Айдос Есмағамбетов: Арманым мұражай ашу
01.12.2020
2634
0

Қазақстандағы тұңғыш гиперреалист мүсінші, суретші Айдос Есмағамбетов 34-те, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. «ҚР 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы. «Шабыт» фестивалінің Гран-При иесі. Қазір «Astana musical»» театрында  гример. Талантты жігіт Абай, Абылайхан, Н.Назарбаев, С.Нұрмағамбетов тәрізді бірнеше әйгілі тұлғаның бейнесін балауыздан, силиконнан айнытпай сомдап шығарды.

– Айдос, алғашқы жұмысың туралы айтсаң…

– Алғаш Елбасының мүсінін жасадым. Ол кісінің Қазақстанға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз деуге болады. Сол ісіне тәнті болғандықтан, бірнеше мүсінін силиконнан жасадым. 2012 жылы костюмін иығына асып еркін тұрған, сосын 2017 жылы «Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге отырғанын, сосын биыл тағы бір бейнесін сомдадым. Қазір ол Түркістан қаласында.

– Өзіңді гиперреалист-мүсінші деп атайды екен. Оқырмандарға түсінікті болу үшін гиперреализм жанрына тоқталсаң…

– «Гиперреализм» терминін 1973 жылы Иса Брахот деген азамат енгізген.  Жалпы, бұл жанр өткен ғасырдың алпысыншы жылдары АҚШ-та пайда болды. Аталмыш жанр өмірге келісімен-ақ әлемдегі шығармашылық пен өнер бір сілкінді деуге болады. Гиперреализм өнер жолында өзіне жалғыз соқпақ ашып алды да, алға қарай ептеп жылжи берді. Мөлшері отыз жылдай мерзім өткенде гиперреализмнің сол соқпағы үлкен даңғыл жолға айналды. Гиперреализм жанры нақты жасаған, салған затыңды дәл айнытпай келтіру емес, сол заттан шынайылықтың иісін аңқыту деген сөз. Мәселен, адамның мүсінін жасасаң, оның беті-қолындағы (аяқтарындағы) тамырларының, тіпті терідегі жасушаларының адырайып көрініп, шынайылықты паш етіп тұруы маңызды. Бұл салада америкалық Одри Флэк (Audrey Flack), Джейсон Ярмоски (Jason Yarmosky) мен Патрик Крамер (Patrick Kramer), канадалық Крис Вудс (Chris Woods) пен Брайан Болтон (Brian Boulton), испан Хавьер Агилера (Javier Aguilera) секілді гиперреалист суретші-мүсіншілерді айтуға болады. Қысқаша осы.

– Өзің жайлы айтшы. Қай жерде тудың? Қайда өстің, дегендей…

– Мен Қостанай облысындағы Қайыңды ауылында 1986 жылы дүниеге келіп, 12 жасыма дейін тұрдым. Кейін қалаға жақын Арқалық совхозына көшіп бардық. Сол жерде орта мектепті аяқтадым да Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша бітірдім. Әкем Әкімғали да, анам Сәуле де өнерден құралақан жандар емес. Екеуі де суретті жақсы салады. Әкем негізі, архитектураны оқыған адам. Ол шаруашылық директорының көлігін жүргізетін қарапайым жүргізуші болса да салған портреттері мен картиналарына таңғалумен өстім. Анам да суретші. Жезқазғанда домбыра сыныбынан сабақ береді. Көрпе, бөстек тігіп, өз қолымен әртүрлі кесте, шляпа тоқи алатын шебер жан.

– Осы гиперреализм жанрына қалай келдің? Не түрткі болды?

– Жалпы, адамның қолынан шыққан нәрсені адам жасай алады деп ойлаймын. Шет елде дамып әжептәуір дәрежеге жеткен бұл жанр қалайша бізде қолға алынбайды деп ойладым. Алғаш Барак Обама АҚШ Президенті атанып, Мадам Тюссо мұражайында оның балауыздан жасалған бейнесі қойылғанда, маған да халқымыздың тарихи тұлғаларының мүсіндерін сомдау туралы ой келді. Алайда, Лондондағы Мадам Тюс­со мұражайында команда болып, бірі басын, бірі денесін, бірі екі көзін жасап дегендей бірігіп, ұжым болып жұмыс істейді. (Айта кетерлігі, бұл мұражайдың әртүрлі қалаларда 23 филиалы бар). Сосын бейнесін сомдайтын адамды натурадан шақырып, соған қарап жасайды. Ал мен кейіп­керлерімді фотосы арқылы жасауға мәжбүрмін. Фотосы арқылы демекші, биыл туғанына 175 жыл толған ұлы Абайдың бейнесін 1896 жылы Семейдегі Куз­не­­цов­тың фо­тосалонында түсі­рілген фотосына қарап жасадым. Өздеріңізге мәлім, мұнда Абай Діл­дә­дан туған үлкен ұлы Ақыл­бай, Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұлмен бірге түскен ғой. Бұл суретті 1941 жылы Мұх­тар Әуезов Се­мейдегі ақын мұражайына өзі әкеліп тапсырғанын білесіздер. Жалпы, өте төзімділікті талап ететін қиын жұмыс қой. Сақал-мұртының, шашының әр талын пинцетпен орналастырам. Көзінің жарқылын, терісінің түсін жарық гаммасына үйлестіре жасауға  тырысамын. Көзінің, мұрын мен ауыздың арасын өлшеп, пропорция сақтап, түпнұсқамен бірдей шыққанын қадағалаймын. Аэрографиялық, эмульсиялық жабындардың көме­гімен түс, көлем секілді текстураларды беруге тырысам. Онсыз ақиқаттан алыстайсың. Шынымен, өте шыдамдылық пен асқан сабырлықты талап ететін жұмыс. Негізі, бір мүсінді келістіріп толық аяқтау үшін 4-5 айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Бірақ, бұл өзі осыған татиды. Осыдан ләззат аламын десем, болады.

Қандай арманың бар?

– Арман көп қой. Ең алдымен, осы саланы көптеп, қолпаштап биік белеске көтеріп тастасақ деймін. Әзір жоғары жақтан бір ықпал болыңқырамай тұр. Мүмкін, көріне алмай жатқан да шығармын… Сосын балауыздан, силиконнан жасалған тұлғаларды бір жерге топтастыратын мұражай болса деймін.

Естуімізше, биыл отбасын құрыпсың. Бақыт тілейміз!

– Көп рақмет!

                                                                      Сұхбаттасқан Берікхан ТАЙЖІГІТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір