«Әбілхаят»: екі тізгінді қатар ұстаңыз, Ұлаға!
08.02.2021
831
0

Құрметті Ұлаға!

Алматыдағы кездесуде өзіңіз берген «Әбілхаятты» рахаттанып оқып шықтым. Көзге түскендерін бұрындары баспасөзден байқап, Сіздің ақындар ғана жаза алатын әсем беллетристикаңызға риза болған едім. Бұл жолы бұрын аңғармаған жаңа қырларыңызға  тәнті болғандаймын.

Жинақ Мағжаннан басталыпты. Сіздің кітабыңыздың ұлы ақыннан басталуы жарасып-ақ тұр. Мағжанды тану үшін ол оқыған мектеп өкілдерін: орыстың символистері, акмеистері, имажинистері мен футуристерін түгендеп, оның ар жағында француз әдебиетінің Артюр Рембо, Поль Верлен, Шарль Бодлерге дейінгі модернистерін түгел сүзіп шыққаныңыз ақын поэзиясының қайнар бастауынан мол мағлұмат алуыңызға мүмкіндік туғызған. Эсседен бұл айқын аңғарылып тұр.

Сіз журналистика факультетін бітірсеңіз де, орыс және шетел әдебиетінің теориясы мен тарихын ұлттық университеттің кәсіби әдебиетшілер даярлайтын филология факультетінің бағдарламасына сай меңгерген адамсыз (мұны өзім де сол факультетте оқыған соң айтып отырмын). Бұған қосымша Мәскеудің ең мықты филологтары дәріс берген Әдебиет институтында оқығаныңыз және бар. Ендеше бастаған тақырыбыңызды әлі де тереңдете түсіп, Мағжан мен жоғарыда аталған поэтикалық мектеп өкілдері шығармашалығын салыстыра зерттесеңіз эссенің арнасы кеңіп, айдыны шалқарлана түсетіні анық. Мұны өзіңіз ерекше жақсы көретін Мағжан ақынға әлі талай айналып соғатыныңызды аңғарғандықтан жазып отырмын.

Бір ғана мысал: Мағжан Сізде аталатын «Пайғамбар» атты әйгілі жырына орыс символизмінің негізін салушы Д.Мережковскийдің «Дети ночи» деген өлеңінен цитата алған. Орыс ақыны оны революциядан 22 жыл бұрын – 1895 жылы жазған. Әрине, көріпкел болғандықтан емес, әбден азып-тозған патшалық Ресейде түбі бір үлкен дүмпудің болатынын ақындық жүрекпен сезгендіктен. Егер Мағжан өлеңдерін Мережковскиймен салыстыра зерттер болсақ өмір мен өлім, қайғы мен мұң, күдік пен күмән, үрей мен үмітсіздік тақырыбына қатысты басқа да көптеген шендестірулерді табар едік.

Мұны жазып отырған себебім: Мережковскийдің шығармашылығын, аса күрделі, түрлі символдар мен ишараларға толы тарихи-философиялық романдарын төңкеріске дейінгі империяшыл орыс қоғамы қабылдай алмаған, ал Мағжан түсінген, тұшынған. Ой, пікір жарыстырған. Тіпті поэзияда Мережковскийден асып та түскен. Мағжан бағамдаған сол Мережковскийдің әлем әдебиеті тарихындағы Нобель сыйлығына 10 рет ұсынылған жалғыз ақын, әдебиетші, философ екенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Орыстың оны әлі күнге кешірмейтіні – ол әуелі Муссолиниді мақтап мақала жазған, ал өлерінен бірнеше ай бұрын ғана Гитлерді Жанна д’Аркке теңеп, радиодан сөз сөйлеген. Өйткені өзі «қызыл індет» деп иттің етінен жек көрген  большевизмнің, диктатор Сталиннің дұшпаны – менің жақтасым деп түсінген. «Ата жауына» қарсы шыққандардың бәрін қолдауға тырысқан. Сол үшін адамзаттың қас дұшпаны қанқұйлы Гитлердің Кеңес Одағына қарсы соғысын коммунизмге қарсы майдан ретінде қабылдап, өзіне бүкіл әлем жұртшылығын қарсы қойған. Бұл оның ең үлкен қателігі еді. Мұны орыстың да, еврейдің де кешегі және бүгінгі ұрпағы кешіре қоймайтыны анық. Ал Нобель сыйлығының берілмеуі оның христиандықтың дамуына қатысты радикалды реформистік көзқарасынан туындаған сияқты.

Жиырмасыншы ғасыр басында немістің ұлы философы О.Шпенглер «Европаның күйреуін» жазды. Орыс әдебиетінің ғана емес, ақыл-ойының алыбы саналатын Л.Толстой бүкіл христиандық әлем канонды нұсқа деп танып, әр сөзін қызғыштай қорыған Марк, Матвей, Иоан мен Лукадан жеткен төрт «Інжілді» тас-талқан етіп редакциялап, соның негізінде жұртшылық «Толстой Інжілі» деп қабылдаған жаңа нұсқа жасағанын Сіз жақсы білесіз. Сол үшін ол шіркеуден аластатылды.  

Ұ.Есдәулет

Кезінде Мережковский де осы жолды таңдады. Христиандық мораль мен танымдағы қайшылықтарды қатты сынға алды. Ол «Ветхий заветті» Құдай-Әке өсиеті, ал «Новый заветті» Құдай-Ұл өсиеті деп қабылдап, ендігі жерде азат ой мен еркіндікке негізделген «Үшінші өсиет» қажет деген модернистік діни-философиялық концепция ұсынды. Бұл христиандық мракобесиенің шырмауында қалған батыс моралистеріне ұнай қойған жоқ. Оның Нобель сыйлығынан сан мәрте шеттетілуінің бір сыры осында.

Мережковский ақын, жазушы, философ ретінде әлем әдебиетіндегі ең оқымысты, жаңашыл тұлғалардың бірі болды. Жап-жас Мағжанның мұны тым ерте түсінгеніне әлі күнге дейін таң-тамаша қаламын. Оның Мережковскийге еліктеуі басына пәле болып жабысты. Бірақ бұл – арнайы зерттеуді қажет ететін бөлек тақырып.

Кейбірін өзіңіз аударған орыс поэзиясындағы «күміс ғасырдың» көрнекті өкілдері Есенин, Белый, Блок, Мандельштам түп-түгелімен Мережковскийдің Петербургтегі әдеби салонынан шыққандар. Өкінішке орай біздің әдебиетшілер Мағжан поэзиясының қайталанбас ғажайыптығын оның өзімен теңдес осындай тұлғалармен теңестіре зерттеудің орнына оның айналасындағылармен ұсақ-түйек айтыс-тартыстарды термелеп кетеді. Сіздің мұндай олқылықтың орнын толтыруға талант, талғам, тағылымыңыз тұтастай жететіндіктен хатымды осы идеядан бастадым.

Ғафу, Сырбай ағаларымыз туралы естеліктер өлең сияқты оқылады екен. Ағылып та, төгіліп те тұр десем болады. Аңқылдаған ақ көңіл, кең пейілмен, ағаларға деген зор құрметпен жазылған.

Осы жинақтағы ең әдемі этюд деп «Өлең қуалауды» айтар едім. Бұрын да оқығам. Таңғы шықтай мөп-мөлдір, тап-таза эссені тағы да қызыға, құмарта оқып шықтым. Шебер ақынның қолынан шыққаны көрініп-ақ тұр. Шіркін, осындай тәтті, дәмді дүниелер көбірек болса.

Тоқаш Бердияров ағамыз туралы Есенғали Раушановтың естеліктерінен талай мәрте оқығанмын. Есенғали Тоқаңа үлкен жанашырлықпен, інілік ізетпен қарайды. Көкесі де не айтып, не қойса да «құп» алып, құптай сөйлеп, жұптап жазады. Раушановтың өзі тарпаң мінезді ақын болса да, шығыс поэзиясын көп оқығандықтан болар, жасы үлкен ағаларына келгенде ешқашан әдептен озбайды. Бұл аға буын өкілдері туралы естелік жазушылардың әрқашан жадында ұстауға тиісті жарасымды ұстаным деп білемін. Сіз төтеден тартыпсыз. Сондай оқиғалар орын алған да шығар. Оны қызығып оқитындар да аз емес болар. Бірақ Тоқаш Бердияров сияқты майдангер ақынның «екінші жаһан соғысы» дейтін тозақтың өзінен аман шығып, қаруын қаламға айырбастап қатарға қосылуының өзі ерлікке парапар емес пе. Ендеше жүйкесі әбден жұқарған ақынның арқасы қозып, жұдырығы қышыған кездеріндегі кейбір әбестеу әрекеттерін «байқамай-ақ», шығармашылық тірлігіндегі әпенділіктеріне тоқталсаңыз да Қожанасыр әңгімелеріне бергісіз хикаялар шығатыны көрініп-ақ тұр.

«Мұқағали» туралы әп-әдемі этюдтардан тұратын эссеңіз де оқырмандарға жып-жылы шуақ төгеді екен. Әсіресе, оның Әдебиет институтында оқыған кезі туралы ой-пікіріңіз әлі де тереңдете жазуды тілеп тұр. Өйткені бұл мұқағалитанушылар көп бармаған тақырып. Сіз оның ізі көп суымай тұрып сол институтта оқыдыңыз, сол профессорлардан дәріс тыңдап, сол әдеби атмосферамен тыныстадыңыз. Сондықтан «Реквиемнің» жазылуы туралы соны пікіріңіз орнықтылығымен ғана емес, Сізге дейін ешкім айтпаған сонылығымен де қымбат. Біздің сыншылар әдеби шығарманың өзін талдаумен тым әуестеніп кетеді. Нәтижесінде әдеби шығарманың жазылу тарихы, түпкі идеясы мен дүниеге келуіне түрткі болған себеп пен салдар тасада қалып қояды. Болашақта Пушкиннің «Болдин күзі» сияқты Мұқағалидың Литинституттағы жемісті кезеңі туралы бойлата жазсаңыз, бұл тақырып та Сіз үшін алтын көмбеге айналатын түрі бар.

Асқар Сүлейменов, Рамазан Тоқтаров, Жарасқан Әбдірәшев, әсіресе қаламдас, қанаттас досыңыз Кеңшілік Мырзабеков туралы естеліктеріңіздің тағылымды тұстары аз емес.

Кеңшілік екеуіңіз таласатын «ырдуанның» түбі орыстың көбінесе жүк тасуға арналған арбасы – «рыдваннан» шыққан. Оның өзі орысқа поляктар арқылы немістен келгенге ұқсайды. Маған сіздердің қазаққа «кереует», «самауыр» сияқты сіңісіп кеткен «ырдуан» сөзін қызғыштай қорып, тілдік қорымыздан шеттеп қалмаса екен деген жанашырлықтарыңыз айрықша ұнады.

Сіздің прозаңыздағы басты ерекшелік ретінде әсем беллетристиканы атасам, екінші байқағаным сары майдан қыл суырғандай ұқыптылықпен берілген әдемі юмор дер едім. Естелік-эсселердің әр тұсында оқырманның кейде жанын жадыратып, кейде езуіне күлкі үйіретін әзіл-қалжың қоса жүреді екен. Кейбір кейіпкерлеріңіздің іс-әрекетіне не күлеріңді, не жыларыңды білмей қаласың. Әрине, бұл әдеби тәсілдерді шебер меңгерген қаламгердің ғана қолынан шығатыны белгілі. Міне, дәл осындайды «Шонаны жерлеуден» көруге болады.

Қасым Қайсенов ағамыз туралы жазылған эсседен батырдың биік тұлғасын көреміз. Ақиқат пен әзіл қатал өріліп, ерекше жарасым тауыпты.

Естеліктер мен эсселеріңіз жүзіктің көзінен өткендей, әсем, жып-жылы, жеңіл оқылады. Бірақ тағы бір «әттеген-айды» айтып өтпеске амалым жоқ. Сондай әдемі дүниелерде сұрапыл «ішу» көп. Бәрі ішеді және Сіз оны тамсана жазасыз әрі жуан ортасында өзіңіз жүресіз. Сол ағалардың біразын біз де көрдік. Солай болғаны да рас. Бірақ соның бәрін жазудың қажеті бар ма?

Мені бір қуантатыны – қазіргі жастарда ішу аз. Қанға сіңіп үлгермеген соң бұл да біздің буынмен бірге кететін кесапат деп үміттенемін. Ендеше бүгінде сіздерге қарап бой түзейтін жастарға соның бәрін жаза берудің қажеті жоқ деп білемін. Мұны айтпай-ақ қоюға болар еді, бірақ Сіздің қаламыңыздан алдағы уақытта әлі талай тамаша естеліктер мен эсселер туындайтынын аңғарғандықтан жазып отырмын. Сол тұста ескерерсіз.

Кітабыңызды тұтастай оқып шыққандағы түйгенім: болашақта дәл осы бағытта жалғастырар болсаңыз, бірі – естелік-эсселерден, екіншісі – Қадыр ағаңыз салған соқпақтай – еркін баяндаулардан, үшіншісі қаламгерлік сапарлардан түйген жазбалардан тұратын үш кітаптың сұлбасы көрініп тұр.

Соңғы бөлімдегі «Ыстықкөл драмасы» көп сериялы телехикаяға сұранып тұр. Ешбір қоспасы, бояма-бүкпесі жоқ, өмірдің өзінен алынған. Өзіңіздің сценарий жазып шығуға мойныңыз жар бере қоймас. Сізге «Ұлықбек Есдәулет шығармасының желісімен» деген жалғыз ауыз сөз де жетеді. Сондықтан қолы епті жігіттер жазуға ниет білдірсе, ыңғай бергеніңіз артық бола қоймас. Көрермен үшін тартымды сериал шығатын түрі бар.

Жазыңыз, Ұлаға! Жаза түсіңіз. Өлең шіркін, күн сайын жалынан сипата қоймайтын асау тұлпардай мінезді жанр ғой. Сондықтан ақынның су төгілмес жорға қаламымен осындай әдемі естеліктер мен эсселерді жаза беру керек. Жақсы жазушыдан жақсы ақын шыққанын әлі көргенім жоқ. Бірақ талантты ақыннан тамаша прозаик шығатынын Жұмекен Нәжімеденов ағамыз әлдеқашан дәлелдеді. Есенғали екеуіңіз ешбір әсірелеусіз қазіргі қазақ поэзиясының классигісіздер. Ендеше екі тізгінді қатар ұстаңыздар. Бұл әдебиет үшін, мәдениет үшін, сол құндылықтарды бағалайтын ұлық мәртебелі оқырман үшін өте қажет.

                                                                                                                                                                                                                                                                    Құрметпен, Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

22 желтоқсан 2020 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір