Марғұланның арманы – Едігетау
20.11.2015
1990
0
982227_1115589201_________________«Кезінде бүтін Ғылым академиясының жұмысын Шоқан Уәлиханов бір өзі атқарса, кейінгіде  Мұхтар Әуезовпен бірге Әлкей Марғұлан Ғылым академиясының рухани қабырғасын көтеріп еді», – дейтін сөздің жалғандығы жоқ, сірә. Қазақтың тұтынған заты мен сөз төркінінің түп-тұқиянын барлап, байыптап, тарихын тебірене тереңнен қазған Әлкей Хақанұлы Марғұланның айыбы – қазақ болып туғандығы ғана. Еуропаның кемел ұлттарынан шыққан өкіл болса осы күнге дейін адамзаттың қасиетті есімдерінің  біреуіне айналатыны хақ еді…

«Әлекеңнің өмірі өте қиын болды. Қатты қысым көрген адам. Саясаттан басын тартқандай болып жүрген. Солай көрінетін. Алайда немересінің есімін Едіге қойды, соңғы арманы деуге болады – Едігетауға көтерілгісі келді…», – дейді Мұрат Әуезов. Бұл туралы әңгіме кейінірек…
Қазақ ғылымының аяулы тұлғасы Әлкей Марғұланды біз көрген жоқпыз. Оның көзін көргендерден осынау бір ұлт тұлғасы туралы сұрай қалсаңыз, олардың жауабынан ғылымға, ұлт тағдырына, ұлт тарихына адал берілген жанның бейнесі көз алдыңда көлбеңдеп тұра қалады…
Абылай ханның ту ұстаушысы Олжабай батырдың шөбересі Әлкей Марғұлан өскен орта осал емес-тін. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің әңгімелерін бала күнінен тыңдап өскен ол: «Менің ғалым болып қалыптасуыма өскен ортамдағы адамдар әсер етті, олар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Хәкім Иманбеков, Жағыпар Секербаев және Жаяу Мұса», – дейді. Әлкейдің әкесі Хақан мен анасы Нұрия өз уақытының көзі ашық адамдары болса,әжесі Әймен даңқты күйші Тәттімбеттің туысы еді. Көкіректері ояу, текті отбасында өскен Әлкей Марғұлан бес жасында хат танып, «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Мұңлық-Зарлық» жырларын жаттап өсіпті. Ауыл адамдары баланың тілін қызықтап халықтың ескі жыр-дастандарын қайталатып айтқыза беріп, Әлкейдің зердесіне ұлттық әдебиетіміздің жауһарларын бойына сіңіріп жатқанын, оның ұлттық нәр жинап жетіліп келе жатқанын, сөйтіп болашақта қазақ руханиятын жоқтаушылардың көш басындағылардың бірі боларын, әрине, ешкім ескере қоймаған болар. «Соқтықпалы, соқпақты» өмірді басынан кешіре жүріп, дара талант иесінің филология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ҒА академигі, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Қазақ КСР ҒА сыйлықтарының және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген атақтарды алуын ғана ғана емес, ғалымға деген ел құрметі, жұртшылық сенімі ерекше болғанын айтпасқа болмас. Иә, саяси жүйенің теперішін көп көрген Әлкей сонда да ғылымдағы қазақ ұлтының тамырын тереңдете түсу ұстанымынан еш тайынбағанын аңғарасыз. Марғұланның қорғаған еңбектеріне көз жүгіртіңіз: «Абай творчествосы туралы» диплом жұмысы, «Хандар жарлығының тарихи маңызы» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясы, «Қазақ халқының эпикалық жырлары» туралы докторлық диссертациясы… Барлығы қазақ халқының, ұлтының түп тамырын, ата дәстүрін терең қазуға арналған…
Замандастары оның архив ақтарып, шаң қапқан жұмыстан қолы қалт еткен сәтте ару Алматының көшелерінде серуендегенді жақсы көретінін айтады. Ал біздің көз алдымызға қазіргі Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы пәтерлерінен шығып алып, қазақ ғылымының бары мен жоғын түгендеп жүрген Әлкей Марғұлан, Бейсембай Кенжебаев ақсақалдар елестейді.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сәбит Оразбаев екі ақсақалдың жарасымды әңгімесі туралы былай дейді: «Мен Марғұланмен көрші тұрдым. Мұқан Төлебаев көшесінің бергі бетінде біз, арғы бетінде Әлекең тұратын. Марқұм Бейсембай Кенжебаев екеуінің әңгімесі тым жарасатын. Екеуі серуендеуге шыққанда өткенді, кеткенді көп әңгімелеуші еді. Сондай күндердің бірінде мені шақырып алып, Бейсекеңнен: «Мына бала кім?», – деп сұрады. «Әртіс бала», – деді таныстырған Бейсекең. «Әртіс болсаң айтшы, Шәкен жөнінде пікірің қалай?», – дейді Марғұлан. «Ойбай аға, ол кісі туралы пікір айтуға мен әлі жете қойған жоқпын, сахнаға жаңа келдім, жас әртісін», – дедім. «Онда, біліп қой», – деп әртістер туралы біраз әңгіме айтты. Шәкеңді, Қаллекиді мақтады. «Елубай Өмірзақов Ленинді ойнады, кішкене ұшқалақтық жасады», – деді. Өзі Сер-ағаңды, Серке Қожамқұловты қатты жақсы көреді екен. Сөйтіп Бейсекең мен Әлекеңді әңгімелесіп отырған жерінен жиі кездестіретін болдым. Екі ақсақалдың әңгімесі тым терең еді, тым ойлы еді. Мәшһүр Жүсіптің сөздерін бірінші рет Марғұланнан естідім»…
Иә, сталиндік репрессия Әлкей Марғұланды да айналып өтпеген. 1934 жылы қудаланып, басы әрең аман қалған. Бұл қудалау кейін де тоқтаған емес. 1940 жылдардың аяғында газет беттерінде қазақтың ұлтшылдығы туралы, соның ішінде Е.Бекмахановты, Б.Сүлейменовті, Е.Ысмайыловты, Қ.Жұмалиевті, қаралаған, жау санаған мақалалар көптеп жарияланды. Мысал үшін, соның бірін ғана оқырманға ұсынайық: «Доктор филологических наук Маргулан в своей книге «Эдыге в истории и преданиях» (1944 год) наделяет Эдыге – этого злейшего врага русского народа – всеми лучшими чертами казахского народа»; «В книге А.Маргулана «О характере и исторической обусловленности казахского эпоса», в которой обобщен большой труд, автор не дал партийного освещения тех задач, какие должны были быть решены в этой книге»; «Извечная борьба за независимость положена в основу периодизации истории казахского эпоса. Развитие производства, классовая борьба, чаяния и ожидания народных масс в борьбе против эксплуататоров – все это остается в тени». (авторы – Б.Степанов).
Саясаттан бойын аулақ ұстауға тырысқан Әлкей Марғұлан Абай мен Шоқан тақырыбын індете зерттеп, қазақ тұлғатану ғылымы үшін орасан еңбек сіңіреді: Марғұланның басқаруымен 1958 жылы Шоқанның тандамалы шығармалар жинағы жарық көреді. 1957–67 жылдары Ә.Марғұланның басшылығымен Ш.Уәлихановтың бес томдық академиялық жинағы дайындалды. Ә.Марғұлан КСРО-дағы архивтерді ақтарып отырып, Шоқанның қаламынан туған 300-дей шығармасын табады. Оларға ғылыми редакция жасайды. Шоқан жазбаларының көпшілігі бұрын жарық көрмегенін, жазу тәсілінің қиыңдығын, ойлау жүйесінін тым еркіндігін, кей жұмысының шала аяқталғанын ескерсек, Әлкей Марғұлан атқарған жұмыстың салмағын сезінгендей боламыз…
Шоқан жайлы Асанәлі Әшімов түсірген тарихи киноның кеңесшісі де Әлкей Марғұлан болған екен. Кино режиссері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асанәлі Әшімовтың айтуынша, фильм толық түсіріліп бітіп, Кино үйінде күллі ғалымдардың назарына ұсынылар тұста Әлкей ақсақал көз жұмыпты…
Әлкей Марғұланның жан аяспас досы Мұхаңның перзенті Мұрат Әуезов Марғұлан өмірінен өтерден сәл ғана уақыт бұрын Едігетауға көтерілгісі келгенін айтады. Бұл, бәлкім, Әлкей ғалымның соңғы арман-аңсары болды ма екен? Ілгеріде «Қаламгер» журналы үшін Мұрат Әуезовтен сұхбат алғанымызда ол кісі әріден сыр толғаған еді:
«Адам ретінде өкінген бір ісім бар. Мәскеуден Алматыға келгенде бір ызғарды сезінгенімді айттым ғой. Зейнолла Қабдолов өте жақсы көмек көрсетті. Содан кейін Әлкей ағамыз ыстық құшағын жая қарсы алды. Әкеммен бірге оқып қана қоймай, үлкен дос болған оның ұзақ әрі қызғылықты әңгімесін тыңдау маған керемет әсер етті. Әңгімелесіп отырып, есіне бірдемелер түсіп кетіп, қуақылана, кейде жадырай күледі. Жанына шуақ сыйлаған естеліктерінің кейбірін ол маған айтқысы келмейді, өзінше жасырып қалған болады. Әлкеңмен достық қарым-қатынасымыз кейін де үзілген емес. 
«Көшпенділер өркениеті» өртелген соң, төрт жыл қатарынан экспедицияға кетіп жүрдік. Далада бір жарым, екі ай жүресің. Ол жақтан, әрине, қаланы сағынып қайтасың. Сондай экспедициялардан келген күннің бірі еді. Шевченко мен қазіргі Қонаев көшелерінің қиылысында жинақ кассасы бар. Сонда Әлекеңмен кездесіп қалдым. Амандастым. Алақаны сондай жылы. Тұрған кезегінен былайырақ шығып, менімен әңгімелесе бастады: «Жезқазғанда болдың ғой?». «Болдым». «Сонда Никольский (қазіргі Сәтпаев) деген қала бар ғой?». «Иә». «Сол Никольскийде менің досым бар», – Бір орыстың фамилиясын айтты. – «Сол бізге ұйымдастырып тікұшақ бере алады. Тікұшақпен Едігетауға барайық», – дейді. 
Біз білетін Едігетау ғой. Оның әңгімесі бөлек. Едігетаудың басына көтерілгенде достарымыздың бірі құпия шөлмек тауып алған. Байқасақ, шөлмектің ішінде қағаз бар. Соны суырып алдық та, ашып оқысақ: «Өз қанымызбен жазып отырмыз» деп, әлдебіреулер қазақтың тәуелсіздігі, бостандығы туралы арманын жазыпты. Таң-тамаша қалдық. Жұмбақ қазақтар Едігетауды қасиетті тау көріп, ырым қылып, тілегін жазып кетіпті. Бұл қағазды өзімізбен алып кетейік деп бір оқталдық та, «жоқ бұған тиюге болмайды, сақталсын, осында қалсын» деген шешімге келдік. Әлгі хатты түсіріп алатын фотоаппарат та жоқ. Сол Едігетау ғой. Әлекең бірер жылдан кейін сол Едігетаудың басына тікұшақпен барып келейік деп тұр. «Аға, мен қазір даладан келдім, жұмыс бастан асады» деп сыпайы бас тарттым. Соны айтып отырғанның өзінде үлкен қате жасап жатқанымды сездім. Амал не? Әлекең жарайды деді де қойды. Арада шамамен бір жарым ай өткенде қайталанбас ұлт тұлғасы өмірден өтті деген хабар алдық. «Құдай-ау, еш қиындығы жоқ еді ғой. Үйренген жол, Жезқазған, Никольскийге жету деген ешқандай азап емес еді ғой», – деп өкінбеген кезім жоқ»…
Тоқтамыс хан, Едіге батыр жерленді деген қазақ азаттығының, бабалар даңқын асқақтатқан қастерлі жер, қасиетті мекеннің – Едігетаудың азатшыл, алашшыл Әлкей Марғұланмен байланысы тектен текке емес шығар…

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, академик
ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ БАҒЫНА ТУҒАН
Әлкей Марғұлан – қазақтың, қазақ ғылымының бағына туған ұстазымыз…
Бір замандарда қазақ әдебиетінің тарихы ХVІІІ ғасырдан, сол дәуірде өмір сүрген Бұқар жыраудан басталады деген тенденция болды. Бәріміз солай оқыдық. Арғы жағында әдебиет жоқ, оның бәрі – фольклор деп білдік. Біздер 1950 жылдардың соңындағы, сол кезде Қазақ Мемлекеттік университеті деп аталатын оқу орнының шәкірттері – мүйізі қарағайдай, қазақтың кілең аптал азаматтарынан білім алған, сол кісілердің мейірімін сезінген, қамқорлығын көбірек көрген ұрпақпыз. Мұхаң – Мұхтар Әуезов үш жыл қатарынан дәріс оқыды. Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Ханғали Сүйіншәлиев, Зейнолла Қабдолов деп жалғаса беретін бұл қатардағы ұстаздар легі бізге білім ғана беріп қойған жоқ, кісіліктің, ізденімпаздықтың, еңбектің не екенін де үйретті. Сөзімнің басында айтқанымдай, қазақ әдебиеті ХVІІІ ғасырдан басталады деп оқып, біліп жүрген біздерге марқұм Бейсекең, Бейсембай Кенжебаев өткір мәселелерді айтатын. Қазақ халқының байтақ әдебиеті бар дегенді ұқтырып жүрген де сол Бейсекең ғой. «Байтақ әдебиет – түркітілдес халықтардың бәріне ортақ. Өзбек, татар, қырғыз, башқұрттардың әрқайсысы бұл әдебиетті өзіміздің мұрамыз деп қабылдайды. Негізінде сол өркениеттің барлығы қазақтың қолынан жасалған», – дегенді айтатын. Бейсекең, ұмытпасам, бұл мәселені 1950 жылдардың соңына қарай өте белсенді көтере бастады. 1960 жылдары оқу бітірген мені, 1964 жылы аспирантураға шақырып, «Көне түркі әдебиетіндегі ескеткіштер және оның қазақ әдебиетіне қатысы» дейтін тақырып ұсынды. Бұл – жұрттың бәрі үркіп қашатын, осы тақырыпта диссертациялық жұмыс қорғаймын деп армандау ақылға сыймайтын тақырып еді. Сондықтан бұл жұмыстың машақаты көп боларын алдын-ала сездім. Бейсекең сырттай жуас, момын көрінгенімен, принциптің адамы еді, алған бетінен қайтқан жоқ. Сөйтіп диссертацияны жазуға кірістім. Ол кезде Алматыдағы бұрынғы Калинин мен Карл Маркс деп аталатын көшелердің қиылысынан үлкен үй салынып, жарықтық Димекең бұл үйді ғылымның, өнердің, білімнің қайраткерлеріне берді. Кілең ығай мен сығай ағаларымның бәрі сонда тұрды. Бейсекеңе де сол жерден баспана бұйырды. Іздеп жүрген тақырыбым туралы материалдар жинау қиын екенін білем. Ғылымға бет бұрғандардың көбі жаңа әдебиетке ойысып кеткен, «Пәлен ақынның өмірі мен творчествосы» деп кандидаттық қорғай салатын. Мен зерттеп жүрген тақырыбым туралы терең білетіндердің бірі – Әлкей Марғұлан еді. Аспирантураға түскен соң, кейінірек Бейсекең үйіне шақырды. Әлкей ағаны қонақ қылмақшы екен. Сол жерде мені Әлкей Хақанұлына таныстырды. «Әлеке, Сіз білесіз ғой, талай айтып та жүрсіздер. Қазақ әдебиетінің тарихын әрі қарай тереңдеткіміз келеді. Қажым райынан әлі қайтатын емес. Қазақ әдебиеті тарихына обал емес пе? Сондықтан осындай күрделі тақырыпты алып отырмыз. Сіз де көмектессеңіз», – деді. «Мына баланың қолынан бірдеңе келе ме, келмей ме?», – дегендей, Әлкей аға маған көп сүзіліп қарады. Сосын: «Ескі жазулардан не білесің?», – деп сұрады. «Ескі жазулардан жөнді ештеңе ілмеймін. Араб тілінде, төтемен жазылған материалдарды оқи алатыным болмаса…», – деймін мен. «Ой, әттеген-ай», – деді Әлкей ағам, – «Бұл тақырыпқа бару үшін көне жазуларды оқи білу керек». Осы кезде сөзге ұстазым Бейсембай Кенжебаев араласты: «Орхон жазулары зерттеліп, жарияланып жатыр ғой, соны пайдаланымыз. Орхон жазулары зерттелуін зерттеліп-ақ жатыр, тек сол жазулардың қазақ тарихына, қазақ әдебиетіне қатысы жайлы ештеңе айтылмайды», – деді. «Орхон ескерткіштерінің тілі бүгінгі қазақ тіліне жақын. Байырғы түркі тілін сақтап қалған тіл – қазақ тілі» деп П.Мелиоранскийдің айтқаны бар еді, сен соған зер салшы», – деді Әлкей Марғұлан… Сөйтіп, Әлкей Хақанұлының батасын алып, ендігі жерде ол кісінің үйіне жиі барып тұратын болдым. Ат ізін суытып кетсем, ол кісінің мені іздейтіні де бар еді. Әлкей ағаның бір әдеті – біраз жұмыс істегеннен кейін далаға серуендеуге шығатын. Серуендеп жүргенде біздің қасында еріп жүргенімізді тәуір көретін…
Сонымен, Бейсекеңнің жетекішілік еткен диссертацияны жазып бітірдім. Әлкей аға терең адам ғой, бәрін біледі. Бір мәселені талқылап отырсақ, «Бартольдты оқыдың ба? Бартольд бұл мәселе туралы дұрыс айтып отыр», – дейді. Шынымды айтсам, оның кітабын оқымаған болып шығамын. Кейін бірден кітапханаға тартамын да, Бартольдты алып оқимын. Әлкей аға мені осылайша әдебиет тарихының бір арнасына салды. 1969 жылы мен «Көне түркі әдебиетіндегі ескерткіштер және оның қазақ әдебиетіне қатысы» деген тақырыпта диссертация қорғадым. Ол уақытта кандидаттық диссертацияны жарты сағатта қорғап бітесің. Менің диссертация қорғауым алты сағатқа созылды. Тілші, тарихшы, әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар – сөйлемеген адам қалмады. Бір кезде ортаға Әбділда Тәжібаев шықты: «Жолдастар, ғылыми жұмыстың бағасын беріңдер, ғылымда дау таусылмайды», – деді. Диссертация бәрібір талқыланып бітпеген соң Әлкей Марғұлан екінші рет мінберге көтерілуіне тура келді. Сол кезде қорғалған диссертациялық жұмысымның авторефераты ҚР Ұлттық кітапханада сақтаулы. Соны ашып көрсеңіздер, ресми оппоненті деген жерде бірінші болып Марғұлан есімі тұр. Әлкей Марғұлан екінші рет шығып: «Жаратылыстану ғылымдары саласынан қорғалған кандидаттық жұмысқа кейде докторлық диплом береді. Мен осы жұмысты докторлық дәрежеге ұсынайын деп отырмын», – деді.
Бір қызығы, мен қорғайтын күні Алматыда, Ғылым академиясының алдында Шоқан Уәлихановтың ескерткіші ашылды. Ұстазым Бейсекең: «Осы Әлекең қорғауға келмей қала ма екен», – деп қорқып жүрді. Бірақ Әлекең сөзінде тұрды. «Бұл диссертация қорғалса – бәріміздің қуанышымыз ғой», – деп Марғұлан ғылыми жұмысымның қорғалуына бастан-аяқ қатысты, ондағы түрлі даулы ғылыми тартыстардың бәрін бақылап отырды…
Әлкей Марғұланның қайсар мінезі бізге көп нәрсені үйретті. Ол кісінің принципшілдігінің, шешендігінің талай жерде көмегі тиді. Кенжебаев, Сүйіншәлиев, Мағауин және мен авторлық топта кітап жаздық. Сол кітаптың шығу тағдыры өте қиын болды. Сол кезде Әлкей ағаға барып көмек сұрап едік, ғалым ағаның шарапаты тиіп, кітап жарыққа шығатын болды.
Әлкей ағайды біраз танып, білген соң ол кісінің жаратылысына, табиғатына, керемет біліміне сондай риза болғаннан кейін, Әлкей аға туралы «Академик Марғұлан» деген очерк жаздым. 1966 жылдары «Лениншіл жаста» бір бет болып жарияланды. Сол очеркім үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығын алып едім. Әлкей аға очеркті оқып, риза болып: «Өздері жазғандай, маған телефон соқпаған адам жоқ. Дәл өздері жазғандай қуанып жатыр», – деп еді. Сол очеркімде Әлкей ағаның табиғатын, болмысын ашқан сияқты болдым.
Өзім көзін көрген, тағылымын алған, білген, таныған ғұламалардан, әсіресе, екі кісіні ерекше айтар едім. Ол – Мұхтар Әуезов, екіншісі әрі тарихшы, әрі археолог, әрі этнограф, әрі әдебиет тарихының терең зерттеушісі, қазақ эпостарының білгірі – Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Бұл кісілердің әрқайсысы мен үшін жеке-жеке университет. Сол кездегі ұстаздар шәкіртіне өз білгенін үйретіп қана қоймай, шеттен белгілі мамандар шақырып, соған таныстырып отырушы еді. Мәселен, академик, КСРО Ғылым академиясының толық мүшесі, атақты ғалымдармен Әлкей ағаның үйінде де, Есмағамбет Ысмайловтың үйінде де кездесіп, таныстық.
Әлкей Марғұланның «Манас» жырын зерттегенін көпшілік біледі. Ол кісі: «Манастан асқан эпос туған жоқ. Манасты жалғыз қырғыздар тумады. Манас – қазаққа да ортақ», – дейтін. Сол «Манасты» ең алғаш қағазға түсіріп, жазып алған – Шоқан Уәлиханов. 1952 жылы, ол кезде Қырғызстанның астанасы Фрунзе деп аталған, сол қалада үлкен халықаралық конференцияда ешкімнен именбей, Әуезов: «Манас – шын мәнінде халықтық эпос. Манасқа жететін эпос жоқ», – деп «Манастың» бағын қайта ашып еді. «Манасты» қырғыз ғалымдары қолға онша алмай жатқан кезде Марғұлан ағамыз «Шоқан және Манас» деген үлкен монография жазды. Мұхтар аға бізге дәріс оқығанда: «Осы Одисей» мен «Илиада» ең үлкен жыр деседі. Сіз соған қалай қарайсыз?», – деп сұрайтынбыз. «Пәлі, сол да сөз боп па? «Манасқа» жететін эпос жоқ. «Манасты» мен Ленинградтың университетін оқып жүргенімде бес жылда әрең тауысқанмын. Сендерге айтайын, манасшы «Манасты» күзде күйек байлағаннан жырласа, көктемде сол қой қоздағанға дейін таусылмайтын жыр», – дегені әлі есімде. «Манасты» Әлкей Марғұлан расында да қатты қадірлеп зерттеді ғой.
Әлкей аға жылда-жылда экспедицияға кететін. Бегазы-Дәндібай дәуірінен бергі түркі дәуіріне дейін қосып есептегенде әлі күнге дейін Әлкей Марғұланнан асып зерттеген адам жоқ. Ол кісінің том-том кітаптары соны айқын дәлелдейді. Шоқан Уәлихановтың бес томын жарыққа шығарды. Сол кітаптың бірінші томындағы Шоқанның өмірбаяны туралы Марғұлан жазған очеркін оқысаңыз – айызың қанады. Марғұлан қазаққа қатысты, қазақ хандығының дәуіріне қатысты, Алтын Ордаға қатысты тарихты, сол замандардағы әдебиетті, әпсаналарды керемет білетін еді.
Әлкей аға қызық болатын. Күзде бір барғанымда күсі бар қолын бинтпен таңып алған. Кішкентай ғана кабинеті бар. Сол кабинетіне апарып, экспедициядан жинаған ескі тастарды көрсетті. «Мынау қазақ үшін түк емес, Еуропа үшін сенсация», – деді күліп.
Кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ректор болып жүргенде, «Отырар кітапханасы» деген үлкен кітапхана жасайық деген бастама көтердік. Ол кітапханаға белгілі адамдардың кітапханасын жинадық. Сонда Әлкей ағаның кітапханасын университетке әкелдім. Бұл ұстаз еңбегіне деген ризашылықтың кішкене бір бөлігі ғана. Бұл ұстаздың мол мұрасын ендігі жерде жастар да біліп жүрсін деген ойдан туған еді.
Қазақ қоғамдық ғылымының сусынын қандырған Әлкей Марғұлан ғажайып Тұлға ғой. Грек мифтерінің қаһармандары сияқты еді. Шашы бұйра-бұйра. Көзі отты. Мінезі – тік. Тәкаппар. Тарихта, этнографияда, эпостарда, әдебиетте, әпсаналарда ол кісінің білмейтін тақырыбы жоқ, өзі бөлек бір энциклопедия еді…
Қарагөз СІМӘДІЛ.
ПІКІР ҚОСУ