ШЕКСІЗ МЕЙІРІМ
03.12.2020
1896
0

«Алматы Алатауды шынтақтаған»… Көке, сенің Алматы туралы жазылған өлеңіңнің бір жолына ғана көз жүгіртіп, ойланып қарасам, тек сенің өзіңе ғана тән сөз өрнегің дереу айқындалып, сенің шабыттанып тұрып осы өлеңді оқығандағы даусың құлағыма келеді. Қала тауды шынтақтап тұр. Ақын бұрын айтылмаған ойды айта білгендігімен ақын болады емес пе? «Алатау Алматының тұс кілемі» деген өлең жолына қарасақ-та жаңалық байқалады. Оған қоса, өлең осындай сөз қолданыстары арқылы жадымызда жатталып қалады ғой. Алматы… Өткен ғасырдың елуінші жылдары шетелден келіп, студент достарыңмен көшесінде еркін жүрген қалаң. Бұл қаланы оған дейін көрмесең де, Алматыға сен ерекше сағынышпен асығып жеттің. Өйткені сенің қиялыңды ұштап, жастық жігеріңе жігер қосқан атамның саған айтқан: «Бір қосыл, тірі болсаң, үйіріңе», – деген өсиеті еді. Асқар атамыздың өсиеті орындалып, асқар таудың баурайына келіп қоныстанған едің…

Ләйла АСҚАР, филология ғылымдарының кандидаты, лингвист-аудармашы

Мен осы Алматыда дүниеге келдім. Сол үшін де, көке, саған рақмет айтамын! Ежелгі Ұлы Жібек жолы бойындағы әсем қалаға табан тіреп, шешем екеуің алғашында қандай қиын кездерді бастан өткізсеңдер де, қала секілді мәдени орталықтан өзге жаққа көшіп кетпегендеріңе ризамын.
Мен де, сіңлім мен інім де сені «көке» деп атауға үйренгенбіз ғой. Саған французша мәнермен «папа» дегеннен гөрі, осы ерекше жұмсақ естілетін «көке» деген сөз әбден жарасатын сияқты. Ал сенің мінезіңнің жұмсақтығы туралы жай ғана айтып қою аз. Ол жайлы поэма жазу қажет дерсің! Поэма емес-ау, үлкен бір эпикалық жыр-дастанға арқау болатындай!

Мені «әжесінің қызы» деп атайтынсыңдар. Нәпен апамды, яғни әжемді мен көрген адам емеспін; ол сенің үйленген кезіңе жетпей қайтыс болған екен. Басымнан сипап, бағып-қағып, қалтасынан құрт алып беретін әжем болмаса да, мен «әжесінің қызы» болып өстім. Бұл, бір жағынан, дәстүрге беріктік болса, екінші жағынан, әкеден ерте жетім қалған сені жетілдірген шешеңе деген құрмет еді. «Әжесінің қызы» ретінде маған артық ескерту айтылмайтын. Әжемді кітаптың бетіндей етіп үлкейтіп жасап қойған фотосуретінен ғана танып-білгенмін. Көк көз, бет-әлпеті аппақ, күнделікті өмірде тазалықты қатты сақтайтын жан болыпты. Әжем бұрынғы америкалық «Зингер», кейіннен кеңес мемлекетінің меншігіне өткен Подольск зауытының тігін мәшинесімен керек-жарағын өзі тігіп алатын ісмер болған екен. Әжемнің тігін мәшинесі жайлы: «Тастақ» базарынан сатып алып, кәдімгі балалар ойнайтын шанаға салып алып келді», – деп айтқаның есімде. Әжем қол еңбегімен қатар ой еңбегімен де шұғылданыпты; жастау кезінде ауылдағы тойларда айтысқа қатысыпты. Жалпы, арғы атамыз айтыскер ақын ретінде ел ішіне танылған кісі болған екен.

ҚазМУ-де филолог мамандығын алу барысында М.Әуезов ұстаздық еткен, З.Қабдолов сабақ беріп, куратор болған бағы бар курста оқыған екенсің. Мұхтар Әуезов жүргізетін арнайы пәннен «Абайдың ғашықтық лирикасы» деген тақырыпта баяндама жазып, оны сол кісінің алдында аудиторияда оқып, талдапсың. Сонда ұстазың: «Абайдың шығармашылығын зерттеумен қашаннан бері шұғылданып жүрсіз?» – деп сұраған екен! Соны айтқан кезіңде маған ол бір ғажап оқиға сияқты естілген… Мұхтар Омарханұлы: «Туыстас түркі тектес халықтардың әдебиетін өз түпнұсқасынан оқуға тырысыңдар» деп кеңес берген екен. Бұл кеңесті енді мен де жадымда сақтап қойдым, көке. Арада жылдар өткеннен кейін өлеңдегі ұстазың Абай атамызға бірнеше туынды арнадың. Абай ескерткіші алдында сол өлеңдеріңді жатқа оқыдың. Биылғы Абай мерейтойында өлеңіңнен үзінділер келтіре кетейік:
Әр ақынға болу арман Абайдай,
Абайды оқы жүргің келсе қараймай.
Арман десең қазір жұлдыз атану,
Аспаныңнан Абай болып қарайды Ай.

Абай – жаңа, қайта оқысаң қанша рет,
Асыл сөзі көрген жоқ бір әлсіреп.
Абайды оқып жадырайтын жан қанша?
Аз емес-ау жатқан да әлі қамшы жеп.
«Абайға» деген тағы бір өлеңің: «Азайған жоқ сіз алысқан әлгі мың, Айырмасы бәрінде алуан бар білім» деп басталады. Абай заманынан да өзгермей келе жатқан құбылыстар баршылық.

Әкесі мен «әжесінің қызы»

Мектеп жасына жеткенде мені Алматыдағы №12 қазақ орта мектебіне жетектеп алып барғаның да сенің, көке, көрегендігің деп білемін. Кейіннен Қазақстан Тәуелсіздік алып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанда біз өз тілімізде бұрыннан еркін жазып, еркін сөйлеп жүрген болатынбыз. «Қаладағы жазушылардың баласы қазақ тілін білмейді» деген сөз саған қатысты ешқашан айтылған емес. Бертін келе де осы мектептің табалдырығын аттатқаның үшін саған қайта-қайта рақмет айтып жүрдім. Ұстазым Еңбек Ері Рафиқа Нұртазинаның арқасында орыс тілін меңгеру жағынан да ешкімнен қалыспадық. Ата-аналар жиналысына ылғи өзің баратынсың. Жалпы менің мектептегі кезімде сен біздің «А» сыныбының ата-аналар комитетінің төрағасы болдың; бұл жұмысқа да уақыт таба білдің. Бастауыш сыныптағы сабақтарымды ылғи тексеріп жүрдің. Мен өзіңнен жауапкершілікке берік болуды үйрендім, сөйтіп онжылдық мектепті үздік бітіргенімде қуанып, өлең жаздың. Сол жылы университетке түсіп, сен тәлім алған ұстаздардың бірқатарынан мен де сабақ ала бастадым…
Тиянақты болудың да қаншалықты маңызды екенін, көке, саған қарап біліп жүрдік. Үйді әктеу, сырлау жұмыстары біткен соң, кітаптарды қайта жинау қажет болған кезде таңғы сағат бес болмай тұрып, кітаптарды сөрелерге ретімен жинауды бастайтынсың. Бұл сенің рахаттанып тұрып істейтін жұмысың болатын. Шамамен бір сағаттан кейін ерте тұруға үйренбеген мен ұйқылы-ояу қалпымда келіп көмектесетінмін. Өйткені кітаптардың әп-әдемі болып, бір-бірімен үйлесім тауып тізіле қалуына үлес қосу қызық жұмыс еді. Бізге жоғарғы кітап сөресінен фантаст-жазушы Шоқан Әлімбаев сыйлаған Абайдың бюсты «қарап» тұратын.

«Өзіңмен пікірлес қаламгерлер көп екен»

Ұқыптылығыңды білдіретін бірнеше әдеттерің бар болатын. Өлеңдерің жазылған блокноттардың ретімен тізулі тұрғанын жөн көретінсің. Түрлі-түсті қаламдармен жазылған атаулар шабыт иесін аңғартатын. Әрбір костюміңнің төс қалтасына ұштары қалпақшалармен жабылатын қаламдар салып жүретінсің. Оларды сол костюмнің не жейденің түсіне сәйкестендіріп салып қоятынсың. Қаламдарыңмен поэзия кештері, түрлі жиындар аяқталғанда қолтаңба жазып беретінсің. Кейбір оқырмандарың, әсіресе жастар, өздеріне табанда төрт жол өлең шығарып жазып беруіңді өтініп, арнаған өлеңіңді қайта-қайта оқып, риза болатын…

«Бақытты ақын…»

Біз балалық шағымызды бақта, гүлдердің арасында, ағаштардың саясында өткіздік. Ботаника бағы мен бақытты балалық шақ біз үшін егіз ұғым. Үйіміздің ауласы бақтың кіреберісінің алдындағы Тимирязев көшесінен өте салған тұста еді. Бізді ертіп алып бақты аралататынсың. Талай көңілді шақтарды басымыздан кешірдік. Жүгіріп, асыр салып ойнадық. Тынығып отырып, құстардың сайрағанын тыңдадық. Өз елімізде өсетін өсімдіктерді көріп болып, оранжереяның ішіндегі өзге елдердің өсімдіктерін, тіпті ағашта өсетін Бразилия қауынын да көріп, тамашаладық. Гүлдердің аттары түбіндегі қалақтай ғана кестелерге жазылып қойылған болатын. Әр алуан раушангүлдердің ішінде ақсары Глория Дэй розасы да жайқалып тұратын. Көзіме елестеткен осы раушангүлдің суретін тағы бір көрейінші деп ғаламторды қарасам, міне қызық, бұл гүл көкеммен жасты болып шықты. Француз бағбаны 1935 жылдан бастап селекция жасай бастаған көрінеді. Оның үстіне «жиырмасыншы ғасырдың ең атақты раушангүлі» деп те атайтынын оқып білдім. Осы сөйлемдерді жазып отырып, сенің кейбір нәрселерге балаша таңғалып: «Міне, қызық!» дейтінің есіме түсіп кетті… Кез келген кезде емін-еркін кіріп шығу үшін Ботаника бағының басшылығынан «бұл кісі ақын, табиғат жайлы шығарма жазуы үшін бақта еркін жүруіне рұқсат» деген мазмұндағы қағаз алып, кейде кезігетін патрульге соны көрсетіп жүрдің. «Ботаника бағы» атты өлеңіңде бақтың сән-салтанаты толық бейнеленген. Өлең Алматының тарихына енгізуге тұрарлық бақтың көркем паспорты сияқты.

«Жазда… өзің қыдыртқан Ботаника бағына барып қайттық»

Балалық шағымыздың жазғы демалыс кезіндегі ғажап кезеңі – жайлау төріндегі уақыт болатын. Бізге жайлауды көрсетіп, халқымыздың болмысын түсінуімізге жол аштың, көке. Ол кезде мен бастауыш сынып оқушысымын. Жайлау деген өзгеше әлем екен! Нарынқол жақтағы Шалкөдеде, Талдықорған төңірегіндегі Белжайлауда өткізген күндеріміз ұмытылмас бір ертегі іспетті. Кеседегі қымыздың бетінде май қалқып жүргенін сонда көргенмін. Қымыздың иісі мұрныңды жаратындай. Күбі пісіп, саумалды біртіндеп қымызға өзіміз айналдырып, мәз болдық. «Күлдір-күлдір пісілген, Келеді үні сабаның» деп жазған едің өлеңіңде. Өмірімізде алғаш рет киіз үйге түнеп, таң бозында мал өргенде жаңа қызықтарға куә болдық. Жайлауда аунап-қунап жүрген жай ғана аудан орталығында, ауылда болғаннан өзгеше. Таудың жайлауы мүлде бөлек. Қарағай сағызының дәмін таттырып, сай-саладан қарақат тергізген бір керемет кездер еді. Өзімізді Әбілхан Қастеев атамыздың суреттерінің ішінде жүргендей сезіндік. Сенің арқаңда, қарсы алған халықтың арқасында ұмытылмас әсер алдық! Жайлауда таңертең тұрып, киіз үйден далаға шығып, беткейге қарасам, сен анандай биік жерде, тізеңе дәптеріңді қойып жазу жазып отыратынсың. Сол беткейдің түнгі көрінісін де өлеңге қостың. Төрт жол үзіндідегі сөз суреті түнгі жайлау тынысын сол қалпы көз алдыма әкеледі:

Сақ құлақтар жасағы,
Үріп белден асады.
Жарқ еткізіп беткейді,
Шопан есік ашады.

Жайлау саған шабыт пен жаңа өлеңдер сыйласа, бізге шат-шадыман сезім, өнеге болып қалыптасқан сәттер сыйлады. Тынбай еңбек еткен адамдардың дастарқаны берекелі болатынына көзіміз жетті.

Қалаға келген соң атқа мінген кездерімізді сағынсақ, ипподромға ертіп апаратынсың. Желмен жарысқан таза қанды салт мінетін жылқы тектері, ахалтеке жылқысы, желгіш және жорға қатынасқан жарыстарды қызықтап қайтатынбыз. Сәйгүліктердің мәреден өткен сәтіне көз ілеспейтін. Қазір бұл жарыстар мүлдем сиреп кетті. Оларды көре алмасақ та, «Ипподром» деген өлеңіңді және сонау 1980 жылы жазылған сәйгүліктерге арналған «Замана дүлдүлі» дастанын қайта оқуға мүмкіндігіміз бар. Мынандай шумақты атқа мініп тұрып, жатқа оқу қажет шығар:

Тағысында-ақ біздің қолда тулаған,
Жібек жалы желкілдеген ту маған.
Соны айтады бабам мен ат сүйегі,
Араласып бір молада қураған.

Адам мен ат сүйегі бір қорғаннан табылып жатқандығы жайлы ақпарат құралдары қазір де мәлімет жариялап келеді. Жақында табылған жәдігерлерге реконструкция жасалып, әлемдік көрмелерді аралап шықты емес пе? Дала мәдениеті, жылқының тарихта қалдырған ізі тақырыбын өзің қырық жыл бұрын жырлаған едің.
Тәуелсіздікке жеткенімізді көргеніңді ең үлкен бақыт деп айтып отыратынсың. Талай ақындар, талай жыршы-жыраулар өлеңдеріне қосып, бүкіл халық болып Тәуелсіздік таңы қашан атады деп армандап өткен еді. Ал біз өзіміздің дербес ел болғанымызды көрдік деп қуанатынсың. Ең бастысы, сен осы тақырыпты өз өлеңдеріңе арқау еттің!

Көрдім елдің Тәуелсіздік алғанын,
Орындалды көкейкесті арманым.
Қандай қиын, нендей ауыр болса да
Жан аямай түгендейміз қалғанын.

Осы өлеңдегі ойларыңды ақпарат құралдарына сұхбат бергенде де айтатынсың. Журналистердің үйде де, студияда да сұхбат алғанын жақсы көруші едің. Қала және аудан мектептері, кітапханалар ұйымдастырған кездесулерге сан рет қатысып, балаларды поэзия әлеміне жетеледің. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мерейтойларына арналған кездесулерге мектеп ұжымдары сені жиі шақыратын. Осынау талант иесінің толық шығармалар жинағын құрастыруға ат салысып, редактор болғаның жайлы әңгімелеп беретінсің. Жазда күн райы ыстық болатын жазиралы Жаркент өңіріндегі жерлестердің ыстық ықыласына бөленіп, ата-бабаларымыз туып өскен жерде бірнеше рет кездесулер өткізіп, өлеңдеріңді оқитынсың.
Кейінгі кездегі ақындардың өздері ұйымдастырған оқырмандармен кездесулері жайлы сыни пікірің көңілге қонымды еді. «Ақынның жұрт алдында өлең оқитын сәті осы шығармашылық кездесуі емес пе? Уақытты ақынның өзі ән-күйге ғана беріп қояды. Орындалатын әндер өз сөзіне жазылған әндер болсашы, олай да емес. Халық сол ақынды тыңдауға жиналды ғой. Жыр кеші болғандықтан арасында айтылған бір-екі әнмен-ақ кештің сәні толығады», – деген секілді ойларыңды қостаймыз. Себебі кітаптардың, газет-журналдардың таралымы азайған кезде былай да сирек өтетін кездесудің уақытын ұтымды пайдаланған абзал ғой. Ақынның балалары болғандықтан әкеміздің өзінің де, оның әріптестерінің де үні халыққа жетсе екен деп ойлайтынбыз.

Соңғы жылдары Жазушылар одағының қажеттілігіне қатысты «шет мемлекеттерде ондай ұйымдар жоқ, Одақты таратайық» деген пікірлерге сен қарсы тұрып, осы қоғамдық ұйымды қолдап келдің. Өзіңмен пікірлес қаламгерлер баршылық екен.
Көке, сен мәңгілік мекенге кеткеннен кейін елімізде бірқатар жаңалықтар орын алды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент болып сайланды. Белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың ұлы болғандықтан бұл өзгерісті қаламгерлер ерекше ілтипатпен қабылдаған сияқты. Президентіміздің бес тілді меңгергендігі біздер сияқты филологтар отбасын мақтаныш сезіміне бөлейді. Ал Астана деген атау Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгерді. Көке, қаланың аты өзгеретіндігін және тап осылай болып аталатындығын сен бірнеше жыл бұрын, теледидардан Астана жайлы хабар көріп отырып, шешем екеуімізге айтқаныңды сол бұйрық шыққанда есімізге алдық.
Сенің қазақ, татар, қырғыз әндерін айтқанды, тыңдағанды жақсы көргенің жайлы шешем өз мақаласында жазған болатын («Қазақ әдебиеті», 24 қаңтар 2020 ж.). Тағы бір сүйікті әнің еске оралады. Халық әндерінен еш кем түспейтін алпысыншы жылдарда орындала бастаған «На побывку едет молодой моряк» деген әнді теледидар немесе радиодан ести сала қосылып шырқап кететінсің. Әсіресе қайырмасын айтқанда жаның жадырап, бір қолыңмен әнді әуеге қалықтатып жібергендей қимыл жасайтынсың.
На побывку едет молодой моряк,
Грудь его в медалях, ленты в якорях,
– деп келетін әннің әсері оның авторларының фольклорлық сарынды дамыта білген стилінде шығар. Өйткені халықтық дүние өзге ұлт өкілдеріне де жақын ғой. «Ойға ұялар бір жақсы сөз естісем, Алдыменен айтып жүрем авторын» деп өзің жазғандай, әннің авторларын айтып өтейін: ақын Виктор Боков, композитор Александр Аверкин. Сөзін жазған адамның сенің халықтық өлеңдерді жинап бастыруға әуестігің секілді орыс халық өлеңдерінің жинағын шығарғандығын кейін біліп жатырмыз. Ән демекші, сенің сөзіңе жазылған жаңа ән жайлы болашақта сөз болар деп ойлаймын.
Биыл көктемде елу үш тілде хабар тарататын көрші елдің телеарнасынан татардың «Ай, былыбылым» әні жаңаша орындалды. Қазан қаласының тумасы жас әнші Дина Гарипова бала кезден таныс әнді бастап келіп жібергенде, осы әнді шабыттанып айтып отырған қалпың көз алдыма елестеп кетті.
Ай, былыбылым, ай, былыбылым,
Агыйделнең камышы;
Таң алдыннан шүт-шүт килә,
Сандугачлар тавышы.

Әннің мәтінін тауып алып, кеңістіктен сенің үніңді іздегендей, ақырын қайталап қоямын.
Қазір пандемия кезінде конференциялар, жиындар, сабақтар тек компьютер арқылы, яғни желіде ғана өткізіліп жүр. Бұлай байланысу әдісінің қанша уақытқа созылары белгісіз… Жалпы интернеттің орнын біртіндеп нейронет басуы да мүмкін. Кейде «бүгінгі ахуалға сен қандай баға берер едің?» деп те ойланып қоямын.
Жазда, бала кезімізде өзің қыдыртқан Ботаника бағындағы бірнеше жылға созылған қайта жарақтандыру аяқтала салысымен, оның ресми ашылған күнінде барып қайттық. Сен қасымызда жоқсың…

Биыл сенің 85 жылдығыңа арнап өзіміз дайындаған «Бақытты ақын» жинағын шығардық. «Оразақын Асқар хақында» деп басталатын кітапқа шығармашылығың жайында жазылған елу сегіз мақала мен саған арналған қырық шақты өлең енген. Аз данамен шықса да, шешеміз біраз жылдан бері жинақтап жүрген осы материалдар халықтың саған деген шынайы ықыласын білдіреді. Үлкенді-кішілі барлық жарияланған жинақтарыңның саны, балаларға арналғандарын қоса есептегенде, 45 кітап болды. Сексен төрт жасыңа дейін жазбаған тақырыбың кемде-кем шығар… Шығармашылығың жайлы қалам тартқан ақын-жазушылардың, ғалымдардың, журналистердің, кітапханашылардың, өнер адамдарының туындыларын ризашылықпен қайта оқып шықтық. Жинақтың атын сіңлім Лауланың ұсынысы бойынша осылай атадық. «Ақынның түсінікті мағынасы, Ораздың бақыт екен баламасы» деп өз есімің мен өміріңнің сәйкестігін ашып берген өлеңіңді басшылыққа алдық. Шешем саған: «Өзің туралы жазылған әдеби, ғылыми ой-толғаныстардың бәрінің басын қосып, 85 жылдығыңа бір кітап етіп шығарамыз», – деп айтқан екен. Сен сонда қатты қуанған екенсің…
Халықтық қара өлең нұсқаларын жас кезіңнен бастап өмір бойы жинап, тақырыптарға топтастырып, екі рет кітап етіп шығарғаның қазақ халқының мәдени мұрасына қосқан ерлікпен пара-пар үлес деп айта аламыз. Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың 2010 жылы: «Қазақ халқының ғасырлармен қапталдаса қатар жасайтын 4400-ден астам қара өлеңін О.Асқардың жападан жалғыз бастыруы дербес ғылыми мекеменің еңбегіне татиды», – деп бағалағаны аталған жинаққа енді.

Жамандар жақсымыз деп айқайлайды,
Жақсылар жақсымыз деп айта алмайды,
– деген қара өлеңдегі әрі қарапайым, әрі терең халық тұжырымдары күнделікті өмірде ескерілсе деп ойлаймын. Өйткені өзің сияқты жазушылардың шығармашылығы әділ, мәдениетті адамдардың өздеріне лайықты өмір сүруі идеясын орнықтыруға бағышталған емес пе?
Сен көңіліме ұялатқан ұстанымдарыңның ішіндегі «Бәрінен де ақыл-ес жақсы» деген ойды күнделікті тіршілікте, өмірде темірқазығымдай көремін. Тұңғышыңның шығармашылық ізденістеріне риза болған жан тебіренісің, амандық болса, алдымдағы қадамдарымды да нұрландыра берер.

«Ләйла» деген балаларға арналған тұңғыш кітабың баланың атынан жазылған өлеңмен басталады. Болашақта қандай болатындығын айтып, уәде беріп тұрған бала былай дейді:
Маман болам,
Елі мақтар әр ісін.
Адам болам,
Жібермейтін намысын.
Осы бағдармен жүрсем, ешқашан адаспайтыным анық, әке!
Жақсылық атаулының бәрі айналып келіп отыратын қасиетке ие емес пе? Сенің шығармаларыңды танып-білудің жаңа кезеңдері әлі алда. Өзің баспасөз беттерінен өлеңдерін оқып отыратын қазіргі жас ақындарға қоғамдағы, отбасындағы болмысыңмен қандай керемет үлгі көрсетіп бердің. Халық өзіңді мықты қазақ ақыны деп біледі. Өміріңнің әр сәтінде ақын едің, енді мәңгілік ғұмырыңда да ақындық жүрегіңнен шыққан жырларың жарқырай түседі деп сенемін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір