КЕНЕСАРЫ – ДАЛА ДАУЫЛЫ
14.04.2021
2318
0

Хан Кене қайтып келе жатыр! Нақтырақ айтсақ, қазақтың соңғы ханы Кенесарының бас сүйегі мен жеке заттары: мылтығы, дулығасы туған жеріне, қазақ топырағына қайта оралатын болды. Жылдам ақпарат тарататын дерек көздерінің хабарларына сенсек,  алдағы бірер айдың ширегінде жоғарыдағы сөзіміздің шындығына куә болатын сияқтымыз.

Тегінде жаулап алушы, отарлаушы елдер найза кезеніп барған елдің тарапынан қатты қарсылыққа ұшырап, қан кешсе, сол елдің сағын сындырып, рухын өшіру үшін көтеріліске шыққан жұрттың көсемінің не қас батырының басын кесіп алып, қанжығаға бөктеріп кететін қатыгез салт бар. Еуропа елдерінің құлдық қамытын киген қара құрлықтан да, анау қызыл терілі үнділер жайлаған мұхиттың арғы жағындағы айлапат өлкеден де бұндай мысалдарды көзінен тізіп келтіруге болады. Қырғызда шабылып, соңынан жым-жылас жоғалған ұлы баһадүр бабамыз Кенесарының басы да сондай кепке ие. Ел иесінің бассыз қалуы – елдің бас иесіз қалуы. Жасанған жауына жасындай атылған көкжал көсем арадан кеткен соң елдің еңсесі түсіп, еңіреулі тағдыр  кешеді екен-дүр. Қазақ сол еңіреулі тағдырдың ең сорақысын басынан өткерді.

Ұлы Абылайдың ұрқынан жаралған Кенесары кім еді? Бұл сұрақтың жауабын бәріміз де білеміз. Әйтсе де, орыс патшалығының озбырлығына қарсы тұрған оғлан жайында мына бір қысқа дерекке көз жүгіртсек,  артықтық  етпес. Тарихшы сөйлесін.

 Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:

– 2022 жылы Қазақтың Ұлы Ханының бірі, Кенесары Қасымұлының өмірге келгеніне (1802-1847) 220 жыл толады. Орыстың әйгілі ғалымы, тарихшы әрі географ, этногенездің авторы Л.Н.Гумилевтің пікірінше,  қол астындағы халықтың жанашыры, көршілес мемлекеттер құрмет тұтқан, жаулары сыйлаған Ұлы Даланың нағыз тұлғасы Кенесары болған.

Патшалық Ресейдің әскерилері мен шенеуніктер қызмет талабы бойынша Хан Кенеге қарсы соғысса да, оған шынайы баға беріп, «Хас Батыр», «Қырғыз даласының митридаты»,  «Бүлікшіл сұлтан», «Батыл басшы», «Қырғыздың ұлттық батыры», «Барлығын талқандаушы дала дауылы», «Қырғыздың Шәмілі», «Ұлы батыр», «Дала батыры» және басқа деп атап, құрмет тұтқан.

Өзінің нағыз адамға тән қасиеттері арқылы әйгілі басшы өзінің жанына түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін топтастыра білді. Көтерілісшілер арасында қазақтан бөлек, орыстар мен башқұрттар, қарақалпақтар мен өзбектер, татарлар мен поляктар болған. Олардың кейбірі қазақ ханының сеніміне ие болып, тіпті жоғары лауазымдарды да иемденген.

Мысалы,  Кенесарының хатшысы бұрынғы орыс сарбазы болса, оның сүйікті інісі Наурызбай сұлтанның шабарманы да  Николай Губин есімді орыс болған. Бедашев пен Малкин есімді орыс сарбаздары хан әскерінің отрядтарын басқарған. Малкинді қазақтар «Кичик» деп атаған. Ол жеңілмейтін палуан еді, сондықтан да оны хан «Батыр Мұрат» атты лақап атпен атаған. Кейіннен ол Отанына қайтқысы келгенде, Кенесары қасына төрт қазақтың батырын қосып, еліне аттандырған. Араға уақыт салып ол қазақ ханына қайта оралып, қазақтың азаттығы үшін күресін ары жалғастырады.

Татар өкілі Әлім Ягудин Әскери Кеңестің мүшесі болса, ондаған жылдар бойы ханның дипломатиялық қызметін Сайдақ-қожа Оспанов есімді өзбек басқарды. Олардың барлығы Кенесары әскеріне жүйелілік енгізіп, көтерілісшілерге әскери және басқару тәжірибелерін берді. Бұл туралы Л.Мейер былай деп атап өтеді: «Кенесарыны сипаттаған сәтте оның орыс тұтқындарына өте әділетті қарағанын атап өту керек. Бұл факт көптеген мысалдармен бекітіледі. Ол өзіне өзгелерді сендіре алған ұлы қасиетке ие еді. Онда бірнеше орыс әскері соғысты».  Кенесары ұрысқа қабілетті 20 мың әскерді жасақтай білді. Ол Шыңғысхан іспетті өз әскерін ондыққа, жүздікке және мыңдыққа бөлді. Ұрыс даласында ерлік танытып, көзге түскен батырларға ол «жүзбасы» және «мыңбасы» атақтарын берді.

Кенесары мергендердің басын қосып, «мергенбасы» басшылық ететін ерекше жасақ құрды. Орыс әскерінің мысалында ол өз әскерлеріне ерекше айырым белгілерін жасатты. XIX ғасырдағы қазақ даласын жақсы білген ағылшын зерттеушісі Т.В.Аткинсон былай деп жазды: «Кенесары қырғыздардан (қазақтар) керемет әскер жасақтады. Маған көпшілік жігіттердің найза мен балтаны ұрыста керемет қолдануы күші басым жаумен соғысуға мүмкіндік бергенін айтты. Оларда мықты офицерлер болса, қырғыздар әлемдегі ең мықты кавалерияны құрайтын еді!».

(Дереккөзі: Abai.kz)

ТАРИХТАҒЫ ТӘНЕКЕ БАТЫРДЫҢ ОРНЫ ҚАЙДА?

Кенесарының және оның сайыпқыран інісі Наурызбайдың қырғыз жерінде қаза құшқаны белгілі. Ханның басын алған қырғыз манаптарынан қазақтың қанды кегін қайтарған ер – Тәнеке батыр. Тәнекенің сол ерлігі неге екені белгісіз,  әлі күнге тарихтан өз бағасын алмай келеді. Алайда қазақ-қырғыз сөз сайысында қазақ ақындары Кененің рухын асқақтатып, қырғыз жағын сүріндіріп кетіп отыратыны кеңінен баяндалады. Соның бірі  – Сүйінбай мен Қатағанның айтысы:

1846 жылы Кенесары хан Орта Жүзден кетіп, Ұлы Жүздің аумағына келіп, қырғыз манаптарымен келіссөз жүргізуді бастайды. Қырғыздар ханды қолдаймыз деп уәде бергенімен, екі жақтың арасындағы тыныштық Саурық батырдың өлімімен ушыға түседі. 1847 жылдың сәуірінде төгілген қанға жауап ретінде Кенесары 15 мыңдық әскерімен қырғыз жеріне басып кіреді. Шабуылдың екіпіні қатты еді. Кеклік-Сеңгір жерінде Орман батырдың жетекшілігімен қырғыз манаптары Кенесары әскерлеріне қарсы майдан ашты. Бірақ шайқас кезінде Сұлтан Рүстем мен Сыпатай батыр Кенесарыға сатқындық жасап, әскерінің басым бөлігін алып кетеді. Шайқас бірнеше күнге созылады. Ақыры Кенесары қолға түсіп, тұтқынға алынады. Үш ай бойы қандай шара жасарын білмей дал болған қырғыздар, ханды өлтіруге шешім қабылдайды. Көз жұмбас бұрын Кенесары хан намаз оқуға рұқсат сұраған деседі. Батырдың басын кесіп, Орман манап балауыз мөрімен жазылған хатқа салып,  Батыс Сібір генерал-губернаторына жөнелтеді.  Бұл жайтты Қатаған ақын Сүйінбаймен айтысында былайша өрбітеді:

Кенесары төреңнің,

Басын кесіп алғанмын.

Наурызбайдай бегіңді,

Итіме сүйреп салғанмын.

Заты жаман Сүйінбай,

Қане кегіңді алғаның?

 дейді. Сонда томағасын сыпырған қырандай қомданған Сүйінбай ақын желдірте жөнеліпті:

Мақтанып жүрсің, Қатаған,

Бес-алты біткен танаға.

Кенесары, Наурызбай,

Қырғызды келіп бес шауып,

Келтірген ауызын тобаға.

Манаптарын кергілеп,

Апарып тыққан молаға.

Бұл –  Құдайдың қазасы,

Қазаға қарсы бола ма?

деп жауап қатады.

 

 

«ЕЛ БОЛА МА ДЕГЕН ЕЛІМНІҢ КӨШІ ҚАЙДА?»

 

Қазақ тарихы қаншама замандардан бері шетел тарихшыларының көзімен қаралып, қолымен мансұқталды. Ұлттың діңгегіне балта шабуды ойлаған отаршыл империя алдымен баба тарихын санадан өшіруді бас есепке алды. Шежірелі тарих парағын жаңғыртпақ болған ержүрек Ермұхан Бекмахановтың жолын жауып,  25 жылға бас бостандығынан айырды. Былтырғы жылы газетімізге үзбей жарияланып отырған Мұхтар Әуезовтың «Хан Кене» пьесасы да «қамауда» қалған құны өлшеусіз шығарма болатын. Осы тұста пьесадан үзінді жариялауды құп көрдік. (Естеріңізге сала кетейік, өкінішке қарай, бұл пьеса әлі күнге сахналанған жоқ).

Кене:  – Жерім таусылды. Өріс тарылып болды ма деймін… Нем қалды?… Енді сенер кім қалды?..  Желік басылып бітті. Сөнді. Аз ғана ұшықтаумен-ақ басында желп еткен жігер қайда құлады?!. (Біраз отырып) Кім ұқты? Кім қажымай еруге шыдады? Мені қара қайрат алған жоқ. Кескілесіп қарсыласқан жауым да емес… Сырттың күші жығатын болса, әлдеқашан жықпас па еді? Бәрі де ала алған жоқ. Мені іштегі дерт жығып отыр…  Менің жауым… мұршам жетпеген жалғыз жауым… өңшең азғын арам бездер! Солар ала қылды, солар адастырды елді де… Менің күйігім де, ажалым да солардан… Бірақ, мені жыққан сол жауыздар жұртты қоса жыққанын ұға ма екен? Ойлар ма екен? Алатаудың баурында Кенесары жығылса… Түсінер ме соны? Өкінер ме соған? Менің жығылғаным арман емес. Жалғыз-ақ, ел болар ма деген елімнің көші қайда қалды? Қайда қалды, қайран елім, не боп қалдың? (Аз отырып). Мен сүйінер  өмір, мен жұбанар үміт қалған жоқ… Бұдан арғыны көргенше, Алланың ақ бұйрықты ажалы келсін. Содан басқа тілегім жоқ! (Басын төмен салып шөккендей, үн шығармай маңдайына  қылышын таянып отырып қалады).

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір