Мәңгілік Ел: бір ел-бір тағдыр

Қазақстаным – жасыл орманым,
Қуанышымды жасыра алмадым.
Аңсаған бабам, аңсаған елім,
Бостандық еді-ау, асыл арманым.
Н.Назарбаев
Тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы. Азаттықтың арайлы таңы атты.
Айымыз оңынан туып, Тәңір тілегімізді беріп, төрт құбыламыз теңеліп, төбедегіміз келді. Алаштың айбыны асқақтады. Қырандай қомданып, тұғырына қайта қонды. Тәуелсіздік тәуменді жұртқа тәуекел берді. Азат еліміздің атағы алты құрлыққа жайылған абат елге айналып, жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне баланды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның тәуелсіздігі – қазақ халқына тағдырдың тартқан сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткізген өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс», — деп, қазақ деген халықтың абыройын асырып, атын әлемге танытты.
Иә, уақыт ұршығы дөңгеленген дүниені дүрмекке бөлеп, тынымсыз зырылдайды. Тізгін тарттырмас тұлпардай, қанаты талмас сұңқардай жүйрік, қамшы салдырмайды. Айды-айға, жылды-жылға ілестіріп, өтіп жатқан күндер…
Тәуелсіздік – өз тағдырымыз. Тәуелсіздіктің арқасында бізді бүкіл әлем таныды. Тәуелсіздік өзімен бірге өзгерістер әкелді. Сол өзгерістердің бірі ел ордасын астанаға көшіру болды. Жаңа астанамен жаңа ғасырға қадам бастық.
Қыдыр қонып, құт дарыған киелі қоныс, мүбәрәк мекен –Астана! Бүгінгі күні ақ маңдайлы ақ үй болып, ажары айқын, іргесіндегі көк Есілімен көріктене түскендей. Кешегі күні ұрпағына Вашингтондағы «Ақ үйді» аңыз етсе, бүгінде киелі төр, әр қазақ тағзым етер «Ақ Ордасын» мақтан етеді. Мейірімін төккен, сырты абзал, кең жүрек «Ақ Ордам»Абылай ханның ақ үйінің жалғасы емес пе?! Күмбезінде көгілдір туы желбіреп, мәңгілікке ұрпағына тәбәрік етіп ұсынғандай. Олай болса, жаңа астана – тәуелсіздігіміздің тірегі, қолға алынған ұлы реформалардың ұйытқысы.
Жазушы Әбіш Кекілбаев: «Тәуелсіздігіміздің негізгі рухани тірегі, болашағымыздың негізгі рухани кепілі – байырғы халқымыз», — дейді. Өйткені, Тәуелсіздік – ел тілегі, жарқын болашағы, жер тірегі.
Жүгі нарда, қазаны теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқы ертеден-ақ туған елін, жерін, тілін бойтұмардай қасиет тұтып, қадірлеп өткен ғой.
Ең бастысы, қазақ халқымен бірге әртүрлі этностардың да отаны болып табылатын біздің еліміз бүкіл әлемге қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықты сақтаудың, әртүрлі ұлттық мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуына қамқорлық жасаудың жарқын үлгісін көрсетіп берді. Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды.
Елбасының «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті», — деп бастаған сөзі, халықты елең еткізген жаңалық еді. Бұл — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология , яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы, ҚР ұлттық идеясынан келген түйін,тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу.
Мәңгілік Ел — ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман –әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Бүгінде біз армандарды ақиқатқа айналдырдық, мәңгілік елдің іргетасын қаладық.
Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар, ол — Мәңгілік Ел идеясы. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады, ендігі ұрпақ — мәңгілік қазақтың перзенті.
Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары — «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы — Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Сонымен қатар, Елбасының «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспары жөніндегі стратегиялық бағдарламаны ұсынғаны да халыққа мәлім. Ұлт Жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл Жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда Ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» екені атап көрсетілген.
Біздер — елімізбен мақтанамыз. Бұл еркіндік оңайлықпен келген жоқ. Қазақ елі еркіндікке жету үшін қаншама қиын –қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар. Бұл — әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан –жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген, тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама?! Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз.
Жаңа белестерге ұмтылу – біздің буынның басты бағыты. Бабаларымыз аңсаған бостандық — қазіргі ұрпаққа қалған ең құнды сый. Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу халықтар арасындағы келісімге негізделеді. «Рухани жаңғыру аясында» ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше маңызға ие болды. «Бір ел» — бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. «Бір тағдыр» — бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер. Бұл біздің ортақ келешегіміз — игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан! Біздің асыл мұраларымыз -Тәуелсіздік, бірлік, келісім және өркендеу. Қазақстан жаңа жолы тәуелсіз елдер үшін ұлттық табыстың үлгілі моделіне айналды. Бұл — бүкіл қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен топтасқандығының нәтижесі. Сондықтан да біз бір халықпыз, бір елміз, бір тағдырмыз.
«Бақыт – бағасын білгеннің басында ғана тұрады»,- деген Елбасы сөзі тәуелсіздігімізді тәу етіп тұруға шақырып тұрғандай емес пе?
«Ұлы мақсаттарды өзінің алдына ұлы халық қана қоя алады» демекші, Тәуелсіздік бізді, қазақстандықтарды, туған жеріміздің гүлденуіне қол жеткізудің өршіл табандылығына ие осындай ұлы халыққа айналдырды.
Иә, халықтың болашақтан күтетін үміті көп. Үміт – болашақ тірегі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» деген болатын. Олай болса,
Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін,- деп ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, шарықтап шыңға ұмтылған Қазақстанның жарқын болашағын көркейтетін ұрпақ – бізбіз.Тәуелсіздікке қол жеткізген елімнің тілегі әлі де телегей-теңіз, сол тілекке жететін халқымның болашаққа жасалған бағдарламасы бар. Сол тілек жолындағы Қазақстанымның абыройы асқақ, жолы нұрлы болсын деп тілеймін!
Көлінде аққу қонып қаздар ұшқан,
Елінің шырқап жатыр сазын аспан.
Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ,
Жасай бер, мәңгілік ел Қазақстан!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын!
Алматы қаласы, Әуезов ауданы
«№104 жалпы білім беретін мектеп» КММ
11 «Ә» сынып оқушысы КЕРІМТАЕВА Алуа
Жетекшісі: БАЙГАЛИЕВА Багдат Мукатаевна
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.