Саңлақтарды шыңдаушы сахна
Аман Бекенұлы өнердің нағыз тұлғасы әрі жана-шыры. Сахналық пластика шеберінің қолтаңбасы бүгінгі күні елімізге кеңінен танымал. Пластика әдетте төрт түрлі тұтастықтан тұрады. Олар би, сахна сайысы, ритмика, сахна қозғалысы. Бұларсыз сахна төрі тұл жетім қалады.
Сахна тынысын жетік меңгерген Аман Бекенұлы қойылымға шығатын әрбір спектакльдің кілтін кілтипансыз тауып, сәйкес құбылыстармен құлпыртып шығарады. Сол шеберлік көрерменнің жүрегіне әсерлілігімен жылылық ұялатады. Тоқетері – театр атаулы пластикасыз алға баса алмайды. Осы өнерімен ресейліктерді де мойындатқан оны ондағы театр шеберлері аса құрмет тұтады. Соны байқағанда: «Мәскеуліктер мен Санкт-Петербургтегі театр мектебі де, Аман ағайды жақсы біледі екен ғой», – деп масаттандық.
Өзінің қызметі мен міндетін терең жауапкершілікпен сезінетін Аман Бекенұлы жетпісінші жылдардың басында Алматыдағы Құрманғазы атындағы Өнер институтының «Драма театры және кино актері» бөлімін ойдағыдай тәмамдаған соң алғашқы еңбек жолын осындағы «Актер шеберлігі» кафедрасында ұстаз болудан бастайды. Сол кездегі кафедра меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Р.М.Қаныбаева және кафедраның ұстаздары, КСРО халық әртістері, профессорлар Ы.Ноғайбаев, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Ә.Мәмбетов, Е.Диордиев, Қазақстанның халық әртістері, профессорлар А.Тоқпанов, Н.Жантөрин, Г.Рутковская сынды ұлттық өнердің біртуар тұлғаларының сынағынан өткен Бекең кейінтінде осы оқу орнының ректоры қызметін де абыроймен атқарды.
Аман Құлбаевтың шығармашылық еңбектері де ел ықыласына ерте бөленді. Атап айтқанда, «Сыр мен сымбат монографиясы», «Актер шеберлігі», «Сахна қозғалысы пәнінің негіздері, сахна сайысы оқулықтары» кітаптары күні бүгін оқу жүйесі бағдарламасынан түскен емес.
Сәл шегініс жасар болсақ, Аман ағамыздың кәсіби үлкен сахнадағы тұңғыш қадамы үшінші курста оқып жүргендегі өндірістік практикасы кезінде-ақ бастау алған. Болашақ театр майталманы сол практикасын Алматы мемлекеттік Жасөспірімдер мен балалар театры, (бүгінгі Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры) сахнасында өткізді. Онда ол ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шәкен Айманов сахналаған «Жас Абай» спектакліне өзінің курстастарымен бірге қатысады. Сол бір қызықты күндерді ағамыз былайша еске алады: «Сахнаның шымылдығы баяу сырғып ашыла бергенде «сүйінші, сүйінші! Абай келе жатыр!» деп, айғай салып, ауыл азаматтарын шақырып, сахнаға шығару менің міндетім болды. Шәкен аға қолымнан ұстап: «Мына кулисаның жанына келіп, қолыңдағы қамшыңмен ауаны шеңбер жасай қуанышты дауыспен айғайлайсың. Қарама-қарсы кулисаға жүгіріп барып тағы да соны қайталайсың. Содан кейін ғана залға қарап жар салып ұрандайсың!», – деп режиссерлік нұсқауын айтты. Шәкен ағаны біз өте сабырлы, өз ісінің нағыз кәсіби маманы, театрға бар жанымен берілген биік өнер иесі ретінде танып, бағаладық. Аса білікті де шебер сахна, кино маманы болған ол кісіні сахна сәнін енді сезіне бастаған біз сияқты жастар түгел пір тұттық. Ерекше тұлғалық қасиеттер ол кісінің бар болмысынан айқын көрініп тұратын. Ұлттық өнеріміздің маңдайына біткен мұндай тұлғалар шоқтығы биік өнер жұлдызы әрине, сирек. Міне, жаратылысы бөлек осындай дара жандардың тәлімі мен өнегесін көріп, өнер биігіне талпындым.
Сахнадағы жолы сәтті басталған Аман Бекенұлы кейін, кино өнеріне де араласып, көптеген фильмдерде эпизодтық рөлдерде ойнады. Бұдан кейін режиссер Дамир Манабайдың «Кек» толықметражды көркем фильмінде ат үстіндегі және жаяу ұлттық қарулармен шайқасатын каскадерлік трюктер қойылымдарын да өзін таныта білді.
Жетпісінші жылдардың аяғында «Музыка өнері және эстрада, хореография» факультеттері ашылды. Оның құрылуына және өмірге келуіне тікелей мұрындық болған осы академияның түлегі әрі профессоры Құлбаев Аман болатын. Аталмыш кафедра оқытушылары, студенттердің толық маманданып, көрнекті өнер қайраткерлерінің тәжірибелерін жинақтауына айрықша ықпалын тигізді. Осы академияның бұрынғы ректоры қызметін абыроймен атқарған, бүгінгі күні еліміздің Мәдениет және спорт министрі болып отырған, ұлттық өнеріміз бен жалпы руханиятымыздың үлкен жанашыры Арыстанбек Мұхамедиұлы Аман Құлбаевтың өнердегі орнын жоғары бағалаған еді.
Кімге болса да бір жерде табан аудармай жұмыс жасап, тұрақтылықтың үлгісін көрсету оңай емес. Бұл жағынан алғанда Аман Бекенұлы Құлбаев қайсарлық пен қажырлық танытып 45 жылдан астам уақыт қызмет атқарды. Қазір академияның Театр өнері факультетінің деканы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, академик Аман Құлбаевтың өнегесі мол өмір мектебі – біздердің тағылым орталығымыз.
Айгүл ТӨКЕЕВА,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық өнер академиясының магистранты.