Жұмекен-жырдың жаратылысы
«Теңіз терең болмаса,
Түбінен інжу терер ме?!».
Жамбыл.
Ғасыр аяқталып келеді…
Қазақ жұртына қуанышымен қатар қасіретін, шаттығымен қоса азап-мехнатын арқалатқан, бірде дүлейлік көрсетіп, орынсыз жасытса, бipде аялаған, арманына қанат бітірген, ұлт, мемлекет болып бекуінің ұлы сындарын алдына тартқан адуын мінезді асау ғасыр аяқталып келеді.
Ғасырмен бірге адамзат дамуының тұтас бір дәуірі өзінің соңғы парақ-беттерін жауып, өсу мен өркендеудің, түлеу мен жаңғырудың жаңа кезеңіне бет алып отыр. Жұмыр басты пендеге қилы-қилы тағдыр ұсынып, жаратылыс пен замананың аяқ-қолын жерге тигізбей, алдына салып, апшысын қуырған мына бидауа мінезді уақыт шіркінге не деуге болады?! Дүние-жалғанның ел-жұрт жақсы білер ежелгі мінезі емес пе бұл?! «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер…», – деп Абай айтпақшы, бұрынғының кейінгіге кезек беру, жаңаның ескіні ығыстыру салты осылай жүзеге аспайтын ба еді?!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Иә. Адамзат жалғасады, ұрпақ алмасады, қараша мен желтоқсан келіп, жер үстін қар басады… Жалғасқан жылдардың қанатын тоздырмай, ұлттың, ұлыстың әркез үзеңгі-бауын түгендеп отыруына мұрындық болар туған халқының жүрек төрінен ығыспай, жылжымай отыратын киелі, күнгейлі ұғымдар болады. Ол ұғымдар сәулелі, талантты ұлдары мен біртуар перзенттеріне деген ұлт құрметі мен сенімінен аңғарылады. Бұл сенім үдесінен шығу арқылы кез келген халық өзінің өлмес өмірін, мәңгілігін жалғайды. Елдік тұтастығы мен халықтық болмысын танытады. Әруақтарды әспеттеу арқылы тірілердің мәртебесі асқақтайды – даласы кеңіп, тауы биіктейді.
Қырық сегіз жыл жер басқан қысқа ғұмырының бар есті кезеңін қазақ жырының ары мен абыройын қорғауға, намысы мен жігерін қайрауға арнаған, өлең өлкесінің сирек бітімді ақиығы, Алаштың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовті еске алу, халқымыздың өзіндей әрі қарапайым, әрі қайсар, әрі терең, әрі асқақ, сырлы да сымбатты, ойлы да парасатты кәусар жырдың шуағына шомылу, оқырманы қалтқысыз сүйген арыс тұлғалы суреткермен жолығу, жүздесу, тілдесу, сырласу ұлт мәртебесін айғақтар сондай нышан екені анық.
Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім,
Бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім.
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім… – деп, өзіне ғана жарасар өлең өрімімен, ойлы бітімімен, парасат түйінімен қазақ жырының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан Жұмекен ақынды шынайы жырсүйер қауымға тәптіштеп таныстырып жатудың қажеті аз.
• Темір қызған кезінде…
«Жұмекен, сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін жас. Жұмекен – жұртшылығымызды қатты үміттендіретін ақын.
Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, біздің енді ашылар алтын сандығымыздың бірі. Ешкімге ұқсамайтын ақынның әр шумағы тың қазыналар. Мен поэзияны жақсы түсінетін талантты жас сыншыларды осы алтын сандықтағы асыл байлықтарды ашуға шақырамын».
Әбділда ТӘЖІБАЕВ.
Жұмекен – алпысыншы жылдары, бүгінде тарихқа айналып бара жатқан Кеңестер империясының аспанын сілкілеп, жер әлемді көктемнің шуы мен дуына орап, құшағына алып дүркіреп келген, ұлттар мен ұлыстарды өзін-өзі танудың жаңа сатысына көтерген, әдебиет пен мәдениет әлемінің соны тұрпатты мінезін айғақтай түскен тегеурінді, текті буынның ірі өкілі. Өнерді өмірдің өзі деп ұғып, ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерін тек ұлы мәртебелі әдебиет пен мәдениетке арнаған осынау кесек мінезді буынның халқымыздың рухани тіршілігінің өсіп-өркендеуіне, көркейіп кемелденуіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бұл – көп дәлелдеуді қажет ете бермейтін шындық факторы, аксиомаға айнала бастаған ұғым. Алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары дүниеге келген жыр жинақтары мен роман, повестер, музыкалық шығармалар мен қылқалам туындылары, театр мен кино әлемінің көркем дүниелері соның айқын да айғақты дәлелі.
Әлем әдебиетінің озық үлгілерін құныға оқып, ізденіп, қоғамдық ойдың қауырт қимылдауына көрік болар батыл-батыл барлауларға барып, көркемдіктің соны үлгілерін танытар жаңалықтар жасау – Жұмекен ақын қалам ұстаған тұтас бір кезеңнің оза шапқан жүйріктері мен дүлдүлдеріне тән мінез еді.
Өмірге жиырмасыншы ғасырда келгенімен, есік қағып, босаға аттағалы тұрған жаңа жүзжылдықтың төрінен өз орындарын алуға толық хақылы, білігі мен білімі, таланты мен талғамы жетік туындылар жаратқан ұрпақтың маңдай алдыларының бірі болу бақыты пешенесіне бұйырған ақынның алғашқы «Балауса» жинағындағы (1961 жылы жарық көрген) мына бір жолдарға назар аударайықшы:
Жыңғылыңды көлеңкелеп көз ілдім,
Көз ілдім мен төсегінде сезімнің.
Саған тартқан өз ұлыңмын. Өзіңмін:
тұла бойым тұтас құйған төзіммін!
Сен секілді мен де күнге күйіппін,
Сен секілді жұпар жұттым, сүйіп гүл.
Сен секілді аласамын тап-тайпақ,
Сен секілді таласамын – биікпін!.. –
деген бейнелі сөз бен бедерлі сезімнің тұма бастауындай елестер осынау ой тұтастығы мен сыртқы үлгілік тұтастық қабыса өріліп, оқырман ойы мен сезімін қым-қуыт әрекетке жетелер таза, саф өлеңнің табиғатына сүйсінбей көріңіз. Әрі қарапайым, әрі ойнақы, әрі ойлы жолдар ақынның кіндік қаны тамған жер «Қошалақ» атымен аталады.
Туған жер! Кез келген жұмыр басты пенденің жүрегіне жылы естілер, бойына махаббат пен сезімнің ұлы құдіретін, киесін жинаған осы бір мәңгілік ұғымға ат басын бұрмаған, төгіліп, егілмеген әрісі – бірде-бір әлем ақыны, берісі – бірде-бір қазақ ақыны жоқ шығар. Бірақ егілген, төгілгеннің бәрі жыр бола бермейді. Жұмекеннің «Қошалағы» – нағыз жыр! Ешкімге ұқсамайтын тумысы бөлек жыр! Бойына жастыққа тән жалын мен бозбала мінез шалқуды әдемі үйлестірген жолдар төркінінде ұқсамай сөйлеу, ұқсамай өлең өру салты бар. Ақсақал, абыз-ақынымыз Әбділда Тәжібаевтың сөзімен айтқанда: «Жұмекен, сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындык жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін жас. Жұмекен – жұртшылығымызды қатты үміттендіретін ақын» екені сол алпысыншы жылдары жарық көрген алғашқы жинағымен-ақ мойындалған.
Жаңа бір талантты жас әдебиет босағасынан аттаса, қолынан ұстап жетектей жөнелер ақжарқын мінезді тілеуқор ағалардың назарына ерте іліккен Жұмекен ақын өзіне тән қарапайымдылығынан, «бетегеден биік, жусаннан аласа» мінезінен ақтық сәт, ақырғы күніне дейін бір жаңылып көрген емес. Үлкенге – іні, кішіге – аға, қатарына қалтқысыз таза құрбы, адал дос бола білген жанның бүкіл саналы ғұмыры, Абай үлгісімен айтқанда, «өзіне сену» мен «өзгені өзіндей көріп, сыйлаудан» тұрады. Сенім мен сый ақын үшін бір ғана нәрсемен өлшенеді. Ол – еңбек! Шалқып-төгіліп жазылған шабытты жырлардың өзі сөз мәйегін талғап, таңдап қолданылар еңбек пен машықтың жемісіндей елестейді.
Аспанда күн барда, әлемде сыр барда,
Адамдар маңдайын жуған тер құрғар ма?!
Беремін барымды, аламын жоғымды,
Екі қол, бір кеуде өзімде тұрғанда… – деп, тағы да сол «Балауса» жинағына енген осы бір шумақтың бойында шымырқана шатынап, шымырлай ағып, алабұртып жатқан асау ағыс – ақындық ақиқат, ақындық мінез, ақындық тағылым Жұмекен қаламын отыз жылдық шығармашылық жолында жаңылдырмай, сүріндірмей алып өткенін аңғарамыз.
Жазғандарында жарық пен жылу, күнгей мен көлеңке, ақыл мен ашу, мінез бен әдеп әр кез қатар жүретін Жұмекен-Жырдың табиғаты – сөз бен бояуға қанық, бейнелі де бедерлі поэзияның биігіне көтерілген, ойы мен сезімі қатар келіп шарпысқанда жүрек төрінен от өрілген өзгеше көркем құбылыс.
…Жамандық та ауру шығар, мен емін
таба алмадым.
Әлі адасып келемін.
Мен ешкіммен күреспедім,
күрессе
менің үшін күреседі Өлеңім! – деген екен ақын «Жеті бояу» жинағының бір тұсында.
Ешкімге жалтақтап, жалбаңдамай, сырт момын ғұмыр кешіп, өмірінің баянын өз жырларымен өрген осынау жүрек тебіренісінде ақындық көріпкел жатқандай. Жамандық пен аярлық, зымияндық пен зұлымдық секілді жүрек атаулыны жаралар, сұлулық пен сезімді майып етер адам баласына тән көлеңкелі құбылыстың қай-қайсысы кез келген ұлы суреткердің қаламынан тамған ащы сия мен көзден аққан жас сынды ақ қағазғамөлдірей қонып тамбайтын ба еді?!
Ащы нәрсе – ашуды, ашу шабытты қозғайды, шабыт жырды шақырады! Адамзат өмірінің күнгейі мен теріскейін түгендеген ұлы Абай да мына жер үстін жайлаған бейдауа тіршіліктің қай сауалына тауысып жауап алып еді?! Өз қасіретінен – қазақтың қасіретін, қазақтың қасіретінен адамзат қасіретін көріп, соған ем іздеген ұлы жүрек түбегейлі дауаны ақыры өлмес жырдың ащы запыранынан таппады ма?! Зарлап келіп, дүниеден күңіреніп өткен Мағжан тағдыры да жадымызда. Өз отына өзі оранып, өртеніп кеткен қайран Қасымды қалай ұмытармыз?! Жұмекеннің замандас – ұлы досы Мұқағалидың да басы тұнық, аяғы лай өмір-өзеннің айдынында адалдық пен аярлық майданының азабын қалай кешкенін көзімізбен көргенбіз. «Сен – көктесің, мен жердемін, сен – періште, мен – пендемін» деп, қайғы-мұңын еркелікке жығып, өмірден ерте кеткен Кеңшіліктің тағдыры да көз алдымыздан кеше өтті… Төлеген, Жұматай өмірлері қайсымыздың өзегімізді өрт болып шалмады?! Апыр-ай! Өртеніп кету ақын атаулының маңдайына жазылған тағдыры ма еді дейсің осындайда?! «Жасым менің… Арты – қысқа, алды – ұзын» деп өз тағдырын, дәлірек айтқанда, өлеңінің тағдырын өзі кесіп-пішіп, көрер күнін анықтап кеткен Жұмекен ақын да намыс пен жігердің, өлең мен жырдың өртіне өртеніп кетпеп пе еді?! Ақын, өзі айтқандай, өмірдің аламан тасыр майданындағы күресте бейімсіздік байқатса байқатқан да шығар. Бірақ өзегін жарып шыққан өлеңі, ақындық асқақ рухы ақынның өзінен гөрі әлдеқайда күрескер екенін шынында да өмір, уақыт дәлелдеп келеді. Сірә, нағыз ақынның ұлтқа, халыққа сыйлар көл-көсір бақыты да осында жатқан болуы мүмкін.
Мен өткем жоқ.
Өтеді екен жылдар тек,
Бірақ менде қалады екен салмағы, –
деп уақыттың жүрекке артар ауыр жүгін жырымен көтеріп өткен ақын өз өмірінің баянын өзгеше етіп өре білген, жаза білген.
Бір күй шертсем деп едім – шерте алмадым,
Енді маған ақылдың бер тарланын.
Күй алғалы көп болды көңілімді,
Жүрегімді көп болды өрт алғалы… – дейді ол «Өз көзіммен» жинағында.
Бір кітаптан – екіншісіне, екіншіден үшіншісіне жалғасып отырар өмір, тіршілік туралы толғамдар әр жинақ сайын жаңа қырынан басқаша қарастырылады. Қай кезде де уақытпен бетпе-бет келіп, болмыспен, заманмен терезесін тең ұстап, тілдесу – Жұмекен-Жырдың ойы мен бойын даралай түсер басты қағида-мінез. Ақын даламен сырласса да, әке әруағымен сөйлессе де, ұлына ғибратты сөзін айтса да осы бір лирика жанрының үрдісінен жазбайды, жаңылмайды.
Жо-жоқ, мен жәйімді айтып кемсеңдемен,
Сырымды саған айтам ел сенбеген.
Деп едім бұрын өлсем өз жырымнан,
Ертерек өз тілімнен өлсем деп ем.
«Ұлым, саған айтам» жинағындағы осынау ұлт алдындағы ұлы мақсаттар мен үлкен міндеттерді ойлаудан туындаған, жақсының мерейін асқақтатып, жаманның мысын басып, құтын алар жыр жолдарын оқығанда тағы да өз тағдырын өзі жасаған жанның жан дауысы жүрек пен көңіл пернелерін басып-басып өткендей болады. Балалықтың бал күндері соғыстың өрті мен дертіне көмілген жоқшылық пен жетімдіктің шырмауына жегілген ұрпақ тағдырының қарапайым, қайратты сөзі жатқанын аңғармау мүмкін емес. Төрт жолдың бойына ақын өмірі мен арманының, жиғаны мен тергенінің, сүйгені мен түйгенінің іргелі төрт кезеңі сыйып жатқандай. Айтыңыздаршы, мына фәни-жалғанда жар сүйгісі келмейтін, ұл мен қыз өсіріп, солардың бақыты мен қуанышына кенелгісі келмейтін, іргелі ел, қомақты жұрт болып, өзгелермен теңелгісі келмейтін пенде бар ма? Жоқ! Бұл – Алла тағала адамзат атаулыға бұйыртқан ерекше касиет, теңдесі жоқ қазына. Жырдың айтары – соны қайтсем көлденең қорқаулардың шеңгеліне іліндірмей аман сақтаймын.
Қай қазақ үшін ұлды, елді, тілді, жырды сақтау қай кезде өз шешімін күтер күрделі мәселе болғаны даусыз… Ұлтымыз үшін жуық арада күн тәртібінен түсе қоймас іргелі мәселелер бұл. Айтыңыздаршы! Ақын айтқан төрт сұрақ өлең өмірге келген сонау алпысыншы жылдардың ішінде де, мына мінбені сіз бен бізге бұйыртып тұрған өтпелі дәуірдің өлара кезеңінде де қайсымызды мазаламап жүр? Бұл сөзді Жұмекеннің жалғыз ұлы Мағжанға ғана айтпағаны айдан анық.
Осындайда «Мен үшін күреседі Өлеңім!» деген ақынның өз сөзі еріксіз еске оралады. Тіпті, оның «ешкіммен күреспедім» деуі бекер секілді. Күрес орынды-орынсыз жерде байбалам салып, белдесе кету, бет жыртысу емес қой. Ақынның көзі тірісінде жарық көрген жиырмаға тарта жыр жинақтарының күллі демі, күретамыры күрестен, ой таласынан бастау алатындай. Ақын күрескен! Іштей тынып жүріп, аспан астында, жер үстінде ұшырасар әділетсіздік пен қорқаулық атаулымен жанұшыра күрескен! Жырының әр жолымен күрескен! Біз бүгін жиі-жиі ауызға алған сол ақын қайсарлығы мен сенімінің астарында ертеңге аманат етер табанды күрестің тағылымы жатқанын аңғарамыз… Өмірде артық мінез танытып, жүрісімен, тұрысымен орынсыз «сүрең» салуды әбестік санайтын мәдениетті жан іштегі бар айқай-сүреңін әр өлеңінің өне бойына салған және қалай салған десеңізші?!
Қазақ жырының мерейі мен мәртебесін ойлап, қолына қалам ұстар әлденеше буын ұрпақ ақын рухына әлі талай ат басын бұрары, жырын үлгі тұтары, одан үйренері шүбәсіз. Жұмекен мұңы, Жұмекен қуанышы, Жұмекен айбары мен Жұмекеннің қасіреті өлеңнің өзіндік өнеге мектебін қалыптастырары да даусыз.
Ақын жырларындағы ащы айқайды, мінін көріп тұрып, мінсізсің деуге аузы бармаған, артық байбаламға ішкі мәдениеті мен суреткерлік ары жібермеген, уақытқа қасқая қарап, астарлап болса да өз ойын бүкпей айтқызған жырдағы көркемдік қуатты ерліктің үлгісі деп бағалауымыз керек!
Жұмекеннің образсыз сөйлейтін сәті жоқ. Ол:
Менің демім баяу ғана бір алған –
күрсіну мен сүйсінуден құралған… –
деген қос өрім жолды өмірге әкелу арқылы адам ойы мен сезімін қаншама әсерге бөлейді?! Кісәпірлік пен кісімсу көрсе, көз жұмып, үнсіз қала алмас ақын қаламы сомдаған мына бір көңіл күй көрінісі де тек Жұмекенге жарасатындай.
Жо-жоқ! Жалған!
Өсек айтпа, ей, досым!
Сен қоя тұр, менің тілім сөйлесін.
Өзің айтшы, осы үйдің әр бұрышынан
Көрмедің бе қанағаттың бейнесін?!
Айтып ең ғой кейде мақтау, кейде сын
Сәбиімнің сүйіп тұрып жейдесін.
Неғып қана көрмедің сен осы үйден
Намысшыл бір тіршіліктің бейнесін!..
Алпыс төртінші жылы «Өз көзіммен» кітабында жарық көрген жолдардың астарында жатқан осы бір адами мінез бен тіршілік проблемалары бізден кейін де өз шешімін оң таба қояды деп кім айта алады?! Өнердің өміршеңдігі мен өлеңнің өмір сүру қабілетінің молдығын аңғартар жыр жолдары осылай өрілсе керек! Ақынның «Ғұмыр деген бір ұзақ күй болады» деген терең, иірімді ой-толғамына да, «Май шам сынды кейде адам өмірі» деген шендестіруіне де шәк келтірмейсің… Сенесің!
Ақын өзінің осынау ұлы дүниенің кішкентай бір бөлшегі екенін әсте ұмытпайды:
О, дариға! Өшу деген бар ұғым.
Өшпесең де тағылмайды аз айып.
Әрбір май шам сөнген сайын, жарығым
бара жатқан секілденер азайып…
Өлең – ақын өмірбаяны, жыр – ақын жан дүниесінің айғағы, ойы мен парасатының айнасы. Жұмекен-Жырдың айдыны кең, аспаны асқақ, өз сөзімен айтқанда, «бұтақтары – биікте, тамырлары – тереңде!» Не жазса да, нені жазса да рухани тегінің қайдан бастау алып жатқанын естен шығармайды.
Топырақ деген қасиетті ұғым – Жұмекен творчествосының алтын діңгегі. Ақын Қошалақтың құмы мен Ашақтың ақ шағылын жазса да, Тобылға қарап тебіренсе де, «Алатаудың қабағына бұлт қонса, көлеңкесі өлеңіне түсер» ахуалды бастан өткерсе де, жүрек түкпірінде отырар осынау алтын діңгегін әсте естен шығармайды. Ол – ақынның сүйегімен бітіп, қанына сіңген, мінезімен тұтасып, біте қайнасып кеткен қазақ жері мен сол жерді мекен етіп, ұрпақ көріп, ұлттық қалпын бұзбай, тұтастығын сақтап келе жатқан қандас бауырларына, қарапайым жерлестеріне деген ұлы махаббаты. Жырдың алтын діңгегі, әсіресе, соңғы «Менің топырағым» жинағында өзгеше айшықтанып, дараланып, ақын сөзі айбатты, әруақты естіледі. Сұңғыла жырдың қыры көбейіп, сыры тереңдей түседі. Ақындықтың ақиық мінезі анық аңғарылады.
Tаy жағыма тұрма менің –
тыныс келсін мұз, қардан.
Жылу жасап үйренгем мен
мұз бен қардан, ызғардан.
Жар-жағадай мінбелеме,
шегініп тұр, тұр кейін,
Толқынған бір сәттерімде –
жайпап кетіп жүрмейін…
Міне!… Нағыз ақындық мінез! Ақындық тағдыр!
Егер, мінез тағдырды жасайды десек, тағдырды жырдың анасы деп тануымыз керек. «Ақындардың аспаны бұлтсыз болған емес-ті» деп ақынның өзі айтқандай, ақындардың бәрі, әсіресе, бір нәрседе ұқсас, әділетсіздік пен аярлыққа төзбеуде қатты ұксас! Ұлы Жәкеңнің сөзімен айтқанда, әрбір ақынның жүрегінде бір-бір жолбарыс жасырынып жатпай ма? Қажетті жерінде сол жолбарыс нысанасына атылады. «Менің топырағым» – сондай жолбарыс мінезді туынды. Көбіміз байыбына әлі толық жетіп, бағасын беріп үлгере алмай келе жатқан құйқалы, шұрайлы жырдың табиғаты тым күрделі. «Менің топырағым» – Нәжімеденовтің ақындық тынысын алғаусыз ашқан шынайы шедевр! Ақын өзінің барлық саналы ғұмырын, сергек өмірін осы кітапты жазуға ұзақ дайындағандай елестейді. Бас-аяғы үш бөлім, бес тыныстан құралатын осы бір кесек мінезді кемел туындыны оқығанда қазақтың елі мен жері туралы тың толғаныс-толғауды – байыпты да байсалды эпикалық-полифониялық әуез-сарынды тыңдағандай әсер құшағында боласыз. «Менің топырағым» – адам мен жер, аспан мен су, тау мен жыра, кұм мен көл, қала мен дала, әдет пен ғұрып, ескі мен жаңа, ана мен бала, әке мен ұл туралы, өмірдің мәңгілік сипаттарымен қатар пенделіктің күйкі қырларын, сырларын тереңнен тартар соны шығарма. Ақын ғасырлар мен ғасырларды, замандар мен замандарды, қазақ даласының бүгінгі ой-кескіні мен кешегі сахараның салқар тарихын – аңыз бен ақиқатты ақындық қиялының құшағына алып, айқара қысады. Биік көтеріліп ұшады!
Әрқайсысы бір-бір пьеса, повестің арқауы болардай ширығып жатқан сюжетті жырлардың тұла бойы тұнған өмір мен шындық, өзек өртер ой мен сезімнің өзгеше иірімдері.
Ақынның «Мәжнүн тал» деген бір өлеңі ерекше есте қалады. Жұмекен – жүрек мәжнүн тал тағдырынан адам ойына келе бермейтін жұмыр басты пенде мен жаратылыс ұқсастығын көреді. Көреді де өмірі жылауға, тірлігі мұңаюға жаратылған тағдырға арнап жыр жазады. Басу айтады.
Бұ сауал бекер бірақ:
Жылап келген өмірге – кетер жылап.
Талға қара: тайраңдап жапырағы,
Тағы да бір би билеп жатыр, әні,
есуасқа жылау да, күлу де оңай:
емен қайтсін ымыртта ыңылдамай.
Тас қабаққа қарсы өскен емен кәрі,
Кәрі еменнің жағдайы сенен де әрі:
биыл оның көктемі оралмады;
көктем келді, ал саған жаз келеді,
көктеу деген шын бақыт, аз деме оны.
Сырыңды айтып жыласаң, жыла маған,
Көңіліңді түсінем – кінәләман…
Біздің пайымдауымызда, «Мәжнүн тал» жыры – әлемдік классика биігіне көтерілген, үздік үлгілі, өлмейтін өлеңдер санатынан. Қазақтың өлең талдау өнері өзінің танымдық салтын бір көрсетер кезі де осындай жырлардың тұсы болуы керек деп ойлаймын. Бойында өмірдің көзге көріне бермес ғажайып тылсым сыры жасырынған жырдың:
Жылап емес мәжнүн тал
өз тағдырын
жырлап тұрған шығар?
Кім біледі?! – деп аяқталуы да заңды, жарасымды. Өз өлеңіне ұрпағын тәрбиелеп, өсіру үшін табанынан тозып, таңды кешке ұрып, төзімін уақытқа шыңдатар ата-анадай қараған, күйінген, сүйінген ақынның бағы жанбай қалмайды. Жазары мен жазғанын осылай аялағанда ғана ақынның айтқаны жүректерге жетеді, халқының құрметіне бөленеді. Ақынның қазақ сөзі мен жырының алдындағы жауапкершілігінен біз суреткерлік пен ойшылдықтың осындай ұлы тұлғаларға ғана тән кескін, кейпін көргендей боламыз.
• Аурухана – 83
Июль, 29
20-ы күні реанимацияға түсіп едім. Содан бүгін, 29-нда балконға шығып, күннің көзін көргенімде көзіме жас келді: ып-ыстық, кәдімгідей, күйдіріп барады. Қайра-а-н, тіршілік.
Июль, 31
40-42 градус. Балконға шалқытып тұрып су шашып ем, 20 минуттан кейін кеуіп кетті. Бу көтерілер деп күтіп ек – о да көрінбеді. Қызған тас та менің бір досым сықылды кепкіш- ау, сірә, қанша ақша алса да ол үш күннен соң еріні кезеріп, қурап шыға келеді ғой. Тым құрыса, буын байқатсайшы!
Өз өмірінен өзгеге үлгі, өнеге болар ғибрат, мәйек іздеген жанның жан арпалысынан, жүрек соғысынан Жұмекен -Жырдың үзілмес арқауын, жібек желідей болып тартылған мәңгілікке тән болмысын, өлмес өлеңінің демі мен тынысын сезінгендей күй кешеміз.
Ақылға – үміт
артқан кез арға міндет,
Жүрек үшін бәрі ауыр, бәр-бәрі індет…
Жапырақтай жел қаққан дip етпей де
Жарылады деседі жүрек кейде, –
деп, өз өмірінің нүктесін өзі қойған ақын арамызда жоқ болғанымен, оның рухы бізбен бірге!
Иә…
Қазақ жырының мәңгілік төрінен өз орнын ойып алған Жұмекен- Жырдың Алаш жұртына айтары сарқылмасы, берері ортаймасы күмәнсіз.
Халқымен бірге жасар, қазақ Өлеңінің мерейін аспандатар қуатты жырға бүгілмес саулық, үгілмес амандық тілейміз!
Қараша, 1995 жыл.