ШАЛҚЫҒАН ЖЫРДЫҢ ШАБАНДОЗ ШАЙЫРЫ ЕДІ
22.11.2023
223
0

(ақын Абдулһәй Розидің туғанына – 100 жыл)

Ұлы Алла адамзатты жаратқанда «жаратылу өзіңнен» деген екен. Сондықтан адам тағдыры өздеріне байланысты болғандықтан, дәуір алдында бәрі бірдей тең өмір сүре алмай, опат болады.

Бұл әділетсіздікті теңестіру үшін, Алла пайғамбарларды, хәлпілерді, ақын, шайыр әулиелерді сенімді өкілі ретінде жіберген екен. Менің:
Дүниеде бәрінен ақын болмақ қиын,
Хақ сөзді айтпаған жан ақын емес!.. –
деп жүргенім өтірік емес. Ақындар – әдеттегі адамдардан басқашалау, тылсым қасиет жүрегіне қонған, ел қамын ойлап, көңіліне тоқылған шын сөзді айтатын һәм халықтың перзенті. Сөзіміздің дәлелі ретінде осыдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген классик ақынымыз Әлишер Наваи бір ғазалында:
Жүз шапсаң да маған, бір мәрте
қайғырамын,
Елге көрсетсің бір қысым, жүз мәрте
қайғырамын, –
деп шын сөзін айтқан. Ел басына күн туса, жүз мәрте «аһ» ұру ізгі қасиеті тек ақындарға тән. Сондықтан ақын – Алланың әр ұлтқа берген ғайыптық бақыты, үлес пен жарнасы.
Ұйғыр халқының есімі елге мәшһүр шайыры Абдулһәй Розидің туғанына 100 жылдық салтанаты ұлы әулие шайыр Абайдың қара шаңырағында өтіп жатқаны үшін бауырлыққа жараған аққудай көңілі ақ қазақ халқына шексіз ризамыз. Осындай қуанышты күндерді көруді Алла несіп етсе, ұйғыр халқының ақсақалды тұлғасы
Абдулһәй ағаның қуаныштан басы Алатаудан асып, аспанға жеткен болар еді. Әттең…
Абдулһәй Розидің кіндік қаны 1923 жылы Кетпен ауылына тамған болып, осыдан бір жыл бұрын ғана Лутпулла Мутәллиптің кіндік қаны Үлкен Ақсу ауылында төгілген еді. Тағдыр тауқыметімен бұл екеуінің балалық шағы 1933 жылы жәннәт мекен болған сұлу Құлжа қаласында өткен еді. Әкелері бай адамдар болғандықтан, тапқан байлығын балаларының оқуына жұмсады. Сондай-ақ сол дәуірдегі Кеңес ұйғыр әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын Нәзәрғожа Абдусемәтовтың адал жанкүйерлері еді. Олар Нәзәрғожа жиі айтатын: «Оқыған озар, оқымаған тозар» деген сөзін қаперге алып, «Балам болса да оқып қалсын, мен сияқты қара қарын, жалшы болып өтпесін!» деп ойлайтын өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ақындардан Өмәр Муһәммәди, Нәзәрғожа Абдусемәтов, Абдулһәй Муһәммәди оқымаған, надан халықтқа «Оқы, оян!» деп әлемге жар салып, өздері шамдай жанып, қараңғыға жарық беріп, ақыры мұратына жете алмай, өмірден өткені өкінішті!..
«Оқы, оқы және оқы!» деген ұлы сөз қандайда бір көсем көкеміздің сөзі еместігі, осыдан мың жыл бұрын мұсылман болған менің тынымсыз халқыма белгілі еді. Ол сөз Алланың сөзі болып, киелі «Құран Кәрім» алғаш Муһәммәд әләйһиссаламға түскенде айтылған сөз екендігіне ұлы Құран мен пайғамбарымыздың хадистері дәлел. Алла үш мәрте «Оқы!» деп тұрса да, оқымағанымыздың нәтижесінде кезбе, диуана болып, тарыдай дүниеге шашылғанымыз оған куә!
Аблулһәй Рози жоғары білім алу жолында Үрімшіге барып, Шыңжаң институтына оқуға түскенде, оңың жүрегіндегі өлеңге деген әуес ұлғайып, құмарлыққа айналады. Оның алғашқы өлеңдері «Или», «Шыңҗаң» газеттерінде басылғанда қуа­ныштан тақиясын аспанға атады. Әсіресе қаламгер достары Абдуреһим Өткүр, Лутпулла Мутәллиптің қолдарын қатты қысып, шынайы құттықтаулары оған қанат бітіреді. Осыдан кейін Абдулһәй Рози поэзияға басымен кіріп кетеді. Ойын-тамашаны ысырып қояды. Сол кездегі білім ордасы болған «Шыңҗаң» институтын табысты аяқтағаннан кейін ақын-жазушылардың ордасы «Тарим» журналында істеп, оның редколлегия мүшесі болады. Һәсәнжан Қурбан, Мөмүн Һәмра және мен 1957 жылы «Шыңҗаң» педагогика институтында оқып жүргенімізде жазған өлеңдерімізді көтеріп, «Тарим» журналына жасқана кіргенімізде, Абдулһәй ағаны сол ғимаратта көріп қуанғанымыз әлі есімде. Бір күні «Шыңҗаң» институтының клубында ақындармен кездесу кеші өтізілген еді. Үлкен зал студенттерге толы болды, институт директоры Һаким Жапар бір топ ақындарды клубқа бастап кіргенінде, орнымыздан тұрып, қызу қол соққан едік. Әдеби кешті танымал Абдулһәй Рози басқарып, ақындарды таныстырып, алғашқы сөзді атақты ақын Тейипжан Илиевқа берді. Ақын күлімдеп мінберге көтеріліп, жақсы оқуымыз керектігін, оқыған адам мұратына міндетті түрде жететіндігін, біреуге жалшы болмайтынын айтып, «Бітпейтін әнім» өлеңін жатқа айтып берді. Өлеңнің:
Әрбір түнде ән саламын,
Бір көшені айналып, кете алмай.
Бір межені көздеп келемін,
Әуре болып, әлі жете алмай…–
деген жолдары сол күні-ақ жүрегімізге орнап қалған еді. Кейінірек «Бітпейтін әнім» халық әніне айналып кетті. Сол дәуірдегі ұйғыр әдебиетінің ірі тұлғасы ретінде танылған Абдулһәй Рози мінберге шығып, ықшам, терең мағыналы бір топ өлеңдерін, соңында «Не дерт бұл?» өлеңін оқығаны әлі есімде:
«Сарғайып сабан болды» деген сөз бар,
Сол сарғаймаса дән болар еді.
Астықтар майса күйде тұра берсе,
Әлбетте, бір үйде нан болмайтын еді.
Дән беріп, нан да беріп жұртымызға,
Сарғайып, сабан болсаң недей дерт бар?
Өмірде сабандай-ақ іске жарап,
Өлмесең, аман болсаң, недей дерт бар!
Үлкен зал іші тым-тырыс бола қалды. Бір кезде гүлді тақия киген, бұрма шашты бір қыз орнынан атып тұрып:
Ух… Өмірімде бұл жолы жүрегім қанды,
Сағыныш жеткенде ішіп, бір ұрттап.
Соғылып, жағалауға көбік атасың,
Толғанып, ұзақтарға оқтай атасың.
Айналаң еңбекқор егістік жігіттері,
Жіңішке, әдем өскен мұрттары.
Үзілмей су жағалап, сұлу-ғашығын,
Әне, сол су бойында көріп тұрады…
Бір тамшы суын да зиян етпестен,
Күзетіп, әрмен кетпей, сөйлеседі.
Бірінен соң бірі келіп, сені ішіп,
Қанғанша, мәз болысып, сүйіседі, –
деп Абдулһәй Розинің «Тау сулары» атты ұзын өлеңін қатесіз, жаттап айтқанына, көрермендердің ұзаққа дейін қатты қол соққаны жаңғырды. Сол кезде Абдулһәй аға көзәйнегін алып, қуаныш жасын сүрткен еді.
1962 жылдың 29-маусымда бауырлас Қазақ елінен баспана тілеп, соңғы көшке ілініп шыққан едім. Ертесі өтуі керек болған досым Йәһия Тайири мен Абдулһәй Рози да «есімнің барында елімді табайын» деп, туған ауылы Кетпенге қайтты. Тау қапталында отырып, құдды жылан ізіндей созылған ирек жолдарды бойлап, қалың ағаштар арасындағы аласа, топырақтан соғылған үйлерге тоймай қарап, туған жұрты Кетпен туралы бір нәрсе жазбағаны есіне түсіп, көкмайсаға аунап, көк аспанға қарап, біраз тып-тыныш жатқан соң, қо­йын дәптеріне «Туған жұртыма» деген мына өлеңін жазды:
Теппе десем, тепкілеп,
Тепкен менің – жүрегім.
Сағыныштың азабын
Тартқан менің жүрегім.
Құдды жанар тау болып,
Кеткен менің – жүрегім.
Себебі туған ауылым –
Кетпен – менің жүрегім.
Ағаштары көрінсе,
Көз тесілейін дейді,
Көшесіне құласам,
Көңілім шешілем дейді.
Бақтарын араласам,
Гүлдер ашылып кетті.
Тепкілеген жүрекке,
Мейірі шашылып кетті. (1963 жыл).
«Һүббил вәтән-минәл иман» – «Отанды сүю иман жүзінен» дейді. Отан кіндік қаның тамған құтты шаңырақтан басталады емес пе?! Оқуға ықылас байлап, тырысып оқып, жарамды кісі болып жетілгенде, «елге пайда болатындай бір жұмыс жасасам» деп өзінің білімді ғұмырын ұйғыр баспасөзіне пайдаланып, халқын оятатын, оның көзін ашатын, елді алға жетелейтін ақын, мақалаларды жазуға, халқының жаршысы болуға арнады. Сондай күндердің бірінде Абдулһәй Рози «Или» газетінің жауапты редакторы Һүсәйин Насирға бір топ өлеңін беріп, әңгімелесіп отырғанда есік ақырын қағылып, күлімдеп Әхметжан Қасими кіріп келеді. Олар таңғалып, орындарынан атып тұрып, құшақтасып көріседі. «Кешіріңдер, әңгімелеріңді бөліп қойдым, ағайындар, жалынды ақынымыз Лутпулламнан айрылып қалдық, әттең! Дұшпанмен күресіп өлсе шеиіт болады, шейіт болғандардың орны җәннәтул мәвада болсын, ылайым! Газетте жазушымыз Зунун Қадиридің қаһарман қарындасымыз Ризвангүл туралы «Мейірбикесін» беріп, өте орынды іс тындырыпсыңдар, халқымыз орындарынан тұрып, қозғалып кетті. Ондай елді оятатын, медет беріп, оны алға жетелейтін еңбектер, әсіресе жалынды өлеңдер осы күнде бізге су мен ауадай қажет! Абдулһәй сіз әскери киімді шешіп, қолыңызға қалам алып, Һүсәйинге серік болыңыз! Бұл жер де соғыс майданынан қалыспайтын маңызды орын, себебі оқ жетпейтін жерге газет жетіп барады, солай емес пе? Мен туралы жазған өлеңіңізге рақмет, бірақ соңғы шумақтағы «Көсем» деген сөз орнына «құлы» деген болсаңыз жақсы болғандай екен, ойланып көрерсіз», – деп, асығыс шығып кетті. Сол ұмытылмас кездесуден соң Абдулһәй Рози бір қолында қару, бір қолында қаламды қатты ұстап, жұмысты от жүрек қаламгер досы Лутпуллаға жоқтау жазудан бастады.
Ұлт-азаттық армиясының Ақсуға шабуыл жасаған полковник Сопахунниң атты полкінің жауынгерлері түрмедегілерді құтқарғанда Лутпулла Мутәллип жатқан сыз зынданның бір керегесіне ақынның:
Бұл кең дүние мен үшін болды тар,
Жас гүлімді қор етті қанхор дұшпан!.. – деп қанын сия, бармағын қалам етіп жазған өлеңінің керегедегі ізіне куә болған. Бұл дәлелдер ақын құрған «Ұшқындар» одағын паш еткен сатқын Һекимнурдың үстінен ашылған ашық сотта дәлелденіп, сатқын Һекимнурға өлім жазасы беріліп, ол елдің көзінше атып тасталады. Сондай сатқынға өлім жазасы берілген болса да, қаламгер досының кегін алған болса да, оған риза болмаған ақын Абдулһәй Рози «Ризамын деп айтыпты» атты өлең жазып, ашуын былай көрсетеді:
Ризамын дедім, шығардым үкім,
Жауызды бірден талқандадым!
Дос деп жүргенім, опасыз екен,
Өлтіргенменен шықпады кегім.
Бірақ мәңгіге қайтпады Лөтүн,
Қайғы менен дерт боп қалды бүтін.
Оның әр шұмақ өлеңіменен,
Ішек-баурымды орайды түтін.
Абдулһәй Рози соңғы көште Кетпенге оралған соң «Жұртымның ұлылығы» деген бір өлең жазып, онда былай дейді:
Мың дастан жазсам, саған аз көремін,
Алдыңда қолайсыз отырамын.
Менің сол кемтарлығым, іздестірсең,
Сенің сол ұлықтығың деп білемін.
Ұйғыр халқының ұлы ғалымы Мурат Һәмраев Абдулһәй Розинің шығармашылығы хаққында «Ана жұрт күйшісі» деген мақаласында: «А.Рози – лирик ақын. Ішкі сезіммен қанаттанған терең пікірлер поэзияда бола алады. Лирика – оқыған кісінің көңілінде түрлі әсер тудыратын, оның жүрегін тербететін тілсім күш. Біз А.Рози өлеңдерін пікір мен ішкі сезім араласып кеткен нағыз өлеңдер деп айта аламыз. Оның 1944 жылы жазған «Іле суы» деген өлеңі де осы сөзімізге дәлел.
Мұңлық балаң тағы келдім бойларыңа,
Жағалаулар мұңдарыңа бек жарасты.
Бұлақ-бұлақ мұң қатқандай
қайнамдарың,
Неге екен сырларын орап қашты.
Құдды өксіген самал менен шайқаласың,
Шайқаласың, бірақ бірден тасысаңшы,
Сең боп келіп, сеніменен тассам-дағы,
Тасқын болып, тауды тесіп ассам еді! –
дейді. Оның әр өлеңінде өзіне ғана
лайық үні өте қарапайым тілмен беріліп, кісіні өзіне тартады» деп бағалайды жақын досы, ғалым Рабик Исмайилов Абдулһәй Рози туралы жазған бір естелігінде. «Мектеп» баспасында бірге істеген кездеріміз тамаша кездер еді. Үстел үстінде сонша көп сөздік тұрса, соған сеніңкіремей, Абдулһәй ағадан өздеріміз аңғара алмаған сөздерді сұрайтын едік. Ол ерінбей, нақты жауап беретін. Ол біздің баспамыздың тірі сөздігі болатын» деп жазады.
Абдулһәй Рози өмірінің соңғы жылдары «Жазушы» баспасының ұйғыр әдебиеті бөлімінде редактор болып, қиын жұмысты атқарып, 60-70-жылдары Кеңес ұйғыр әдебиетінің гүлдену дәуірінің өмірге келуіне салмақты үлес қосты. Оған сол кездері өмір сүрген, қалам тербеген бір топ ақын-жазушылар куә. Сол дәуірде шыққан том-том кітаптарда Абдулһәй Розидің өшпес із-таңбасы бар. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі күнде де атын ұмытпай, жүрегімізде жатталып қалған тума талант иелерінің жартысының ұстазы Абдулһәй Рози еді.
Оның осыдан 66 жыл бұрын басылған алғашқы жинағы «Шайыр ізінен» соң жарық көрген «егістік» әндері», «Шаңқай түс», «Көктем әуендері», «Сарқырамалар әні», «Таңдамалы еңбектері» жинақтары қазақ, орыс тілдерінде басылған өшпес іздері болып, жарамды ұл-қыздары ояу болса, туғанының 100 жылдық мерекесі ұлы Абайдың киелі қарашаңырағында салтанатты өтіп жатса, оны «өлді» деуге қалай тілің барады? Ол өлген жоқ, пәниден бақиға аттанды. Ол өлсе де қара жерге емес, әрбіріміздің жүрегімізге көмілді. Ол ішімізді жарқыратқан жарқын жұлдыз болып, көңілімізден көкке көтерілді!..

Абдуғопур ҚУТЛУҚ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір