Абзал Бөкен. Ойы анық, бояуы қанық
08.02.2021
687
0

Қазақтың өлең тағдырын сеніп тапсыруға болатын ақыны Жүрсін Ерман жетпістің жотасына шықты. «Жетпіске кім жетпей жатыр?» – дерсіз. Иә, келісемін. Бірақ мәселе әйтеуір жетуде емес, қалай жетуде ғой. Жетпіске ит мініп, ирек қамшылап та, тұлпар мініп, құлақ қайшылап та иек артуға болады. Жүрсін мырза осының соңғысына жатады. Қазір өз заманының классигі атанған Жұматай Жақыпбаев (Алла оның рухын шалқытсын) өлең жазуда сараңның сараңы болғанын білеміз. Бірақ неге «сараң» болғанын бұрын байыптамаппыз. Айыптаппыз.  Сөйтсек, жомарттық дегеніміз төпеп жаза беру емес, бір соқсаң да иін қандырып, икемге келтіріп беру екен ғой. Әйтпесе, «қара өлеңнің қағаны» атанып, қазақша-орысшаны судай сапырған, сөз өнерінің қазынасын қоғадай жапырған  Жұмағұл-Шора үйіп жазуға сөз, жиі жариялануға жол таппады деймісіз? Айналып келгенде, талғамға тіреледі бәрі.

   Жүрсін ақындығын сөз еткенде Жұматай төренің еске тү      суі тегін емес. Бірақ мұны жазу стильдері мүлде бөлек екі ақынды баспа-бас салыстыру деп емес, олардың аз жазса да саз жазатын, басына келген ойына бірден бассалмай, шынықтырып, ширықтырып барып «шимайға» түсіретін қырларын қатарластыру деп ұқсақ жөн. Ал жеме-жемге келгенде ойларын қалай даралайды, сезімдерін қалай саралайды, ол – бөлек әңгіме.

      Жүрсіннің жыр-дүниесі Жұматайдың қалыңдығы пышақтың қырындай үш жинағымен салыстырсаң мол, ал аптасына алты өлең жазатындармен жарыстырсаң аз көрінуі мүмкін. Бірақ сол сағындырып барып қауыштыратын сақа туындылардың ұстай алғанда қарыңды қарыстыратын салмағын айтсайшы. Құдды бір қорғасын дерсің. Ол – шығармаларын оқырман көңіліне мейлінше жақындата жаза алатын ақын. Ал бұл айтарға ғана оңай. Бұған тума талантыңмен қоса, тынымсыз еңбек және жазу үстінде өзіңнің оқырман ұғымына қаншалықты  таяп келе жатқаныңды мөлшерлей алар сезімталдық қажет. Ол қажеттілік Құдайдан келмесе, адамнан келмейтіні тағы бар. Ерманов жырлары оқыған жанның көңіліне қона қалатын қасиетімен құнды. Ұлы ақындардың талайында кездесетін жылы юморы жаныңа жұмсақ келіп жайғасады. Және бір өлеңін оқысаң тойып, екі өлеңін оқысаң байып қаласың. Мұның сыры – жазғандарының көбі ішті, қазғандарының көбі қыртысты келетінінен. Бәз біреулердің жырта қарыс кітабынан ілерге түйір таппай қиналсаң, мұның қазанындағы дүние қашанда қою, қашанда қанық.

      Бұл жазбамыздың мақсаты – автор шығармаларын талдау емес, оның ел аузында жатқа айтылып жүрген Қасымның үйі, өз үйі, әйелдер жөні, таксистігі, «стақан»  мәселесі секілді ойлы да ойнақы туындылары қатарында тауып айтып, таусыла жазған басқа да дүниелеріне тамсана қараудың тәтті дәмін оқырманға олжа ету еді. Яғни, ақын тұлғасына – түйін-тағзым.

      Сонымен, өзінің терең ой, тебіреністі сезімге құрылған құнарлы жырларымен оқырман жүрегіне орнығып, әркім жете бермейтін қызғылықты қолтаңбасын қалыптаған қазақтың қабырғалы ақыны жетпіске келді. Хас жүйрік қалың жылқының арасында бойын жасырса, Жүрсіннің де дәл солай ойын жасырған кезі аз емес. Бірақ неғұрлым жасырған сайын ашыла түсетін табиғаттың бір тентек заңы бар. Сол заңдылық  Жүрсінді де әлеумет алдына әр кез алып шығып отырды.  Сол үрдіс үзілмек емес. Халқыңмен бірге қарыштай бер, Ақын!

 

                ТОСЫН

  (Ақын Жүрсін Ерманға)

            

Мың бір сырға тағынған, жүз бір жүзік,

Өлеңдерің көрген жоқ сыңғырды үзіп.

Жазбай, жазбай жүріп ап,

Жарқ ететін

Ақында да ақынсыз сіз бір қызық.

 

Қара өлеңнің қашаннан қосын демеп,

Қапталынан қаракер қосылды ерек.

Шаппай, шаппай құры қап,

Шаңын қағар

Жүйрікте де жүйріксің тосын, бөлек.

 

Тосын мінез,

Тосын сөз,

Тосын ойың,

Түмен-топтың тоқтатқан не сүлейін.

Төске түскен балға-сөз –

Бәстесіңнің

балағына жіберген ес-үрейін.

 

Тай өгіздің талысын іреп өрген

дыраудайын дүмді ойың түрегелген.

Он өлеңін құрбының

Оң жамбасқа ап,

атып ұрған кезің көп бір өлеңмен.

 

Көтерілген көсіктей кіл құмайттан,

Тапқырлықты, сен емей, кім тыңайтқан?!

«Қадыр айтқан», – деуші еді.

Қазіргі жұрт

көшіп апты дегенге «Жүрсін айтқан».

 

Жайлауына жетем, – деп бұл өнердің,

Жасыл төлі секілді түлеп өрдің.

ЖҮРСІНДІГІҢ шын болса,

Жүзге дейін

Бақытыңды жетелеп ЖҮРЕ бергін.

 

Жетпіс деген немене?

Ерге батым

кернейтұғын кезі ғой жел қанатын.

Жасай берші, жырындай «Бес ғасырдың»,

Бес кітабын бейнетпен берген ақын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір