Салтанат Смағұлова. Сырлас қып алғанмын жаз гүлін
16.02.2021
854
1

* * *

Ерке едім…

Әлі де еркемін.

Кеудемді кеулейді көркем үн.

Талайды тәлкекке түсірген,

Тағдырды маңдайдан шертемін.

 

 Назды едім…

 Әлі де наздымын.

 Арзанға арбалмас аз күнім.

 Сыбызғы үн – самал жел, содан соң

 Сырлас қып алғанмын жаз гүлін.

 

 Аңғал ем…

 Әлі де аңғалмын.

 Өзгерте алмады заңдар мың.

 Ақынды әулие екен деп,

 Әуелде алданып қалғанмын.

 

 Шүбәлі шындығым хаққа әйгі,

 Ақиқат арымды ақтайды.

 Алалы-құлалы адамның,

 Айыбы арқама батпайды.

 

 Жылағым келсе егер күлемін,

 Қуансам бұзылар реңім.

 Әркімдер әлдене дегенмен,

 Мен жайлы мен ғана білемін.

 

 Өлеңді өзім деп ұғынды,

 …сезім – от, біресе суынды.

 Алланың өзіне ғана аян,

 Әр әлем өзгеше туынды!

 

 …пендені періште етпейді,

 Жаралсын ақылды боп мейлі.

 Адамның бағасын беруге,

 Адамның өресі жетпейді!

 

ЭЛЕГИЯ

 Беймезгіл беймаза шақтар,

Күңгірттеу көлеңке мекен.

Кеудемде жазулы хат бар,

Қай күні оқылар екен?

 

Жазсам ба ақ парақ алып,

Мұңымды, сырымды бәрін.

Төбеге апарып жағып,

Көмуге жете ме әлім?

 

Айдала.

Ай сүттей жарық.

Санамда сан түрлі егес.

Жүрегім байбалам салып,

Байламын жасайтын емес.

 

Сансырап сан жылдар сезім,

Өзіне бере алмай ерік.

Тағаты таусылған төзім,

Үмітке келіпті еріп.

 

Күрсінбей, күңіренбей, күлмей,

Бұл неткен сыбызғы үн сарын?

Жалынға оранып жүрмей,

Әйтпесе өртенер шағым.

 

Арман тұр аптығып әрең,

Қиялға бере ме сене?

Талып бір естілген әуен,

Тыныштық бермейді неге?

 

Беймезгіл беймаза шақтар,

Күңгірттеу көлеңке мекен.

Кеудемде жазулы хат бар,

Бір күні оқылар м(а)екен?

 

180 ГРАДУС

Тапқандай дертімнің бір емін,

Көмкеріп жырменен түр өңін.

Өлі емес, тірі емес өліара,

Кейпіме көндігіп жүр едім.

 

Алдымнан кездесіп өткел мың,

Шуағын сезіндім көктемнің.

Гүлдерге нәр берген – жер ана,

Ал, мені бақытты еткен кім?!

 

Мұң егіз жаныма дегенмін,

Мұнымды қоштап ед көбі елдің.

Ақ қар мен көк мұзға мойымай,

Бәйшешек боп қайта көгердім.

 

Тілегім түнекке тұрақ сап,

Арманым адырда жүр ақсап.

Күн мен түн жылатып, жұбатты,

Өңімді өзгерткен бір ақ сәт!

 

Жүрегім жүгініп санама,

Бағыма таппап ем балама.

Қас пен көз арасы… Осылай,

Өң мен түс алмаса сала ма?

 

Жанымды жетекке ап асқақ үн,

О, тоба өзгердім қас-қағым.

Өзімді жоғалттым… Не таптым,

Әйтеуір, бүгінде басқамын!

 

Алдымнан кездесіп өткел мың,

Шуағын сезіндім көктемнің.

Гүлдерге нәр берген-жер ана,

Ал, мені бақытты еткен кім?!

 

МЕНІҢ СЫРЫМ – ӨЛЕҢДЕ!

 Мен сыйлаған кітаптар,

Қаттаулы тұр сөреңде.

Сағындырсам… Жиі ақтар,

Менің сырым – өлеңде!

 

Өзекті жан емеспін,

…кінәлайсың босқа сен.

Өмір деген елестің,

Өлең болған нұсқасы ем.

 

Жалт беретін ғұмырда,

Жарқ ететін – жасын жыр!

Құздан тартып тұғырға,

Бауырына басып жүр.

 

Жайым болды белгілі,

Жаннан сыңар таппасым.

…елес еншім ендігі,

Күпірлікке жатпасын.

 

Таусылса да төзімің,

Мойындамай жүргенсің.

Жан сыздатар сезімің,

Ақылыңа күрмелсін.

 

Мен алыстап кеткем жоқ,

Қасыңдамын үнемі.

Жыр жазылған беттер боп,

Жаным өмір сүреді.

 

Мен сыйлаған кітаптар,

Қаттаулы тұр сөреңде.

Сағындырсам… Жиі ақтар,

 Менің сырым – өлеңде!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.03.2021 | 15:02

Салтанат сіңілім! Шынайы ықыласықа ризамын. Өлеңдеріңді окып, бір байып калдым. Бұрынғыдан да төселіп, мықты ақын болып калыптасып калган екенсің. Қашанда мерейің үстем болсын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір