Мұхтар және Махаббат вальсі
20.11.2015
2401
0

Татухан АБЫЛАЙХАНОВsvecha


Радиоқабылдағыштан Әнуарбек Бай­жан­баевтың таныс дауысын естігенде Мұ­хаң елеңдей тыңдап, жаңа әнге таң-та­­маша қалды. Дыбыстардың ерекше әсем, әсерлі үйлесімі, тосын ырғақ баурап барады. Тамылжыған әуеннің құдірет- күші ұйытып, жүрек дірілін баса алмай тұр. Неткен ғажап!.. Әннің аты – «Махаббат вальсі», әуенін жазған Бекен Жа­ма­қаев, өлеңін жазған Нұтфолла Шәке­нов.
Таң алдында гүл бағын суарамын,
Күнде ертемен өзеннен су аламын.
Алтын сәуле көремін сол бір шақта,
Сенің нұрың болар деп қуанамын.
Жаным деп, маған үн қатқан,
Жүректен сүйіп ұнатқан.
Бақытым менің,
Таппаспын теңін,
Махаббат гүл атқан.
Ән шырқалуда. Мұхаң тебіреніп, кең бөл­меде теңселіп жүр. Есінен мәңгі кет­пей­тін, ұмытқысы келсе де ұмыта алма­ған, аяу­лы арманына айналған асыл бейне көз алдына елестейді. Мұғалімдер семинарын бітірген түлектердің салтанатты жиынында диплом алған Өскен­баева Кә­мила бозбала Мұхтардың көзіне оттай басылды. Аққұба өңін нұрландырған бо­та көзі нұр шашып, ерекше, тіл жетпес күш­пен баурап барады. Жалт еткен жа­нардың тұтқынына түскен Мұхтар сабырдан айрылып, Кәмиланың қасына жетіп ба­рып:
– Кәмила қалқам, қалай тез бойжет­кен­сің! Құттықтаймын! Мен Мұхтармын ғой, – деді.
Мұхтарды Кәмила жақсы танитын. Шы­ғармалары өз алдына, ауылы аралас, қойы қоралас үлкендердің сыйластығы үзіл­меген еді. Қалаша әсем киінген, бұй­ра қою шашы сұлу өңін көріктендіре түс­кен. Шаралы, отты көзі қадалған Мұх­тар­ға өңі нұрланған Кәмила:
– Мұхтар болсаңыз қайтейін.., – деді наз­данып. Мұхтар сол күннен бастап ға­шықтық дертіне шалдықты. Әр күні үміт­пен батып, әр таңы іңкәр сағынышпен ата­тын болды.
Абай атасының сүйікті ұлы Мағауия­ның қы­зы Кәмила ғайыптың құдірет-күшімен Мұх­тармен қалтқысыз ынтық көңілмен табысып, тіршіліктің жан иесін түлетер махаббат деп аялап аталатын шұғылалы құшағына бөленді. Тойымсыз бақытқа құмарлары қанбай ақыл-естен айрылып, риясыз үміт-тілекпен жаны жарасқан қос өрім асыл армандарына қол жеткізуге алыс-жақын қауым тілеулес болар деп сен­ген-ді. Бірақ Абайдың кенже ұлы Тұ­ра­ғұлдың Кәмила екеуінің қо­сылуына қолұ­шын беруді сұраған Мұх­тардың өті­ніш хатына қайтарған жауабы төбеден жай түскендей болды.
Алабұртқан қызулық, асыл арманға қол жеткізуге шексіз құмарлық Кәми­ла­ның жастай атастырған адамы, баталы құ­­дасы барлығын Мұхтарға елеп-ес­керт­пеген еді. Мұнда отаршылдыққа, оз­быр­лыққа, теңсіздікке қарсы күресте аяққа тұсау болар, ел бірлігін бұзар қас надан­дықты жою, әйел теңдігін дәріптеудегі қа­зақ зиялы арыстарының ой-пікір­ле­рінің де әсері бар еді. Бата бұзып, серттен тайып, татулықтан кетісуге Тұрағұлдың жү­регі дауаламапты, өйткені, құдалар алға тартар дау-дамайдың ауыртпалығын пайымдай келіп, ел арасын егестіреміз де, бірлік, ынтымақты бұзып, бүлік, лаң тудырамыз. Оның салдары айналып келгенде Абай аруағына кір келтіру болмақ деп түйеді де:
– Мұхтар, тиыл. Аруақты сыйласаң қайт ­­­райыңнан! Таңдаған қызыңды айтты­рып, алып берейін, – деп сәлем жолдаған. 1903 жылы 25 сәуір күні Семей уезінің бастығы Новорацкий арнайы келіп, Абай үйіне баса-көктеп кіріп, тінту жүргізді де, жаз­баларын тартып алып, ақынды қа­мау­ға ала жаздаған болатын. Осы масқара оқиға алуан түрлі намысқа тиер өтірік, өсек­тің өрбуіне түрткі болды да, үнемі мі­неп-шенеген «пысықтар» мен «пасық­тардың» айызы қанып, өшін алған еді. Өзі ермей, ерік бермеген, бас-басына би бол­ған, сөз өтпейтін қиқымдар қажытқан ақын, Көкшетауда тұратын бейтаныс мұ­ғалімнің жазған хаты үшін осынша көз­түрткі болам деп тіпті де ойлаған жоқ. Осы­ның бәрі махаббат пен ғабдуат май­дандасқан әзиз жүрекке өлшеусіз салмақ түсіргені анық. Сүйікті ұлы – Мағауияның аса ауыр қазасын көтере алмай, араға қы­рық күн салып, өзінің де көз жұмуына осы­ да себеп болуы мүмкін. Әке соңынан Ақыл­байдың үзілуі қайғыдан қабырғаны қайыстырып, еңсені одан әрі түсіріп кет­ті.
Кейінгі жылдары Әлихан Бөкейханов бас­тап, Ахмет Байтұрсынов қуаттап қос­тап, Кәкітай Ысқақұлы қолдаған игі іс оқы­мысты, білімді зиялы қауымды риза етті де, Абайдың қадір-қасиетін қалың қа­зақ баласы біле бастады. Дана сөз­дерін қайталап, үлгі-өнеге ететін дағды қа­лыптасты, шығармалары ұзатылған қыз­дың басты жасауы ретінде берілетін бол­ды. Абайдың өнегесін білмеу қас на­дандық саналып, Абайдың мәңгілік нұрлы өмірі басталып еді. Ұлы ақынның қайтыс болғанына он жыл толуын Семей жұрт­шы­лығы салтанатпен атап өтіп, газет-жур­налдар Абай даңқын шартарапқа жет­кізді. Осындай игі істер қолға алынып жат­қанда Абай ұрпақтары қолдап, қуат­таудың орнына, дау-жанжалға киліктірсе, бет­ке шіркеу, аталарының атына дақ тү­сіру болмай ма деген Тұрағұлдың сөзіне тоқтаған Мұхтар Абай атасының аруағы үшін алғашқы махаббатын, қуаныш-ба­қытын құрбан етуге әзір болғанмен, оның дертінен арылуға өмір бойы дәрмені жетпеді. Көзін жұмса болды, Кәмиланың ай­дай аппақ жүзіне шұғыла төккен бота көзі жаудырап, тұла бойды жалын өртке орайтын тылсым күшін тілмен айтып жеткізу қиын. Алма мойынды көмкерген қос бұрым ақ жібек көйлектің сыртынан киген қыпша белді қынай, жасыл пүліш кам­золға құлай түскен. Бұрым бөлекше жа­расымды, көз тартатын жібек көйлек­тің судыры, үлбіреген еріннен шыққан дірілді лебізге қосылып, аса ыстық, ын­тық жүректің дүрсілі құлақтан кетпейді.
Сағыныш сарғайтқан үш-төрт жыл өте шық­ты. Заман өзгерді. Қос асыл армандарына қолдары жетіп, шаңырақ көтерді. Амал не, бақытқа мас, шат күндердің ғұ­мыры қысқа, өзекті өртеген өкініш, жа­зыл­­мас дерт, қол жетпес арман болып қал­ды. Ленин мен Сталин Алашорда үкі­метін, қазақ жерінің шекарасын мойын­даймыз, отаршыл патша үкіметіне қарсы күресте Алаш партия мүшелерінің еңбегін құр­меттеп, еңбекші қазақ халқының тәуел­сіздігін құттықтаймыз деп берген уәдесі алдау болып шықты.
Ағыл-тегіл өтірік уәде, тәтті сөзбен бүр­кемелеп қанды қырғын, қуғын-сүргінді өр­шіте түсті. Ескілікті, ескі зиялыларды құрт­пай, жаңа қоғам орнамайды деп сен­діріп, рухани құндылықтарды, тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрді қас дұшпан қата­рына қосқаны мәлім.
Мұхтар да тергеп, тексеруге алынды. Ала­шордашыл, ұлтшыл, Кеңес үкіметіне іштей қарсы, ескі қоғамды аңсайды, бай­лар­ды жақтайды деген сияқты сыныққа сылтау іздегендер ішкенін – ірің, жегенін– же­лім еткені шын. «Жау қайда деме, жа­бық­та» деген қазақ сөзі рас. Күншілдер, жа­ғымпаздар, мәнсапқор имансыздар ат­аға айғай қосып, қаскүнемге айналды да, Семейде тыныштық бермеген соң Ташкент кетті, Петроград барды. Екі жыл түр­меде болды. Қит етсе байшыл, байдың қы­зына үйленді деп айыптайды. Мұх­тар­дың азап аздырған өңінен қиналғанын көр­ген сайын Кәмиланың жүрегі ауырып, іш­тей қайғырып, қамығатын. Жазықсыз жа­па тартқан жан жарына деген аяу­шы­лық жанын жараласа, сол жара күн са­йын ұлғайып барады. Бірде тергеуден қа­жып келген Мұхтарын аялаған Кә­мила:
– Не дейді өздері? – деп сұрады.
– Е, Камаш, не деуші еді. Нас адамның аузы лас емес пе. Олардың сөздерін қай­та­лау тұрмақ, еске түсіру жиіркеніш, – де­ді. Үнемі «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, қа­шан да жайдары қабақпен жылы, әрі жан­ды жадыратар мәнді сөз сөйлейтін Мұхаңның ешқашан да тісінен күйінген сәтте де нашар сөз шыққан емес. Оны ар санайтын. Осы мінезін білетін Кәмила тер­геп-тексеру барысын қайтып сұра­май­тын болды. Мұхтардың бұлдыр бола­ша­ғын ойлап, тартқан азабын көріп, уа­йым­даған Кәмила дертке шалдықты.
– Ардақтым менің! Науқасым асқы­нып, меңдеп барады. Амал не, тағдыр ба­қытымды көп көрді ме. Менің ілесіп жү­ре алмайтынымды көріп тұрсың, ая­ғыңа оралғы болмайын, қалдырып кет. Оқуың­ды жалғастыр, үкіметтің беті түзе­лер. Мен де сауығармын мүмкін… – деп, Кә­мила көзінің жасын сүртіп, сөзінің ая­ғын жұтып барып, – амандығың керек. Хал­қың, Абай атаң үшін аман бол, – деді кү­бірлеп.
Абай романында Абайдың аң аулауға ба­рып, қарлы боранда адасып, Машан тауында қыстап отырған ғашық жары Тоғ­жанның үйіне тап болып, науқастанып жа­тып Тоғжанмен арыздасып, қоштасқан сә­тін суреттеп жазғанда, Кәмиламен қош­тасқан жанға батар зар-мұңы Мұх­тар­дың есіне оралған шығар.
Тұңғыш ұлы Шоқанның, іңкәр жары Кә­миланың, Абайдың кенже ұлы Тұра­ғұл­дың және өзге де етжақын туған-туыс­тар­дың, сыйлас дос, ағайын- жекжаттардың, үш миллион қандастарының аштықтың құр­баны болғаны қайғыдан қан жұт­қыз­ды. Сол 1930-32 қаралы жылдары Мұхтар өлім төндірген түрмеде болатын. Оның арпалыспен өткен күндер мен үс­тіне 1918 жылдан 1954 жылға дейін тер­геу, тексерудің үзілмеуі жүйкені жұ­қарта түскені анық. Есеңгіреген Мұхтар Кәмиланың жүрек жылуын, аялы ала­қа­нын аңсап, сағынумен жылдарды өткізіп ке­ле жатыр. Әлдебір сұлу арудың дидарынан Кәмиланың болымсыз нышаны бай­қалса, сол аяулы жары болып көрініп, ес­тен, сабырдан айрылып, дегбірі кететін мі­нез тапты. Бейне Абайдың Әйгерімді ын­тызар арманы Тоғжан деп сеніп, аң­сары ауып, алағызған шағы сияқты.
Радиодан Бекен Жамақаевтың «Ма­хаб­бат вальсі» әнін естігенде тұла бойын жа­лын шарлап өткендей әсерленген Мұх­тардың жанарына жас іркіліп, өткен күн­нің көкейден кетпес суреттері шұғылаға оран­ған Кәмиланы дәл қасына әкеліп тұр. Мұхтар телефон тұтқасын көтеріп:
– Әнуарбек Байжанбаев бар ма екен? – деп сұрады.
– Бар.
– Мен Мұхтармын ғой… Шақы­ры­ңыз.
Әнуарбек келіп, сәлемдескен соң, Мұх­тар бұйымтайын айтты:
– Бекен Жамақаевты білесің бе? Қа­зір қайда?
– Білемін, Семейдің түлегі. Алматыға ке­ліпті деп естідім.
– Сол Бекенді сенбі күні түскі асқа біз­­дің үйге алып кел, күтемін, – деді Мұх­тар ағасы.
Әнуарбек Бекенді іздеп Алматыны шар­лап таба алмай, ақыры сұрастырып жү­ріп демалыс үйінде кездестірді. Мұхтар аға­сының тапсырмасын орындады. Қа­зан асып, күтіп отыр екен.
– Валюша, кім келді, білесің бе? Қа­зақ­тың Левитаны келді. Қасында жас та­лант Бекен Жамақаев бар, – деп Мұ­хаң аса қуанып, балаша елпілдеп қарсы алды. Өткенде Латиф Хамиди мен Кәукен Кенжетайұлын осылай қарсы алған болатын. Мұхтардың жайдары, нұрлы дидарын көруді Валентина Николаевна бақыт санайтын. Туған анасындай сүйіп, басқа­ларды құрметтейтін адамдық парызын өтеп жүрген осынау асыл адамға, заңғар су­реткерге туған халқын сүюді парық­тамайтын, қара басын күйттеген, «заман илеген» қаскөй жағымпаздар қиянат-қор­лығын тартқызған азабын көзбен көр­ген Валентина Николайқызының жауыздыққа деген жиіркеніші асқынып, жанашыр тұл­ғасы асқақтай түскені шын. Ол ғашық жа­рының көңілін аулап, басына күн ту­ған­да сүйеніш, жан серігі болудан күш-жі­герін аяған жоқ. Тіпті, әлде бір сұлуларға еле­гізген қамкөңіл Мұхаңды түсініп, қыз­ғанышқа құл болмай, көрсе де көрмеген болуға, шексіз сүйіспеншілігі, махаббат құдіреті сый еткен күшпен Валентинаның ерлігі жеткен-ді.
– Валентина Николайқызы, – деді атақ­ты әртіс Қалибек Қуанышбаев – А.П.Чехов Лев Толстойға «Сіз бекерден- бе­кер М.Горькийді неге жек көресіз?» – деп сұрайды. Сонда Лев Толстой айтқан екен:
– Ол – үйрек тұмсық. Үйрек тұмсық ер­­­кекті әйел біткен жек көреді. Ал әйел­дер ең сезімтал қауым. Олар қателескен емес. М.Горькийді жек көруім содан, – де­ген екен. Сіздің Мұхтарыңызды әйел­дер шетінен жақсы көреді. Әйелдерді та­бын­дырған сұлу, сүйкімді, сүйікті, таң­ға­жайып адам, – деді.
– Мен сол үшін де өзімді бақытты са­най­­мын. Бәрінен. Оның ішінде бақталас, күн­дестерім де бар. Мұхтарды тартып ал­дым. Мұхтар сүйіктім – мендік. Менен ба­қытты ешкім жоқ, – деп әзілге айнал­дырған болатын Валентина.
Мұхтардың басына қатер төніп, қа­мау­ға алынатын болғанда Валентина Ни­колайқызы ғана емес, орыстың А.Фадеев, Л.Соболев, М.Шолохов бастаған зия­лы қауымы қашып-пысып Россияға бар­ған Мұхтарға пана болып, ара түскені әді­лет сүйгіш орыс халқына шовинизмнің жат екенін айғақтайды. «Жақсыда жат­тық жоқ», жақсылық, жақсы адам адам­зат­қа ортақ екені шын.
Халықтың қошеметіне бөленген Кә­у­кен Кенжетайұлына Ақылбай Абайұлының еш жерде орындалмаған, Латиф Хамиди но­таға түсірген әнін үйретіп, бағын ашуға екеуін шақырған болатын. Мұхтар домбы­рада әнді шебер орындағандықтан күй­сандықта іліп әкеткен Хамидиге нотаға түсіру жеңіл болды да, оларға қосылып тұрған Кәукен шырқай жөнелді. Сондағы Мұхтардың шексіз қуанышын тілмен айтып жеткізу қиын. Дәл сондағыдай қуан­ған Мұхтар дастархан басында Бекенмен танысып, жағдайын сұрады.
– Абай ұрпақтары шетінен өнерлі, бі­лім­ді болды. Сол үрдіс жалғасын тауып, қанатын кең жайса деп армандаймын. Бе­кен, сен де Абай ұрпағысың, аяқ алы­сыңа аса риза болып, қуандым. Қадамың құтты болсын! – деді Мұхтар ағасы.
– Абайды феодал тап, жау санадық. Қа­зақ данышпан ұлынан айрылып қала жаздады. Абайды сақтап қалуға қара ба­сыңызды қатерге тіктіңіз. Қасым айт­қан­дай, «Сізге риза қалың қазақ баласы. Сіз­г­е риза сонау Абай бабаңыз», – деді Әнуар­бек.
– Амал не, көп әңгіме көкейде көмілді ғой, – деп, Мұхтар өкінішін жасырмады. – Көркемдік шындық пен өмір шындығы уақыт талабына бағындық. Қорқақ атандым. Өмірім үшін емес, туған халқы да­ныш­пан ұлынан айрылып қала ма деп қо­р­ықтым. Абай атамның жанкүйері, жоқ­таушысы қалмаған еді. Көш жүре тү­зелер, Абайтану ғылымы да көркеймек. Са­налы, сауаты екпінді толқын үміт­тен­ді­р­еді, – деп сырын ашты Мұхтар. Абай өлең­дерін жинап, тұңғыш кітап етіп шы­ғарып, жұртшылыққа кеңінен таныс­тырудағы Әли­хан Нұрмұхамедұлы Бө­кей­хановтың сіңір­ген еңбегін айта ал­­ма­ғанын, Абай Шо­қанды бала жасынан біле­ті­нін жасырып, Абай мен оның әкесі Құ­нан­бай ара­сын­дағы сыйластық қарым-қатына­с за­ман талабына сай Абайды сақтап қалу ние­тімен бұрма­ла­ғаны өзегін өртеп, ішке бүккен сырын меңзеген шығар. Ал Әнуар­бектің ауылы Абай ауылымен аралас болғандықтан, көзкөрген үлкендердің әңгімесінен өмір шындығын Әнаға жақсы бі­летін, әйтеуір. Кәмила және басқалар ар­қылы тапсы­рылған өлі мен тірі аманатын орындап, ұрпақ үшін Абай атасының мұрасын сақ­тап қал­ға­нына Мұхаң шүкіршілік еткені анық.
Мұхтар Бекеннен:
– Қандай оқу оқымақсың? Көмек­те­сейін, – деді.
– Оқу ойымда жоқ, – деп Бекен таң қал­дырды.
– Білім-өнер адамға керек қой. Жігіт се­гіз қырлы, бір сырлы болғанға не жет­сін. Әлемде ғылым Америкада дамып отыр. Гитлер еврей ұлтын жаппай ашық қы­рып жатқанда, жан сауғалап Американы барып паналаған еврей ғалымдары сол жердің ғылымдарына соны серпін берді. Атом бомбасын жасады. Соғыстың аяқ­талғаны белгілі болса да, Америка 1945 жылы Жапонияның Хиросима, Нагасаки қа­лаларына сол бомбаны тастап, жермен-жексен етті. Бұрын-соңды адамзат естіп көрмеген қиратқыш күші мил­лион­даған адамның өмірін қиып, тірі қал­ғандарды жазылмас дертке шал­дық­тыр­ған қасіретін 1957 жылы Жапонияда өт­кен бүкіләлемдік атом, сутегі бомбала­рына тыйым салу туралы конференцияға қа­тысып, көріп қайттым. Ғылым адам­зат­қа төнген тұқым қуалайтын ауруды жою­дың жолын табуы тиіс, – деді Мұхтар.
– Жапон деген әлжуаз халық екен ғой. Біздің Семейде жүзге тарта атом, су­тегі бомбасын жер үстінде де, жер астында да жа­рып жатыр. Оның күші Жапонияда тас­талған бомбадан мың есе қуатты. Қа­за­ғың мықты екен, мыңқ еткен жоқ, – де­ді Бекен.
– Адам шығыны болмады ма? – деп сұрады Әнуарбек.
– Неге болмасын, оны есепке алатын кім бар? 31-32 жылы аштықтан қырылған қа­зақтардың өлі денесін шпалдарды жи­нағандай үйіп тастап, көміп үлгеру мүм­кін болмағандықтан Ертіс өзеніне тастап тауыса ал­ма­ғанда да, арыстарымызды қорлап, тұт­қын­дап, шетінен қамап, атып жатқанда да үндемеген, шарасыз, қорған­сыз, құн­сыз, жаппай дертке шалдығып, қырылып жатса да үнсіз көнген ел. Қазақтардың бей­шара халін көріп ара түскен, ин­тер­националдық борышын сезінген пендені көр­медім. Интернационалдық борыш тек қа­зақтарға ғана тән болыпты, оқығым кел­мейтін себеп осында, – деді Бекен. Мұх­тар қап-қара болып, булығып отыр. Ың­ғайсызданған Әнуарбек:
– Қазаққа жаны ашитын адамдар жоқ емес. Сиреп қалғаны да рас. «Жалғыздың үні шықпас», – деді.
– Жапондықтар атом бомбасының адам­затқа келтірген зиянын айтып, оған де­ген қарсылық сананы оятты. Атом деген тажалға қарғыс айтып, айыптауды ұйым­дастыру елдің білімділігінде. Қа­зақ­тың елді мекенді жерінде Жапонияда тас­талған бомбадан қуаты мың есе артық бомбаның жарылуынан келетін зардапты түсінбеуіміз – надандығымыз. Соғысты бол­дырмайтын сақтық шара, қорғаныс қуатымыз артады деп сендік. Түсінсе, ха­лық ерік бермес еді. Қазақ жерінің сол­түстігін бөліп алмақ болғанда Жұмабай Тәшенов бастаған топ өлген-тірілгеніне қа­рамай, қара ниетті іске асыртпай тас­та­ған жоқ па. Ерлікке итермелейтін бұл рухани күш әр жүректе бұғып жатыр. Атар таң, келер күн бейбіт өмірге құштар, дар­қан қазақты жарылқайды деген үміттеміз. Ұрпағының азып-тозбауын парыз сана­ған, сол үшін қан мен терін төккен ата-ба­ба арманы жансын, – деді Мұхтар. Дас­тар­ханға үзіліс жасалып, кезек ән-күйге бе­рілді. Бекен Абай, Шәкәрім, Ақылбай ән­дерін күйсандықта орындап, Мұхтар аға­сының ризалығын естіп, сұрауы бойынша өзі шығарған «Махаббат вальсін», «Ертіс ва­ль­сін», «Сен ғана» әндерін орындады.
Қазақ – ақынжанды, әнші, күйші, сөз қадірін білетін, аталы сөзге атын түсіп беретін, ше­шендерін өнеге етіп, билерін әділдігі, адал­дығы үшін ардақтайтын, сезімтал, мейірімділігіне баға жетпес, түріктектес туыстарының орталығында орналас­қан­дықтан тілі тұнық, әрі бай, табиғат аясында өсіп-өнгендіктен қаны таза, ден­сау­лығы мықты, жаны сау, үлкенін сыйлайтын, кішісін құрметтейтін, жетімін жылатпаған, жесірін қаң­ғыртпаған, «малым – жаным­ның, жаным – арымның садағасы» дейтін жомарт, ержүрек халық. Сол халықтың ашар­шылық апаты мен соғыс зардабынан, әділетсіздіктен уақыт өткен сайын мү­жіліп бара жатқаны ащы шындық. Осы күйді, күйзелтер өкінішті қозғайтын Мұ­хит­тың отыз ұлдан қалған жалғыз қызы Зәурешті жоқтаған, сай сүйекті сыр­қы­ратар «Зәуреш» әнін орындағанда Бекен­нің дауысы жетпей, тарғылданып шығып еді, Әнуарбек іліп әкетті де, кең тыныспен ер­кін аяқтады. Шаралы көзіне жас ір­кілген Мұхтар демін басып:
– Бәлі, Әнуарбек, сен жасырынып, ашыл­май жүрген әнші екенсің ғой. Ға­жап! – деді. Үзіліс аяқталып, дастархан ба­­­сына қайта оралғанда Мұхтар Бекеннен:
– Үй алдың ба? – деп сұрады.
– Үйім бар.
Үй алуға қол жету ол кезде қиын бола­тын. Соғыс ардагері, көп жыл еңбек еткен, ақиық ақын Қасым Аманжоловтың пә­терсіз қиналып, өкпелеп жазған:
Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, –
Ешқашан тастамаймын астанамды.
Өлеңнің отыменен жылытамын
Өзімді, әйелімді, жас баламды, –
деген өлең шумағы әңгімеге арқау болып айтылатын. Әнуарбектің ақ-сары жүзі нұр­ланып:
– Өзіңді іздеп, Алматыны кезгенде ес­тімедім, – деді таңырқап Бекенге қа­рап.
– Семейден іздегенде табатын едіңіз, – деді Бекен.
Әнуарбек күліп:
– Ағамызға пәтердің зары өткен 1954 жылға дейін қуғын-сүргінде қашып-пы­сып бармаған жері, баспаған тауы, жат­па­ған босағасы жоқ. Семей, Омбы, Орын­бор, Қызылорда, Алматы, Ташкент, Ле­­­­нинград, Москва, т.б. қалалардың бә­рін­де пәтер іздеудің әуре-сергелдеңін бастан өткізген. Әрине, онда сенің жам­басақы алмайтын, тамағын тегін беретін қа­зағың жоқ. Тек ағаң 1930-32 жылы екі жы­лын түрмеде өткізгенде жамбасақы тө­лемей, тегін тамақ ішті, – деп Әнуарбек күлді де Бекенге қарап, – ағаның балдыз­дары көп, бірақ екеуміз ерекшеміз, оның үстіне апайымызды қалыңмал бермей алғаны бар. Алматыдан үй алып берем де­се, қолында тұр. Еңбегі жанып, 1955 жыл­дан бері Қазақ КСР Жоғарғы кеңе­сінің депутаты, – деді еркелеп. Бекен қы­зарып кетті де:
– Ағаның қамқорлық ниетіне аса риза болып, алғысымды қалай айтарымды біл­мей отырмын. Онсыз да Қасым ағаның:
«Сізге риза қалың қазақ баласы,
Сізге риза сонау Абай бабамыз», – дегеніндей сырттай өте риза болып жүр­ген­ қалың қазақ баласының бірімін. Оның үстіне бүгінгі кездесу менің өмірімдегі ең ба­қытты, ұмытылмас күнім болды. Рахмет, аға! Рахмет, Валентина Николаевна, – деді тебіреніп. Сонымен Әнуарбек пен Бекен рахметтерін айтып, қайтар кезінде Мұх­тар мұрты сынбаған, белбеуі үзілме­ген, қалыңдығы екі елі су жаңа ақша алып келді.
– Бекен шырақ, әндерің үшін алғы­сым­ды айтамын. Тебірендім, қуандым, жаңа леп, ғажап! Қазақтың ән өнерін бе­лес­ке көтереді деген үмітім оянды, та­бысқа жет! Бұл – менің батам. Ал мына ақша – сыйлығым. Мінгізген атым, кигіз­ген шапаным болсын, – деп, қолындағы ақшасын Бекеннің алдына қойды.
– Рахмет, аға, батаңызды қабыл алдым. Соңғы демім біткенше еңбек етемін. Ал мына беріп отырған қаражатыңызды алмаймын. «Кедейдің кергігенінен сақта», – дейді. Менде кергу де, кесірлік те жоқ. Мен біткен адаммын. Атом, сутегі бомбасын жер бетіне жарып, сынаған Дегелең тауы­ның бөктеріне түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі, ит, мысықты байлап қойып, жануарларға тигізетін әсерін зерттеді. Ал адамға келтірер әсерін зерттеуге жер­гілікті халық жарады. Өлгеніміз өлдік, өлмегеніміз сәуле ауруына тап болып, біртіндеп бұл дүниеден аттанып жатырмыз. Менің кезегім жақындады. Маған атамекеннен екі метр жері бұйырса, сол жетеді, аға. Басқа ештеңенің керегі жоқ. Ол жақта біздің ақшаны қабылдамайды. Көп-көп рахмет, аға! – деді Бекен. Мұх­тар­дың жүрегі езіліп, Әнуарбекке қарап еді, ақ-сары жүзі нарттай қызарып, Семей қа­сіреті булықтырып тұр екен. Мұхтар Бе­кенді құшақтап, маңдайынан сүйді де:
– Үрей аурудан жаман, емдел, қалқам, хабарласып тұр, – деді.
Әр түрлі іс-шаралар қамымен Семейге, туған топырағы Абай ауданына барып жүріп, Мұхтар аға да дертке шалдықты. Қа­зақи мінезбен сырқаттанғанын еле­меді. Науқас меңдеткен соң дәрігерге жү­гініп еді:
– Ішіңізде құмалақтай ісік бар. Ота жа­сау керек, – деді. Москваға барып ота жасататын болды.
– Құмалақтай без пайда болыпты, сы­­лып тастайды, – деп, өзін де, өзгені де жұ­­батты. Бірақ құмалақтай болып кө­рін­ген атом атты тажал – ажалдан Мұхтарды еш­кім арашалап алып қалуы мүмкін емес еді. Жамандар заманға күйлеген, жаманды заман илеген, билеген уақытта Мұхтар түрмеге қамалатын болып, басына күн ту­ған кезде Москваға сан рет қашып кел­генде орыстардың зиялы қауымы ара түсіп, аман алып қалып еді. Құмалақтай бо­лып көрінген ажалдан қашып Москваға келген Мұхтарды орыс зиялы қауымының да, жер жүзіндегі емші, дәрігерлердің де құтқаруға шамасы жетпеді. Алты сағатқа созылған отадан соң ғажап суреткер, ғұ­лама ғалым, қазақтың асыл, ардақты ұлы Мұхтар Әуезовтің әзіз жүрегі 1961 жы­­лы 27 маусым күні ота столында соғуын тоқтатты. Семей өңірінде 40 жыл бойы 500 рет жасалған атом сынағының қуаты Жапонияның Хиросима, Нагасакидей қос қаласын жермен-жексен еткен жой­қын күштен екі жарым мың есе артық бол­ды да, адамдарды білдірмей жалмайтын тажалға айналды. Тек тәуелсіздік ал­ған соң ғана сынақ тоқталғаны әлемге аян.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір