Д. Ихсан. Алдағы мақсат — келешек өміріміздің текке өтпеуі…
01.03.2021
1086
0

«Сүйінші!» дейміз. Жуырда «Qyr balasy» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, жас зерттеуші Данияр Ихсан құрастырған «Ғазымбек Бірімжан. Шығармалар жинағы» атты кітап ойлы оқырманға жол тартты. Небәрі 21 жасында «Алаш» партиясының бағдарламасын жазуға атсалысып, ұлт тағдырына қатысты қандай істе де қайраткерлік тұлғасын танытқан Алаш оғланы хақында тұңғыш рет жарық көріп отырған бұл кітаптың көтерер жүгінің орасан екені сөзсіз. 21 жасында осындай ірі тұлғаның өмірі мен қайраткерлік болмысын терең де жан-жақты зерделеп, жинақ етіп шығарған Данияр Маратұлынан зерттеу жұмыстарының жүргізілу барысы жөнінде сұрап көрдік.

Данияр, бұл кітап сіздің құрастыруыңызбен жарыққа шыққан екен. Оқырманға белгілі болу үшін кітаптың кім туралы екенін өзіңіз айтып берсеңіз?

– Ең алдымен оқырманға таныстыра кетейін, Ғазымбек Бірімжан – Тобыл-Торғай атырабынан шыққан, атақты Бірімжановтар әулетінен тараған. Биыл, Алаш арысының туғанына мерейлі – 125 жыл. Бүгінгі ұрпаққа Ғазымбек Бірімжанның есімі, қайраткерлігі, шығармашылық мұрасы беймәлім. Ұзақ уақыт өз зерттеушісін күтіп, шаң басқан сөреде қалған тағдыр. Ғазымбектің кім екенін, қандай тұлға болғанын және  сіз бен біз үшін не істегенін білгісі келетін оқырманға осы жинақ толыққанды жауап береді деп ойлаймын. Кітапта Алаш арысының қайраткерлік-азаматтық, күрескерлік, мемлекетшілдік қырларын айқын ашатын отты сөздері бар. Олар – оның саяси-құқықтық, әлеуметтік, қоғамдық-мәдени һәм әдеби-көркем ойлары. Жиырма бір-ақ жасында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы сынды Алаш ұлт-азаттық қозғалысының негізін салған ағаларымен қатарласып, партия бағдарламасын жазуы – кез келген жасөспірімге мотивация беретін, жігеріңді жанитын өрнек. Бір сөзбен айтқанда, Сталиндік режимнің қызыл отына түсіп, нақақтан-нақақ жанып кеткен Ғазымбек шығармалары араға 100 жыл салып  туған халқымен қайта  қауышты.

 Бұл тұлға хақындағы деректерді ең алғаш қайдан, қалай естідіңіз?

– Ғазымбек туған өңір  халық ішінде  «ұлт ұясы – Торғай» делінетін қасиетті мекен. Ұлы Жыланшық өзені мен Тосын құмының баурайында Ғазымбектің балалық шағы өткен-ді.  Біз де  осынау шұрайлы да ырысты даланың тумасымыз. Ғазымбектің аты-жөнін, оның ата-тегі туралы аңызға бергісіз тарихи әңгімелерді бала жасымнан естіп білдім десе де болады. 

         Өкінішке қарай, Ғазымбектің есімі не мектеп, не жоғары оқу бағдарламасында аталмайды. Мүлде елеусіз қалған. Ғазымбек Бірімжанның тұлғасын тануға, зерттеуге бағыт-бағдар беріп, жөн көрсеткен – алаштанушы Елдос Тоқтарбай. Осы азаматтың тікелей жетекшілігімен тұлғаның алғашқы шығармалар жинағы жарыққа шықты. Менің магистрлік диссертациямның зерттеу нысаны – Ғазымбектей публицистің, Алаш қаламгерінің әдеби мұрасына арналды. Болашақта тұлға туралы көлемді монографиялық еңбегімді жарыққа шығарсам деген жоспарым бар.

Кітап құрастыру жөніндегі идея қалай келді? Осы мақсаттағы алғашқы жұмыстар қалай басталды?

– Сөз арасында айтқанымдай, бірер жыл бұрын Елдос Тоқтарбай ағам хабарласып: «Данияр, Ғазымбек Бірімжан деген Алаш қайраткерін естуің бар ма еді? Егер, естіп-білсең, осы тұлғаны тұғырына шығару, кітабың даярлау – сенің перзенттік міндетің!»  – деді. Бұл – аманат еді. «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген аталы сөзге тоқтап, «Шеген», «Қошқар», т.б. әдеби бүркеншік есімдермен сан түрлі, бірінен-бірі өтетін материалдар жазған автордың сан қатпарлы әлеміне біржола ден қойдым.

Деректердің, материалдардың денін  қай жерден алдыңыз?

– Бұл кітап – жалғыз менің ғана еңбегім емес. Мұның артында «Qyr balasy» қоғамдық қорының ұжымдық жұмысы, еңбегі тұр. Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахманұлы, Алмас Сырғабаев сынды ағаларымның үлесі ұшан-теңіз десем, артық айтқаным емес. Ғазымбек Бірімжанның мақалалары  ақын, қоғам қайраткері Ханбибі Есенқарақызы құрастырған «Ақ жол» жинағынан алынды. Мақалаларды төте жазудан аударған Ғалымбек Елубайұлы, Ғалым Қасымханұлы сынды азаматтарға алғысымыз шексіз. ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиевтің жеке архивінен  Ғазымбек Бірімжанның тергеу істеріне қажетті құжаттар алынды. Одан бөлек, Бірімжановтар әулетімен тығыз  байланыс жасадық, Ахмет Бірімжанның ұрпағы Рүстем Бірімжанов суреттер, тарихи құжаттар берсе, профессор Амантай Шәріп те бар деректерімен бөлісті. Ғазымбек Бірімжанның сирек кездесетін суреттері мен деректеріне Абай Мырзағали, Елдес Сүлеймен секілді ғалым ағаларым түсініктеме жазды. «Сабақты ине сәтімен» деп бекерден-бекер айтылмаса керек, материалдар реттеле бастаған кезде қаржы  мәселесі де оң шешімін тапты. Ұлт зиялысын ұлықтағаны үшін Қостанай облысының әкімдігіне, Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлы Қалмақовқа, Халық шығармашылығы орталығының басшысы Дамир Елтайұлына ерекше алғысымды білдіремін. Тағы бір айта кетер жайт, Ғазымбек Бірімжанның шығармалар жинағы «Алаш кітапханасы» сериясымен жарық көрді. «Алаш кітапханасының» сериясы –  Алаш тұлғалары мен Алаш қозғалысы туралы жазылған еңбектер топтамасы. Алдағы уақытта «Алаш кітапханасы» деген топтамамен есім-сойы ұмытылған Алаш зиялыларының шығармалар жинағы жарық көре береді деп үміттенемін.

 Ғазымбек Бірімжановқа қатысты қандай тың деректер бар?

– Ғаламтор желісін ашып қарасаңыз, я болмаса ғылыми журналдарды қарасаңыз,  Ғазымбек туралы қате деректер өріп жүр. Көбіне-көп Ғазымбекті ағасы Ахмет Бірімжанмен жиі шатастырады. Жарық көрген кітап осы олқылықтардың орны толтырылған, лайық бағасын берген еңбек болды деп ойлаймын. Өйткені  бұл кітапта Ғазымбектің саяси қайраткерлігіне қатысты деректер берілген. Саяси қайраткерлігінің бастау шыңында «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасы тұр. Бұдан  аттап кете алмаймыз. Ғазымбек Бірімжан 1917 жылы Күнбатыс майданына өз еркімен барып, қазақ жұмысшыларына көмектескен.  Ғазымбек Алаш Орданың елшісі болғанымен, нағыз саяси қайраткерлігі Ташкентте айқын білінеді. Алаш қайраткері Ташкентке қоныс аудармастан бұрын Семейдегі Губревком жанындағы Шетелдік бөлімнің іс жүргізушісі болып қызмет істеген. Семейге баруындағы негізгі мақсаты жұмыс істеу емес, оқуға түсу еді. Алайда ағасы Ахмет Бірімжанның тұрмыс халіне байланысты жұмыс істеуге мәжбүр болады.  Сондай-ақ Ғазымбек осыдан 100 жыл бұрын, 1921-1922 жылдарда  аштыққа ұшыраған халықтың жәрдемшісі, қорғаны болған. Аштар кіндік комитеті жанындағы қазақ секциясының жобасын, облыс һәм үйез комитеттері жанындағы уәкілдері жайынан ереже жасаған. Әдеби-публицистикалық мұрасы, қоғамдық-саяси мақалалары, аштық кезіндегі үндеулері, некрологтары бөлек бөлім етіп берілген.

1920 жылы 7 желтоқсаннан бастап Ташкентте Түркістан республикасының кіндік басқарма комитеті мен ортақшыл партия кіндік комитетінің атынан «Ақ жол» газеті шығады. «Ақ жол» газетіне Міржақып Дулатұлының шақыруымен Ғазымбек жұмысқа орналасады. Әдеби бүркеншік есімдерін жоғарыда айтып өттік. Ғазымбек  мақаласында сөйлемді айшықтап, әсерлеп, әсемдеп, әдіптеп, сезімге, жүйкеге салмақ түсіріп, сиқыр құдіретін тауып жазады. Ғазымбек – нағыз сақа журналист, өткір тілді публицист. «Ақ жол» газетіндегі алғашқы мақаласы 1920 жылы 24 желтоқсандағы №6 санында жарық көрген. «Ақ жол» газетінен бөлек, «Известия», «Шолпан», «Тілші» басылымдарында да мақалалары басылған. Жалпы алғанда «Ақ жол» газетінде 70-ке жуық мақаласы жарияланған. «Ақ жол» газетіндегі мақалаларын тақырыпқа бөліп, саралайтын болсақ, газет, баспасөз туралы 6 мақала, білім-ғылым, оқу туралы 7 әдеби мақала, қоғамдық-саяси 30 мақала, әйел құқы туралы 2 мақала, аштық, індет туралы 18 мақала және 3 некролог (қазанама) жазған. Биахмет Сәрсенұлы, Әмин Жүсіпұлы, Хамза Мүсілімұлы сынды замандастарының өмірден өткеніне өкініш білдіріп, егіле жазады. Мысалы, Биахмет Сәрсенұлы туралы қазанамасында «Биахметтің бағасын мен емес, уақыт береді», –  деп айтқан екен. Менің ойымша,  Ғазымбек айтқан уақыт  келген сыңайлы.

Тағы бір ерекше тоқталар жайт бар. Рүстем Бірімжанов Ғазымбектің 1927 жылы алған дипломының көшірмесін берді. Осы арқылы біз Ғазымбектің Берлиндегі оқу орнын анықтап, байланыс орнатып жатырмыз. Ғазымбек 1923 жылы жазда емтихан тапсырып, Берлин ауыл шаруашылық университетіне оқуға түседі. 1927 жылы мамырда оқуын аяқтап, агроном-ғалым дәрежесін алып шығады. Университеттің атауы: Humboldt University of Berlin. Факультеті: Landwirtschaftlich-Gärtnerische. Ғазымбек оқыған университет 1934 жылы жабылып, бүгінгі күнде басқа университеттің құрамына енген. Ғазымбек Берлинге 1922 жылдың аяғында барып, елге 1928 жылдың бас кезінде келген. Ғазымбек Берлинде жүрген кезінде Түркістан Ұлттық Бірлігі ұйымына да белсене қатысқан. Тіпті Германиядағы Түркістандық студенттердің басшысы болып тағайындалған. Бұл жайлы «Тілші» газетінде де айтылады. Ахат Андижанның кітабында 1923 жылы Германияда білім алып жатқан түркістандықтардың бірге түскен суреті де сақталған. Суретте Әбділуақап Ысқақұлы Оқтай, Саттар Жаппарұлы, Хайрұннисса Межитханқызы Мұсабай, Тахир Шәкір, Ғазымбек Бірімжан, Сайт Әли Қожа, Әбдал Әбдісайт, Мәриям Сұлтанова, Ахметжан Ибрахим, Сұлтан Мадқұл, Сабыр Түркістанлы, Әбділуақап Мұради, Дамулла Битілеу, Ахмет Найым Өктем, Темірбек Қазыбек, Салиқ Мұхамбет, Әбдірахман Мұңайтпас бар.

Берлинге оқуға келген түркістандық студенттердің әрқайсысы да өз саласының білгірі болып қана қоймай, кез келген жұмысты игеріп, атқара беретін. Көбі Берлиннен елге қайтпай, тұрақтап қалады. Мұстафа Шоқайдың елге оралған кезде қуғын-сүргіннен құтқарып қалғысы келген адамдарының бірі осы – Ғазымбек Бірімжан. 1927 жылы оқуын тәмамдағанымен, елге 1928 жылы келеді. 1928 жылдың соңында Алаш зиялыларымен бірге қуғынға ұшырайды. Одан кейінгі өмірі барлығына белгілі, түсінікті жайт. Тек мына бір беймәлім деректі келтіре кетсек. 2008 жылы шыққан орыс жазушысы Константин Гнетневтің «Беломорканал: времена и судьбы» кітабында Ғазымбектің есімі кездеседі. 1935 жылы 14 сәуірде Белеморканалын салуда белсенді жұмысы  үшін алғыс жарияланып, сыйақы тағайындалған.

         Барлығыңызға белгілі, күні кеше Алматы қаласында кітаптың таныстырылымы өтті. «Qyr balasy» Қоғамдық Қорының ұйымдастыруымен осы аралықта Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана мен Орталық архивпен жұмыс істеп, Ғазымбекке қатысты басқа да құжаттарды тауып, көзайым болып отырмын. Мысалы, «Тілші» газетінің 1922 жылғы 10 қыркүйектегі санын өз қолыммен ұстап, «Лайықты қошемет» атты төте жазумен жазылған мақаласын оқыдым. Өзі Ғазымбектің қолтаңбасын бірден байқауға болады. Айтамын деген ойын бүкпесіз, жазамын деген сөзін мақалдап айтады, жеткізеді. Сонысымен де кез келген мақаланың дәм-тұзын келтіріп, «қыздың жиған жүгіндей» жинақы жазады.

 Бұл зерттеу  жұмысыңыз ары қарай қалай жалғасады?

– Бұл жұмыс енді басталды. Айтатын ой, жазатын сөз көп. Ғазымбек Бірімжан туралы тың мақалалар әлі де жазыла бермек. Алаш қайраткерінің шым-шытырыққа толы екі кезеңі – Ташкент пен Берлин кезеңі. Осы кезең бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Сонымен қатар  «Qyr balasy» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен алдағы уақытта көптеген іс-шаралардың жобасы жасалынып отыр. «Құрғақ қасық ауыз жыртар» демекші, нақты мысалдармен келтірер болсақ, қазір Ғазымбек Бірімжан туралы деректі фильм түсірілуде. Сондай-ақ Ғазымбек Бірімжанның есімін көше және елді мекен атауына мәдени, ғылыми нысандарға беру мәселесін де көтергелі отырмыз. ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарын зерделеу, зерттеу мақсатында құрылған «Qyr balasy»  қоғамдық қоры мен қор жанындағы Әлихан Бөкейхан атындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының жобасы аясында Ғазымбек Бірімжан ғұмырнамасын зерттеу нысанына айналдырып, толық ғұмырнамасын жазу – менің тікелей әрі басты міндетім. Сөзімнің соңын Ғазымбектің мына бір нақыл сөзімен түйіндейін, «Алдағы мақсат: келешек өміріміздің текке өтпеуі. Ақылды азайтып, қанды қойылтатын жем мен ұйқыны кемітіп, негізгі мақсаттарға адастырмай тура жеткізетін жолға түсіп білім ізденбек, оқуға салынбақ».

– Мақсатыңыз сәтімен жүзеге аса берсін!

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір