қызмет атқарыппын. Қызмет бабына байланысты жасаған шаруаларымды жіпке тізгендей қылып жіліктеуден аулақпын. Дегенмен де, өткен ғасырдың еншісінде қалған осы бір жәйтті ел-жұрттың білгені дұрыс шығар деген оймен қолыма қалам алдым.
Басты себеп – ол менің әкем.
Абыралы жұрты әкемді әнші Құсман дейтін. Аздап күй шертетіні де бар еді. Кішкентай күнімізде біздің ауылда телевидение жоқ болғандықтан кешкілікте отыра қалып Шалқар радиосын тыңдайтынбыз.
Сол кезде: «Шіркін! Тәттімбеттің күйлері-ай», – деп жиі айтушы еді.
Cөйтіп Ұлы күйші-композитор Тәттімбет есімі жүрегімде бала кезден сақталып қалды.
Қош, сонымен енді әңгімеге құлақ салыңыздар…
***
Жаз жайлауда, күз күзекте малдың қамымен болған малшы қауым қыстаққа қайтып үйлерін, қора-жайларын қыстамаға дайындап жатқан мезгіл.
Жыл бойы бір үзілмейтін қауырт шаруалар кезегімен жүріп жатады. Қой шаруашылығындағы сондай жауапты жұмыстың бірі – күйек алу науқаны.
Қарағанды облысының бұрынғы Егіндібұлақ ауданы Арқалық совхозының №2 Тасшоқы бөлімшесінде зоотехник болып жүрген кезім.
Малдың қанын жаңарту мақсатында екі-үш жылда бір бөлімшелер арасында аталық қошқар айырбастау болып тұрады.
Осы мақсатпен бөлімшедегі көлік жүргізуші Орынбасар екеуміз №3 Қызылтау бөлімшесіне жол тарттық. Алыстан мұнартып Едірей, Қызылтау көрініп тұрғаны болмаса, айнала – сары жазық. Совхоз орталығынан он екі шақырымдай жүрген кезде күн батыстан жалғыз бір шошақ зират көрінді.
Көріп жүрген зираттарға қарағанда бөлек болғандықтан қызығушылық танытып жол серігімнен: «Мынау кімнің зираты?» – деп сұрадым.
- Ә, мына зиратты айтасың ба, Тәттімбеттікі ғой, – деді.
Түріне зер салсам, жайбарақат қалпында жолға қараумен келеді екен. Мен болсам, таңданысымды жасыра алмай «күйші Тәттімбеттікі ме?» – деп қайталап сұрадым. «Иә, оған несіне таңданасың?» – деген сыңай танытты.
«Бұрылшы басына барайық», – деп қолқа салдым. Бұл 1984 жылдың қазан айының аяғы болатын.
***
Қош, сонымен зират басына да келдік. Биіктігі бес-алты метр болатын күмбездеп салынған, кіре берісіне қоршау ретінде үш қабырға жапсарлай қаланған. Кесенеде ұлы күйшінің әкесі – Қазанғап, анасы – Қалайы және өзі жерленген екен. Бабаның басында тұрып құлағыма ұлы күйшінің әкем жақсы көретін «Көкейкесті» күйі келгендей болды.
– Ау тұра беруші ме едік осылай? Кетпейміз бе?! – деген Орынбасардың сөзі ойымды үзіп жіберді.
Біз қайта жолға шықтық. Көз алдыма балалық кезім, үйде «Көкейкесті» күйін тартып отырған әкем келді. Япырм-ай, сол кезде әкем Тәттімбет күйлерінің ең биік шыңы «Көкейкесті» күйі екенін білген екен ғой деп ойладым.
Келе жатқан негізгі шаруаның бәрі жайына қалып, Тәттімбеттей ұлы күйшінің осынша елеусіз қалғанына жаным жүдеп, жүрегім сыздады. Бір кезде жерден жеті қоян тапқандай осылай жасасам дұрыс болады деп, еңсемді көтеріп күйшінің басына құлпытас орнату керек деген шешімге келдім.
1986 жылдың 17 қарашасы күні Қарағанды облысы, Егіндібұлақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым.
Ел жұртпен араласып, жауапты қызметтің жай жапсарымен танысқаннан кейін ойыма Тәттімбеттің кесенесіне құлпытас орнату мәселесі келе берді.
Ол кезде қандай жұмыс болмасын жоғарғы жақтың ғана нұсқауымен істелетіндіктен ойымды әріптестеріме – аудандық комсомол комитетінің қызметкерлеріне айтып едім, олар қуана құптайтындықтарын білдірді. Керекті қаражат мәселесін жастармен сенбілік ұйымдастырып шешуге келістік.
Енді құлпытас қандай болу керектігін ақылдасу үшін аудандық Мәдениет үйінің суретшісі Төлеген Қойшығаринға қолқа салдым. Негізгі тасы қызыл граниттен, күйшінің суреті қара мрамордан болса деп ұсыныс жасадым.
Сөйтіп дайын эскизді алып Қарағанды қаласындағы арнайы мекемеге
келдім. Сол кездегі басшысы елуді еңсерген Қиятай Ескендірұлы деген азамат екен. Ризашылығын білдіріп қолқабыс жасайтынын айтты.
Осылай Тәттімбет бабамыздың мазарына құлпытас жасатуға тапсырыс беріп риза көңілмен Егіндібұлаққа қайттым. Бұл 1987 жылдың аяғы болатын.
***
Қазір ойлап отырсам, ол кезде 24 жаста екенмін. Құлпытас 1988 жылдың шілдесінде жасалып бітті. Мен 1988 жылдың желтоқсанында Қарағанды облысындағы ең үлкен қой шаруашылығымен айналысатын «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхозға бас маман болып ауыстым.
1990 жылы Тәттімбет Қазанғапұлының туғанына 175 жыл толуына орай кесененің жанындағы қыратқа бұған дейін аудан орталығындағы Тәттімбет музейінің алдында болған стелла (домбыра ұстаған адам бейнесі) қойылды. Бұрынғы Арқалық совхозына Тәттімбет аты берілді. Кесенеге өңдеу жұмыстары жүргізілді. Ұлы күйшінің 175 жылдық мерейтойы дүркіреген үлкен тойға ұласып, халық мәре-сәре қуанышқа кенелді. Болғанынан боладысы көп қыруар шаруаларды ұйымдастырып, келген қонақтарға қонақжайлық көрсеткен сол кездегі совхоз директоры Нұрақышев Мұрат Шәуенұлы үлкен еңбек жасады.
***
2020 жылдың қазан айының аяғында сол еңбек жолымды бастаған бұрынғы Егіндібұлақ қазіргі Қарқаралы ауданының Тәттімбет ауылына ат басын тіредім. Жанымда бала кезімнен бірге өскен досым Сағынғали бар.
Курчатов қаласынан кейін басталатын дала жолыменен Семей атом полигоны территориясын басып өтіп, Егіндібұлақ ауданына қарасты Мыржық бөлімшесі арқылы бұрынғы Қаратау қазіргі Н.Нұрмақов атындағы ауылға келгенімізде бізді Арқалықтың тумасы Қарағандыда тұратын Алтай досым күтіп алды.
Түскі астан соң еңбек жолымды бастаған Тасшоқы бөлімшесіне келдік. Бір кездері совхоз орталығынан келе жатып кезеңге шыға келгенде ақар-шақар көзіңе оттай басылып, көңілге қуаныш ұялататын ауыл жоқ. Тып типыл үйлердің орны ғана. Ауылдың шетінде екі жанұяға арналып салынған жалғыз үйге келдік. Бір қызығы осы үйдің бір жағында біз тұрған едік. Алдымыздан жасы қырыққа таяп қалған «Ассалаумағаләйкүм» деп сәлем бере шыққан жігіт мені көре сала: «Аға, мен сізді таныдым», – деді. Бұл жігіт сол кезде көршім болған Тахиров Уақиттың баласы Сайлаубек деген азамат екен.
Біз Тасшоқыдан Егіндібұлаққа көшкенде Сайлаубек мектепке барған бірінші сынып оқушысы болыпты. Бүгінгі күні әкесі ашып берген шаруа қожалығына иелік етіп, шаруасын дөңгелетіп жүргізіп жатқанын айтты.
Таңертең ерте тұрып ауылды біраз аралап шыққан соң, қасымызға ауылдың ақсақалдары сексен үш жастағы Өмірбаев Мұрат пен жетпіс жастағы Сағатов Маратты және Айдарханов Алтай, Смағұлов Бауыржанды ертіп Тәттібет атамыздың мазарына жолға шықтық. Мақсатым Тәттімбет атамыздың рухына тағзым етіп құран бағыштау болатын.
Ауылдан шыққаннан кейінгі жол сыпыра жазық болғандықтан бабамыздың кесенесі алыстан көзге шалынды. Сонымен кесене басына да жеттік. 175 жылдық мерей тойынан кейін қайта өңдеу жұмыстары жүргізілмегендігі бірден байқалды. Қырат басындағы стелланың бояулары кетіп, кесененің сылақтары түсе бастапты.
Тарихи-мәдени мұра обьектісі болып табылатын ұлы күйші-композитор Тәттімбет кесенесінің Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының үнемі назарында болғаны дұрыс болар деп ойладым.
Міне, құрметті оқырман көптен ойымда жүрген, айтылмай келген осы естелікті жазудағы мақсатым өзіме жарнама жасау үшін емес, ұлттық құндылығымызды бағалап, ұлттық өнерімізді ұлықтаудағы азамат ретінде жасаған еңбегімді ұрпақтарыма үлгі ету болатын.
Нұриден ИМАНБАЕВ,
ҚР Мәдениет саласының үздігі,
Семей қалалық Мәдениет сарайының директоры,