Қанағат Әбілқайыр. Ескі құдық
29.01.2021
359
0

Шағын қаланың шетінде екі қабатты ескі ағаш үй тұр. Әйнектері сынған терезе­лері мен тозығы жеткен сыртқы есігіне айқұш-ұйқыш тақтай қағылған. Қараусыз қалғандықтан жапырағынан қураған бұтағы молайып кеткен ағаштар үнсіз мүлгиді. Ауладағы таспен шегенделген құ­дықтың аузын балалар түсіп кетпесін деп әлдекім темірмен жауып, үлкен таспен бастырып қойыпты. Ел арасында бұл маң жайлы түрлі дақпырт көп. «Тәліп терезеден біреудің қарап тұрғанын байқап қапты», «Қалқаман түнде үйден от көрінді дейді», «Бақтыбай кештетіп өтіп бара жатқан екен, біреудің сақ-сақ күлгенін естіпті», «Ол ол ма, құдықтан жылаған баланың даусы шығады екен». Міне, осындай алып-қашпа әңгіме онсыз да ұсқыны кетіп, жетімсіреп тұрған көне қоныстың жұрт көңіліндегі бейнесін тіпті айғыздай түскен.

* * *

Биыл он бірінші сыныпқа көшкен Бал­жанның әке-шешесі көрші қалаға қо­наққа кетіп, қызы: «Жалғыз өзім қорқам», – деп үш, төрт құрбысын жанына шақырып алған. Олар алдымен өздеріне ұнайтын жігіт­терді талқылай бастады. Қыз бала ерте бойжететіндіктен, сыныптарындағы ұлдардан гөрі ересектер жағы жиі әңгіме болды. «Маған денешынықтырудан бере­тін Асыл ағай ұнайды. Түр десе түрі, бой десе бойы бар», – деді бірі, былтыр ғана оқу бітіріп келіп, мектепке жұмысқа тұрған жас жігітті көз алдына елестетіп. «Ал, ма­ған география ағай ұнайды. Өте білімді» , –деді тағы бірі. Осыны айтқанда бәрі жамырай күлді. «Қойшы, соны», «Қай жері ұнайды? Тыриған біреу», «Көзілдірігінің қалыңдығы менің белімдей». Әттең, – деді бірі, Әттең, Нұркеннің әйелі бар. Болмаса, соған ойланбастан тиетін едім». «Не дейді? Үлкен қала, студенттік өмір деген қызықтырмай ма сені?» «Білмеймін, сол кісі жаныма келсе, денемнен тоқ жүріп өткендей дірілдеп кетем».

Бұл әңгіме қаншаға созыларын кім білген, теледидар маңында бейнетас­па­ларды ақтарыстырып отырған Сәуле: «Қыздар, жігіттеріңді айтып болсаңдар кино көрейікші. Мынау «Қоңырау» деген өте қорқынышты фильм, мен баяғыда бірінші бөлімін көргем», – деді. Алдыңғы әң­гіме жалықтырып, соны тақырып іздей бастаған құрбылар енді шу етіп, теледидар алдына келді. Шетелдік танымал киноға елігіп, бірде үрейден жарыса шыңғырып, енді бірде бір-бірін мазақтай күліп отырған қыздар кенет жарық жалп етіп өшкенде шынымен састы. Демдерін шығаруға дәрменсіз. Ақылдасып алғандай бәрі телефондарын алып, жарығын қосты. Жан-жақтарына ғана емес, бір-бірлеріне де үрке қарайды. Есігі ашық тұрған өз­ге бөлмелерден әне-міне біреу кіріп келе­тіндей. Терезелерден біреулер көз алмай қарап тұрғандай. Дәл осы сәтте Балжанның телефоны шырылдап қоя берді. Кинодағы оқиға бес қыздың көз алдында айна-қатесіз қайталанып жатыр. Қорқыныштан шар ете қалған Балжан телефонын лақтырып жіберді. Құрбылар бір-біріне одан сайын тығылыса түскен. Енді Сәуленің телефоны шырылдай бас­тады. Өжеттеу Сәуле телефонға көз қиығын салды да, «Жасырын номер», – деді тұншыға сыбырлап. Осылай бес қыздың телефоны кезек шырылдап шықты. Әр шырылмен бірге қыздардың жаны да ұшып кетердей шыр-шыр етеді. Телефонды көтере қалса, арғы жақтан, «Жеті күннен соң өлесің» деген үкімді еститіндеріне қыздардың күмәні жоқ еді…

* * *

«Тоғызыншы сыныптағы Сәния са­бақ­тан үйіне келмепті» деген хабар ша­ғын қаланы аяғынан тік тұрғызды. Тік тұрғызатын себебі де жоқ емес. Бұл – соңғы жарты жылда жоғалған үшінші қыз. О баста «Құрбыларымен бір жерде жүрген болар» деп, аса алаңдамаған ата-анасы қас қарая достарына, олар: «Білмейміз», – деген соң, сыныптастарына хабарласқан. Ешкім мандыған жауап бермепті. Амалы құрыған Әйтен сынып жетекшісі мен учаскелік полицияға қоңырау шалды. Сосын, әйеліне: «Олар келіп жатса, өзің мән-жайды айтарсың. Мен көшені бір айналып келейін», – деп сыртқа шықты. Ойы, таяуда ғана түрмеден шыққан Байтақ пен қалаға жақында көшіп келген Сәрсеннің үйін бір шолу. Байтақ қамалғанға дейін бұл қалада талай сойқанды салған. Ақыры, өзіне жабылмақ болған екі жігітті пышақтап, он бес жылға кетіп тынған. Сайлау алдындағы кешіріммен мерзімінен төрт жарым жыл бұрын босап келді. Қазір жұмыссыз. Ал Сәрсенді бұл қала ә дегеннен жаратпады. Өрт сөндіргендей түнерген түрі, көзінің астынан қарайтын суық сұсы кім-кімді де тіксінтетін.

Әйтен сақтана басып, алдымен Байтақ­тың үйін шолды. Маңай тым-тырыс. Төңіректе тірі жан жоқ сияқты. Қақпаны ашуға жүрексініп тұрғанда ту сыртынан:

– Кімді іздедің? – деген қырылдаған дауыс естілді. Селк ете қалған Әйтен қараңғыда дауыс шыққан жаққа жылдам бұрылғанымен, мардымды жауап таба алмай:

– Не ғой, не… – дей берді.

– Қызыңды іздеп шықтың ба? Бұл төңіректе сынық ине жоғалса да бәрі алдымен менен күдіктенеді, алдымен маған келеді!

– Жо-жоқ, а, иә, қызымды іздеп шыққаным рас, бірақ, құдай ақы, сенен көрейін деген ойым жоқ…

– Жарайды, көп созба! Менің айтпағым мынау, қызыңда да, бұл қаладағы өзге шаруада да шатағым жоқ. Ал бұған сенбейді екенсің, сөз басқа!

– О не дегенің? Мен тек өтіп бара жатып… мойнымды созып…

– Сөз бітті. Жөнел!

Әйтен асығыс басып, үлкен көшеге қарай жылыстай берді. Көңілінде – үрей, ойында – алаң!

* * *

Балжан қорқып қалмасын деп қана емес, оңашада ақтарыла сырласайық деп бас қосқан бес қыз телефондарын көтеруге қорқақтап, жүректері атқақтап отырғанда сыртқы есік қағылды. Үздіксіз соғылған қоңырауға мынау қосылғанда бойжеткендер бұл дүниеден баз кешіп кетті. Бір-біріне тығылыса, үн шығаруға дәр­менсіз қалыпта, өз кеуделерінің дүрсілінен өздері шошынып, әне-міне әлдекім бас салардай қалшылдап барады.

* * *

Байтақтың үйіне барам деп сағы сынған Әйтен қорқақтай басып Сәрсеннің үйіне таяп қалғанда ізінен көліктің жарығы түсті. «Өтіп кетсін» деген оймен баяулай жол шетіне ығысқан Әйтеннің жанына тоқтай қалған көліктен:

– Ау, ағасы, келіңіз, көлікке отырыңыз, – деген таныс дауыс шықты. Қуанып кеткен Әйтен учаскелік полицияның ескі көлігіне ұмтылды. Іште қызының география мен денешынықтырудан беретін мұғалімдері бар екен.

– О, сендердің де шыққандарың жөн бопты, – деді ол көңілі жайланып.

– Директор екі аяғымызды бір етікке тығып, бағана қуып шыққан. Бармаған жеріміз жоқ, енді, міне, ескі құдыққа бара жатырмыз, – деді біреуі.

– Ескі құдықтан бұрын Сәрсеннің үйін көре кетсек болар еді, – деді Әйтен сыбырлай сөйлеп.

– Сәрсен мен Байтақты алдымен шолып шықтым. Өздеріне де жолықтым. Әзірге күдік алатын ештеңе байқамадым, сыр берген жоқ. Сондықтан осы тобы­мызбен өзге жерлерді де қарай кеткеннің артықтығы болмайды, – деді учаскелік полиция.

* * *

Сырттағы беймәлім жан қоңырау соғу мен есікті қаға беруден жалықты ма, дәл қыздар отырған терезе солқ-солқ ете қалды да, сырттан екі-үш жарық түсті. Бұдан ары шыдауға шыдамы жетпеген қыздар өзге бөлмелерге шырылдай жүгірді. Бірін-бірі баса-көктей, бірін-бірі етегінен ұстай қашқан бойжеткендердің енді болмаса жүректері жарылып кетердей.

Осы сәтте үйдің жарығы жанды да, терезеден қарқылдай күлген дауыс пен бозбалалардың таныс үні естілді:

– Ау, сужүректер, бұттарыңа жіберіп қойған жоқсыңдар ма?

– Мә, мынау Асқар ғой, – деп, алғашқы болып Балжан тілге келді.

– Асқар қайдан жүр?

– Бағана мен «Қыздар келеді» деп айтып едім…

– Айтсаң, неменеге қорқып жүрсің?

– Соны айтам!

– Мүмкін бізді қорқыту үшін осының бәрін әдейі ұйымдастырған шығарсыңдар, – деп, қыздар ренжи бастады.

– Жоқ, айтуын айтсам да, киноны көріп отырып, ол жайында мүлде ұмытып кетіппін. Рас айтам.

– Ей, ашсаңдаршы. Біз өстіп далада тұра береміз бе?

– А, иә, қазір…

Балжан сыртқы есікке беттеді. Көп ұзамай өздерімен бір сыныпта оқитын үш бозбаланы ертіп, төргі бөлмеге қайта келді.

– Ал не істеп отырсыңдар?

– Не істегені құрсын, әбден зәремізді алдыңдар!

– Иә, жүрегіміз жарылып кетсе, кім жауап береді?

– Жарайды, жарайды, қыздар, тоқ­таң­даршы. Менің бір сұрағым бар! Шындарыңды айтыңдаршы.

– Ал сұрай ғой.

– Мұны алдын ала ойластырдыңдар ма? Оңаша үй, қорқынышты кино, жарықтың сөніп қалуы…

– Жоға, менің мүлде ондай ойым болған жоқ. Үйде жалғыз қалмайын деп сендерді шақырдым. Содан бағана сабақтан қайтып келе жатқанда соны Асқарға айттым. Басқа ештеңе болған жоқ!

– Сәуленің дәл «Қоңырау» кино­сын таңдап алғаны ше? – деді, география ағайға ғашық бойжеткен.

– Бұл – таза сәйкестік. Сендердің ғашықтық әңгімелерің жалықтырып жіберді де, бейнетаспаларды ақтарып отырып, соны тауып алдым.

– Ал балалардың бізді қорқытқаны ше?

– Біз алдымен есікті қақтық. Ешкім тырс етпеді. Содан ақырын келіп, терезе­ден сығаласақ, телевизордың ішіне кіріп кетейін деп отыр екенсіңдер! Содан «Бұларды бір қатырайық» дедік.

– Жындылар! Шынымен-ақ жүрегіміз жарылып кетсе, не істейсіңдер?

– Иә, тоғызыншы сыныптың қызы жоғалып кеткелі бері біздің үй тіпті шо­шып отыр. Осында зорға жіберді.

– Жарты жылда үш қыздың жоғалуы және оны таба алмау сұмдық қой, иә?

– Сонда олар қайда кетуі мүмкін?

– Ескі құдықтан, ескі үйден түрлі дауыс шығады деуші еді ғой. Біреу сонда апарып тастамай ма екен?

– Қойшы, сен де! Қорқынышты киноны көріп аласыңдар да, түрлі әңгімеге сенесіңдер!

– «Тәліп көріпті». «Бақтыбай, Қалқа­ман ағалар айтыпты» деген не сөз сонда?

– Тәлібің шегіп алып, жын-шайтан көріп жүрген шығар!

Жігіттер жағы бұл сөзге жамырай күлгенмен, біреуінің күлкісі нанымсыздау шықты.

– Маған бір ой келді, – деді, Асқар орнына жайғаса отырып.

– Қандай?

– Жүректерің шыдаса, дәл қазір бәріміз сол ескі құдыққа барайық. Үйді көрейік. Сонда шындық па, ертегі ме, өз көзімізбен көреміз!

Бәрі сілтідей тынып қалды. Тіпті, жігіттер жағының да тәуекелі жетпейтін­дей. Үнсіздікті Сәуле бұзды.

– Несі бар? Мен дайынмын!

– Міне, өмірге шынайы қарайтын адам. Жарайсың!

Сәуленің сөзі бәріне қамшы салғандай, жігерлерін қайрағандай. Әсіресе, бозбалалар жағы қыздан бұрын «Кеттік» деп айта алмағанына намыстанғандай:

– Барсақ, барайық.

– Иә, бір қызық болады, – деп, қауқылдасып қалды.

Сонымен, үш бозбала, бес бойжеткен үйді жақсылап жауып, қалашық шетіндегі ескі үйді бетке алды.

* * *

Есін енді жиған Сәния өзінің тас қараң­ғы жерде жатқанын біліп, ышқына, қыстыға жылады. Шыңғырайын, біреу­лер­ден жәрдем сұрайын десе, аузын толтыра тыққан шүберектен даусы шығар емес. Орнынан тұрайын десе, кеуде, бел, аяқ тапжылмастай байланған. Бұл жерге қалай және қашан келді? Кім әкелді? Түсініп болар емес. Тек…

 

* * *

Күнде жүріп жүрген көшелері тым жат, өзгеше суық, үрейлі сияқты. Қыз­дар жігіттерді жабыса қолтықтап, айнала­ларына алаңдай қарап алға жылжып келе­ді. Үрген ит пен алдыдан кездейсоқ жо­лыға қалған мысықтың өзі басқа бейнеге еніп, әне-міне бас салардай жеткіншектер аяқтарын аңдап басады. Дегенмен, бала емес пе, «Бармай-ақ тып-тыныш үйде отыра берейікші» деуге батпай, «Ертең күлкі қы­лады ғой» деп, өзді-өздерін іштей қайрай түседі. «Шынымен-ақ сол үйде не сиқыр бар? Жалпы, ол не қылған үй? Ішіне біреу кіріп көрді ме?» деген көңілді елеңдеткен жасөспірімдерге тән қызығушылық та жоқ емес.

Олар ескі үйге таяп келді. О баста келіскендей, ешқайсысы телефон жары­ғын жаққан жоқ. Жүз қадам, сексен, жетпіс, елу қадам… Бұдан ары жылжуға жүректері дауалар емес. Төңірек тына қалған. Тіпті, лүп еткен жел жоқ сияқты. Тағы да, иә, тағы да айналаны жаңғыртып өз жүректері жарыса соғып тұр.

Кенет, бірінші қабаттың терезесінен жарық көрінді. Иә, кәдімгі жарық! Сегізінің жүрегі тоқтап қалған сияқты. Қол-аяқтарынан әл кетіп, орындарынан қозғала алар емес. Міне, көз алдарында екінші қабатты да бір жарық тіміскілеп жүр. Айналаны тінте қараған жарық тұп-тура осыларға түсті. Мүм­кін түспеген де болар. Сегізі бет-бетіне жанұшыра қашты. Біреу қуып жетіп ескі құдыққа сүйрей жөнелетіндей безіп келеді.

* * *

Талай жерді шолған, күдіктенер ештеңе байқай алмаған учаскелік полиция бастаған төртеу Әйтеннің үйінің алдына келіп тоқтады.

– Ағасы, бүгін менің бармаған жерім жоқ. Өзіңізбен де талай жерді шолып шықтық. Әсіресе екі жігітке көп рақмет! Бар шаруасын тастап, бес-алты сағаттан бері менімен жүр!

– Ой, ол не дегеніңіз? Біздің де міндетіміз ғой.

– Сіз әзірге үйде болыңыз. Жеңгем де алаңдап отырған шығар. Хабарласып тұрам. Бағана орталыққа ескерттім, әне-міне дегенше іздестіру тобы да келіп қалар. Ал біз жүрелік.

Ұнжырғасы түскен Әйтен үн-түнсіз көліктен сыртқа шықты. Үйге бірден кіруге әйеліне айтары болмай, қоршау сыртында тұрып темекісін тұтатты. «Қайда болуы мүмкін? Бұдан бұрын жоғалған екі қыздай із-түссіз кетсе қайтпек? Тірідей өлгені ғой. Іздестіру тобы келеді дейді. Олар бұған дейін де келді емес пе? Не істеді? Онсыз да қан жұтып отырған ата-анасын, одан қалса мектеп директорын ары-бері сүйреді де, жайларына кетті. Рас, соңғы рет Байтақты алып кеткен. Олар не сұрады, бұл не деп жауап берді? Кім білсін, әйтеуір көп ұзамай Байтақ аман-есен келді».

 

* * *

– Бір жарты алып па едің?

– Бір жарты емес, екеу бар. Асқазанды май­лағанға өткендегі салының жартысы тағы тұр.

– Охо, онда бүгін бір мереке болады деші.

– Иә, әсіресе он бестегі қызды айтсаңшы!

– Туу, бағана тым асығыс болды. Бұл жолы бір асықпай мауқымызды басайықшы.

– Бас, бас! Саған кім қой деп жатыр?

Аяқтарын масаттана басқан екеу мұнтаз­дай үйдің жертөлесіне түсті де жарықты жақты. Тас қараңғыға көзі үйреніп қалған Сәния жарыққа жанары шағылысып, басын ары бұрып әкетті.

– Ояныпты. Ау, жаным, өзіңе-өзің келдің бе?

Бұлқына ышқынған қыздың жалаңаш кеудесінен, мықынынан мытыған жігіт серігіне бұрылды да:

– Алдымен, бір-бір тартып жібе­рейік, – деп, орнынан тұрды. Бұл кезде екіншісі қызға ашқарақтана қарап қойып, шөлмектің аузын ашып жатқан. Дәл осы тұста есік сарт ашылды…

 

* * *

Бұл күнде қалашықтың өмірі бірқалыпты өтіп жатыр. Күні кешегі үрейлі сәттер артта қалған. Ескі үйде де ешкімнің шаруасы жоқ. Сегіз оқушыны шошытқан жарық учаскелік полиция бастаған төртеудікі екені көп ұзамай анықталған. Байрақ Мәдениет үйіне күзетші болып жұмысқа тұрды. Өзімен-өзі. Осындағы ең үлкен дүкенді ұстайтын Әнипамен көңіл қосып жүр дейді. Әйтен де осы күніне тәубе айтады. Не де болса, қызы үйде. Рас, бұрынғыдан көп тұйықталып кетті. Уақыт өте баяғы қалпына келер. Ал Сәрсен, Сәрсен бір-ақ түнде көшіп кетті. Ол кеткенмен артында сансыз сөз қалды. «Талайдан аңдып жүріп, сілімтіктерді қылмыс үстінде ұстапты», «Екеуін желкелеп отырып, алдында жоғалған екі қыздың да мәйітін таптырыпты», «Ол ылғи осындай құпия қылмыстарды ашатын кәнігі із кесуші екен», «Нағыз ерден біз безініп, сыртқа теуіп, қатты-ақ ұят болыпты», «Қайда жүр екен, енді көрсек төбемізге көтерер едік» деген алғысқа толы сөздер шынымен-ақ бір толастаған емес. Бұл ілтипаттың жаны бар еді. Алғашқы қыз жоғалғанда арнайы тапсырмамен көшіп келген Сәрсеннің арқасында география ағай мен денешынықтыру мұғалімі өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

 

***

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР, жазушы:

 ҚАЖЕТТІЛІК ­– ҰЛЫ МҮМКІНДІК

– Туындыңыздың желісі оқырманды бірте-бірте үрейлендіре түсіп, фильм көріп  отырғандай әсерге бөлейді екен. Шығарма идеясы қалай туды?

– Шығарма идеясы ақшаға сұраныстан туды. Бұл күнде көп қазақты кредит пен қарыз мазалайды. Мен де қарызбын. Содан құтылу үшін қарманам да жүрем. Сөйтіп жүргенде «Заң» газеті детектив жанрында бәйге жариялағанын көрдім. Көрдім де бір түнде осы дүниені жаздым.

– Әңгімеге арқау болған оқиға өмірде болған ба?

– Біздің қоғам әлі де балаң қоғам. Сүйінетін де, күйінетін де түрлі дүние, оқиға болып жатыр. Бұл жерде соның ширегі ғана сөз болды. Отыз жылда тілін дамыта алмаған, ұлтын жарылқамаған елде ұстазы шәкіртіне көз сүзген сәтті көзіміз көрді.

– Детектив жанрына алғаш рет қалам тартқаныңызды айтып қалдыңыз. Бұл жанрдың өзге жанрлармен салыстырғанда қандай өзгешелігі мен күрделі тұстары бар екен?

– Рас, қажеттіліктен осы жанрда бір рет бақ сынадым. Қадамымның сәтті-сәтсізін оқырман таразылар. Бірақ қиын немесе оңай болды деп айта алмаймын. Отырдым да, айналдырған 2-3 сағатта жаздым. Жазуға жауапкершілік жоқтықтан шығар, тез жазам. «Қайыршының миллиардер досы» атты он екі баспатабақ болатын дүниемді де сегіз күнде жазғам.

– Аз ғана уақыттың ішінде, бір-ақ түнде жазғаныңызға қарамастан, әр детальды шынайы суреттеп, шығарма мазмұнындағы шытырман оқиғаны  оқырманды да қорқыныш сезіміне бой алдыратындай етіп бедерлеу қиындық туғызбады ма?

– Қорқынышты киноларды көп көремін. Сосын өзім де ылғи қорқып жүремін. Артымда біреу келе жатқан сияқты, әлдекім маған ұдайы қарап тұратын тәрізді. Ешкім жоқ айдалада бір тылсымның, мүмкін, шайтанның аузынан атыңды естісең қандай күйде боласың?.. Осы дүниені жазарда маған осы қорқыныш сезімі көмекке келді деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта бұл жанрда тағы да туындылар жазуыңыз мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Қажеттілік – ұлы мүмкіндік. Біреулер қажеттіліктен кісіні жазым етіп те алады. Ең ауыр жағдай. Ал қажеттіліктен әңгіме жазылып, ән, күй туып жатса, адами құндылықтың, парыздың өтелгені емес пе?

– Жазарыңыз көп болсын. Әңгімеңізге көп рақмет!

 Әңгімелескен

Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ