ЖАН САРАЙЫ ТАЗА, КӨКІРЕК КӨЗІ АШЫҚ
07.12.2020
981
0

                         (Эссе)

Қазіргі коммерциялық емес акционерлік қоғам «әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті» осыдан жарты ғасыр бұрын С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті деп аталды. Мемлекетіміздегі маңдайалды жоғары оқу орны һәм жалғыз университет еді. Қазақ КСР-нің (Қазақстан Республикасының) Ғылым академиясы деген мемлекеттік мекеме болды. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген бес түлекті қамқоршы ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлы осы академияның М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына апарып жұмысқа орналастырды. Әдеби-көркем сынның сындарлы сардары, профессор Құлбек Ергөбек сол бес түлекті Бес қасқа деп атады. Бес қасқаның бірі – Құлбектің өзі, бірі – мен, енді бірі – Жарылғасын Әбішев. Бүгінде Құлбек Халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры, Жарылғасын – Нархоз университетінің (бұрынғы Алматы Халық шаруашылығы институтының) профессоры, мен – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорымын. Біздің бір салада бірге келе жатқанымызға жарты ғасырдың жүзі болды.

Жарты ғасырдың жартысын социализм дәуірінде өткіздік, одан беріде көріп келе жатқанымыз – капитализм. Капитализмнен социализмге, тіпті коммунизмге өтер жолды білеміз деуші едік. Социализмнен капитализмге өтер жолдан мүлде хабарымыз жоқ екен. Жоқ болса да өттік. Мемлекет меншігіндегі қазына-байлық жеке тұлғалардың меншігіне өтті. Социализмде дос, жолдас болған замандастарымыздың көбі капитализм тұсында өзгерді. Біреулер шынымен-ақ капиталист болды, біреулер болмаса да ұқсап бақты. Феодалға ұқсап жүргендер де бар. Алматыдағы Жарылғасын екеуміз социализмде қалмадық, феодализмге немесе капитализмге кіріге алмадық. Жалдамалы оқытушы болдық. Оқыту үшін алдымен өзіміз оқимыз. Өткен өміріміздің көбін оқуға жұмсаппыз. Социализм кезінде білдік дегеніміздің көбі капитализм тұсында білім болмай қалды. Капитализм заманына керек болатын білімді іздесек, оны табу қиын екен. Жартылай феодал, жартылай капиталист болып қалған заманауи замандастарымыздан жөн сұрасақ: «Есектің артын жусаң да мал тап», – деп кеңес береді. Оларға қарсы ештеңе айта алмаймыз. Өйткені мұны оларға дейін де талай данышпандар айтқан. Мұндай кеңесті алғаш естігенде, Жарылғасын Қожанасырдың көк есегі туралы ескі әңгімені еске салған. Соның бір нұсқасы Орталық Ғылыми кітапхананың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы тұрғанға ұқсайды. Оның қайда, қай жерде, қандай папкада, қандай дәптерде тұрғанын Жарылғасын «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деген көп томдық ғылыми басылымда өз қолымен жазып қойғанын айтады.

Жарылғасынның әңгімесі қызық болып шықты. Аңыз-әңгіме болса да, шынға ұқсайды. Әңгімеге арқау болған оқиғалар болмыста болғандай әсер етеді. Қысқаша баяны мынадай: Қожанасыр мініп жүрген есегін жақсы күтеді. Үсті-басын, алды-артын күнде жуып тазалайды, жемнің жақсысын, шөптің шүйгінін жегізеді. Үстіндегі ер-тұрманын күміспен күптеп, жарқыратып қояды. Оның бәрін байдың мырзасы көретіндей етіп көрнекі жасайды. Бір күні байдың мырзасы Қожанасырдан: «Қожеке, мына есегіңізді асты-үстіне түсіп күтесіз, баптайсыз, күнде алды-артын жуасыз. Есегіңіздің біз білмейтін қандай қасиеті бар?» – деп сұрайды. Қожекең жан-жағына көз салып қарайды да, мырзаның сұрағына жауап бермей жүріп кетеді. Мырза келесі жолы тағы сұрайды. Қожанасыр есегінің қандай қасиеті барын айта алмайтынын білдіреді. Мырза: «Ақы берейін, айтсаңызшы!» – деп жалына бастайды. Сонда Қожанасыр есегінің қандай қасиеті барын айтады: «Есегімді осынша баптап, күтіп, алды-артын жуып мінетінімнің мәнісі бар. Жем-шөбін уақытымен беріп, алды-артын күнде жуып тұрсам, оның артынан тезек түспейді, алтын түседі».

Мырзаның көзі бақырайып, аузынан сілекейі аға бастайды. Қожанасырдың айтқанына сенейін десе сене алмай, сенбейін десе, алтынның буы басына шауып, мазасы кетеді. Есектің артынан тезек емес, алтын түскенін өз көзімен көруге құмартып, тағаты таусылғандай болады. Сонда Қожекең байдың мырзасына «сенбесең, өзің біл» дегендей сыңай танытады да, базарға бармақ болып, есегіне мінеді. Есегін тебініп, иығынан шұқып қалғанда, есек құйрығын қозғап қалады. Сол сәтте Қожекеңнің есегінің құйрығының астына қыстырып қойған алтын теңгелері жерге сылдырап шашылып түседі. Мырза есектің артынан тезек емес, алтын түсетініне көзін жеткізіп, Қожекеңе жата кеп қолқа салады: «Қожеке, базарға бармай-ақ, мына есегіңізді маған сатыңыз!» Қожекең ары саудаласып, бері саудаласып, бағасы келгенде, есегін мырзаға сатады.

         Тыңдаушылардың кейбірі әңгіменің мәнін есектің артын күнде жуып, оған күні бойы көз алмай қарап отыратын мырзаның ісімен байланыстырады. Әңгімені айтушы өзінің тыңдаушыларының назарын есектің артын жуып мал тапқан Қожекеңнің ісіне аударады. Осы жерде әңгімеші бірқатар экономикалық ұғым-терминдерді қолданып сөйлейді: тауар; маркетинг; коммерциаландыру; реклама; ақша. Мал табу дегеннің не екенін, мал табушының кім екенін тыңдаушылар сонда ғана аңғара бастайды. Есектің артын жуып мал тапқан байдың мырзасы емес, Қожекеңнің өзі екені түсінікті болады. Сөзінің мәнісі тыңдаушыларына түсінікті болды-ау дегенде, Жарылғасын тағы бір ауыз сөз айтады: «Капитализм дегеніміз – осы». Бұған шамданып қалатын тыңдаушылар да табылады. Олардың кейбіреулері Жарылғасынға: «Сонда капитализм дегеніміз есектің артын жуып мал табу демексің бе?!» – дейді қызарақтап. Енді бірі: «Сенің Қожанасырың капитализмді қайдан білген?» – деп сұрайды.  Жарылғасын үндемейді. Сөз таппағандықтан емес.

         Жарылғасын Қожанасырдың көк есегімен байланысты есіне алған «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» 10 том болып жарыққа шықты. Ішінде неше түрлі маңызды мәліметтер, ақпараттар бар. Оны жазып, құрастырып, жүйелеген және баспаға дайындаған шығармашылық топтың басында Мәлике Ғұмарова, Жарылғасын Әбішев пен Мақсұт Шафиғов бар. Өз ісінің білгір мамандары. Жақсы, аяулы кісілер. Осы үш кісі бас болып, Орталық ғылыми кітапхана (ОҒҚ) мен М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорларындағы әдеби үлгілердің бәрі жанрлық, тақырыптық және басқа белгілері бойынша сала-сала болып жүйеленіп, әр үлгінің, оның нұсқаларының ғылыми толық сипаттамасы жазылды, паспорты толтырылды, картотекасы жасалды және осы жүйе бойынша тиісті қорда сақталды. Ондаған жылдарға созылған және инемен құдық қазғандай жұмыстың осындай басты нәтижелері негізінде жоғарыда аталған он томдық еңбек дайындалып, жарық көрді. Мен оны өз кітапханамда «Жарылғасынның он томы» деп атаймын. Бұл – ғылыми және практикалық маңызы аса зор ірі, іргелі жұмыс. Әсіресе қолжазба дерек көздерімен жұмыс жасайтын зерттеушілер үшін Жарылғасынның он томы – баға жетпес құндылық. Менің зерттеулерімнің басты бір саласы осындай қолжазба деректерге, сирек кездесетін кітаптарға негізделеді. Осы бағыттағы ізденіс жұмыстарымның барысында Жарылғасынның он томы көп жылдар бойы бағыт сілтеп, жол көрсетіп келеді. Қажетті дерек көздерін Жарылғасынның он томы бойынша анықтап, тауып алғанда, көңілім жайланып, авторлар ұжымына шексіз ризалығымды білдіремін.

         Бірде елдің кісілері хабарласып, елде ертеде өткен екі ақынның айтысы табылғанын, олар туралы басқа мәліметтердің бар-жоғын білгілері келетінін аңғартты. Мен бірден Жарылғасынның он томдығын қолыма алдым. Тиісті томнан тапқан мәліметтерім бойынша елдің кісілері іздеп жүрген екі ақынның айтысының қолжазбалар қорында үш нұсқасы барын, үш нұсқаның бірін 1940 жылы ел аузынан Әлкей Марғұланның жазып алғанын, олардың қазір қайда, қандай күйде сақтаулы тұрғанын шифрларына дейін көрсетіп айтып бердім. Елдің азаматтары айдарларынан жел есіп, алдарынан мұнша байлықтың табыла қалғанына мәз-мейрам болды.

         Елдің пайдасына жараған, рухани сұранысын өтеген еңбек оны пайдаланушының көзі мен көңілін бірдей ашады. Мұндай еңбекті терең білімнің, күшті ерік-жігердің, өзіне іздеген жақсылықты өзгелерге де тілейтін, өзінің игілігі үшін де, өзгелердің игілігі үшін де аянбай адал тер төгетін, жан сарайы таза, көкірек көзі ашық кемел кісіліктің иесі ғана жасар еді. Осы тұрғыдан келгенде, мен Жарылғасынды жан сарайы таза, көкірек көзі ашық кемел кісіліктің иесі деуге лайықты еңбекқор адам ретінде білемін.  

         Адамның білім алу үшін іздеген дерек көздерін табуына періштелер, тіпті аспандағы құстар мен судағы балықтарға дейін тілектес болады. Халықтың дәстүрлі дүниетанымында қалыптасқан осындай сенім бар. Жақсы, негізі берік сенім. Адамның білім алу үшін іздеген дерек көздерін табуына тілектес болу да, нақты бағыт көрсетіп, жол сілтеу де адамзат үшін игілікті іс. Мұндай игілікті іс періштелердің және ізгі адамдардың ғана қолынан келеді. «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» атты он томдық іргелі еңбекті жасаушыларды, солардың ішінде Жарылғасынды осындай ізгі адамдардың қатарынан көремін. Мен үшін Жарылғасын – ізгі адам. Ісімен де, мінезімен де.

         Бірге өткізген жарты ғасыр ішінде Жарылғасын мен ренжитіндей, менің көңілім қалатындай ешнәрсе істеген жоқ, бір ауыз салқын сөз айтқан емес. Жарты ғасыр бойы бір қалада, бір салада қатар келе жатқанда бір рет те жағымсыз қылық не жайсыз мінез көрсетпеген адам маған адамның аяулысы болып көрінеді. Мен үшін Жарылғасын – аяулы адам.

         Жарылғасынның немере інісіне менің немере қарындасым тұрмысқа шыққан. Немере қарындасым ерте қайтыс болды. Оған да бірталай жылдардың жүзі болды. Артында бір ұл, бір қызы өсіп келеді. Жарылғасын екеуміз – ескі құдамыз, кәрі емес.

         Жарты ғасыр бойы бірге, қатар жүру жақсы ғой. Соған шүкірлік етеміз. Сөйте тұра көңілде бір алаң бар сияқты болады. Соның мәнісін білмек болып Жарылғасыннан сыр тартқан едім. Жарылғасын көп ашылған жоқ. Баяғыда Бес қасқа қосылып айтатын ән-өлеңнің бір жолын әуенсіз, жайбарақат қайталады: Өмірдің көбі кетіп азы қалды…

         Мен айтарға сөз таппай:

– Апырай ә… – дедім.       

    Жанғара ДӘДЕБАЕВ

               

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір