Асыл Сұлтанғазы. Тағы да келмедіңіз…
09.03.2021
630
0

***

Қабырғасы хан орданың уығындай күлікпен,

кұба жонда қалқыдым.

Қара да беріш қаталдығымды жібіткен,

жамалы сүттей, алтыным!

 

Көзе толы шәрбатыңа у қоссаң да татар ем,

Сезсем де үнсіз қылғытам.

Адырнасы арқарішек садақ асқан…

«шақар» ем,

жымияды нұрлы таң.

 

Сарысүйек шыңнан биік көксеңгірлі талаппен,

саған сәтте ынтықтым.

Жанарыңнан бір жалының ыршып түсті, әні, әттең,

дүр оянды бүртік-мұң…

 

Тағы-тірлік, тарпаңдықты құшағыңда бусандыр,

жатсын жайнап жанарым.

Жыртқыш соққан көңілімдей толқысыншы жусан қыр,

Жауын сүйген танабын.

 

Қабырғасы хан орданың уығындай күлікпен,

кұба жонда қалқыдым.

Қара да беріш қаталдығымды жібіткен,

жамалы сүттей, алтыным!

 

                ***

Тағы да келмедіңіз;

жасыл өңді жарық мекен күтті алдан,

Ана-қайың омырауынан сүт тамған

бұталарын күміс шықпен құндақтап,

жанымды үңгіп, жәудір көзбен сұқтанған.

 

Асқар мұзын тілшелеген ұлы орман,

жақ ашпайды,

тоңғақ көңіл – жыларман!

«Келмейді» деп құстар қиқу салады-ау,

«Сенбейді» деп қасарысты бір арман.

 

Зерлі күміс белбеуіңдей жылтырап,

Өзен жатыр,

ол да өзіңдей сылқым-ақ!

Бұлан қашты шаңырақтай мүйізбен,

үмітімнің ақ шарқатын жыртып ап…

 

Ақ тиындай кәрі еменде күні өткен,

пәк сезім-ай, орын алған жүректен

елік орғып теріскейді бетке алды,

асау тамыр өзің бе деп дір еткен…

Күнсалғанмен,

келмесіңді жаңа ұқтым,

(Өмір қандай,

өмір қандай жарық тым!)

Біз сүйіскен самырсынның түбінде,

бозаң күйде сағынышымды сарықтым.

 

Жылдар өтті, біз баспаған соқпақты,

қау бүркеді,

қияқ-тісті шөп қапты.

Ұлы орманның тамырындай,

кесілген –

сол соқпақты,

жетім жаным жоқтап тұр…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір