Сәби көңілін таба білген қаламгер
01.12.2020
1232
0

«Қазақ балалар поэзиясының белді өкілінің бірі – ақын Көмек Ыбыраевтың әр туындысының өмірге келуі кішкентай оқырмандар үшін кішігірім той дерлік» деп, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, балалар, жалпы тәрбиеші, ұстаздар қауымы ақынның әр жинағын асыға күтеді. Себебі танымдық, тәлімдік мәні зор автор туындылары бала жанына жақын әрі тез жатталады. Ал ұстаздар үшін әдістемелік құрал іспетті.

Ол, ең біріншіден, бала болып ойлап, бала болып ойнай біледі. Әр туындысының сәби жанына етене жақын болуы да сондықтан. Баланы алдаусыратып, жасанды жасық дүниемен емексітуге болмайды. Себебі ол оны қабылдамайды. Көмек ақын алдымен осы бір қағидаларды көкейде ұстайды. Осыдан келіп, қаламгердің кез келген өлеңі ойнақы, бала жүрегіне жақын болып шығады. Мысалы, «Оңай жауап» деген өлеңін оқып көрейік.

Менің інім Ералы

Биыл беске толады.

Дедім оған: Балықтың

Қанша түрі болады?

 

Тосылатын ондайда,

Жауап берді сол бойда:

– Піскен және піспеген…

Екі түрі болмай ма?!.

                                                                  («Көжек» кітабынан)

Екі-ақ жол қысқа жауаптан баланың бүткіл болмыс-бітімі, мінезі ашылып тұр. Кімді болсын еріксіз езу тартқызары сөзсіз. Және баланың жауабы екеніне риясыз иланасыз.

Немесе, үш-ақ  шумақтан тұратын  «Тапқырлық» деген өлеңін алайық:

Алғаш рет Самат пен

Марат келді елкаға.

Күлімсіреп әдеппен

Жақындады ортаға.

 

Ойыншықтар жетеді,

Қалды оларға ұнап-ақ.

Шетке шығып екеуі

Ақылдасты тұра қап.

 

«Қойып дауды, таласты,

Тауып алып көшетін

Біз де егейік ағашты

Ойыншықтар өсетін!»

                                                                («Көжек» кітабынан)   

Ақынның тағы бір қырын Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз былай аша түсіпті: «Көмек Ыбырайұлы – ең алдымен көрудің, елестетудің, әр нәрсе, әр құбылысты қатар қойып өзара ұқсастық таба білетін ассоциацияның ақыны. Суреткер. Оның көзі бір көрініске түсіп үлгергенше, көңілі екінші көрініс, көргенінен аумайтын егіздес сурет тауып үлгереді».

Қадағаңның бұл пікіріне дәлел болатын мысалдарды ақын кітаптарынан көптеп келтіруге болады. Мәселен мына бір музыкалық жұмбақтарды алып көрейік:

                        Үтірге ұқсас кілт

                                             (Бас кілт) 

 

                 Бес түзу жолдың бойына,

                 Шаншылды бақбақ ұлпасы.

                 Жолдарға қарап отырып,

                 Әніңді қане, шырқашы.

                                           (Ноталар)

              Әрі  әріп, әрі сан,

              Қай нота, айтшы танысаң.

                                            (О бүтін нота)

 

Тағы бір құптарлығы Көмкең балалар әдебиетінің барлық жанрында табысты қалам тартып жүрген ақын. Өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, музыкалық жұмбақ, аңыз, дастан дейсіз бе, жетіп артылады. Оған прозалық шығармалары мен әндерін қосыңыз. Арнаулы музыкалық сауаты бар композитор ән мәтіндерін де көбіне өзі жазады. Автор өтірік өлең мен жұмбақтың айтыс түрін  де («Суайттар айтысы») ұтымды бере біледі. Мұны  да  бұл жанрдың жаңа қыры деуге болады.

Біздіңше, қаламгер  шығармаларының шынайы да шырайлы шығуына көп әсерін тигізетін тағы бір жайт бар сияқты. Ол – автордың өз кейіпкерлерінің қайнаған бел ортасында жүруі. Мектеп  өмірі, оқушылармен күнделікті қарым-қатынас – Көмек Ыбырайұлының шығармашылығына шабыт алар қайнаркөзі десек, қателеспеспіз, сірә.

Отыз жылдан астам уақыт жалпы білім беретін мектептерде ән-саз пәнінен дәріс берген ұлағатты ұстаз балаларға арналған «Көжек», «Көбелек», «Сыйлық», «Сиқырлы үшбұрыш», «Жетіген», «Көкпар», «Есті көктем самалы»  сынды  он бес шақты кітап пен «Апа, туған кү ніңмен!» атты әндер жинағының, «Жиделер гүлдегенде» атты күйлер топтамасының (37 күй) авторы. Халыққа білім беру ісінің үздігі. Таңдаулы балалар шығармаларына арналған Халықаралық «Дарабоз» конкурсының 2006, 2009 жылғы жүлдегері. Қазақ балалар әдебиетіне сүбелі үлес қосып келе жатқан республикамызға танымал қаламгер.

Биылғы наурыз айында жетпістің желмаясына мінген әріптесіміздің алдағы уақытта да өзінің кішкентай оқырмандарына берер базарлығының мол екендігіне сеніміміз кәміл. Сол жолда Көмкеңе шығармашылық табыс тілейміз.

Арасанбай ЕСТЕНОВ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір