Роза Мұқанова: «Мен жастарды жақсы көремін…»
12.04.2021
996
0

Өнерлі жастар биіктен көрінуге ұмтылып, сол бір шыңның төрінен орын алуды көздейді. Осындай талантты да өнерлі, білімді де жаңалыққа толы жас оқырмандардың да өмірге, өнерге қызығушылығы ерекше болмақ. Өнер биігінен өшпес орнын таба білген мұзбалақ  ақынымыз Мұқағали қай кезеңнің болмасын оқырманын жалықтырмақ емес. Үстіміздегі жылы ұлтымыздың маңдайына шоқ жұлдыз болып біткен, мәңгілік махаббат жырларының, жастықтың жыршысы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жатқаны белгілі.

Мұқағали Мақатаев – сыршыл поэзиясымен, өрнекті өлеңімен оқырмандарын ғажап әсерге бөлеген ақын, заман өзгерсе де, қоғам ауысса да, оның жырына деген ынтықтық, отты көңіл суынбақ емес. Алуан сезімге, ой мен сырға тұнған өлеңдері оқырмандарының көңілінен, жүрегінен орын алғаны да ақиқат.

Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің студенттері талантты ақынның тағдырынан, өмірінен сыр шертетін,  Мұқағалиды өзінің музасына айналдыра білген Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, «Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының (1989), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2002), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері(2020),  жазушы,  драматург Роза Мұқановамен кездесу өткізді. Роза Мұқанова – көптеген туындылары арқылы оқырмандарына әлемге басқа қырмен қарауды үйреткен талантты жазушы.  “Мәңгілік бала бейне” сынды туындысымен ерте танылған Роза Мұқанова бұл кездесудің қонағы ғана болып қоймай, студенттермен сырласты, жастардың жүрегіне жол сала білді.  

         Бәріміз білетін мұзбалақ ақынның өмірі  жайлы  аз айтылмағаны, жазылмағаны белгілі. Ал Мұқанованың Мұқағалиды тануы, қабылдауы, өмір шындығын көркемдік шешіммен әрлеп ұсынуы – өзгеше әлем, өзіндік сипатқа ие.

Роза Мұқанова Мұқағалидың өмірі жайлы, әңгімені жазу барысындағы басынан өткерген қызықты жайттары туралы, ақын дүниетанымын түсінудегі өзіндік ізденісі туралы ойларымен бөлісті. Ақынның жан дүниесін түсініп, дүниетанымына үңіле білген қаламгер Мұқағалидің туған жерін арнайы барып көрген екен. Ақынның сүйген жары Лашынның өзі де Роза Мұқанованың шығармашылық өнеріне тәнті болған тәрізді. Мұқағали тәрізді тағдырлы ақынның жан-дүниесін түсіну, қайшылықты қоғамдағы ақын ойын, көзқарасын  дөп басып танып-білу оңай емес, ал Роза Мұқанова жан әлемі сыр мен сезімге толы, болмысы мұң мен музаға айналған  өнер адамының, өнерпаз тағдырдың бір мезетінен сыр шертетін шынайы дүние тудыра алған.  

Шынымен де, сырты күміске қапталып, іші алтынға толы болып келетін ақын жанын түсіну әрбір адамның қолынан келе бермес іс. Алайда, сауалдарға жауап беру барысында кеш қонағы “жазушы адамның жанын түсіне білетін қасиетке ие болады” деген тәрізді өзінің ойын жеткізе білді.

Онлайн форматта өткен кездесу барысында студент жастар Роза Мұқановаға өздерінің сұрақтарын қойып, қаламгердің де замана, қоғам, шығармашылық әлем, көркемдік таным туралы пікірлерін білуге тырысты. Сол бір сұрақ арасында “Сіздің жастарға көңіліңз тола ма?” деген сауал болды. Қаламгер оған: “Мен жастарды жақсы көремін. Олардың ойлауы да, қабылдауы да ерекше” деп жауап қатты.

Оқырмандар да Роза Мұқанованың шығармашылық әлемін тануға деген талпыныстарын бүгіп қалмады,  байыпты байламдарын, тұщымды ойларын ортаға салды. Бұл кездесуде біз қадірлі қонағымызбен сырласа білдік, қаламгер қандай қасиеттерге ие болу керегін түсінгендей болдық. Кездесу барысында студенттер өздерінің өнерлерін паш етіп, қадірлі қонағымызға ҚазҰУ-дің филология факультетінің талантты жастарының да шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндіктері  болғаны да әдемі жарасым тапты. Сол бір мерекелі күнге жақындата түскен кездесу тек студенттердің көңілінен ғана шығып қоймай, жазушының да жан сарайына жылулық сыйлай білдік деген үміттеміз.  

Жарқын ӘЗІМХАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты,

Шоқан ШОРТАНБАЙ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір