Қара сөздің хас шебері еді…
15.12.2020
1785
0

8 желтоқсан – жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының туған күні. Биыл жазда дүниеден озған ағамыз ендігі 78 жасқа толар еді…

Мен бұл жазушының шығармаларымен алғаш кітапқа енді қызыға ден қойған бала күнімде – сонау 80-жылдары танысқан едім. Қоңырқай мұқабалы «Тоғай сыбдыры» атты кітаптағы әңгімелердің көңіліме жағып, кеудемдегі арман-қиялды түрткілеп, әбден әсерлендіргені сонша, кейін тағы бірнеше рет қайталап оқып, көкірегіме тоқи түскенмін. Ондағы әр оқиға, әр ой, әр кейіпкер санама сіңіп, жадымда жатталып қалды. Сондықтан ба екен, әкем жаздырып алатын қалың басылымның ішінен «Жаңа фильм» журналын парақтағанда, оның соңғы жағындағы «Бас редактор – Қажығали Мұханбетқалиұлы» деген есім мен үшін етене таныс, ерекше жақын болып тұратын. Қазір ойлап отырсам, осының бәрі жазушы шығармаларындағы оқырман жүрегін баурап алар шынайылық пен көркемдіктің құдіреті екен.

Жұртшылық Қажығали ағаның Сырым батыр көтерілісінің ғана емес, орыстың қазақ жерін отарлауының тарихи мәні мен сипатын ашып көрсеткен «Тар кезең» романын көбірек сөз еткенімен, маған ол кісінің шағын әңгімелері көбірек ұнайды. Әңгімелерінен не артық, не кем деталь таппайсыз, «сөз қорым мол» деп, реті келсін-келмесін қыздырмалатып, қызыл тілді безеу де жоқ, әңгіме үшін нақты не қажет, соны ғана айтып, бәрін орын-орнымен, мөлшермен ғана қолданады. «Әңгіме қалай жазылуы керек?» деген сабақ өткізілсе, соның көрнекі құралы, мінсіз үлгісі болардай.

Мәселен, кешкі серуенге шыққан екі ақсақалдың әріден тартқан әсерлі естеліктері арқылы-ақ тіршіліктің мәні туралы ойлантатын «Өмір» әңгімесі,  қысқаметражды көркем фильм сияқты бәрі де көз алдыңнан таспадай өріліп өте шығатын, жас келіншектің сезім сырын шертетін «Қарымта», кейпкерлерімен бірге сізді де тоғай аралатып, балыққа ертіп әкететін мейлінше шынайы «Берекесіз тоғайы», балаға да, ересек оқырманға да айтары мол «Атымтай» мен «Муратик»… Айта берсем, көп. Ер-азамат қай кезде жылайды? Әділетсіздікке төзбей қарсы шыққанында маңдайы тасқа соғылып, қиянат көріп, ыза қысқан кезде… десек, «Жігіттің көз жасы» әңгімесінде адам жанындағы осы бір сезім толқуы керемет бейнеленеді.

Ал «Қысқы түн» әңгімесінде ел ортасынан жырақ кетіп, оңаша қой бағып отырған шал мен кемпір өмірінің бір-ақ сәтіне куә боласыз. Сол бір сәт, бір кеш, бір түннің өзі оқырманға көп жайттан хабар береді. Ымырт үйіріле бастаған шақтағы шағын қарбаластан олардың қолдарында жас келіні бар екенін, ұлдың әскерге кеткенін, кемпір-шалдың сол баладан хат күтіп зарығып отырғанын ұғасыз. Аяз күшейіп тұрған апақ-сапақта бума-бума боп жиналып қалған газет-журналды жеткізіп бермек боп екі жас жігіт келе қалады. Әншейінде іздесең таптырмайтын балалардың бұл жүрісін қарт бірден жақтырмайды. «Елдің ортасында отырудың орнына қартайғанда қой бағам деп қиғылық салған, тым болмаса өздеріндей жас көмекші де алмаған алжыған қақпастың» тірлігіне наразы кемпірдің қонақтарға шаққан мұңы шал ашуын үдете түседі. «Жер түбіне кетсең де іздеп тауып алып отырған жоқ па мыналар? Елдің ортасында отырсаң қайдан тыныштық берер. Жас болған соң, бұлардың отырмақ-сотырмағы, кинә-синәсі болмай тұра ма? Жас бала… бірдемеге ұрынып қалып жүрсе… Құдая, сақтай гөр!» дейді өз ойынан өзі шошып. Сөйтеді де, «кемпір, тездетіп сорпаңды әкел, балалар асығып отырған шығар» дейді. Бірақ «балалар» асықпайды, «қап, мотордың суын ағызып қойып едім» дейді бірі жорта сан соққан болып. Ақыры бұлардың осында қонатынын білген қария құдайы қонақты үйден қуып шыға алмай, амал жоқ, түнгі күзетке шығады. Қой күзетіп отырса да, ақсақалдың ойы түзде емес, үйде болады. «Кемпір келінді өз жанына алып жатты ма екен-ай» деп уайымдайды. Түнімен елегізіп, ауық-ауық мылтық атып, иттерін айтақтап, өз-өзінен үйді айналып, айғайлап шығады. Оның малын ит-құстан ғана емес, беймезгіл қонақтардан жас келінін де күзетіп шыққанын сезінесіз. Сезініп қана қоймайсыз, өзіңіз де мазасызданып, қалай «күзетіскеніңізді» білмей қаласыз…

Қажығали ақсақал қазақ интеллигенциясының қасіреті туралы үш хикаят жазды. Біріншісі – өз отбасын тастап, орыстан, татардан әйел алып, халқынан, ауылынан, ағайынынан алыстап кеткен алдыңғы буынның аянышты тағдыры («Ақырғы күн»). Екіншісі – репрессияға ұшырап, айдалып кеткен, заманның бар азабын тартып, қоғамға қайта оралған, бірақ ешкім қайтып қабыл алмаған зиялының бастан кешкендері («Бұралаң жол»). Үшіншісі – кеңес дәуірінің бергі кезеңіндегі білімді, оқыған азаматтардың арасындағы көзқарас қайшылықтары жайында («Ескі достар»).

Өкініштісі, жазушының осы хикаяттары туралы ауыз толтырып айтатындай толымды сын жазылған жоқ…

Қажыағаң – қашанда өз ойын ашық айтатын, мақаласында, сұхбатында атын атап тұрып сынаудан тартынбайтын әділ адам еді. «Бізде полемика мәдениеті дамымаған ғой, сыналған адам да, былайғы жұрт та бұған әдебиеттің ісі деп емес, жеке бастың мәселесі деп қарайды, дұрыс түсінбейді, мұның сізге не керегі бар?» деп сұрағанымда: «Маған түкке де керегі жоқ, тек «жұрттың құлағы үйрене берсінші, жастар өз ойын ашық айтудан қорықпауға болатынын түсінсінші» деп, пікірлерімді жасырмай айтып жүрем», – деген еді.

Осыдан үш жыл бұрын Қажығали ағадан сұхбат алдым. Мынау бір үзік сыр сол сұхбаттан алынып отыр:

«Қазақ әдебиетінде ашық айтыла бермейтін бір мәселе бар. Бәлкім, оған әлі деңгейіміз жетпей жатыр ма, білмеймін. Кей жазушылардың әңгімелері жап-жақсы оқылады, бірақ мән беріп қарасаң – «литературщина» бар. Яғни, жазу техникасын меңгеріп алған, өте сауатты жазылған, бірақ жан жоқ. Жүрегіңді қозғамайды, лүп еткізбейді. Себебі, «апырмай, әне бір тұсында күшті тауып кеткен екен-ау, мынау бір айтылмай жүрген, біз ескермеген нәрсе екен-ау» дейтіндей оқшау ой, елжіретер ештеңе жоқ. Яғни, әдебиеттің дүниесі емес, таза машықтың нәтижесі. Осындай жақсы «литературщинамен» айналысып жүргендердің өзі бізде керемет жазушы саналады. Өйткені, деңгейі одан да төмен, сол «литературщинаның» өзін жетістіре алмай жүргендер жетерлік.

Сосын бізде тосын ой, жаңа сөз айтқан, басқаша жазуға, қазақ әдебиетінде қалыптасқан үлгі-шеңберден шығуға ұмтылған шығармаларды лайықты бағалай білу жоқ. Мәселен, Төленнің «Ақиқат» хикаятын алайық. Мен алғаш оқыған кезімде, риза болғаным соншалық, ертеңіне барып Төленнің қолын алып, «Атасына нәлет, іші күйгендер тұз жаласын, мынау – нағыз гениальный дүние!» деп, қолжазбаны үстелге тарс еткізіп атып ұрғанмын. Айтар ойы болсын, жазылу тәсілі болсын, құлашын кеңге сермеген керемет шығарма! Ал соны біздің мықты-мықты деген әдебиетшілеріміздің өзі бағалаған жоқ, майталман жазушыларымыздың өзі қабылдай қоймады. Біздегі трагедия сол.

«Әке» хикаятын алайық. Аштық, репрессия, ұжымдастыру… өткен ғасырдың басындағы қазақтың басынан өткен бүкіл нәубетті бір әулеттің тағдыры арқылы керемет шеберлікпен, көркемдікпен бере алған басқа шығарма бар ма қазақ әдебиетінде? Басқа жазушылардың да «Әке», «Ата» деген сияқты шығармалары бар ғой, әкесін, атасын сағынып жаза салған. Оқымаған жұрт сондай туындылардың бірі шығар деп ойлауы мүмкін мұны да. Бірақ Төленнің «Әкесі» – әке туралы хикаят емес қой. Мұнда сол заманның, тұтас аға буынның қасіреті жатыр. Осыны талдап айтып берген бір адам бар ма? Жоқ. Сөйте тұра «Қазір әдеби сын жоқ» десек, бәрі өре түрегеледі. Әдеби сын жылына қанша кітап шықты, қандай шығармалар жазылды, кімнің қанша жылдық мерейтойы өтті – соны түгендеумен шектелмейді. Сын – құр сынап-мінеу де емес. Сын әдебиеттегі жақсы шығарманың, талантты шығарманың лайықты бағасын беріп, ол несімен ерекше, несімен мықты – талдап-таразылап, оның тууының әлеуметтік мәніне, жазылу себебіне үңілуі керек. Біздегі қазіргі сынның деңгейі – «мына әңгіме немесе өлең жақсы екен» дейді де қояды. Жақсы деген жай сөз. Сын шығарманың жақсы екенін айтып қоя салмай, несімен жақсы екенін қолмен қойғандай дәлелдеп беруі керек…».

Қашанда ақ сөйлейтін, әділін айтатын турашыл кісі еді. Жайы жәннаттан болсын…

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір