МҰРАТЫМ – АТАМНЫҢ АРМАНЫН ОРЫНДАУ
22.11.2020
2425
0

Зарина КАРМЕН, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері

Өнерге келуіңізге кім себепкер болды?

– Марқұм нағашы атам Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрында қызмет істеген. Мен ол кісінің сүйікті немерелерінің бірі едім. Ес білгелі қамқорлығын көріп өстім. Атам мені ылғи театрға апаратын, тіпті репетициясына да ертіп алатын. Ол кезде кішкентай мектеп оқушысымын. Қарап отырсам, өнер атты ұлы жолдың тылсым сырына сол кезден-ақ дендеп еніппін. Біздің үйіміз М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрына жақын орналасқан. Атам мені ылғи қолымнан жетектеп алып жол бойы спектакльдерді талдап, әлем классикасынан сыр шертетін. Сол кезде көрген спектакльдерім мен театр әлеміне алғаш қадам басқан кезім – жадымда мәңгі сақталатыны сөзсіз. Тіпті алғаш көрген «Қилы заман», «Ақымақ болған басым-ай», «Мәңгілік бала бейне» сынды спектакльдер ерекше бір сезім қалдырды, өнерге деген құштарлығымды оятты. Ол кезде мен де, атам да, тіпті туыстарым да болашағым театрмен байланысты болатынын білген жоқ. Өнер адамы болатынымды ешкім де күтпеген еді. Бірақ мен жүрек қалауымен осы жолға келдім.

Ата-анаңыз, туыстарыңыз таңдауыңызға ықпал етті ме?

– Атам өз дәуірінің өте талантты, қабілеті мол актері еді. Бірақ ол кісінің тік мінезі мен шындықты бүкпей айтатын қасиеті үшін жұлдызы жарық бола алмады. Әр кезеңнің өзіне тән бүкпесіз ақиқаты болатындай, менің атам – шындық үшін шырылдаған, өнер үшін барын салған, екіжүзділікке қарсы сөз айта білген қайсар адам. Қазіргі таңда ол кісінің көзін көрген актер апа-аталарымыз менің жасап жатқан тың жұмысыма риза болып, ақ батасын беріп жүр. Мұратым – атамның арманын орындау, ол жетпеген жетістікке жету. Бұның бәрі өмірім мен болмысым үшін өте маңызы бар. Мектеп жасымда сондай тұйық бала болатынмын. Басқалар сынды қолыма домбыра алып ән де айтпаған екенмін. Мектепішілік шараларға қатысып, хор айтқаным болмаса, мені болашақта өнер адамы болады деп ешкім ойламаған. Себебі анам мені халықаралық қатынастар саласында жұмыс істегенімді, тіл меңгеріп шетел асқанымды қалайтын. Бірақ, атам дүниеден озғаннан кейін менде бір ғана таңдау болды, бұл – әртіс болу. Атамның жетпеген жетістігіне  жету. Кейін анамның рұқсатымен қалаған мамандығыма түстім, сол кезден-ақ кішігірім съемкалық өмірім басталған…

Ең әуелгідегі актерлік мамандық туралы ойыңыз бүгіндері өзгеріске ұшырады ма?

Өз мамандығымның сырын әлі толық аша алған жоқпын. Құпиясы мол. Әр жыл сайын бұл саланың жаңа қырларын байқай түсемін. Театрға алғаш келген кезде толған амбиция, бәрі қолымнан келетін сияқты, бәрін айта салсаң бола қалатын сияқты… Жоқ! Уақыт өзінікін алады екен, әр нәрсені өз орнына қойып, ағын ақ, қарасын қара деп бөліп береді. Тұрмысқа шығып, дүниеге сәби әкелуім – көзқарасымды өзгертті. Осыдан кейін дүниедегі көп нәрсеге басқаша қарай бастадым. Әрі өмірлік тәжірибе жинақталды.  Қаншама кісілермен араластық, дос болдық, сырластық. Адам деген – тұнған өнер ғой. Адамды өзіңе қанша тартқан сайын, оның сен үшін кім екені, оң мен теріс пиғылы біліне бастайды. Осылайша өмірлік пәлсапаң да қалыптасады. Өзіңнің призмаңнан өткен нәрсені сахнада қолданасың. Бұл дегенің – сахналық кейіпкеріңді тануыңа мүмкіндік туғызады. Өмірлік тәжірибең неғұрлым көп болса, одан ой түйсең, сол арқылы өзіңнің әлемге, оқиғаға деген көзқарасың қалыптасады. Тіпті кәсібіңе, рөліңе, ұстанымыңа, спектакліңе, көрерменіңе көзқарас қалыптасады. Қазір менің декреттік демалысқа кетуім де саналы түрде орын алғандай. Өйткені көп сахнада жүре алмаймын. Себебі маған энергия жинау керек, ал күш-қуатты отбасымнан аламын. Қазір басқа бір дем, басқаша бір жаңару болды. Кешегі сахнадағы Зарина мен қазіргі Зарина мүлде басқа.

Сахнадағы образды қалай жасайсыз?

Актер үшін образ түзу – үлкен, ауқымды іс. Сен әртіс ретінде бір образ жасасаң, ол сенің үлкен жеңісің! Сахнада көптеген рөл ойнауыңа, жасауыңа  болады, бірақ образ жасай алсаң – ол өмірлік жеңісің! Мен сахналық рөл алған кезде ең алдымен кейіпкерімнің автобиографиясын зерттеймін. Тіпті оның қазіргі жасын есептей отырып, оның өмірге келуі, осы жасқа дейінгі іс-әрекеті мен болмысын зерделеймін. Неғұрлым кейіпкеріңе жақын болып, онымен сырласа білсең, соғұрлым ісің жемісті болмақ. Сол үшін, біз тек орындаушы ғана емеспіз, бізде тұнған психологиялық өнер де бар. Мен енді образ жасай алдым ба, жоқ па, білмеймін. Бірақ, істің орны өз уақытында көрініп, дәлелденетіні сөзсіз, мендегі қазіргі жұмыс тынбай еңбек ету, қалғаны уақыттың еншісінде…

Ойнаған рөлдер өміріңізге қалай әсер етті? Сіздің болмысыңызда өмірдегі рөлмен және өнердегі рөлмен қандай байланыс немесе алшақтық бар?

– Сахнада жасалатын әрбір рөл әртіс үшін ыстық. Мысалы, әр рөл үшін энергия, тың көзқарас керек! Рөл әртіс адам үшін оның баласы іспетті. Сен оны толғағындай сезесің, дөп шықты ма, әлде жұмыс істеу керек пе, оны сенен артық ешкім білмейді! Сен ол рөліңді қызғанасың, жақсы көресің, оны қорғайсың, сол себепті де, рөл әртістің өміріне тікелей қатысты деп ойлаймын. Мысалы, бір рөлді екі актер ойнаса, екеуінің сомдаған бейнесі, образы бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Себебі, әр актердің өз ұстанымы, өз туындысы болады. Әрдайым мен рөлім үшін алаңдаймын, ойлаймын, уайымдаймын, себебі, ол менің болмысымнан өтеді. Сол үшін де әр рөлім маған ыстық, мен оларды жақсы көремін, олардың үздік болуы үшін бар күш-жігерімді  жұмсаймын!

Шығармашылығыңызға кім баға береді? Қандай сынды қабылдайсыз? Өзіңізге қаншалықты әділсіз?

Мен конструктивті сынды өте жақсы қабылдаймын. Жасаған жұмысыма білікті мамандардың сыни тұрғыдан қарап, оны талдауы мені шын жүректен қуантады. Өмір болғасын қаншама сыни пікірдің ортасында жүресің, әр түрлі көзқарас, сан түрлі пікір. Бірақ жөнсіз, әдейі жанды жаралау үшін айтылған деструктивті сындарға мән бермеуге тырысамын. Ең алдымен, әр жұмысым өз сынымнан өтеді, сол үшін де алып-қашпа әңгімеден тұратын сындар маған қажет емес. Себебі олар менің жұмысыма ешқандай тың идея бере алмайды. Өз әріптестерім арасында айтылатын пікірлер, әрине, қымбат. Өнерде әділ сын айта алатындар аз. Себебі, біз ең алдымен адамның көңіліне қараймыз. Сайып келгенде шебер пікір айтып, дөп басу да өнер. Ал айтылған сынды даму жолына бағыттай алатын әртіс болса, онда оның жолы болғаны!

Еңбектің еленгені сіз үшін қаншалықты маңызды?

Актерлық өнер мен еңбекті бағалау – өте маңызды нәрсе. Жасаған еңбектің жақсысын жақсы, жаманын жаман деп айту әртіс үшін керек. Одан сапа қалыптасады. Ал даңқ пен атақ тек еңбекпен келетін дүние. Кейде марапат, даңқ та баққа қонатын секілді… Мысалы, бар ғұмырын өнер жолына сарп етіп, еңбек еткен адамдар даңқсыз жүреді. Біз оларды дарынсыз дей алмаймыз. Кейде жаңадан шыға салып, жұлдызы жарқырайтын адамдар да бар. Осыған қарап бақ дегеніміз ұшатын құс сияқты, ол кімге қонса, атақ та сонымен бірге болатындай… Ал  еңбекті бағалау әр өнер адамы үшін керек нәрсе. Бұл – стимул, бағдаршам. Әр жұмыста перспектива болу керек, онсыз ақпай қалған су секілдісің. Бір қағаз марапат алсаң да сенің жұмысыңа стимул болары сөзсіз. Баяғыда маған ағайым: «Биіктен құлаған ауыр болады», – деп айтушы еді. Сол үшін құламау керек, алға қарай жүру беру  керек. Бірақ атақ-даңқ үшін емес, өзің үшін. Бұл әлемде мүмкіндігіңнің қаншалықты бар екенін білу үшін тоқтамау ләзім. Өйткені адамның күші, санасы шексіз.

Көрермен қошеметі ненің белгісі деп ойлайсыз?

Мен көрерменнің реакциясы үшін жұмыс жасамаймын. Егер көрерменнің реакциясына ілініп кетсең шатасып кетуің мүмкін. Көрерменнің қалауын берсең, өз жолыңнан тайып кетуің бір-ақ сәт. Партнер үшін ойнау керек, бірақ көрерменді ұмытпау керек. Біздің өнер, біздің театр, біздің ұжым көрермен үшін, бірақ сахнадағы ойын партнер үшін. Ең басында пьесаны драматург жазады, оны режиссер қояды, актер соны көрерменге жеткізу үшін өзіндік позициясын орындайды. Егер көрермен күліп жатса, күллі мақсат орындалды деп түсінбеген жөн. Сен бастапқы линияны сақтауың керек, ешқашан линия үзілмеуі керек, сонда ғана көрермен қабылдайды. Егер көрермен үшін ойнасаң  stand up show болады, ал театр шоу емес…

Актерлік кәсіптің мықты немесе осал тұстары, шектеулері мен қиындықтары қандай?

Актерлық – ғажап мамандық! Бірақ актерлық мамандық кез келген адамды қабылдай бермейді. Көп адам актер болғысы-ақ келеді, бірақ сені ол мамандық қабылдамаса, болмысың өнерді тартпаса, онда ештеңе шықпайды. Егер сен өнер адамы болсаң онда бұл ғажап әлем. Сен күнделікті адамдардан бір саты жоғарысың. Өнер адамының жақсы да емес, жаман да емес, өзіндік бір ерекше әлемі болады. Сонымен қатар, әртіс адамның қаражаты аз. Көпшілік әртістер мінсіз өмір сүреді деп ойлайды, шындап келгенде олай емес. Ішкі бір ауыртпалықтың иесі болып, өзің ғана арпалысып, сәті келсе босап шығасың. Сол үшін айтарым, әртіс болу оңай шаруа емес. Сен өз стиліңді қалыптастыруың керек, тіпті сөз саптауың да ерекше болуы тиіс. Өнер адамы мейлінше сабырлы байыппен сөйлеуі керек, себебі сен халықтың адамысың, сені тыңдайтындар бар. Өзіндік ауыртпалығы болса да, біз мамандығымызды ерекше жақсы көреміз.

Театрдың болашағын қалай елестетесіз? Сізді театрдың қандай жаңа формалары қызықтырады? Театр қай бағытта дамиды?

Театрдың болашағы ойландырмай қоймайды. Қазіргі жағдайға байланысты «ертеңгі күн қалай болады? Ертеңгі театрдың мәселесі не болады?» деген сауал мені ғана емес, әріптестерімді де толғандырады. Мен өзім театрдың формасын іздейтін адамдардың қатарынанмын. Ұстазымның мына сөзі жадымда жаңғырады: «Сен измдерге көшу үшін бірінші akademicism дегенді толық меңгеріп алуың керек». Ал, akademicism-ді түсінбей жатып, басқа бір форманы іздеу – әпенделік, қараңғылық. Біздің театр академиялық театр болғандықтан мүмкіндігіміз көп. Осынау қиын кезеңнен аман өтсек, алар асу алда!

Карантин жайындағы ойыңыз қандай? Енді елде қандай өзгеріс болады деп ойлайсыз?

Бізге күнделікті келіп жатқан, акпарат құралдары айтып жатқан әр жаңалыққа бүкпесіз сенуіміз керек. Тіпті, әлі күнге дейін вирустың барына сенбей жүргендер қаншама. Өз қара басымызды ойламауымыз керек. Бір адам ауруға шалдықса, бұған немқұрайлы қарау – үлкен қателік. Қазіргі таңда ең алдымен денсаулықтың қадірін біліп жатырмыз. Адамның денсаулығынан асқан байлық жоқ. Карантин шаралары отбасы құндылығын күшейтуде. Осы бір қысқа ғұмырды өкпе-ренішсіз өткізсек екен. Қолдағы бақытымызды дер кезінде бағалауды да осы бір жағдай түсіндіріп жатқандай. Бір-бірімізге қамқор болып, осы бір ауыр жағдайдан аман-есен өтсек, барша адамзат үшін игілікті күнге тезірек жетсек деп тілеймін.

Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Мия АЛҒОЖА,

Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ы кинотеледраматургия мамандығының 2 курс студенті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір