Мәди Айымбетов. Бопай ханым
05.04.2021
5218
3

Үстірттің батыс мүйісінен, ақ борлы кемерінен айналып, шығыстағы көз жетпес қиыры ұзыннан-ұзын далиып жатқан кең ойпаңға қарай бет алған Сүйіндік ауылының көші көлеңке ұзарып, Күн төбеден ауған шақта шағын төбенің етегіндегі тепсеңге келіп аял жасады, түйелер шөгерілді…

Аптаға жуық ұзақ жүрістен зеріге бастаған Бәтима бұл мезгілде көштің ал­ды­на түсіп әжептәуір жер ұзап кеткен еді. Күзде тай кезінде жуасытылып, жаз шы­ғар-шықпастан жүгенделген, әлі тарпаңдау күрең қасқа құнаншығарына дұрыстап бас білдіру сылтауымен әрлі-берлі ойқастай шапқылаған ерке қарындасының қасынан күнұзағына ұзамаған Мырзатай көш аялдар тұста одан бөлініп қалып қойды.

Далиған жазықтың жусанды тегіс қат­қы­лына тұяғы тиген жарау құнан тізгінді босатқасын көсіліп сала берді. Құлақ түбі­нен гулеген желге балғын жүзін қарсы тосып, қос қапталда дөңгеленіп қалып бара жатқан ұланғайыр даланың бойымен Бәтима жүйіткіген күйі көз ұшынан бір қас-қағымда ұзай берді. Балауса жастықтың ыстығы жалындаған қыздың өн-бойын әлдеқандай бір өршіл де қызу сезім биледі. Бірнеше күндер бойы көкірегін құрсаған марғау мазасыздықтан осылайша тоқтамай, мүдірмей жүйткіген күйде арылғысы келгендей еді. Көз сүрінер бедері жоқ шексіз кеңістік оған құшағын емін-еркін ашып жат­ты…

…Жаңа тігілген үлкен отаудың Сүйіндік пен Ақсырға бәйбіше бастаған үлкен-кішілері жиылып, кешкі шәйға енді отыра берген мезгілде оралған Бәтиманың алдынан Мырзатай шығып, қарсы алды.

Жазғы жаңа қоныстағы алғаш түнде Бәтима төсегіне сүлесоқ жатқан қалпы көз ілмей шықты. Көзін жұмса, өзі кенет бимәлім бір әлемнің ортасында жүргендей күйге түседі. Өң мен түстің арасындағы бір хәлде сансырап жатқандай. Әлгі түсініксіз әлемнің арасынан анталаған сансыз жарық жан-жағынан андыздап, көз жанарына қамалады да, сан түрлі түспен толқынданып кетеді. Түрлі-түсті толқын өн-бойын дірілдетіп, жан-дүниесін тербетіп, шексіз, шетсіз кеңістікке қарай қалықтатып, жетелей жөнеледі. Көзін ашса, арқасын сұп-суық тер қамап, түршігіске түседі. Дерт дейтіндей дерт емес, ойын сансыратқан, балауса тәнін қалжыратқан хәлмен таң ілкімі саз бергенше арпалысып шыққан Бәтиманың сәл бір аралықта барып кірпігі айқасты…

Талығып жеткен таңғы ұйқы оны ғажайып бір түстің құшағына енгізді. Тәт­ті ұйқыдағы мұның ашық маңдайын сипалаған қарқарадай ақ жаулықты, жүзінен мейірім нұры төгілген бейтаныс кейуананың жып-жылы алақаны көңілін елтітіп, жан-дүниесін маужыратып жатқандай. Көзін ашып, сол аялы алақанды бір сәт ұстағысы келіп созған қолына бір шөкімдей ғана үлбіреген әппақ бұлт ілінеді. Артынша әлгі кейуана: «Қызым, бұл саған, сенің қолыңа қонған қасиет, ұқыптап ұста, шашып алма! Шипа сұраған жан қолыңнан дәру алар бұдан былай. Мен саған Табынайдай текті атаңның киелі әлемінің мейірімді сәлемін алып, осыны айту үшін келдім. Маңдайыңнан сипап киелі қасиетіңді өзіңе бердім, алаңсыз ұйықта, тұла-бойыңды, арқа-басыңды қысқан ауырлықтан жеңілдет­тім, сауығып тұрасың!» – деді де, ғайып болды. Уысындағы әппақ бұлт­ты ыдыратып алмайын деп, аяғының ұшымен қалқыған ол Жерден әлдеқайда биіктеп ұшып бара жатқандай күй кешті. Аз ұшты ма, көп ұшты ма, білмеді, бір уақыт­та жерге табаны тиді де, оянып кет­ті. Өн-бойы жеп-жеңіл сергіп, көзін ашқан бойда жалма-жан алақанына қарады. Түсінде көрінген бір шөкім бұлт­тың орны шым-шым етіп, ып-ыстық болып алақанында алаулап жатқандай сезінді…

Дәрушең қасиет­тің белгісіндей болып қас-қағымда байқалған бұл бимәлім күйдегі көріністер балғын Бәтимаға жаңа қоныста өткізген алғашқы түнде түсіне енген болатын.

…Содан бері Сүйіндік ауылының жайлауы Жемнің жоғарғы бойымен өрлеп, жайылыс ыңғайына қарай жаз ортасы ауғанша екі-үш көш жер табан аударды. Атақоныс Мұңалжар сілімдерінің баурайы Сүйіндіктің қалың жылқысына шүйгінді жазғы өріс болды.

Еділдің бергі жағасына осы кездері ауық-ауық бұза-жара өтіп, Жем алабына ма­за бермей тұрған қалмақ жасақтары қа­зақ ауылдарының жылқы табындарына ал­дымен шүйлігумен болды. Бұның мәнісі өздерінің дамылсыз соғыс жорығына шыдамды адайдың міністік жылқысын қармап қалу еді.

Кете батыры Алтаймен тізе қосқан маң­ғыт Қарақ батыр биыл Жем бойындағы елді қалмақтардан қорғап, оларды ішке қарай өткізбеудің амалын жасаудың қамымен мың қаралы қолының бір шамасын Сүйіндік ауылы жайлаған маңға әкелген болатын.

Түбіт мұрты жаңа тебіндей бастаған Мырзатай да бұлармен іргелес ілесіп жайлаған алыс-жақын адай ауылдарының өзі құралыптас қарулы жас жігіт­терінен жасақ құрып, осы қос батырдың сарбаздарына қосылуға ниет қылды. Ауыл төңірегінен бы­лай­рақта ат­тарын жаратып, қолда бар садақ, найзаларын сайлап, жорыққа өзде­рінше    машықтанып жүрген сарбаздарының қосына Бәтима да бұл күндері ағасы Мырзатаймен бірге барып жүрді. Жігіт­терше ықшам жорық киімін киіп алып, садақ жебесін тартуға әуестенген қарындасын ол бетінен қақпады. Бәрібір өз айтқанынан қайтпайтын ерке қыздың мінезі оған белгілі еді.

Өзі ерекше жақсы көретін қызының өршілдігіне әкесі Сүйіндіктің де тоқтау саларлықтай шарасы болмады. Бірақ қалмақпен шайқасуға жібермейтінін үзілді-кесілді бұйыра ескерт­ті. Ескертуді айтуын айтса да, «әт­тең, құлдығым, қыз болып жаратылдың, әйтпегенде ата жолын қуып, батыр даңқың шығатындай өренім сен-ақ болар едің!» деген іштей сүйсініс әке жүрегін толқытып кеткен еді.

… Күз қырауының сызы әбден білініп, үйіріліп аққан Жем суының беті мұз қабыршақтанып күн райы қоңырқай тартып, салқындай бастағанда Сүйіндіктің жылқы қостарының алды өрісін шығыс бетке, Үс­тірт баурайына қарай түзеді. Осы мезгілде қал­мақ қолдары дүркін-дүркін шабуылдап, сойқан сала бастады. Жары адай ер Шотан бастаған, кете Алтай мен қарақалпақ Қарақ батырлар қостаған жасақтардың қарсы тегеурініне төтеп бере алмай бытырай шегіне қашқан жаудың бірен-саран тобы Жемнен бері өтіп үлгермеген адай ауылдарын жол-жөнекей ойрандап кетіп жат­ты. Мырзатайдың сарбаздары да қарап қалмады, бірақ қансыраған қалмақтың азуын ақситқан жыртқыштары бейбіт елден өшін алуын бәрібір тоқтатпады. Осындай зобалаңды күндердің бірінде қалмақтың ала-шаңыт дүбірі Сүйіндік ауылының да шетіне жет­ті. Мырзатайдың қарауылдаушы сарбазының қырқа басынан жүйіткіп, ат­тан салған дауысынан қыс қыстауға көшкелі отырған жұрт аяқ астынан абыр-сабыр болды да қалды. Оншақты жігітпен атқа қонған әкесі Сүйіндіктің ізін ала Бәтима да күрең қасқасымен ілесе жөнелді.

Мезгіл екінтіге ауып бара жатқанда ұзынша қырқаның тұмсығынан еңіске қарай іркес-тіркес құлаған торғауыт сарбаздары бұларды елең қылмаған сыңайлы. Ұзын қарасы отыз-қырықтай дұшпан тобы алды-артына қарамай ілгерілей берді. Шағын қолмен олардың соңына түсуге күш тең емес, қырқаның өрінде аялдаған Сүйіндік ат­тың басын іркіп, енді-енді шаң беріп таяп қалған Мырзатай сарбаздарын күт­ті. Осы мезет­те өздері жеткен тұстан, көзкөрім жерде жүйіткіп келе жатқан жалғыз салт ат­тының қарасы шалынды.

– Апыр-ай, бұл кім болды екен? Байқаңдаршы кәні, дұрыстап көз жіберіп! Ауылда қалған жұрт­тан әлдеқалай төтенше хабар жеткізуші біреу болды ма екен?.. – Сүйіндік ауыздығын қарш-қарш шайнап, алдыңғы аяғын тарпыған құла айғырының тізгінін тарта ұстап, ашаң жүзі демде бозара түсіп, елең етіп абыржыды. – Жүрісі ала-бөтен суыт қой өзінің!..

– Өй, мынау Бопай ғой өзіміздің, күрең қасқа құнанынан таныдым! – деп айқайлап жіберді жігіт­тердің біреуі.

– Бопай деймісің!.. Әй, баламысың деген?!.

Жас­өспірім ер балаша ықшам киініп, иығына садағын іліп, оң тақымдығына шашақты шағын, төрт қырланып үшкірленген найзасын қыстырған Бопай күрең қасқасымен орағыта ойқастай келіп дәл әкесінің маңдай алдына келіп тізгінін тарт­ты.

– Көке-е!.. Ұрыспаңыз маған! – деді, жұп-жұқа ақторғын бетінің ұшына қан ойнап. – Бір ашуыңызды қиыңыз! Ризашы­лығыңызды алмасам да, ел шетіне келген жаумен айқасуға өзім келдім! Бәрібір кейін қайтпаймын!

– Олай болса, мыналардың қатарына барып тұр! – Қабағы қатулы Сүйіндік көзін алартып, бүктей ұстаған қамшысының ұшымен сарбаз-жігіт­терін нұсқады. – Бұлар шетінен жүрек жұтқандар! Тасасында тығылып тұрмайтын боласың!..

– Тасада тұру үшін келгенім жоқ, әке! Сертке-сертім сол!..

Еңсесін тік ұстаған күйі, күрең қасқасын бір ырғытып, қатардың алдына келіп тұра қалған қайсар қыздың мінезінен осы мезет өршілдік жігері өрекпіп кеткендей еді.

– Ойпырым-ай, мынауың біздің Табынайлардың қанына тартып туған нағыз қайсардың өзі ғой!..

Өжет қыздың әкесінен тайсалмай, мынадай тосындау өршіл мінез танытқанына ауыл жігіт­тері қайран қалысты.

…Тоқтамай жортуылдаған торғауыт­тардың құлағына өздеріне таяп қалған, толас­сыз жосып келе жатқан қалың ат тұяғының дүбірі шалынған болуы керек, екі топқа жарылып, қиястай тартып қуғыншылардың қатарын бытыратудың айласына көшті. Бір-бірімен қапталдасып, қатар келе жатқан әкелі-балалы бастаған сарбаздар бұлардың амал-тәсілін тез аңғарды да, сол тас-түйін қалпын бұзбады. Тартқан жебелерін дәл нысаналайтын садақшыларды екі қапталға жіберіп, найзалы топтың ортадан ытқи шығып, оң мен солға қарай жедел атой салуына кеңістік ашты. Жаз бойы ауыл маңында Мырзатай сарбаздарының арасында бірге жат­тыға жүріп садақ жебесін тартуға әжептәуір машықтанып қалған Бопай садақшыларға қарай ығысты.

Бірінен соң бірі желкеден зуылдап жет­кен садақ жебелері торғауыт­тарды қапелімде әбігерге түсіріп, сол бойда дереу ес жиғызды. Жебе жетерлік арақашықта тұра-тұра қалысқан екі жақ, қорамсақтары орталанғанша атысудан танбады.

Жойқын атыс қызғынында үрейді бір сәтке ада-күде ұмытқан Бопай жебені үсті-үстіне жігерлене тарт­ты. Кеудесіне тор­лы сауыт­ты сетінеткен төрт қырлы үшкір сол жебелердің бірқатары торғауыт­тарды шетінен жер құштырмаса да, кейбіреуін жаралап шептен шығарып жат­ты.

Ұрыс майданында қарындасын Мырзатай көзінен бір сәте те таса қылмады. Өзінің мықты оққағарларын жұмсап, білдірмей оның жан-жағынан байқастатып қойған болатын. Бір жағынан сол септесті ме, әлде атасы Табынайдың әруағы жебеді ме, Бопайға жау қаруының ұшы әйтеуір дарымады. Аз ғана шығынмен бұлар жеңіскер болған осы шайқаста қалмақтардың жартысынан көбі қан-жоса болып, оншақтысы тұтқындалған еді.

Балғын қыз жан алысып, жан беріскен соғыстың ауыр зардабын алғаш рет қанды, жаралы тұтқындарды көрген сәт­терде жүре­гі тіксіне сезінді. Мұғалжар бөктері сол қоң­ыр күзде ыңырсып, күрсініп жатқандай еді…

 

* * *

Сүйіндік ауылы қыс жайлаған Үстірт­тің Сам құмдарына иек артқан жазығында наурыздың ілкім жылы ескегі ескеннен кейін-ақ жусанның көк исі бұрқырап сала берді.

Күннің біртін-біртін ұзара түскен жары­ғы шуақты лебін желпінте бастаған жаймашуақтың мезет­тері қыстан шыққан жас, кәрісі бар жұрт­тың көңілін сергіт­ті. Қыс ызғары қайтқан осындай саршуақ күндері Үстірт­тің әр-әр тұсынан етекке қарай түс­кен тау ешкілері көріне бастады…

…Үстірт асып, тау-тастың тағысы шаңы­рақ мүйізді текенің соңынан қуғын салғанда атынан құлап айдалада мерт­тікен аңқұмар бейтаныс жас жігітке Құдай айдап жаз өрісінің етек-жеңін шолып өз жөнімен кетіп бара жатқан Мырзатай жолықты. Тұлға-тұрқы өзінен бір сүйем де кем түспейтін нардай жігіт­ті ол атына өңгеріп, әкесі Сүйіндік ауылындағы өзінің отауына әкеліп жайғастырады да, жас келіншегін әлдекімді «алып кел» деп үлкен отауға жұмсады. Тағдыр жазуы деген осы болар, көп ұзамай үлкен отаудан келген сол «әлдекімнің» өн-бойын шарпып еткен сұңғат­тай сұлу жанарын арбалуы да сол күнгі мезет­терде болған еді. Үлбіреген, аса таңғажайып көрікті болмысына сынықшылық ерекше қасиет дарыған Мырзатайдың ару қарындасы нәзік қолымен сипалай отырып, сынып, орнынан тайған әрбір сүйегін орын-орнына қойып берді.

Ауырсынып жатса да, сом жұдырығын тастай ғып түйіп, жақ етін ширықтыра тістенген көркем жүзді жігіт­тің от­ты көзі сынықшы қыздың ұяң сезімін әнтек ыстық лебімен желпіп өткендей болғаны да анық еді, аялы жанары еріксіз күлімдегені де сол бір мезет­те еді.

Ақторғын қыздың күлім-күлім еткен аялы жанарының оты оның көкірек тұсын шым еткізіп, өн-бойын бір ыстық діріл билеп ала жөнелген еді-ау. Жанын жай тапқызған оның нәзік те ып-ыстық алақанының табы бүкіл тәніне жайылып алғандай рақат күйде жат­ты. Көзін сәл жұмып, албырап жатқан Әбілқайырдың желқақты қоңырқай балғын жүзін осы бір тәт­ті мезет­те жас көктемнің бұрқыраған саумал самалы аймалап өткендей болды. Киіз үйдің сықырлауығын жайлап қана ашып, кірген аққұба келіншек:

– Бопай! Бопайжан! – деп жып-жылы тіл қат­ты. – Отау үй жақтан өзіңді іздеп жатқан сияқты…

Жас жеңге қайын сіңлісін, Бәтиманы құйт­тай қыз кезінде томпаң-томпаң еткен болпаң жүрісіне орай әжесі еркелетіп қойған Бопай атымен атайтын.

Жас сұлтан өзінің балғын қыздың, емшісінің жеңгесі қойған аты Бопай екенін естіді. «Бопай!.. Шын есімі де Бопай ма екен өзінің?» деген ой келді қалжырап жатқан оған. Қапияда мертігудің азапты қиналысынан жеңілдеп, арылып, босаңсыған ол сол мезет­те қалың ұйқы құшағына ене берді. Бопайдың жәйлап қана орнынан тұрып кеткенін Әбілқайыр сезбеді.

Табынай ер Сүйіндіктің ауылында, Мырзатай үйінде жиырма күннен астам жатып мертігуден айыға бастаған Әбілқайырдың көңіл сарайын айрықша жадыратқан ынтық сезім сәт сайын ұлғайып, байыз таптырмады.

Жас жігітке осы күндерде әулет­тің сүй­кім­ді еркесі Бопайдың да албырт көңілі ала-бөтен жақын тарта бастағандай еді…

Мырзатай отауына келуді жиілеткен Бопайдың әр қадамын қалт жібермей баққан жеңгесі қайын сіңлісінің алып-ұш­қан көңілін ерекше бір өзгерістің жайлаға­нын анық сезді. Келіншек үлкен отау, бас шаңырақтың иелері – ата мен ененің де қызының бейтаныс жас сұлтанды емдеуді сылтау қылып бұлайша жүруін қаламайтынын да біліп жүрді. Бірақ Бопайға ашықтан-ашық тиым салуға батылы жетпеді. Екеуінің оңашалануын жас жеңге қаламаса да, Бопай Әбілқайыр айығып тұрып кеткенше алақанымен сылап-сипау емін доғармады. Алақанымен жан-дүниесінің тербелісін сездіре білген көркем қыз оған өзінің алғашқыдағы аяушылықтан біртін-біртін жақсы көруге ұласқан бейкүнә сезімін үнсіз ұқтырғандай болды. Ол да екеу­інің осы сырлы үнсіздігінен тілмен айтып жеткізуге болмастай ғажайып ынтығысты жүрегіне жасыра білді…

Сүйіндік ауылынан ат­танатын күні ға­на қалт еткен бір оңашалықта алғыс-ризалығын білдірген Әбілқайыр Бопайдың алаулаған ыстық алақанына алақанын жанастырды. «Тағдыр мені саған жолықтырды! Өзіңе қайтып оралар сәт­ті асыға аңсап барамын, Бопайжан!» – деген жалғыз ауыз қимастық сөзін айтып үлгерген еді сонда жас сұлтан…

* * *

Жас сұлтанның аңсаған сәті туды. Келесі жылы сәуір орталай ел Жайықтың түстік батысына қарай, Жемнің төменгі бойынан әрі жаз жайлауға шыққан жайма-шуақ күндердің бірінде Бопай-Бәтима қыз ұзатылып, Сүйіндік ауылында ұлан-асыр той болды. Іргедегі құдандалы табын, әлім ауылдарынан да ағайын жекжат тойға шақырылды. Қыстан шығып, көктемнің шуағына еңсесі көтерілген көңілі шат жұрт адай ауылының қызығын армансыз тамашалады.

Қызының атастырылып қойған жеріне ата жолымен қондыра алмаған Сүйіндікте осы күндер де, той қарсаңында іштей тыншу болмаған. Бопайды алып кетуге Әбілқайырмен бірге келген Жәнібек, Бөкенбай батырлар бастаған жас сұлтанның серіктестеріне, құдалық өкілдеріне де пәлендей ашық қабақ таныта қоймады.

Құдаларды үлкен үйден ат­тандыруға арналған қонақасыда Бөкенбай:

– Сүйеке, аталы елдің сөзін ұстаған ұлағатың бар замандас ағасың, ризалықпен мақұлдасып ат­танайық! Бопайың жат қолына емес, төре еліне, жас болса да халқына бас болған мына Әбілқайырмен бірге ат­танып барады. Біз – жас сұлтанға қосшымыз, теріскейден, оңнан, солдан көз алартқан дұшпанға қарсы тізе қосып тойтарыс жасаған жорықтардың сынына бірге түсіп келеміз. Ертеңгі күні де сол қалыптан айнымаспыз. Сіз де адай жұртының қолбастар тұлғасысыз, жер намысы, ел намысы мен ер намысы жолында аянарыңыз жоқ екені баршамызға аян, бауырыңыздан шыққан тұлымшақты ұрпағыңа ақ тілегіңді ақжарқын пейілмен білдіретініңізге бек сенімдіміз! – деп, иегін сәл көтере түсіп Сүйіндіктің ойлы жүзіне сауалды шыраймен барлай қарады.

Байыппен, барынша толғамдап сөйлеген Бөкенбайдың әр сөзін Сүйіндік қалт жібермей тыңдады. Бұлармен осы күндері ашық-жарқын бола алмаған кейпін батырдың қапысыз аңғарғандықтан өзіне осылайша сөз арнап отырғанын ол түсінді. Бірақ бұған іле жауап беруге асықпады. Төрге жайғасқан қонақтарына жағалай көз тастап, сәл тосылды да, Бөкенбайға жүзін бұрды.

– Е-е, Бөкенбай, жөн-жосықты білетін азаматымсың ғой, шын ырзалығым болмаса, мына келістеріңді қабыл алмас едім. Ел-жұртыммен бірге мына тойдың төріне келген сіздерге құрметімді жасар ма едім, жасамас па едім!?

Аз-кем толқудан Сүйіндіктің аққұба өңі қызғылт реңктеніп, кең маңдайындағы ұсақ әжім сызықтары аз ғана жиырыла түсіп барып жазылып сала берді.

Бөкенбай оның сөзін қабыл алған ишара жасап, оң қолын кеудесіне қойып, басын иді.

– Ұлдан кем көрмей өсірген қызымның бұл қалауына қарсы тұрар дәтім қайсы?! Ел мен жердің қамын мойнынына жүктеген мына азамат­тың қолынан өмірлік қосағым деп ұстаса, ақылымен шешкен өз қалауы. Әкелік тілектестігіммен ат­тандырамын еркін өсіп, жайлаған алтын босағасынан! Менің көкейімдегіні білгің келсе, айтпағым – осы!..

– Бәрекелді!..Бәрекелді-ақ! Сүйеке, аталы сөзіңе бек рақмет!

Бөкенбайдың көңіл-сарайы жайдары­ланып, Сүйіндіктің сөзіне өзінің ризалығын жасырмады.

Төре еліне Бопайды ат­тандыру сәті сол күннің ертесіне күн әлеті сәскеге ұласар шамаға тұспа-тұс келді.. Сәуірдің жылы шуағы жамырап, жас көктемнің көгілжім исі бұрқырай бастағанда үкіленген екі ақбоз атқа отырған Әбілқайыр мен Бопайды ортаға алған сән-салтанат­ты топ шығыс жақ­ты, Ырғызды бетке алып қозғалып кетіп еді.

* * *

… Ырғыз бойындағы биік-биік адырлы, шоқылы алаптың жазық ойдымында, тоғайлы, қалың шабындық жайқалған өзектегі хан ордасына жиылған жұрт­тың қарасы бүгін сиреп, Әбілқайырдың қасында Бөкенбай мен Мырзатай батыр қалды. Үшеуінің оңаша отырысы ханның Бопай бәйбішесі отырған отауында өт­ті. Көп күтушінің үй ішіндегі ерсілі-қарсылы жүрісін шектеп, ас-сумен жайлауды ханым өз қолына алды.

Соңғы күндері ойы сан-саққа кетіп, алаңдаулы күй кешкен Әбілқайыр оңашадағы үшеуара мәслихат­тасудың әлқисасын өзі бастады.

– Ел шетіне әр бүйірден соқтығып, тыныштық бермей отырғандар бізден қанжоса болып қанша мәрте тойтарыс алса да, дұшпандығын тияр емес. Орыстың мәртебелі билігі иегінің астындағы болып жатқан бұл сойқандарды көрсе де, көрмегендей жүз танытады. Мұнысын мақсат, пейілінің дұрыстығына қалай жатқызарсың? Ақ патшаның Петербордан жіберген Орынбор шаһарындағы гөбернәтір өкілі елшігер Тәуекел арқылы ел тыныштығын сақтап, қорғауға берген уәдесін орындаудан тайсақтап келеді. Түпкі ниеті не? Тізе батыру ма? Анау қолтығындағы қалмағы мен Еділдің арғы бетін жайлаған итаршы жасақтарын айдап салып, елдің тұтастығын ыдырату ма? Олай болса, не істемекке керек?..

Әбілқайырдың соңғы күндердегі ішкі мазасыздығының, алаңдаулы жағдайының сырын Бопай қазір анық аңдағандай еді. Ханшайым осы мезет­те ханның ширыға айтқан түйдек-түйдек әр сөзін қалт жібермей тыңдап отырған, қалың қабағын төмен салып, әлдебір ойдың сорабына түскен Бөкенбайдың кейпіне, өзінің ағасы Мырзатайдың шамырқанып, қошқылданып кеткен жүзіне байқатпай көз қиығын тастады.

Өзінің арқа сүйер кәнігі ақылшысы, оң қолы, сардар батыры Бөкенбайдан жауап күткен Әбілқайыр алдымен оған мойнын бұрды.

Сөзін бастамастан бұрын тамағын сәл кенеңкіреп алған батыр ханға оқыс жалт бұрылғанда, кесек қоңырқай жүзінен жігер оты жарқ ет­ті.

– Хан ием, не істемек керек дейсіз? Патша билігіне бас игісі келмей бас көтерген естек ағайындарды ашықтан-ашық қырғынға салған биылғы қаңтардағы оқиға қазаққа, баршамызға қамқорсынған орыстың үлкен билігінің бізге көрсеткен қыры емес пе екен деп ойға қаламын. Қарсылассаң, көретін күннің осы дегендегісі ғой, сірә?! Ал мұндай жағдайда бас көтеретіндей ісіміздің аяғы әлгіндей болса, нәтижесі не болмақ?

– Үстірт­тің еңісі мен жотасын жайлаған адай жұрты да жан-жақтан анталаған дұшпандық әрекет­терге алаңдаулы! – деді Мырзатай шамырқанған қалпынан айнымай. – Оның үстіне мына түрікпендердің де оқтын-оқтын іргеден шабуылдауы тиылар емес! Иә, не істемек керек? Дұшпанға тойтарыс, қантөгіс жасамай, мәміле жасасудың жолымен кете бермекпіз бе, әлде…

– «Әлде» дейміз, ә? – деді Әбілқайыр, көңілін тыншытпай жүрген ойын түптей түскісі келіп. – Сол «әлденің» арты не болмақ деп отыра беруіміз жарамас! Шынтуайтына келгенде, орыс билігіне біржола о бастан бас ию ниетімізде болмағаны өздеріңізге аян. Көршімізбен іргеміздің сөгілмеуін ойладық, елді, хандығымызды өз ағайындарымыздың арасында талапайға салдырмай нығайтып, бейбіт өмір кешуді ойладық. Ал мұнымызды қаперіне алмай, өзінің қол астындағыларға тыйым салудың орнына, айдап салып, арандатушылыққа итермелесе, оған көнетін ел біз емес, солай емес пе, Бөке!

– Солайы солай! Өзіңізге мәлім, ел жақсыларының, Әжібай бастаған би-батырлардың да әу баста патша қатын жіберген елшігерге қырын қарағаны да тегіннен-тегін емес еді-ау?

– Жөн-жөн! Ойға қонымды сөз!

Бөкенбайға қосылып, мақұлдауын бұлталақсыз білдірген Мырзатай осы бір мезет­те ханның сәл ойланып қалған кейпіне көз қиығын салды.

Орда төріндегі үшеуінің кеңесінде ортаға салынған әңгіменің ау-жайын байжайлаған Бопай ханым Әбілқайыр көңілін соңғы күндері көбірек мазалап жүрген жәйт­ті бүгін анық аңғарғандай еді…

Теріскей батыстан зәрлі пиғылын аңдатып отырған көршінің түпкі ойлағаны Еділ-Жайық арасынан баса көктеп жайпап өту ғана емес еді. Батысы ұлы Еділ мен Жайықтан, шығысы Тұранға шейін ұласқан ұлан-ғайыр мекенді қол астында ұстап, Азияның қиырдағы елдеріне үстемдігін жүргізу, сөйтіп, қазынасының сауда-сат­тығына өріс ашу орыс билігінің Петр патшадан басталған саясаты екенін хан білмей, сезбей отырған жоқ. Олардың бүгіндегі бар мақсат-мұраты – Орданы біржола мойынсұндыру, тізе бүктіру. Жұдырықтай жұмылып, соған тосқауыл қоя білудің амалы қайсы? Бопай күйеуінің көкейіндегі мазасыз ойдың бір ұшы осында жатыр деп түйген еді…

ПІКІРЛЕР3
Аноним 06.04.2021 | 22:14

Бопай ханымның жалғасы бар ма?

Авторға сау болсын айтқым келеді.
Жақсы, күрделі тақырыпты таңдапсыз.
Абыроймен алып шығатыныңызға сенеміз.
Талантыңыз толысқан шағыңызда тарихи маңызды шығармаға кірісіпсіз, сәттілік тілейміз.

Жалгасын күтеміз.

Аноним 10.04.2021 | 10:34

Бопай толык нуска

Аноним 11.04.2021 | 09:46

Өте шұбалаңқы, автор шығарма өзегін таба алмаған. Тақырып маңызды, кейіпкер сәтті болғанмен, оқиғаны ширықтыра алмағандықтан оқырманды үйіріп кете алмайтын болбыр туынды болған екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір