Әдеби басқосуда «Мен оқыған бір кітап…»
07.04.2021
4241
5

Осындай атаумен Махамбет университетінің магистрант жастары жас оқырман көзімен кезекті әдеби басқосуда драматургия жанрындағы көркем туындыларды талдады. Қазақ әдебиеттануының жаңа бағыттары, әдебиеттанудың өзекті проблемалары аясында ой-пікірлер ортаға салынды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – отыз кітап» атауымен  танымал қазақстандық авторлардың  поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма  саласындағы 30 үздік шығарма жалпыхалықтық оқуға іріктелді. Аталған акцияның мақсаты қазақ әдебиетін кеңінен насихаттап,  халықтың оқуға деген қызығушылығын арттыру, әдеби мұраны зерттеуге деген қызығушылықты дамыту, сонымен қатар жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосу болса, осы мақсат үдесінен шығуға бүгінгі жас оқырман, жас ғалымдар қандай үлес қосуда деген орынды сұрақ туады.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филолог магистранттары «Бір ел – бір кітап» акциясының «Драма» жанры бойынша таңдалған кітаптарды талдауға арналған «Мен оқыған бір кітап…» тақырыбында тағы да бас қосты. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын магистрант жастар драма жанры бойынша таңдалған кітаптардағы туындыларға әдеби талдау жасап, өз пікірлерін ортаға салды.

Танымал жазушы, драматург Дулат Исабековтің туындыларын сүйсініп оқымаған оқырман аз болар.  «Жеті желкен» пьесалар жинағына енген драмалық шығармалары бойынша магистрант жастар өз пікірлерін төмендегідей білдірді.

  Нұрсұлтан Садуллаев: Ж. Жарылғапов «70-80 жылдар қазақ прозасындағы адам концепциясы» атты диссертациялық еңбегінде Дулат Исабеков шығармаларына экзистенциализм тұрғысынан баға берген. Дулат Исабеков «Жеті желкен» атты драмалар жинағында өтіріктің залалы, шындықтың жемісі қозғалады. Яғни батыс философиясындағы экзистенциализм бағыты  көрініс береді. «Қараспан процесі» пьесасын талдап өтсем… Үкіметтің тапсырған жоспарын орындау кезінде ерекше үлес қосып жүрген кейіпкер Отар атты пошташының «әке-шешемді боқтады»  деген актының кесірінен жолдастық сотқа тартылады. Бірақ бөлім бастығы Кемпірбайдың жоспарды орындауда ерекше үлес қосқанын тізімнен көріп, керісінше, оны орден беруге  ұсынады. Сонымен бірге  малшылар конференциясына жолдама береді. Оны естіген Кемпірбай қуанып, «түске дейін соттамақ болып еді, түстен кейін конференцияға жібергелі жатыр» деп, мал сойып жолашар жасайды, сондағы кейіпкердің әрекеті, өзін сотқа дейін апарып, кінәлаған ауылдастарын кешіріп, немересіне айтып, бәрін де үйіне шақырады. Автор бұл кейіпкер арқылы битке өкпелеп тоныңды отқа жақпауға адамдық болмысын сақтай отырып, кейіпкерді биік парасат иесі етіп көрсетеді.

Мәдина Жаледден: Жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы замана ықпалымен ұлттық құндылықтарды жоғалта бастаған, адамгершілік, парыз, борыш ұғымдарын жете түсінбейтін жастардың бейнесін ашып көрсететін шығарма. Шешеден жастай қалған, әкеден қайыр көрмеген бір әулеттегі балалардың тұрмысын, таным-білігін бір-біріне жасаған қарым-қатынасы, айтқан сөздерімен білдіріп, жалпы қоғам болмысын танытады. Басты кейіпкер Қамажайдың адамдық қасиеті оның сөздері мен іс-әрекетінен аңғарылып тұрады. Жасынан тірі жетім боп қалған бауырларын адам ету үшін өз бақытын табуға ұмтылмай, жеке өмірін ұмытып, солардың тілеуін тілеп, дегенін орындап отыруы кез келген жанның қолынан келмейді. Қамажай бейнесі осынысымен асқақ. Бауырларының көңіліне кірбің түсірмей қатарға қосып жеткізуді Қамажай парызым деп біледі. Бір сөзінде әлдеқашан дүниеден өткен «шешеме не айтам» деп, қамығатыны да бар. Шығармада көрінетін жастардың бәрі де бетімен кеткен, өмірді өзінше түсініп, өзінше әрекет ететін бейнелер деп айту қателікке ұрындырады. Сіңлісі Нәзилә бірбеткей, тікмінез, турашыл, ойындағысын тура айтар бейне ретінде, Омар қақ-соқпен ісі жоқ, адал жанды, ғылымға берілген жан ретінде көрінсе, бар тартысқа негіз болып, Қамажай бейнесін ашып беретін бейне – Қамажайдың ержеткен інісі – Темір. Оның өзі де, дос-құрбы қыздары да бір сәттік қызыққа еліткен, өмірді өзінше пайымдап түсінетін бейнелер. Бұл олардың драмада дастарқан басындағы пікірталасынан айқын танылады. Драма идеясы заман ыңғайымен тұлғаның да бет-бедерінен айырылмай, адамдық қалпын сақтап қалу керектігін меңзейді.

Бүгінде өз оқырманын да, көрерменін де тапқан драматург Сая Қасымбектің «Жанталас» пьесалар жинағына қатысты оқырман жастарымыз ойларын төмендегідей өрбітеді.

Муслима Мәлікова: Сая Қасымбектің әр драмасы терең философиялық ойға толы. Автордың бейнелі тілімен суреттелген өмір әдеттегідей емес, ерекше әсерлі, сана-сезімді тебірентіп, өмірді ерекше етіп көрсетеді. Кейіпкерлердің шынайы бейнесі жете айқындалады. Кез келген кейіпкерге қатысты дүдәмал сезімді бастан кешіртеді.

«Интервью» драмасының басты кейіпкерлері – режиссер мен журналист қыз. Осы екі образ драманың өн бойында бастапқы қалпынан өзгермей, өзіндік сипаттарын сақтап отырады. Драмадағы өзекті тартыс осы екі образдың қарама-қайшылығынан туындайды. Туындыдағы оқиғалар кездейсоқ, бей-берекет емес, белгілі бір жүйе арқылы дамып отырады.

«Өлесің бе?..» драмасында автордың көздеген мақсаты – ол өлімді әдетегідей үрейлі емес, үйреншікті құбылыс ретінде көрсетеді. Көзге көрінетін дүниеден бөлек рухани әлемнің бар екендігі жайында сендіртеді.

Қыдырқожа Маратов: «Жанталас» кітабы аты айтып тұрғандай, күрескер жандардың күреске толы өмір иірімдері жазылған драмалық шығармалардың жинағы. Бірақ күрескерлердің әрқайсының мақсаты бөлек. Әрқайсысы өздерінің таным деңгейі мен, жан қалаулары үшін әрекет жасайды. Жинаққа енген шығармалар реалистік бағытта жазылған. Оның ішінде неоерализм, психологиялық реализм, сыншыл реализмнің аралас  көріністерін көре аламыз. Сыншыл реализм ретінде автор жалпыадамзаттық ғаламат мінездер тудырмайды, қайта психологиялық үдерістің өзегіне кіре отырып, күрделенген, өз бойына шындықты жинақтаушы тұлғаның рухани дүниесіне тереңдей түседі. Неореализмнің әдістерін қолдана отыра қарапайым өмірлік құндылықтарға бағдарланған адамдарды көрсетеді. Әр істеген ісінен әуелі себеп пен мән-мағына іздейді. Мысалы «Палата» мелодрамасында әйелдерге жеңілтек, көрсеқызар деп бастапқы пайымдау бойынша диагноз қоя салуға болар еді. Бірақ диалогтар барысында психологиялық ішкі ақтарылу орын алып отырады. Ал кейіпкерлердің айтқан әңгімелері ситуацияға сын  ретінде қабылданғанмен, олардың пайымдары мен түсініктері психологиялық реализмнің үлгілеріне айналады. Пьесадағы кейіпкерлердің мінез-құлық ерекшеліктері, тұрмыстық көзқарас деңгейі арқылы автор қазіргі қоғамдағы қалыптасқан біржақты пікірлерге, әйелдердің құқығының төмендейтін тұстарына, балалар тағдырына, діндегі молдалардың халықты адастыруы секілді жағдайларға  өз көзқарасын аңғартады.

Маған ұнаған автордың тағы бір техникасы – оқиғаны өрбіту үшін, кейіпкерлер арасындағы диалогты жандандыру үшін мақал-мәтелдерді, ұлт ақындарының өлендерін қолдануы. «Интервью» драмасында режиссер мен журналист қыз арасындағы ұзақ әңгіме барысында режиссер өзін тығырыққа тірейтін, жауабын табуы қиын сұрақтарға тап болады. Сол кезде режиссер тарапынан жауап ретінде Абай өлеңдері берілген. Автор философиялық пайымдауларға толы ұлы ақынымыздың өлеңдері қай кезде болмасын орын алған мәселеге  ұтымды жауап, қиын жағдайда жол бастаушы екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей болады.

         Жарқынай Харисова:  Бұл кітаптағы кейіпкерлер  полисемантикалық әдеби бейнеге айналған. Біржақтылық, бір аспектілі қарастыру жоқ. Мысалы қарапайым реалистік шығармаларда кейіпкер бір қырынан мысалы кедейшілік немесе таптық алалауға ұшыраған адам ретінде көрініс тапса, неореалистік жағынан бұл шығарма кейіпкерлері артықшылыққа ие. Адамның қоғамға тиесілі түрдегі рөлінен бөлек ана ретінде, әйел немесе әке ретіндегі өзге де қырлары, көзқарастары, ақиқат өмірдің әсері көрсетілген. Мысалы, «Сақ патшасы Томирис» драмасында Томирис ел басқаратын көсем ретіне ғана емес,  аяулы жар, ана, нәзік жан ретінде де жан-жақты сипатталған.

         Майкл Райанның «Әдебиет теориясы» бес томдығының кіріспе бөлімінде  «Жаңа тарихшылдық» деген термин туралы айтылады. Сол тарауда Стивен Гринбалттың әдебиетті сол кезде үстем болған ұжымдық нанымдармен, әлеуметтік тәжірибелермен және мәдени дискурстармен ортақ желіде түсіну керек деп ұйғарған пікірі жазылған. Мысалы Шекспир «Генри» пьесасында өзі көздеген мақсатын Фальстафтың диалогтары арқылы жеткізген. Ол өзінің жалынды сөздерімен монархия заңының күл талқанын шығарған. Сая Қасыммбекте де осы тәсіл көрініс табады. Автор кейіпкерлер тілі арқылы қоғамдағы әйелге деген құрметсіздік, псевдомолдалардың теріс әсері, балалардың тағдыры, көзге шөп салу сынды көптеген тақырыптарды сөйлете білген, қоғамдағы жазылмаған теріс заңдар мен салынған шекараларды бұзуға тырысқан.

Мадина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» драмасын оқығандар өз пікірлерін төмендігідей пікір айтты.

Ляззат Досали: «Көмбе нанның дәмі» драмасында драматург Мадина Омарова халық тағдырын жеке-жеке адам тағдыры, жан дүниесі арқылы бейнелеуге ұмтылған.  Драмада 19 кейіпкер, ауыл адамдары, әскерилер бар. Драма ғалым, жазушы, аудармашы Герольд Бельгер рухына арналған. Драма ауылға пойыз келіп тоқтап, әскерлердің келіп, бұйрық бойынша ауылбасына жер аударылған түрлі ұлт өкілдерін санап алу керектігін айтып, ауылбасының  қарсылығына қарамай осы ауылға тастап кетуінен басталады. Ауыл адамдары депортацияланып келген өзге ұлт өкілдерін бөліп алып кетеді. Адамдар арасындағы қарама-қайшылықтар жақсы ашылған. Дәлірек айтсам, ауылбасы мен әйелі, әскери мен ауылбасы, Жасұлан мен Ақеділ, неміс шал мен Жасұлан арасындағы келіспеушіліктерді айтуға болады.

Зухра Сапарова: Қазіргі қазақ драматургиясында сан түрлі тақырыптарға қалам тербеп жүрген  Мәдина Омарованың көркем шығармалары қандай шып-шымыр, шағын көлемді  болса, драматургиялық туындылары да өзінің қысқалығымен назар аудартады. Осы орайда Гүлзия Пірәлінің «Мәдина Омарованың драма жанрындағы бір ерекшелік – кейіпкердің көпсөзділікке ұрынбауы, көтерер жүгі жоқ сөзге үйір болмауы, демек айтпақ ойының анық та шымыр болып келуі» дегені сөзімізге дәлел бола алады.

Жақында танысқан жазушы-драматургтың «Көмбе нанның дәмі» атты пьесалар жинағына әлеуметтік-қоғамдық тақырыптағы «Көмбе нанның дәмі»,  әлеуметтік-психологиялық тақырыпта «Коняк қосылған кофе», «Қадір түні», тарихи тақырыптарға арналған «Ақтастағы Ахико» драмалары енген.

«Көмбе нанның дәмі» аталатын драмасында жазушы қиын-қыстау кезеңде қазақ жерін мекен еткен өзге ұлт өкілдерін қазақ халқының өзекке теппеуі, бәрін бірдей «бір атаның балаларындай» көрген бауырмалдығы,   қонақжайлығы, дархандығы  көрініс табады. Пьесада халыққа төнген нәубет, жастар арасындағы махаббат, адамның жаманы болса да, ұлттың жаманы болмайды қағидасын ұстанған неміс шал, әскерилер, ауыл адамдарының образдары сәтті байланысып, оқырманын еліктіріп әкетеді.

Ал Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) «Қорқыттың көрі» кітабы туралы Айым Қайыржанова: Иран-Ғайыптың өзіне тән бір ерекшелігі оқырманды тақырыптар төңірегіндегі  шиеленістер мен  шымыр диалогтар арқылы өз шығармаларына сендіре біледі.

Автордың дін, имандылық, Құдайға деген сенімі ерекше. Оны «Гүл-Нәр» драмасынан көре аламыз. Басты кейіпкерлер – Гүл- һау-Ана мен Нәр-Адам-ата. Драма Гүлдің 8-рет адамның дене мүшесі Басқа тұрмысқа шығу салтанатынан басталады. Кейін Құдайдың қаһарына ұшырап, ақырзаманға ұласып, одан Нәр мен Гүлдің аман қалуымен жалғасады.  Осыдан аман қалғандарына шүкір етіп, кейін адал махабаттарына көзі жетіп, бірге болуымен аяқталады.

Бұл шығарма модернистік бағытта жазылған. Бұл шығармада мифологиялық және культтық құндылықтар, яғни халықтың наным-сенімі көрініс тапқан. Автор ерте кезде бізді Құдай Адам-ата мен һауа-Ана арқылы жаратты деген аңызды негізге ала отырып жазған. Модернизм мифологиялық тәсілді жандандыруды көздейді. Мифтік ойлау арқылы қоршаған орта болмысын танытады. Оқиға нақты бір уақытта емес, өткен мен келешек аралас мифологиялық уақыт бойынша көрсетіледі. Драманы оқу барысында болмыстың адам тіршілігімен үйлесе бермейтін қайшылығын аңғаруға болады. Оны Гүлдің адамның дене мүшелері – Көз, Құлақ, Ауыз, Мұрын, Қол, Аяқ, Басқа тұрмысқа шыққандығынан көре аламыз.

Негізі автор шығарма шешімін оқырман еншісіне қалдырады. Менің түйгенім – Құдайға шүкіршілік, қанағат ете білсең, өз шыққан тегіңді қадірлесең, Жаратқан сенің мерейіңді тек арттыра береді.

Рақымжан Отарбаевтың «Айна-ғұмыр» драмалар жинағы бойынша талдау жасаған Ақмаржан Қобландиева өз ойын былай өрбітеді:

Р.Отарбаевтың «Айна-ғұмыр» кітабында бірнеше пьесалар қамтылған. Солардың ішіндегі «Айна-ғұмыр» драмасына ерекше тоқталғым келіп отыр.

«Айна-ғұмыр» драмасында – бір отбасында  болған жағдайлар, көненің көзіндей боп, жиегі қымбат ағашпен көмкерілген айнаның кенет жерге түсіп, бөліктерге бөлінген сәттен бастап, отбасында қиындықтар басталатыны суреттелген.

Драматург шығармада авторлық ремаркаларды, яғни кейіпкерлерінің іс-әрекетін білдіретін түсініктемелерді жақша  ішінде берген. Кейіпкерлер сөзі, репликалар диалог түрінде берілген. Пьеса – 2  бөлімнен, 4 көріністен тұрады. «Айна-ғұмыр» пьесасы шығарманың сюжеттік-композициялық желісі бойынша, бірінші бөлімнің бірінші көрінісі қала пәтеріндегі үстел басына отбасы мүшелерінің жиналып, шай ішуімен басталады. Кейіпкерлердің диалогтары арқылы шығарма өрбиді. Кіші ұлы мен келінінің үстел басына келіп,  колбасаны кәпірдің асына теңеп, ішкендерің арақ, жегендердерің харам деп ауыр сөздер айтады. Содан ағаларымен сөзге келісіп, дауласуларымен оқиға шиелінісе түседі. Кенет көненің көзіндей болып кеткен айналары жерге түсіп, сынып, бірнеше бөліктерге бөлінеді.  Сол кезде суық хабар келеді…

 Драматург бұл драмасында айнаны – бақытсыздық пен бейберекетсіздіктің символы ретінде алған. Айнаның сынып қалуынан жаманаттап хабар беріп тұрғанын байқаймыз. Сонымен қатар, айна шығарманың психологиялық деталі  ретінде  көрініс тапқан. Яғни, айна – шығарманың идеясы мен тақырыбына арқау болып тұрған деталь. Шығарманың басты идеясы әр отбасында, отбасы мүшелерінің басына қиындықтар түсуі мүмкін, бірақ сол қиындыққа төтеп беру арқылы жеңіп шыға алатындығын ұқтыру. Шығармада бүгінгі күннің шынайы көріністері айқын байқалады. Драма кейіпкерлерінің әрқайсысының рөлі, әрекеті реалистік мақсатқа негізделген.  Адам азап шегеді, бірақ қиындыққа төтеп береді. Шығарма соңында отбасындағы жағдай реттеліп, өз шешімін табады.

Анель Тұрғаналиева: Р. Отарбаевтың «Актриса» драмасында бір театрда орын алған оқиға туралы баяндалады.  Министрдің бұйрығымен Гогольдің «Үйленуін» сахналап, сондағы Агафья Тихоновнаның рөлім сомдаған актрисаға «Құрмет» орденін ұсыну туралы тапсырманы алған сәттен бастап,  театрда, актрисалардың арасында орын алған жанжалдар, басты рөлге таласуы, соның ішінде, кейбір актрисалардың сырлары ашылып, театрдағы актерлар мен актрисалар өз ішінде топтарға бөлініп, бір – бірін көре алмай, жанжал туындағаны суреттеледі.

Шығармада зілсліз күлкі, ащы мысқыл кездеседі. Пьесаға әзірлену барысында ұжымдағы жанжалдар, артистік ортадағы ахуал, адам мінездерінің  құбылыстары  нақты жағдайлар үстінде ашылып, күлкілі қалыппен ақтарылып шығып отырады. 

Жазушы-драматург Думан Рамазанның «Пешене» кітабындағы шығармаларын талдаған Ақнұр Аманова былай ой қозғады.

– Талантты жазушы, дарынды драматург Думан Рамазанның «Пешене» атты пьесалар жинағына енген әрбір трагедия қоғамда орын алып жатқан өмірдің өрескел тұстарын, кейіпкерлердің жанкешті тағдырларын әдеби тілдің барлық мүмкіншіліктерін кеңінен қолдана отырып суреттейді. Суреттеп қана қоймай, драматургияға тән аса жоғары экспрессивті-эмоционалды тұстарын тіл құдіреті арқылы жеткізген.

«Кек», «Бейуақ», «Пешене» трагедияларын оқи отырып, қазақ қызының қоғамдағы рөлі мен ХХІ ғасырдағы ауыр тағдырын анық байқай аламыз. Дәмежан Сейілжанқызы, Жазира Жарылқасын, Зәмзия сынды қазақ қызы мен әйелінің бір-бірімен қатысы жоқ кейіпкерлердің тағдырын 6-8 көрініс арқылы қысқа да нұсқа береді. Бірақ осынша қысқа көріністер арқылы қалың оқырманға терең ой қалдырады. Думан Рамазан кейіпкерлердің бейнесін ашуда бұрмаламай шынайы маскасын жан-дүниеңді түршіктірерлік өткір тілмен беруден еш тайсалмайды. Сөзім дәлелді болу үшін трагедияда көп жерден кездестірмейтін сайқал, жезөкше, сұмырай, сұрқия сынды сөздердің бірнеше мәрте қайталануы жоғары экспрессивтілік мән үстемелейді.

Қойылымның әрбір үзігі шынайы өмірдің бір белгісіндей, сонысымен жаныңды елжіретіп, жүрегіңді езіп жібереді, кейбір тұстарында мақтана да марқайасың, кей сәттерде көзіңе еріксіз жас үйіріледі. Думан Рамазан қоғамдағы біреу айтса, біреу айтпас шешімі табылмаған жер дауы, жесір дауы, әке мен бала, күйеуі ақ некелі әйелі арасындағы отбасылық мәселелердің түйінін күрмеуі қат-қабат сөз өнерінің құдіреті арқылы жеткізе білген. 

Нұрсәуле Кайыржанова:  Драматург Думан Рамазанның «Пешене» трагедиялық шығармасындағы оқиғалар қазіргі таңда өмірімізде кездесіп жатқан, күнделікті тірлікте орын алып жүрген жағдайлар бір-екі кейіпкер тағдыры  арқылы беріліп отыр. Үйдің берекесін келтірер, ерді төрге я көрге сүйрейтін де әйел заты. Балаға дұрыс тәрбие беру, балалар алдында әке орнын асқақтату, баланың әкеге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру әйелге де байланысты. Автор шығармада осыны көрсеткісі келгендей. «Пешене» трагедиясынан да, «Бейуақ» пьесасынан да отбасы жағдайы, отбасындағы ұрыстың балаларға әсері, әйел затының отбасында алар орны шығарманың басты тақырыбы болып табылады. Осы екі шығармада ата-анадан артық сені ешкім түсінбейді, жаны ашымайды, қолындағы барын, жанын бермейді. «Пешене» трагедиясында балаларына бар жағдай жасап, еш қиындық көрсетпей өсіріп, бағады. Солардың қызығын да көріп үлгермей өмірден озады, қаладағы үлкен ұлы Қайырбек бауырларына қамқор бола алмайды, әйелінің ықпалымен олармен туыстығын үзгендей болады. Әке-шешелері жиып берген мал-мүлкін шашады. Әйелінің  тек өз қара басын ойлап жасаған сорақы әрекеттері шаңырақты шайқалтады. «Бейуақ» драмасында да «Кім кінәлі» деген сұрақ туындайды. Ғылым жолын қуып, балаларына көп көңіл бөле алмаған әке ме, әлде үйде балаларына дұрыс тәрбие бере алмаған ана ма? (бірақ та, бағып-қағып, бар мейірімін, махаббатын төгіп өсірді емес пе?) немесе халық санасын улағысы келетін жат ел ме? Әлде қоғамдық орта ма?. Осы сұрақтарға жауап іздеттіреді.

         Абыз қаламгер Әбіш Кекілбаевтың «адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген әдемі сөзін жас оқырманға үнемі қайталаудан жалықпаймыз. Ал біз оқырман жас көп болсын, оқитын кітабы бір емес, мың болсын дейміз.   

 

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

ф.ғ.к., М. Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастырылған профессоры

 

 

ПІКІРЛЕР5
Аноним 09.04.2021 | 16:19

Қазір Айтматовтың бұрыңғы және соңғы шығармалары оқылмайтын болды. «Боранды бекетті» де, «Таулар құлағанданы» да оқымайды. Неге?

Аноним 10.04.2021 | 18:22

Оқылады, әрине. Бұл жерде “Бір ел — бір кітапта” таңдалған туындылар, солардың ішінде драма жанры бойынша шығармалар ғана талданып отыр.

Аноним 13.04.2021 | 15:47

Расында «Таулар құлағанда» романын оқыдым дегенді естен емеспіз. Қазір «Ақ кеме», «Бетпе-бет» және т.б. шығармалары ешкімді қызықтырмайды.

Аноним 13.04.2021 | 15:49

Расында «Таулар құлағанда» романын оқыдым дегенді естіген емеспіз. Қазір «Ақ кеме», «Бетпе-бет» және т.б. шығармалары ешкімді қызықтырмайды.

Аноним 19.04.2021 | 11:18

Кезінде «Боранды бекет» оқылды. Оны қазақшаға белгілі жазушы Шерхан Мұртаза аударған болатын. Шерхан Мұртаза Мәскеу мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Орыс тілін жетік білген. Ал, «Таулар құлағанда» оқылмады. Мұны аударған белгісіз біреу. Аудармасы нашар болғандықтан оқылған жоқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір