Тәуелсіздік – ел бақыты
11.12.2020
348
0

Республика! Ерікті ел – Қазақстан,
    Келді ақыры көп күткен жаз алыстан.
     Келді алыстан аңсатып, армандатып,
 Торды бұзған мен де бір мәз арыстан.
                                                                                                                      Ж. Молдағалиев

              

Елі үшін, жері үшін, туған халқы үшін атқа қонып, қолына найза ұстап өткен батыр бабаларымыздың есімі мен ерлігі – мәңгі ұрпақ есінде! Олардың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған кең-байтақ қазақ жері – өз ұрпақтарына қалдырған мұрасы, тапсырған аманаты.

Аманат! Өте қасиетті де киелі сөз. Олай дейтінім, бабалар аманатына адал болу, оны сақтау – әрбір қазақ азаматына ортақ  абырой, ортақ міндет. Бүгінгі бейбіт күніміз – өткен күрестер жеңісінің арқасы.

…Тәуелсіздік! – Осы бір ауыз сөздің аясына бүкіл қазақ халқының ерлігі мен өрлігі, батырлығы мен батылдығы, ақылдылығы мен көсемдігі сыйып тұрғандай. Ұшса, қыран қанаты, шапса, тұлпар тұяғы таларлықтай, кең байтақ жері үшін күресті, сол ұлан-ғайыр даласын жаулардан қорғап қалды. Ол жыраулардың, Алаш қайраткерлерінің жырларындағы еркіндікті аңсау, азаматтықты көксеу – ең асыл мұрат екендігін көрсетеді. Керей  мен Жәнібек бабаларымыз уығын қадап, шаңырағын көтерген қазақ  елінің Кенесары ханға дейінгі барлық ат үстіндегі жорықтары ел бостандығы, ұлт азаттығы болатын. «Ұйқы беріп, қайғы алған» бабалар арманы орындалды.

Міне, бүгін ең қымбат байлығымыз Тәуелсіздікті, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық асыл арманы болған еркіндікті біздің маңдайымызға жазды. Жаратқанға, мың тәубе! Егемендік алып, өз алдына әрекет етіп, жарқын болашақты меңзеп, жолға түскен жас мемлекетіміздің көшіне сеніммен де, күдікпен қарағандар да болды. Еркін еліміздің қалыптасу, даму бағыттарын айқындап, сенім мен жігерін серік етіп ел бастаған Елбасымыз өлшеусіз еңбегінің арқасында ұлт көшбасшысы мәртебесіне ие болды.

Шарықтап шыңға ұмтылған Қазақ елін бүгінде бүкіл әлем біледі. Қасиетті көк байрағымыздағы қыран құстай қалықтаған азат еліміз алтын күннің астында өзінің дарқан ел, білімге құштар, талантты да еңбекқор еңбегін паш етті.

«Әлем қаласы» атанған, Елордамыз – Астана қаласы. Астанамыздың  ажарлы келбеті кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Астана — елдіктің тірегі, Отанымыздың жүрегі. Ерке Есілдің екі жағалауын еңселі ғимараттарымен көмкерген Астана ажары көз қызықтырады. Мақтаныш сезіміңді оятады. Ақша қардай Ханшатыры, Бейбітшілік пен Келісім сарайы, «Думан» кешені — Астана қонақтарының қызыға тамашалайтын орны.

Шоқан Уәлиханов:  «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек»,- деген еді.

Бұл Тәуелсіздік алған жылдардағы өркендеу — соның айғағы.  Елдің экономикасы қарқындап дамыды. Көптеген өндіріс орындары ашылды. Сыртқы-ішкі саяси тұрақтылық қалыптасты. Қазақстан көптеген халықаралық беделді ұйымдарға төрағалық жасады. Қазақстанның білімді жастарына әлемнің ең таңдаулы оқу орындарынан білім алуға мүмкіндік туды. Спортшыларымыз Олимпиадаларда жеңіс тұғырына көтеріліп, көк Туымызды желбіретті. Тұңғыш рет Қазақстанда қысқы Азияда ойындары өтті. Қазақстанның өнер майталмандары әлем сахналарында өнер көрсетіп, халқымыздың өнерін танытты. Францияда Мұстафа Шоқайға, Германияда ұлы Абай бабамызға ескерткіш ашылды. Бұл да әлемге қанат жаюдың жарқын қөрінісі. Қазір Қазақстан халқының тұрмысы өте бай болмаса да жақсы тұрады. Болашақта бұдан да жақсы болады дегенге сенім бар. Өйткені елімізде кен қазбалар, мұнай қорлары өте көп. Ал рухани бай, білімді де саналы ұрпақ- азат елдің ертеңі.

Біз — азат елміз, егеменді халықпыз. Тәуелсіздік таңының жарқырап атқанына ризамыз. Осы азаматтығымыз баянды, егемендігіміз еңселі болу үшін әрқайсысымыз өз үлесімізді қосып, бұдан былай да  күресуіміз керек. 

Ол  қандай күрес? Ол – елдіктің туын жоғары ұстап, ана тіліміздің қанатын кең жаюына мүмкіндік бере отырып, жеріміздің таралмауы, иманымыздың сөнбеуі, әдебиет пен мәдениеттің, салт-дәстүріміздің дамуы үшін күрес. Қазақстанның әр азаматы өз мүддесін жоғары қоя білсе, мемлекеттің жоғын жоқтаса, азаматтығымыздың амандығы сонда.

Жаңа ғасырға құшағын кең ашып, үмітін үкілеп отырған халықтың көңілі – шат, жүзі – жайдары. Еркіндіктің таңы атты. Тәуелсіздіктің кемесіне мініп, міне,ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз.

     Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын!

Алматы қаласы, Әуезов ауданы
«№104 жалпы білім беретін мектеп» КММ
6 «Ә» сынып оқушысы  МУКАШ Зарина
Жетекшісі:   БАЙГАЛИЕВА Багдат Мукатаевна

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір