Маралтай Райымбекұлы. Асау
25.01.2021
1058
0

(Қоғам қайраткері Асаубай Майлыбаев туралы толғам)

 Мына жалған дүниеге келген әрбір саналы адам өзінің жүріп өткен өмір жолын, тағдырында кездескен түрлі күрделі сәттерді жүрек көзінен өткізіп, көңіл таразысына салады. Бағы мен соры тайталасқан бес күндік фәнидің адамға сыйлайтын ғажабы да, азабы да аз емес қой. Алайда  бағзы бабалар тәмсіліне салсақ, өмірінен арын, иманын жоғары қоятын барлық адам межелі жасқа жетіп, кемеліне келген уақытта өзіне-өзі есеп беретіні анық. Мен білетін Асаубай Майлыбаев – кәдуілгі еменнің иір бұтағы сынды мәрт, өмірдің түрлі өткелдерінде өзін-өзі қалыптастырып, сол жолдан айнымаған азамат. Хакім Абайдың «Асыл адам айнымас» қағидасын өміріне ұстын қылған тұлға. Әрине, өмір дейтін бір алып керуен. Сол керуеннен кімнің қай жерден қандай жағдайда қалып қоятыны бір Алладан басқа ешкімге мәлім емес. Сол сияқты, бақыт дейтін ұғым да әркімнің түйсігінде әрқалай бүр жарған тылсымның бірі. Дегенмен, бастың амандығы, бауырдың бүтіндігі, жеткен абыройдың ел жадында биік күйінде қалуы да ұлы бақыт болса керек.

Тарихта мансабы биік, байлығы шалқар, білімі телегей талай тұлға болды. Бірақ  бұған жету бар да, оны адамдық болмысыңа сай ұстап тұру, көтеріп жүру дейтін асқан жауапкершілік бар. Әкеден ерте қалып, анасы Саркен Балабекқызының тәрбиесінде болған Асаубай Майлыбаев та өмірдің түрлі қиындығын көрді. Жетім болып жүріп жетілді. Қызметтің де түрлі сатысынан өтті. Бірақ аспай-таспай, байыппен ғана елдің сөзін, халықтың мұңын айта білетін азаматқа айналды. Қолынан келгенге көмек қолын созып, азаматтық танытқан сәті де аз емес. Ол кісі өзінің өмір жолын байыптайтын «Ғұмырым, тұғырым, тұнығым» атты естелік-толғау кітабын жазды. Сонда: «Кісі ғұмырының мәні – оның неге де болса даяр қабілеті. Төбесі көкке тисе тасымағаны, төтеннен соққы тигенде жасымайтын ерік-жігері. Ешкім де өз ғұмырының өн бойында үнемі күннің шуағында аунап-қунап жата алмайды, сол сияқты күннің сәулесі түспейтін де адам болмайды. Азды-көпті өмірімде осыған көзім жетті», – дейді. Бұл да біле білгенге саналы адамның өмірдегі ұстанымы, айнымайтын темірқазығы болса керек.

Мінез деген әр адамда әртүрлі болады. Біреудің мінезі дауыл күні толқыған дариядай болса, енді бірінің мінезі көктем таңымен есілген жібек өзендей тұнып тұрады. Мен Асаубай ағаның болмысынан ноқтаға басы сыймаған тарпаңды көремін. Кесіп айтатын, турап сөйлейтін кескекті ердің сойындай мінез бұл кісіде бар.

АСАУ АТТЫҢ ФОТОСЫ

Талай жыл банк саласында қызмет еткен, кәсіппен де айналысқан, соңғы уақыттарда Жамбыл облыстық мәслихатында бірнеше шақырылымның депутаты болған ол халық қалаулысы ретінде талай рет биік мінберлерде елдің мұңын айтты. Өз басының қамын күйттеп, көзбояушылық жасаған жоқ. 2008 жылғы 6 маусым күнгі сессияда депутат ретінде сөз алып, Сарысу ауданындағы Маятас және Жайылма ауылдарының жай-күйін баяндағаны әлі ел есінде. Мұндағы 4 мың халықтың көкейкесті мәселесін билік тарапына жеткізді. Сол сияқты, әр жылдары қазақ тілінің тағдыры, өңірдегі жол жөндеу мәселесі, салықтық түсімдер, балалар тәрбиесі сияқты мәселелерді де депутаттық мінбелерден жиі көтерді. Тіпті, қызмет мінбесінде жүріп, түрлі мәселелерге байланысты: «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деп те айтты. Қай кезде де шенділер мен шекпенділердің емес, қарапайым халықтың жағында болды.

Кезінде Тараз қаласының батыс қақпасында әйгілі шайыр Фирдоусидің көне Тараз арулары туралы айтылған «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген өлең жолдары жазулы тұрған болатын. Осы бір сөз бір жіті түсінбеушіліктің салдарынан қоғамда қызу талқыға түсіп, ақыры сол кездегі басшылардың пәрменімен тұрған жерінен алынып тасталды. Асаубай ағаның осы  жағдайға қатты күйінгенін мен білемін. Тіпті, облыстық мәслихаттың сессиясында да осы мәселені көтерген еді. «Менің мамандығым басқа болса да, әдебиетті бір кісідей білетін адаммын. Сөздің қадірін түсінемін. Мынау не сұмдық?!.» – деген сөзін тараздықтардың бәрі де біледі. Туған халқының тектілігінен тамыр тартып, туған топырағының тылсымынан нәр алған Асаубай Майлыбаев шынында да шенеунік емес, қазақ руханиятының да жанашыры бола білді. Қолындағы билікті де, басындағы байлықты да туған халқының мүддесінен жоғары қойған кезі болған емес. Ол кісі үнемі: «Жасыратыны жоқ, анда-санда қалам тартып, бірдеңелерді түртіп қоятын қасиетім бар. Анам өлеңдетіп сөйлеп, айтыс ақыны сияқты аяқ астынан өлең жолдарын құрастыра беретін. Сол қасиет өзіме де, балаларыма да дарыған», – деп айтып отырады. Бұл да өмір сабақтарынан тәлім алған, тағдырдың түрлі сынақтарын көре жүріп жетілген жанның жүрекжарды сөзі.

Задында, қабырғалы қайраткерлердің рухани тірегі де ұлттың ұлы қайраткерлерінің рухымен сабақтас болады. Асаубай аға бір сұхбатында: «Мен Абайды көп оқыдым дедім ғой. Қазір де қайталап оқып жүретінім рас. Ұлы ақын: «Мен өлеңді жазбаймын ермек үшін» дейді ғой. Оның осы  ұлағатын мен жалпы тірлікке қатыстырып өстім», – деген еді. Мұнда да туған топырағының тектілігі мен тылсымынан тамыр тартқан тұғырлы тұлғаның мызғымас һәм айнымас ұстанымы жатыр. Дүниенің кез-келген құбылысына даналық көзбен қарау, рухани тұрғыда пісіп-жетілген жанның биігінде сөйлеу, мұның бәрі де кемеліне келген кісінің кісілік көрінісі. Мен Асаубай Майлыбаев сияқты кесек азаматтың бойынан осындай ірілікті көремін.

 Жалпы, екінің бірі, егіздің сыңары қайраткер бола бермейді. Әрине, әлеуметтің жағдайын жоғары жаққа жеткізіп, табандылық таныту бір басқа да, ұлттың тарихы мен руханиятына құрмет көрсету бір басқа. Тараз шаһары – Шығыстың Фирдоуси, Хафиз, Сағди бастаған ұлы жеті жұлдызының құты түскен, шабыты шалқыған көне де қасиетті мекен. Саналы ғұмырын осы  қалада өткізіп келе жатқан Асаубай аға бұл ретте де тарихты қайта жаңғыртып, ұрпақтың есіне ұлтымыздың ұлы тарихындағы тұғырлы тұлғаларды қайтадан салды. Тараз шаһары өткен ғасырларда ұлы ақындардың қауырсын қаламдарында ғазал болып толқыса, бүгінгі күні оның еңселі ескерткішке айналған жайы бар. Осыдан-ақ, Тараз дейтін тарихи қаланың махабаттың символы болмасқа басқа амалы да жоқ. Біраз уақыт бұрын толқыған Талас өзенінің бойында орналасқан «Аю-тропик» демалыс саябағынан Асаубай аға әйгілі Қыз Жібек пен Төлеген сияқты бозымдарға арнап «Махаббат монументін» тұрғызды. Сол кезде киелі Әулиеата өңіріне Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова сияқты ұлы қазақ өнерінің көрнекті корифейлері келіп, аталған монументтің ашылуына қатысқан болатын. Міне, ғасырлар көшімен бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан рухани құндылықтарымызды мәңгілік ұрпақтың есінде қалдыру, ұлы мұраларымызға деген жастардың қызығушылығын арттыру деген – осы. Сол кезде біз де өлең жазып, жұртшылықтан сүйінші сұраған болатынбыз. Ең бастысы – қалың көпшілікпен бірге монументтің ашылу сәтін тамашаладық.

Шаһид кешкен ғашықтардың ғазалын

Қағазға емес, жүрегіме жазамын.

Адам ата – Хауа анадан үйренген

Махаббатты ардақтауды қазағым…

Өзекті жарып, өмірге қарай ағылған бұл жыр жолдары осы күні сол кезеңнің естелігіндей әсер қалдырып, жанымды жылы сезімге бөлейді.

Шынайы махабаттың құдіретін түсініп, оған бас иген адамның қай кезде де жүрегі таза, ниеті ақ болады. Адам жанындағы сол бір тазалық болашақта адамды жақсы жолға жетелейді. Асаубай аға да екі мыңыншы жылдары өзі дүниеге келген Сарысу ауданы Саудакент ауылынан зәулім «Майлыбай» мешітін салып, көпшілікті имандылыққа баулуда қыруар жұмыс атқарды. Осының себебінен ауылдың көптеген жастары жүрегін иманға ұйытып, жүзін құбылаға бұрды. Мешітте ұлы Алланың қасиетті Құраны оқылып, жамағаттың намазы жалғасты. Бұл да жастардың болашағын, жалпы ауылдың жағдайын ойлағаннан шығып отырған дүние. Бұл жайды Асаубай аға: «Өз қаражатыма Саудакентте мешіт салғанымда рухани өрлеу жағдайында жүрдім. Имандылық сірә, адам рухының қос қанаты. Ата-бабамыздың арманы, мақсат-мүддесі сол рухтың қос қанатымен самғады деп ойлаймын. Бүгінгі тәуелсіздігімізге сол самғау жеткізді ғой», – деп еске  алады. Хакім Абай айтқан «Толық адам» ілімі де осы иман, ақыл, шүкірлік дейтін ұлы қағидалардан тарқатылады. Осы бір ізгі сәулені өміріне шырақ еткен Асаубай ағаны шын мәнінде қайраткерлік деңгейге жеткен азамат деуге болады. Әрине, мұның бәрі де атын шығару үшін емес, туған елінің алдындағы перзенттік парызды жіті сезінуден туған әрекет болса керек.

Төрт құбыласын тең ұстаған, бес қаруы сай болған кешегі ұлы бабаларымыздың басты арманы – тәуелсіздік, еркіндік болғаны бесенеден белгілі. Қазақтың Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Махамбет сияқты ерлерінің де ақырып теңдік сұраған заманының өтеуі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі бейбітшілік кезеңі деуге болады. Тағдырдың қилы кезеңдерінен рухы сынбай, жалыны сөнбей өткен бабалар аманатына адалдық та Асаубай ағаның болмысынан көрініс тапты. Мен «Асау» дейтін өлеңімде де осы бір дегдар азаматтың ұлы тұлғалармен рухтас, мұраттас болғанын жаздым.

Баса алмай жүрек солқылын,

Аңсайды, құрғыр, беу, нені?

Еркіндік шығар ол мүмкін

Жаңғыртқан қайта зердені?.. – деп басталатын өлең біздің осы сөзімізге жауап беріп тұрғандай. Бабалардың қанымен, рухымен, ата-ананың тектілігімен келген ұлттық мінез Асаубай Майлыбаевты биік белеске көтерді. Асаубай аға ғасырлар бойы арман болып келген азаттықтың ақ таңында еліне, жеріне адал қызмет етті. Қай қызметте жүрсе де оны мансап, дәреже деп қарамай, қайта елімен етене болудың жайын ойлады. Тағы бір мысал. Асаубай аға 2011 жылы Тараз қалалық ардагерлер конференциясында ұрпақ тәрбиесі туралы мәселе көтерген болатын. «Бірінші, ұлт болашағы – ұрпақ тағдыры біздің ешқайсымызды бейжай қалдырмауы шарт. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді данышпан Мұхтар Әуезов. Ұлы жазушы тауып айтқан. Балаға тәрбиені дұрыс бермегеннен шығар, жастар арасында қылмыс дегеніңіз өршіп тұр. «Итің ұры» десе намыстанатын қазақ едік. Осы намыс дегеніміз ұмыт қалып бара жатқан жоқ па?» – дей келіп, қазіргі жастар  арасындағы түрлі келеңсіздіктерді алға тартты. Сол арқылы адамның бойындағы иман, ұят, ар деген сияқты құндылықтарды сақтауға шақырды. Ол кісінің осы сияқты әрбір сөзінен өз қамынан гөрі өзгенің қамын күйттегенін көруге болады. Әйтпесе, бақыт дегенді тек мансап, байлықпен өлшеп жүргендер қаншама?!. Асаубай аға мұның бәрінен де бірінші орынға адамдық құндылықты қойды. Өзі де сөзі мен ісі бір жерден шығатын азамат ретінде өзін көрсете білді.

Кезінде Асаубай аға туралы қазақтың ғажайып жазушысы, марқұм Рахымжан Отарбаев: «Ол адам, азамат ретінде туған ел, туған жер, ата тарих, ұлт тағдыры жайлы пайымдайды, оларды даланың даналығы тудырған ғибраттармен терең үйлестіріп отырады», – деп жазыпты. Айтса айтқандай, ол туған жерінің жаңарып, түлеп, тұғырының биік болуын тіледі. Өзі де соған азаматтық болмысымен атсалысты. Тек дәрежелі қызмет атқарып, кәсіппен айналысып қана қоймай, туған халқының тарихын зерттеуге, зерделеуге де қатысты. Мұны «Ғұмырым, тұғырым, тұнығым» атты кітабынан да көруге болады. Бұл кітап – тек өмірбаяндық емес, сонымен қатар  бірқатар тарихи деректерді қамтыған еңбек. Кітапта Мұхаммед, Мұса, Иса пайғамбарлармен қатар, Шыңғыс хан, Бейбарыс сұлтан сияқты тарихи тұлғалар туралы пайымын ортаға салады. Сондай-ақ Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Санжар Асфендияров сияқты Алаш қайраткерлері туралы ой қозғайды. Олар өмір сүрген кезеңдерден көркем мысалдар келтіре отырып, жастарды отансүйгіштікке, ғылыммен айналысуға, білімді болуға шақырады. Өзі де Салық Зиманов, Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов, Мұрат Әуезов және өзге де қазақтың талантты азаматтарымен жақсы қарым-қатынаста болды. Өмірдің талай соқтықпалы, соқпақты жолдарымен жүріп өткен Асаубай аға бұл күнде қариялық жасқа жетіп отыр.

Саналы қазақ дүние байлығын, мансап биіктігін ешқашан ойламаған. Керісінше, өмірге адам болып келіп, адам болып өмір сүруді мақсат тұтқан. Әсіресе, абырой биігінде қалу, қазыналы қарттыққа жету де екінің бірінің маңдайына бұйыра бермеген бақыт. Қазақ: «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейді. Асаубай аға жары Оралкүл апамызбен бірге жарты ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатыр. Екеуі көргенді, білімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде перзенттерінің бәрі де өмірден өз орындарын тапқан азаматтар. Әр салада қызмет етіп жүрген балалары да әке тәрбиесіне адалдық танытып келеді. Жары Оралкүл апа екеуі де ұл-қыздарына ұлттық тәрбие берген жандар. Алматыдан Тараз қаласына жол түскенде міндетті түрде Асаубай ағаның үйіне соғамын. Сол кезде Оралкүл апа жасының үлкендігіне қарамастан бәйек болып күтіп алады. Бала екен, басқа екен демейді. Алдыңа ақ дастарханын жайып, мәртебеңді асырады. Қазақта көргенділік деген керемет қасиет бар ғой. Жалпы, Майлыбаевтар отбасындағы әрбір адамнан осы көргенділік деген қасиетті көруге болады. Құдайдың берген ұл-қыздарын тәрбиелеп, бүгінде немерелерінің қызығына тоймай отырған Асаубай аға қазір нағыз ақылманның, жол көрсетер, ақыл айтар ағаның жасына жетті. Қазіргі кезде тағдыр қосқан жарының жанында, ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің ортасында асқар тау болып отыр.

Мен білетін Асаубай ағаның туған топырағы – Сарысу жеріне деген құрметі ерекше. Кезінде тағдырдың жазуымен халқымыз басынан өткерген түрлі тауқыметтерді, күрделі кезеңдерді ол кісі жиі әңгімелеп отырады. Әрине, мұндай тарихты келешек ұрпақ та білуі керек. Біз сөз етіп отырған «Ғұмырым, тұғырым, тұнығым» дейтін кітабында туған жері туралы: «Туған жерім – атыңнан айналайын, Сарысуым! Жүрек солай соғып тұрады. Сарысуым дегенде айдарымнан жел еседі. Дала тарихының ұлы көшінде қамшы ұстап, қарақасқа ат мінген, қара нар жетелеген, қанжығамызды қан жуған, қабырғамыз қайысқан, омыртқамыз майысқан қайда да басы қалмаған қазақпыз ғой біз», – деп толғанады. Туған жерді сүю үшін, оның құдіретіне бас ию үшін де адамға бекзат болмысты мәрт мінез керек. Әйтпесе, сүйдім, күйдім дегеннің бәрі де жалған болмақ.

Қобыздың шалт қайырған қияғындай,

Тұлпардың тас тураған тұяғындай.

Жаратқан Сізді солай биік қылып,

Шындықты айту үшін қиып, тіліп, – деп жырлаған екенбіз Асаубай аға туралы. Бұл шумақтар ол кісінің кісілік болмысын ашуға, тануға деген талпыныстан туған дүние.

Жалпы, күрделі тағдыр иесінің, мінез иесінің болмысын бірден ашу қиын нәрсе. Ол сол адамның өзінің өмірлік ұстанымы, соған сай әрекеті нәтижесінде көрініс беріп отырады. Біз жоғарыда Асаубай ағаның әкеден ерте қалып, анасының қолында өскенін айттық. Жетімдік тақсіретін бір кісідей тартқан ол жасынан еңбекке араласты. Өзі көрген қиындықты ұрпағы көрмесін деген ниетпен кез-келген мінбеде ақты – ақ, қараны – қара деп,  айтып келді. Азамат болып қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген ардақты анасын ерекше құрметтеген жан. Анасы туралы: «Анам мейірбан еді. Жұмыстан сүйегін сүйретіп үйге жеткенде, алдымен бәрімізді құшырлана иіскеуден бастайтын. Ол әдеті емес, қазір ойласам, әйел затының аналық мейірі екен. Бауыр еті балаңның жұпар иісі – өміріңнің ең басты мәні – өсіп-өну екенін есіңе түсіріп отыратын құдірет болып шықты. Ұл-қызыңның жұпарын жұтып тұрғанда, сірә, жүрегің сөйлейді», – деп тебіренеді. Бұл шын сөз, жүрек сөзі адамның болмысын одан әрі асқақтатып тұрады.

Бір көрген адам Асаубай Майлыбаевты шын мәнінде мінезі қиын адам деп қабылдап қалуы әбден мүмкін. Ал  шын мәнінде солай ма? Мен өзім ол кісінің талай адамға болысып, жаны ашып отырғанын сан мәрте көрдім. Білемін. Алайда  өзіне тән азаматтық ұстанымын сақтаған, әділдікті жақтаған адам үшін мұның солай көрінуі заңды да сияқты. Рас, елдің мүддесі, халықтың жағдайы деген құндылықтарды айтуға келгенде ол кісіні райынан қайтару оңай емес. Мынау басшы мынадай, анау басшы анадай деп ешкімнің бет-жүзіне қарап жатпайды. Жарамсақтану, жалпақтау деген атымен жоқ. Әсіресе, Әулиеата жұртшылығы Асаубай десе бірден шындықты бетке айтатын, айтқанда да жеріне жеткізе айтатын адамды көреді. Депутат болып жүргенде де талай рет мәселе көтергені күні бүгінге дейін жамбылдықтардың көз алдында. Бұл ретте Асаубай ағаның өзі: «Мінездің өткірлігі – адамның қатыгездігі емес. Мінездінің жаны жұмсақ, арғы түкпірінен мейірім төгіліп тұратынын былайғы жұрт біле бермейді», – дейді. Жүрегінің түкпірінен есіп  тұратын мейірім самалы оны елдің мұңын мұңдауға апарды. Асаубай аға енді өзінің асау да тарпаң биігінде осылай қалды. Жуырда бір хабарласып, хал сұрасқанымызда, енді депутаттық сайлауға түспейтінін айтты. Қазыналы қарттықтың ауылына бет түзеген ардақты аға әлі де ақыл-кеңесін қажет жерінде айтып тұратынын жеткізді. Ендігі жерде өзінен кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуге де дайын. Мұның бәрі не үшін? Әрине, елдің жағдайы мен болашағы үшін. Қатепті қара нардай арда туған асыл ер бүгінде өзінің абыройлы биігінде қасқайып тұр. Ол қазір айбар, сес, мінез, болмыс бәрі де бір бойында топтасқан тұлғаға айналған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір