Жұлдызы жанған бауырлар
20.11.2015
1901
0
ROZA Almaty-2015Сырлы сазды әндерімен жұртшылыққа танымал әнші Роза Әлқожаның соңынан ерген інісі Әбдіжаппар Әлқожа да өнер жолын таңдады. «Бесік жырынан тыңдап келе жатқаным сұлу ән болғандықтан, маған айналамдағының бәрі ән салатын сияқты болып көрінетін: біздің ауылдың ерте келетін көктемінде құстар ән салатын, оған бүршік атқан тал-терек сыбдырласып қосыла кететін, бұталардағы әсем гүлдер де ыңылдап ән салып тұрғандай еді. Ерте көктемнен әп-сәтте өте шығар қысқа дейін табиғаттың бәрі әндетіп тұрушы еді», – дейді Әбдіжаппар Әлқожа…
Роза және Әбдіжаппар Әлқожа төртінші желтоқсан күні, Алматы қаласындағы Студенттер сарайында  «Жұлдызы жанған бауырлар» атты ән кешін ұйымдастырып, көпшілікке өз репертуарларындағы әндермен қоса, жаңа әндерін де ұсынбақшы. Осы орайда Әбдіжаппармен ән туралы, әнші жайлы сұхбаттасуды жөн көрдік… 

– Әбдіжаппар, сенің ұғымыңда ән деген не?
– Адам жаратылысында бесіктен ана әлдиін, қазақ әнін естіп өскеннен кейін ән деген жанды тебірентіп, тыныштыққа шақыратын сияқты. Ән мұңайған адамды жұбататын сияқты. Ашуланған адамды сабырға шақыратындай. Қайғырған адамның жүрек жарасын емдей ме деймін. Әнсіз өмір сүру мүмкін бе екен? Адамның кірлеген жүрегін шаюға ән де көмектеседі ғой. Адамның жадыраған көңілін одан сайын нұрландыра түсетін әннің құдіреті емес пе? Мен үшін ән – осындай қасиеттерге ие.
– Осы күні сахнада ән салып жүрген, үлкен сахнаға шыққысы келетін жастар көп. Жастардың бір өкілі өзіңсің ғой, олардың нені армандайтынын, өздері айтқан ән арқылы қоғамға не айтқысы келетінін айта аласың ба? 
– Жастардық жалыны ортақ болғанымен, арманы әрқилы ғой. Олардың атынан сөйлеу мен үшін тым ауыр болар. Сондықтан өз атымнан ғана сөйлейін. Менің арманым – үлкен сахнада жүрегім қалаған әнді айту. Әнді айтып қана қоймай, сол әнді тыңдаған адамның мерейі көтеріліп, жүрегінде бір ауырлық жатса, сол зіл-батпанынан арылса деймін. Мен салған әнді тыңдаған адамның жан сарайы ашылып, көңілі тазарса деймін. Ата-анам маған: «Батаменен ел көгерер», елдің батасын ал», – дегенді көп айтатын. Көпшіліктің батасын алғым келеді. Өзіміздің қазақтың қоңыр әнінің көпшілікке өз мәнерімде ұсынсам деймін. Ол үшін көп еңбектену, көп үйрену керек екенін білем. Білмекке ұмтылу, білгеннің тілін алу қажет деп ойлаймын.
– Сендер ән жазарда ақынмен, композитормен тығыз қарым-қатынас орнатасыңдар. Әнді қалай таңдайсыңдар? Ұсыныс алдымен кімнің тарапынан түседі?
– Кейде ұсыныс өздерінен болады. Көбіне ән бірінші туады ғой. Ән қандай өлең сұрап тұр? Соны түсіндіріп ақынға өтініш айтамыз. Кейде ақынның өлеңін оқып отырып ән туады. Осылайша әр ән қисынын тауып кете береді.
– Осы күнгі жас әншілердің әнін тыңдасаң, бәрін сүйіктісі тастап кеткен. Және бәрінің сөзі тым тұрпайы, тым түсініксіз…
– Иә, сахнада жүргендерге қатысты айтылар мұндай сын бар. Бірақ солай екен деп, көпке топырақ шашуға болмас деп ойлаймын. Кейбір әншілер бар, әнінің сазы тым жақсы. Бірақ ақын іздемейді, не іздегісі келмейді. Жақсы әнге әйтеуір бір сөз жаза салады. Әннің сазы жақсы болып тұрған соң, ол әнді көпшілік жылы қабылдайды. Содан кейін, «әне, сөзі нашарлау болса да, халыққа ұнап жатыр ғой», деп келесі жолы да арзанқол өлеңге ән жаза береді. Мұндай тенденция әншінің бәрінде бірдей кездеспесе де, бар екені рас. Өзім мұнымен келіспеймін. Біздің әнді халық тыңдайды. Ал Құдайдың бір  аты – халық қой. Сол халықтың ішінде зиялы қауым, ақын, жазушы, ғалым, ұстаз, тәрбиеші де бар. Сондықтан әнді орындарда оның сөзіне, сазына баса назар аударған дұрыс деген ойдамын. Иә, эстрада әнін мүлдем тыңдамайтындар да бар шығар. Алайда, осы эстрада әнін тыңдағысы келетіндердің де бар екенін және олардың көп екенін білген жөн. Ән тыңдағысы келген көпшілікке ешкім қой дей алмайды. Сондықтан біз кейде әнімізді ырғақты, биге ыңғайлы етіп жазып жатамыз. Мұнымыз арқылы онсыз да күнделікті күйбең тірлікте шаршап жүргендерді ең болмаса әніміз арқылы тербеп, әніміз арқылы еңсесін көтерсек деген ой барын айтқым келеді.
– Сен айтқың келетін ән қандай?
– Репертуарымда түрлі бағыттағы әндер бар. Құдайын аузынан тастамайтын қазақы тәрбие алған ұл ретінде, әпкем Розаның ақылымен репертуарыма міндетті түрде Алланың шексіз құдіретін жырлайтын, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтатын әнді де енгіздік. Болашақта өмір туралы әндерді, халықтық терме-жыр, дастандарындағы елдікті, ынтымақты, бірлікті ту ететін әндерді де орындасам ба деген талпынысым бар. Осы күні Табыл Досымовтың «Жалған дүние» деген әнін жазып жатырмын. Осы күні жастарды анау дейді, мынау дейді, бірақ сол жастардың ертедегі ақын-жырауларымыздың сөзін ұйып тыңдайтынын айтқым келеді. Ал сөз ұғатын жас жаман бола ма? Мейрамбек, Тоқтар ағаларымыз жастау кезінде айтқан, сөзі де, әні де тас-түйін әндерді қайта шырқасам деймін. Бұл қазақ өзіне керек ән мен жырды баяғыдан айтып келеді, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген Мұқағалиша, мен де қазақтың өзі сүйген әндерін өз орындауымда ұсынсам деген ой бар.
– Әпкең Роза Әлқожа қазақ сахнасына танымал әнші. Ал сен үшін Роза кім?
– Роза әпкем мен үшін – айна. Әпкемді ең алғаш үлкен сахнадан көргенде мен әлі бала едім. Бала болсам да сахнада ән салып тұрған әпкемнің көзінен өзімді көрдім. Бір ана, бір әкеден туғаннан кейін, сол қан арқылы сіңген әншілік, сазгерлік қабілет болғандықтан, әнге деген талғамымыз бірдей. Роза әпкем маған жаман мен жақсыны айыра білуді үйретті. Қанатымды кеңге жаюға мүмкіншілік берген әуелі Алла, сосын Роза әпкем дер едім.
– Әңгімеңе рахмет, Әбдіжаппар, Өнер әлемінде жолың оңғарылсын!
Сұхбаттасқан Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір