Дерегі көп, керегі жоқ Желтоқсан
26.01.2021
1391
5

Қайым-Мұнар ТАБЕЕВ,

журналист-жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі

 Келер жылы киелі Желтоқсанға 35 жыл толмақ!

1986 жылдың сол ұмытылмас күндерінде Алматы көшелерінде мұздай қаруланған он мыңға жуық жазалаушы әскер, 16 мың жұмысшы жасақшылары, жүздеген милиция автокөліктері, өртсөндіргіш машиналар, БТР, арнайы автобустар қиқулап, қаланы азан-қазан қылып жатты…

ҚСР Жоғарғы Кеңес комиссиясының анықтамасында ІІМ және ішкі әскер бөлімдері тәулік бойы белгіленген 421 маршрут бойынша партулдік қыметте жүрді. Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар 155 автокөлікті бүлдірді, оның ішінде милицияның 23 көлігін өртеп жібергені айтылды.

Үш күнгі дүрбелеңге қатысқан шерушiлердің нақты саны белгісіз. Оны комиссияның өзі де нақты анықтай алған жоқ. Бірақ, біз Республика алаңына (бұрынғы Брежнев) 15 мыңдай адам еркін сиятынын жақсы білеміз. Бір жолы Тұңғыш Президенттің тікелей эфиріне осыншама адам жиналған. Сонда, үш күннің ішінде 60 мыңдай адам келіп-кетті деп шамалауға болады. Осы шама дұрыс.

Өйткені, Iшкi iстер министрлiгiнің мәліметі бойынша 8 мыңдай адам қамауға алынды. Іс қозғалғандар саны 2401 адам. Олардың бәрі оқудан, жұмыстан қуылды, комсомол мен партиядан шығарылды. 707 адам әкімшілік (он бес сөткеге дейін) жазаға тартылды. Ауыр қылмысы үшін 99 адам сотталды, оның 23-і қыздар. Кәмелетке толмаған 5 жасөспірім бар. Жараланғандардың мөлшері 1233 адам деп көрсетілген. Ал, қайтыс болғандардың саны қанша екенін анықталмады. (Дұрысы анықтатпады).

Мұқият қарасаңыз, бұл сұрақтың жауабын комиссия материалдарынан іздеп көруге болады. Ішкі әскерге қарасты №7552 бөлімнің прапорщигі, қару-жарақ жөніндегі техник А.Волковтың түсініктемесі: «21 желтоқсанда Орта Азия және Қазақстан бойынша Ішкі істер басқармасында оперативті бөлімнің полковнигі Щербатов 168 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Оның 8-і –әскерилер, 4-еуі – шекарашы-курсанттар, 1-еуі – Алматы милиция гарнизонынан».

Волковтың айтқаны шындық екенін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері А.Харитонов растайды. «Я знал Волкова много лет и ручаюсь за правдивость его показаний» деген жазбасы хаттамада тұр. Бірақ, билік үшін тиімсіз бұл фактілер сол беті тексерілмей, қараусыз қалған. Мүмкін бұл құжаттар өз уақытын күтіп жатқан болар.

Жүз беттік тағы бір медициналық анықтамада Салттық қызмет көрсету комбинатының директоры Ғ.Күзембаевтың хаты қоса тіркелген. Ол 1986 жылдың 1-31 желтоқсаны аралығында «Батыс»  бейiтiндегі iздеушiсі жоқ 131 зираттың 58-іне (нөмірден басқа) ешқандай белгi қойылмағанын хабарлайды.

«Тiлшi: Мүмкiн, онда жерленген адамдар соттың үкiмiмен атылғандар шығар?

М.Шаханов: Республика Жоғарғы сотына сұрау салып, мәселенiң бұл жағын да сұрап көрдiк. 1986 жылғы желтоқсаннан 1987 жылғы қаңтардың аяғына дейiн ату жазасына кесiлген адамдардың бiрде-бiрiнiң үкiмi орындалмаған» («Ленинская смена», 02.11.1990 ж.).

Мұны мәйiтхана мен Iшкi iстер министрлiгi тарапынан жiберiлген кәсiби қателiк деп жылы жауып қоя салуға болмас. Оның да ақиқаты ашылар.

Ресми дерек бойынша, сол күндері жараланғандар – 1233 адам дедік. 774-і құқық қорғау және әскери қызметкерлер. Ауыр халде түскендер – 17, қайтыс болғандар – 3. Бұл арада бірқатар құжаттарды МҚК мен тергеу органдары алып кеткені ескерілмеген. Төмендегі түсініктеме соның бір дәлелі.

«Председателю Комиссии по декабрьским событиям

Довожу до Вашего сведения, что у 26 больных с черепно-мозговыми травмами не найдены истории болезни, так как были изъяты органами МВД и КГБ.

    Глав. врач 2-ой городской больницы         Х.Е.Гашибаев»

Емдеу мекемелерінде бұрмалаушылықтың көп болғанын өз ісіне адал медицина қызметкерлері жасырған емес. Мысалы, жедел жәрдем ауруханасының дәрігері Ирина Меньшикова былай  дейді:

«17 желтоқасан күні №2 қалалық ауруханада түнгі кезекшілікте отырғанымда, шамамен жиырма жастағы қазақ жігітін әкелді. Оған алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілмеді. Себебі0 бірінші кезекте милиция мен әскерилерді емдеу бұйырылды. Нейро-трамватология бөлімінің меңгерушісі Рославцев ертеңінде ол жігіттің қайтыс болғанын айтты. 21 желтоқсанда ауыр жаралы тағы бір қыз қайтыс болды. Кейін не болғанынан хабарсызбын. Олар туралы мәліметті аға медсестра Валентина Ивановна ғана білетін».

Г.Балановская, жедел жәрдем фельдшері: «Мен 17 желтоқсанда алаңда сағ. 18-ден 24-ке дейін кезекшілікте болдым. Жараланғандар өте көп. Әсіресе, қыздардың қарасы мол еді. Барлығы да жердегі қардың үстінде отырды. Ес-түссіз жатқан екі қыздың халі тым ауыр болатын. Олардың қайда жіберілгенін анық білмеймін».

Ақмарал Қантөреева: «Мен Сарыөзек поселкасындағы аурухананың қызметкерімін. Алматыға қыдырып келіп, 17 желтоқсан күні сіңілім Балкен екеуміз алаңда не болып жатқанын көру үшін сағат 21.30 мөлшерінде Байсейітова көшесі жағынан келдік. Кенет, бізге қарай солдаттар лап қойды. Қолдарында қалқан мен сапер күректері. Бір дәу солдат жанымызда жайбарақат тұрған қызды күректің қырымен басынан дәлдеп ұрды. Қыз құлап түсті. Мен: «Я медик! Я медик!» – деп айқай салып, жүгіріп бардым. Балкен екеуміз шетке шығарып, үй қабырғасына сүйеп отырғыздық. Бірақ, күре тамырдан қаны атқылап тұрған қыз бірден жан-тәсілім етіпті. Мен жақын жерде тұрған офицерге болған жағдайды айтып едім, ол жалт қарады да, «Ладно, мы сами разберемся! Вы всеидите отсюда!» деп бізді қуып жіберді. Артыма қарасам, еңгезердей екі солдат қызды дырылдатып сүйреп бара жатыр екен…».

Марат Тоққожин (№7552 әскери бөлімнің взвод командирі): «От ударов дубинками, палками, саперными лопатками люди падали замертво. Я увидел более 100 человек, разбросанных по всей площади и лежащих окровавленных без движения. За нами следом шли, бежали и другие военнослужащие, которые добивали лежащих людей. После побитых людей погрузили в машины и увезли».

         Міне, осы қасаптан алаңда жатқандардың қаншасы аман қалды? Қаза тапқандарды азайтып көрсету – биліктің бірінші күннен ұстанған позициясы екені даусыз. МҚК генерал-майоры З.Камалиденов белгісіз 58 адамның кім екенін, неге жерленгенін сұрағандарға: «Оған менің күмәнім бар…. Соншама адам көз жұмған болса, онда ата-аналары басына зиярат етіп тұрмай ма?» – деп қысқа қайырыпты («Аңыз адам» журналы, №12. 2010 ж.).

Ата-аналар неге іздемесін? Іздейді. Іздеді де! Бірақ, құдіреті күшті МҚК-ның қаһарынан қорқып, тұяқ қимылдата алмағанын естен шығармаған жөн. Мысалы, студент Ербол Сыпатаевтың сүйегін ауылға апарғанда, туған әкесі «Менің балам емес, түйеші Мұқажанның баласы» деп, басын ала қашқанын көп адам біле бермейді. 1989 жылы Мұхтар Шахановтың тапсырмасымен комиссияның үш сарапшысы ауылына әдейі іздеп барғанымызда, бізбен жолығудан да қашып, тығылып қалған болатын.

1990 жылдың желтоқсан айында «Қазақ әдебиетінің» редакциясына жетпісті алқымдаған мығым денелі ақсақал келді. «Ассалаумағалейкүм, жоғарылатыңыз», – деп орындық ұсындым. Ерболдың әкесі Бейсен Алшынбеков болып шықты. Өткендегі өзінің ағаттау іс-әрекетіне кешірім сұрады.

– Сонда неге қаштыңыз, аға? Шыныңызды айтыңызшы?

– Е-е, қалқам, несін сұрайсың? Мен көрген құқайды сендер білмейсіңдер ғой. Екі империяның езгісінен өттім. Қытайда, жат жерде өстім. «Мәдени төңкеріс», «Ашылып сайрау» сияқты небір құйтұрқы алапаттарды бастан кешірдік. 62-ші жылғы үркіншілікте елге келдім. Содан осы күйге ұшырадық. КГБ дейтін зәр-зауһан адымымызды аштырмады ғой біздің. Өздерің келгенде мені, әйелім мен бала-шағамды басқа үйде жасырып ұстап отырды. Жағдайымызды түсінерсің, айналайын.

– Енді маған не үшін келіп отырсыз?

– Мұхтар Шахановқа жолықтыр. Ерболдың ақталуына көмектесіңдер…

         Міне, ай-күннің аманында үрей шырмауынан шыға алмай, арыстай ұлынан безініп отырған адамдар Желтоқсан дауылында хабарсыз кеткендерді ашық іздей қояды дегенге кім сенеді? Өз қылмыстарын бүркемелеуді ғана ойлаған қауіпсіздік органдары жоқ іздеушілердің аузын аштыра ма? Олар араласқан жердің бәрі жұмбақ. Бәрі былық.

         Мысалы, Алматы мақта-мата комбинатының тігіншісі Шолпан Орашеваның қазасына қатысты осындай жағдай орын алды. Шолпан 18 желтоқсанда солдаттардың соққысына жығылады. Соның алдында ғана Нарынқол ауданының бір жігітіне тұрмысқа шыққан ол ауыр аяқ еді. Қатты жарақат алған жас келіншек жедел жәрдем ауруханасына жеткізіледі. Алайда, алаңнан әкелінді деген соң, дәрігерлер дұрыс көмек көрсетпейді. Соның салдарынан қан көп кетіп, түнге қарай қайтыс болады. Ертеңінде Шолпанның денесін алудан күйеуі бас тартқан соң, сіңілісі Ләззат Сағындықова көп әуре-сарсаңға түседі. Себебі МҚК «Оқиғаға қатысы жоқ» дегізу үшін мәйітті 30 желтоқсанға дейін орталық мүрдеханада ұстайды. Оралға ұшақпен апаруға да рұқсат бермей, ақыры тауар таситын поезбен жөнелтеді.  

№4 қалалық емхананада медбике болып істеген С.Биекенованың мына сөзінен дәрігерлердің расында да, қазақтарға қырын қарағанын аңғарамыз. «Коленяев деген врач қазақтың қыздары мен жігіттерін мүлде қабылдамауды тапсырды және өзі қатаң қадағалап жүрді. Ал, қазақтар тіркелген жағдайда, оны бірден МКҚ-ға хабарлайтын».

Алматы дәрiгерлер институтының студентi Кенжегүл Молданазарова да 18 желтоқсан күнi әскерилердiң ойранына тап болған. Байланыс техникумында оқитын немере сiңiлiсi Анар Бадренованы iздеп, алаңға барған екен. Екеуi де оңбай таяқ жеп, ауруханаға түсiптi. Анар аз күн жатып, сауығып шығады. Ал, Кенжегүл дертiнен айықпаған күйi ауылына қайтып кетедi. Содан Арыс, Шымкент қалаларындағы емханаларға қаралды. Жарасы тiптi ушығып кеткен соң, Ташкентке баруына тура келеді. Алайда, бас тамырлары қатты зақымданғаны тым кеш анықталып, ота үстінде қайтыс болады…

ҚазПИ-дің студенті Бақытгүл Мырзағазина да 17 желтоқсанда алаңда болғаны анықталып, оқудан шығарылады. Ол өзінің туған еліне, Торғай облысы Жанкелдин ауданына кетеді. Тергеудегі ұрып-соғудан екі бүйрегі бірдей зақымданған Бақытгүл көп ұзамай бақилық болады.

         Балмерке Әлібекова деген әйел жерлес құрбысы Бақыт Махамбетованың тергеу изоляторында жан-тәсілім еткенін ашына жазады. «20 желтоқсанда Бақыттың жатақханасына  іздеп бардым. Сөйтсем, жанындағылардың айтуы бойынша, ол үш күннен бері келмепті. Біреулердің ақылымен Калинин аудандық ішкі істер бөліміне барып сұрастырдым. Кезекші милиционер ондай адам жоқ деп қысқа жауап берді. Бір кезде дәліздегі уақытша қамау бөлмесінің еденінде жатқан екі жігіт пен бір қызды көріп қалдым. Үшеуі де қимылсыз еді. Сол сәтте қасыма келген бір орыс офицері неғып жүргенімді сұрады. «Ищу сестру» деп, торды нұсқадым. Ол кезекшіден кілтті алып, ішке кірді де қыздың бетін бері аударды. Бақыт! Жүрегім тоқтап қала жаздады. Милиционер сырт киімінің қалтасынан студенттік билет тауып алып, маған көрсетті. Билетте Бақыт Махамбетова деп жазылыпты. «Она?». Басымды изей беріппін. Бірнеше күннен кейін туыстары келіп, мәйітін Көкшетауға алып кетті…».

         Бұл аталған қыздардың барлығы да Желтоқсан құрбандарының ресми санатына енбеген. Бойжеткен болып сән түзеп, жастық шақтың қызығын көре алмай кеткен қызғалдақтардың ғұмыры ерте қиылғанына кім жауап береді? Желтоқсан қырғынын ұйымдастырғандар тонын аударып киіп, әлі де билікте отырғанда, бұл сұраққа жауап күту қиын. Желтоқсан ақиқатын мойындағысы келмейтін олар көтерілістің мән-маңызын әлі күнге дейін төмендетіп көрсетуге тырысады. Бар болғаны «бұзақылардың», «маскүнемдер» мен «нашақорлардың» әрекетіне балайды. Соны бір байыптап көрейікші.

Жазықсыз жандарды моралдық жағынан сындыру үшін қалтаға наркотик, қару-жарақ салып жіберу МҚК мен тергеу органдарының тәжірибесінде ежелден бар нәрсе. Ол жас балаға да белгілі. Комиссияда Гүлдерайым Мейірбекова дейтін қыз өзінің туған ағасы Еркінбектің жанқалтасына милиция жансыздары тапанша салып жібергенін, сөйтіп, «қоғамдық орындағы ескерткіштерді сындырды» деген жалған айыппен 4 жылға соттап жібергенін айтып, жылағаны есімде.

Желтоқсандықтар арасынан алғашқы болып, «нашақорлық» статьясымен (Қазақ ССР қылмыстық кодексі, 214 бап – наркотик заттарды заңсыз сақтау, тасу) сотталған Ғабиден Бөлеков деген қарапайым жұмысшы. Автобус аялдамасында тұрған оның қалтасына біреу байқатпай, ақ ұнтақ салып жіберген. Сол маңда аңдып тұрғандар лезде жүгіріп келіп, қолына кісен салған. Куәлар да табыла кеткен. Ғабиденнің өзі Семей облысы «Шолпан» ауылынан келген еді. Көп балалы отбасында туған, менің Болат деген ініммен бір мектепте оқыған. Сол себептен, оған араша түсуге барымды салдым. Бір құжатта жас жігітті ыстық құбырға кiсендеп таңып, сөткелеп қинағаны жазылыпты. Қасында меданықтама да тұр. Мұны сталиндiк жендеттердің қолтаңбасын айнытпай көшіріп алған әдiс-тәсiл демеске лаж жоқ. Қазіргі уақытта Ғабиден толық ақталды. Бірақ, түрмеде қор болған жастық ғұмыр мен күйреген денсаулықты кім қалпына келтіріп береді?

Бұл жөнінде опық жеп, жазықсыз жапа шеккендерден кешірім сұраған билікті көрмедік. Мына бір ресми құжат сол кездегі негізсіз үкім шығарған прокурорлар мен соттарды жауапқа тартуға жетіп жатыр деп ойлаймын.

«По данным главных врачей Алма-Атинского городского и областного наркологического диспансеров (справки № 169 от 26.10.1989 г. и № 1-3/27-69 от 24.10.1989 г.) в период 17-19 декабря 1986 г. не было случаев регистрации лиц, обратившихся за экспертизой или за консультативно-лечебной помощью по поводу алкогольного или наркотического опьянения. Отсутствие роста числа лиц с алкогольным и наркотическим опьянением подтверждается и справкой зам. начальника отдела ООП УВД (справка № 12/1825 от 9 ноября 1989 г.), который отмечает, что в период с 16 по 18 декабря 1986 года в медвытрезвители города пьяных, доставленных с площади, где разворачивались события, не было».

Өкінішке қарай, іріп-шіріген коммунистік режимнің мұраға қалдырып кеткен сол қателігін бүгінгі соттар айна-қатесіз пайдаланумен келеді. Қордай бүліншілігінде «Среди них были пьяные и наркоманы…» деген тіркес желтоқсан жаңғырығы екені анық.

Өз өтіріктерін барынша тиянақтау үшін жазалаушылар қолындағы барлық мүмкіндікті емін-еркін пайдаланды. Тергеу изоляторына сыймаған қыздар мен жігіттерді күштеп айықтырғыштарға, қайыршыларға арналған орталықтарға қамады. Анықтама қағаздарына «айықтырғышта түнеп шықты» деген белгі қойғыздырды. Бос жатқызбай, қаңғыбастардың кір-қоңын жуғызды, дәретханаларды тазартқызды. Сондай бір орталықтың басшысы И.Лобоченко былай деп жасырмай көрсетіпті: «Я попытался объяснить, что у меня нет мест, все камеры заполнены бродягами. Я вынужден был освободить одну большую камеру, потеснив бродяг-женщин. В подошедшем автобусе было около 60 девушек, которых я разместил по камерам. Основное количество мужчин содержалось в спортивном зале. Всего было доставлено около 200 человек».

Одан басқа да, қоғам білмейтін сорақылықтар жетіп жатыр еді. Қалада болған қылмыс атаулыны жариялаған кезде, соның бәрін «ұлтшылдар»  жасап жатқандай көрсетуге тырысты. Мысалы, арнаулы пошта қызметінің күзетшісі Семенихин деген біреу «Дорводстрой» тресінің бетоншысы Әділ Молдыбаевпен сөз таластырып қалып, автоматтан оқ атқан. Артынан өз қылмысын ақтау үшін «Инкассторға шабуыл жасамақ болды» деп жалған ақпарат таратқан. Политехникалық институттың 1-курс студенті Д.Ненашев өзін «белгісіз біреулер атып кетті» деп дабылдатқан. Тексере келгенде, пистолетпен өз саусағын өзі атқаны анықталды. Медеуге бара жатқан ЛАЗ-695 автобусына да «Роща» аялдамасында тапаншадан оқ жаудырған А.Чумичкин деген біреу ұсталды. «Казглавкоопснаб» сауда басқармасының тауар тасушысы Н.Голубкинаны шолақ мылтықпен қорқытып, 250 сом ақшасы мен алтын-күмістерін  тартып алған С.Рыженко, М.Османов, Ю.Вельмицкий деген «көшпелі ұрылар» құрықталды. Көріп отырсыздар, олардың бірде-біреуінің қазақ ұлтына қатысы жоқ. БАҚ беттерінде жүйелі жүргізілген бұл науқан МҚК-ның құпия қызметінің нәтижесі екені даусыз.

Кез-келген ақпаратты өз мүддесіне шебер орайластыра алатын Мәскеу өзге халықтарға сес көрсету үшін, көтерілісшілерді қайтсе де жазалауды мақсат тұтты. Алматыдағы Октябрь аудандық сотының судьясы Баян Жапарбаева «Әділет министрінің бірінші орынбасары Иван Тетеркин ұлты қазақ желтоқсаншыларға тек қылмыстық жаза беруді талап еткенін» атап көрсетеді. Бұл тапсырманы орындамаған қазақтарды кадрлық тұрғыдан қудалау жүргізілді. Қызметінен айырылып қалудан қорыққан судьялар көзді жұмып, заңсыздық жасауға жасаудан тартынбады.

Комиссия материалынан: «Желтоқсан оқиғасы жөнiндегi iстерде қарау барысында Алматы қалалық сотының мүшелерi Р.Ыдырысова – 8 адамға, Н.Акинова – 7 адамға, М.Мамыров – 4 адамға заңсыз үкiм шығарғаны анықталды». Құдай-ау! – дейсің, осы заңсыздықты көргенде,  мынау құрғақ цифрлардың артында адам тағдыры тұрғанын судьялар ойланды ма екен? Күмәнім бар.

Соттағы әріптестерінен прокуратура да қалыспады. Бейне бір «социалистік жарысқа» түскендей, бума-бума қылмыстық материалдарды топырлатып, соттарға үйіп тастады. Бұл шаруаны СССР бас прокурорының орынбасары Олег Сорока қадағалап отырды. Бір жиналыста Алматы қаласының Калинин аудандық прокуроры Мариям Кабденова жергілікті прокурордың бірі Желтоқсаннан кейінгі әрбір іс мұқият тексеруді, зерттеуді қажет ететінін ортаға салған кезде, Сорока айқайлап кеп бергенін еске алады. «Я считаю, что надо разобраться возможно в первую очередь с работниками прокуратуры, у которых явно националистические взгляды» деп үстелді тоқпақтап, қылмыстық істерді тергеуді үш күннің ішінде бітіріп, сотқа жіберуді талап еткен.

Тапсырманы бұлжытпай орындап, көзге түскен прокуратура қызметкерлері 1987 жылдың қаңтарында «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды. Республика прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы В.Волтунов, ерекше істер жөніндегі тергеуші Б.Ақкөзов, тергеу бөлімі бастығының орынбасары С.Үмбетәлиев, тергеу басқармасының прокуроры Н.Клоянов, Алатау аудандық прокурорының орынбасары Н.Давыдов сияқты т.б. жүздеген орындаушылар бар. Ақкөзов деген прокурор ату жазасына кесілген «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің тергеу ісін жүргізуге қатысқандардың бірі.

Жалпы, Желтоқсанда қазақ жастарын жазалау (тұтқындау, тергеу, соттау) ісінде белсенділік танытқан құқық органдарының 5 мыңдай қызметкері кеуделеріне орден, медальдар тақты. «Қызыл жұлдыз» орденін алғандардың арасында Ішкі істер министрінің орынбасары Э.Басаров бар. Бұл баяғы «Желтоқсанға қатысты барлық құжаттар өртеніп кетті» деп, парламент комиссиясының өзін алдаған генерал болатын.

Міне, Мәскеу билігінің қолшоқпары болған осындай шенді адамдардың тарапынан Желтоқсан көтерілісін бұрмалаушылық әлі күнге дейін жалғасып келеді. Өз жүйесі туғызған «өнім» болғандықтан, олардың қатып қалған сенім-наным, көзқарасын өзгерту мүмкін емес те шығар. Ал, қарапайым халық, оның ішінде өзге ұлт өкілдері желтоқсандықтардың іс-әрекетінің астарын түсініп қалған сияқты. Оған мына бір апамыздың айтқаны дәлел. Четаева Эмма Алексеевна (г.Алматы, ул.Байсеитова, дом…, кв…). «Я, как очевидец декабрьских событий, в действиях молодежи никакого национализма не усматриваю. Если бы общество выступало против тех, кто не казах, то мне не удалось бы мимо людей спокойно пройти с ул. Мира (ныне Желтоксан) через площадь в свой дом».

Иә, апамыз дұрыс айтады. Қарапайым адамдар үшін ең алдымен қажеті не? Ол көшедегі тыныштық, еліміздегі тұрақтылық, ұлтаралық сыйластық. Тағдырдың жазуымен қазақтың жерінде өмір сүріп жатқан басқа этнос өкілдері үшін де бұл бұлжымас қағидатқа айналуға тиіс деп білеміз. Желтоқсан жастары орыстарға қарсы көтерілген жоқ. Ұлт перзенттері ретінде өздерінің теңдігін, бостандығын талап етіп, рухымызды езіп келген қызыл империяға қарсы шықты және құлатты!

Біз, желтоқсандықтар, бодан елдерді Тәуелсіздікке алып келген қасиетті де, қастерлі Желтоқсанның алдағы 35 жылдығын лайықты қарсы алу шараларын бүгіннен бастауды ұсынамыз. Күні кеше, 14 желтоқсанда «Жас қанат», «Маяк» шағын аудандарының аумағында «Желтоқсан» паркінің ашылуы соның бастамасы деп білеміз.

Осы бастаманың жалғасы ретінде Желтоқсан құрбандары Қайрат Рысқұлбековке, Сәбира Мұхамеджановаға, Ербол Сыпатаевқа, Ләззат Асановаға қаланың көрнекті жерінен лайықты ескерткіш орнатуды ойластырғанымыз жөн. Олар бар-жоғы 16 мен 21 жас арасында болса да, қылышынан қан тамған отаршылдық режимге қарсы шығып айтарын айта білген, алаш арыстарының рухын жалғастырған ұрпақтың көшбасшылары! Өршіл жастықтың символындай жалынға толы отты сөздерін жалын бейнесіндегі қызыл гранит тасқа қашап жазып қойсақ та артық болмайды.

Бұл ретте, ерекше назарда ұстайтын жайт, қазақ батырларын ат үстіне шоқитып, қолына қылыш беріп немесе кітап ұстатқызып қоятын байырғы таптаурын ізден арылғанымыз жөн.

Жаңа заманға лайықты, Тәуелсіздікпен, Желтоқсанмен үндесетін композициялық заманауи ескерткіш керек!

Қаламыздың орталығында ескерткіштер тұрғызатын ондай орындар жеткілікті. Қала тұрғындары мен қонақтары бәрі бірдей қиян шеттегі «Желтоқсан» паркіне бара бермесі хақ. Қазіргі Қазақстан-Британ техникалық университетінің теріскей сыртында бір топ кеңестік қызыл комиссарларға қойылған тас мүсіндер бар. Тарихи құндылықтан ада, бүгінгі ұрпаққа қажеті жоқ сүреңсіз тастарды сүріп тастап, орнына халық жүрегіне жақын тұлғалардың асқақ бейнелерін қондырсақ – айшықты Алматының рухы бұдан да айбаттана түсері хақ!

 

ПІКІРЛЕР5
Аноним 17.04.2021 | 15:04

Өте өткір мақала. Желтоқсан зобалаңы қайта қаралуы керек. комиссия құрылуы тиіс!

Аноним 20.08.2023 | 19:27

Адалдықты талап ететін уақыт туғалы қашан? Бірақ мына кейбір қазақтар-қорқаулар оған мүмкіншілік береді ме? Білім саласына қатысты департаменттер мен министрліктегілер тарихшылар мен тіл мамандарына мақсат қойып, жол ашып, дүрбелең оқиғалардың ақиқатын жаздырулары тиіс. Олар қашан халық үшін қызмет етеді? Көлеңкесінен қорқып жүре бере ме? Қойдың терісін жамылған қорқай-қасқырлар!

Аноним 20.08.2023 | 19:31

Жапа шеккендердің санын анықтау үшін ауыл-ауылды, үй-үйді аралау керек. Қаражат не болса соған жұмсалып жатқан жоқ па? Сол қаражаттың кішкене бөлігі адал мамандарға бөлінсін! Қазақтың жыртысын тек қазақ қана жыртады.

Аноним 20.08.2023 | 19:33

Қыршын кеткен біздің ұл мен қыздарымыз. Сор маңдай ата-ана. Екі жақта адалынан баға алмаса, біздің қазақ болып жер басып жүргеніміз неге керек?

Аноним 20.08.2023 | 19:41

Қаншама жыл өтсе де, жалмауыз жүйе, жексұрын адам кейпін киген шакалдар тиісті жазаларын алсын! Оларды кеш болса да жауапқа тарту керек, соттау керек. Болмаса ұрпағы жауап берсін. Бейбіт заманда қырғынға ұшыраған қазағым! Әр қазағымызға іздеу салу қажет. Екінші дүние жүзілік соғыс кезінде еврейлердің «қанын ішкен» сатқындарды қуып жүріп тапқан еврей ұлтынан неге үлгі алмасқа?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір