БӘРІМІЗГЕ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
05.03.2021
71
0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы түрлі саладағы мамандар тарапынан да жан-жақты талқыланып, оң көзқарасқа ие болуда. Ұстаздар мен оқытушылар, жоғары оқу орнының студенттері мен оқушылар да Мемлекет басшысының мақаласындағы өзекті ойларға қатысты пікірлерін білдірді.   

 Самал ДӘРІБАЙҰЛЫ,  филология ғылымдарының кандидаты


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы әр азаматқа үлкен ой салып, тың серпін берді. Осыдан отыз жыл бұрын ғана тәуелсіздік туын желбіреткен  Қазақстан бүгінгі күні іргелі елдермен терезесі тең, мақсаты айқын мемлекеттердің біріне айналды. Дегенмен, бүгінгі әлемдегі саяси және экономикалық үдерістер, әсіресе адамзат баласын тығырыққа тіреп отырған пандемия кез келген мемлекеттің, қоғамның алдына жаңа талаптар, міндеттер қойып отырғаны айқын. Президент мақаласында баяндалған тұжырымдар жүрегі елім деп соққан әр азаматқа бағдаршам болып, үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы орайда қазақ білімі мен ғылымының қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің ұжымы мемлекет басшысының мақаласында баяндалған рухани құндылықтарды бүгінгі жас ұрпаққа жеткізуді басты назарда ұстап келеді. Әсіресе, мақалада арнайы атап көрсеткен ана тілінің тағдыры, оны әр азаматтың білуге тиістігі  филолог мамандардың алдында атқарылар ауқымды істердің бар екенін айқындай түсті. Бүгінгі таңда филология және әлем тілдері факультетінде дайындалып жатқан мамандар Президент тоқталған мәселелерді шешуге өз үлестерін қосатыны анық. Заман талабына сай мамандар дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіліп, олардың құзыреттері айқындалған. Осы ретте факультет түлектері тек ғылыми-педагогикалық бағытта ғана емес, басқа да салаларда (кино, театр т.б) өз қолтаңбаларын қалдыруда. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласындағы қазіргі кино өнеріне, соның ішінде қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты тұжырымдарында айтылған оймен сабақтас. Болашақта факультет түлектерінің Мемлекет басшысы көңіл аударған киносценарий бағытында да ізденістер жасап, тың дүниелер әкелетініне сенім артамыз.

Мемлект басшысы өз мақаласында ел іргесінің берік болуына әрбіріміздің мүдделі болуымызды, ата-бабаларымыз найзаның ұшымен қорғаған қасиетті жерімізге ешкімнің таласы болмауы керектігін де басты назарға алды. «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі. Халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек», – деп нақтылаған Президент мемлекеттің ең негізгі байлығы ел ертеңін ойлаған, халыққа қызмет ететін адам екендігіне назар аударды. Әрине, елді сүю тек біліммен ғана емес, білікпен, тәрбиемен негізделері анық. Университет стратегиясында әр студенттің терең білім алып қана қоймай, мемлекетшіл азамат болуына да ұстаздар қауымы үнемі көңіл бөліп келеді. «Тәрбиесіз берілген білім –адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби өсиетімен өрілген білім ғана болашақ елге, ұлтқа қызмет ететін жастарды тұлғалық деңгейге көтереді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласының болашақ бағдарымызды айқындап, ел бірлігін нығайтудағы маңыздылығына ерекше мән берді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір