Б. Қанапиянов. Абайдың алғашқы кітабы
23.11.2020
1798
0

(Қазақ ойшылының туғанына 175 жыл толуына орай)

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Семейде өткен шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесуде Абай шығармаларын әлемнің он тілінде (ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдері) жарыққа шығарудағы Ұлттық аударма бюросының (директоры Рауан Кенжеханұлы) жұмысын атап өтті. Ұлы Абайдың дүниежүзінің осы тілдерде шығатын кітабына жүз елу өлеңі мен үш поэмасы және қара сөздері енген, көлемі 500 беттен астам, әр томының таралымы 3000 дана. Осы орайда ақын Бақытжан Қанапияновтың Абай шығармаларының аудармалары, ұлы ақынның алғашқы кітабының жарық көруі және туындыларының түрлі тілдерге тұңғыш тәржімелену тарихы туралы мақаласын ұсынып отырмыз. Ол құрастырушы және әдеби кеңесші ретінде Ұлттық аударма бюросының шығармашылық процесіне белсене қатысып, ақын шығармаларын әлем халықтарының игілігіне айналдыруға үлкен үлес қосты.

Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ.


Абай дүниеден өткеннен кейін, 1905 жылғы көктемде інісі Ысқақтың ұлы Кәкі­тай мен өз ұлы Тұрағұл ақын өлеңдерін жи­­нас­тыруды қолға алады. Жидебай, Бөрілі және Семей маңындағы басқа да ауыл адамдарының көкейінде жатталып, жү­ре­гінде сақталып қалған ақынның өлмес туын­дыларын – барлық өлеңдері мен әндерін сол заманның оқыған азаматы, әдеби сауат­ты, қолы жатық Мүрсейіт Бікеұлы бір ай ішінде қазақ-шағатай тілінде араб қар­пі­мен қағазға түсіреді.

Ақындық талант бойына туа біт­кен Абай бала жасынан араб-парсы поэзиясының ықпалымен тәрбиеленіп, түрік мифо­логиясы мен эпосын жақсы біліп өскені аян. Ол сондай-ақ әр қазақтың шаңырағындағы қоңыр үнді домбыра шанағынан әуен төгіліп тұратынын әрі осы бір киелі аспап пен халықтың өшпес жадының арқасында фольклорлық шығармалар ғасырлардан ғасырларға жалғасатынын терең түсінген.

Сондықтан да ақын өз шығармалары: өлеңдерін, әндері және аудармаларын бола­шақ­қа аманаттаудың ең ұтымды жо­лын дәл тапқан, ол – сазды әуен еді. Қыр төсінде «Татьяна әні» осылайша дүние­ге келді. Ол бір киіз үйден екіншісіне, ауыл­дан ауылға тарап, қазақ сахарасына еркін жайылып кетті. Тіпті Лермонтовтың про­залық туындысы «Вадимді» Абай өлең­ге айналдырады. Ал ақынның ізбасары Шәкә­рім «Дубровскийді» поэзия тілінде сөйлетіп, оған жаңаша дем беріп, жан бітірген…

Омбы баспасөзінде жарияланған бір­ді-екілі өлеңдері болмаса, Абай көзі тірі­сін­де тасқа басылған шығармаларын кө­ре алмай кетті. Жаңа, жиырмасыншы ғасыр таңы атқанда уақыт талабына орай, Әли­хан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Дулатов және сол кездегі көкөрім жас Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров тәрізді қазақ зиялыларының озық ойлы өкілдері қалыптаса бастаған кезеңде Абай өлеңдерін халық үшін жарыққа шығару аса қажеттілікке айналды.

Бұл игі мақсатты – ақын мұрасын қағазға түсіріп, басылымға дайындауды жүзеге асыру үшін Мүрсейіт Бікеұлына же­ке киіз үй тігіліп беріледі. Ал 1905 жы­лы маусым айының аяғында Кәкітай Ыс­қақұлы дайын қолжазбаны алып, Әли­хан Бөкейхановқа барады. Қолжазба 17 бөлімнен тұратын соңында Абайдың то­лық өмірбаяны (Кәкітай жазған), әкесі Құнанбай мен анасы Ұлжан жайлы деректер берілген еді. Бұл ақынның бірне­ше жылдардан кейін (1909 жыл) Ілияс мыр­за Борагинскийдің баспаханасынан өлеңдерімен бірге жарық көрген тұңғыш өмірбаяны болатын. Әлихан Бөкейханов бірқатар түзетулер мен анықтаулар енгіз­ген­нен кейін қолжазбаны қайтарып, бола­шақ кітапты Петербургте шығару жайлы ақыл-кеңес береді.

Сөйтіп, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының кітабы 1000 данамен жарық көріп, түгелімен Се­мей өлкесіне, Кәкітай Ысқақұлының атына жөнелтіледі. Кейбір деректерде кітапты баспагер Ілияс мырза Борагинский өз есебі­нен шығарғаны айтылады, ал енді бір деректерге сүйенсек, Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл басылымға қажетті қаржыны өздері жинаған. Менің ойымша, басылым екі жақтың ортақ қаржысына шығарылған тәрізді. Өйткені олардың көздеген мақсаты бір – Абайдың өлеңдер кітабын болашаққа жеткізіп, халқына аманаттау еді.

Әлихан Бөкейханов Абайдың көзі тірісінде-ақ ақын талантын жоғары баға­лап, ол туралы қалам тербегені мәлім. Ал 1905 жылы «Семипалатинский лис­ток» газетінде ақынның өмірбаянын орыс тілінде жариялады. Екі жылдан соң, 1907 жылы «Императорлық орыс геог­ра­фиялық қоғамы Батыс Сібір бөлімі Се­мей бөлімшесінің Жазбаларында» Абай өмірбаяны (авторы Ә. Бөкейханов) фо­тосуреттерімен қоса тағы да жарық көреді. Бұл мақаланың соңында ақынның кітабы таяуда шығатыны туралы айтылады. Алайда бұған патша үкіметінің Әлихан Бөкей­хановты тұтқындауы (1906–1908 жж.) бөгет болады. Сөйтіп, ақын өлеңдерінің қолжазбасы Павлодар түрмесінде отырған Әлихан Бөкейхановтың портфелінде жатып қалады.

Кейінірек, ақын кітабы жарыққа шық­қан­да, Міржақып Дулатов басылымға ерек­ше көңіл бөліп, «Қазақ» газетінде «Абай» атты мақала жариялайды.

Абай мұрасын алғаш жарыққа шығару­шы Ілияс мырза Борагинский 1852 жы­­лы Бақшасарайда, түп тегі қырым татарлары мен құмық хан князьдері әуле­тінен тарайтын Бораган руының дәулетті дворян отбасында дүниеге келген. Белгілі абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов өзінің шағын болғанымен мазмұны терең «Ілияс Бораганский – Абай кітаптарының алғашқы шығарушысы» атты кітапшасында 1882 жылдан бастап жарық көрген «Тәр­жі­ман» газетін қалай тауып алғаны ту­ралы жазады. Аталмыш газетте осы бір қайы­рымды жан туралы мәліметтер жарияланған екен.

Бір айта кетерлігі, «Тәржіман» газетін XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Абайдың өзі және Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов жаздырып алып тұрған. Қайым ағаның көп жылғы ізденістері нәтижелі аяқталды – баспагер Ілияс Борагинскийдің өмірі мен тағдыры туралы ғылыми еңбек жарияланып, оның тұлғалық, ағартушылық бейнесі алғаш рет қалпына келтірілді. Бұл ретте башқұрт әдебиетінің классигі Сайфи Құдаш пен түркітанушы ғалым, профессор А.Н. Кононовтың көмек қолын созуы да зор септігін тигізгенін айта кеткен ләзім.

Осы деректердің, сондай-ақ интернетте­гі мағлұматтардың негізінде бізге Ілияс Бора­ганскийдің 15 жасынан бастап Түркияда баспа ісінің әліпбиін танып-біліп, алғаш машықтанғаны белгілі болып отыр. Бұдан кейін ол Қырымға қайтып оралады. Ал 1876 жылдан бастап Ресей қалаларын аралап, саяхаттауға шығады. 1917 жылға дейін Петербургте тұрады, 1898–1908 жылдар аралығында Петербург университетінде түрік тілінде дәріс оқиды, онымен қоса Ресей империясының Сыртқы істер министрлігінде көркем жазу шебері (каллиграф) міндетін атқарады.

Осы кезде баспа ісімен айналысып, баспахана ашқан ол араб, орыс, түрік және парсы тілдерінде кітаптар шығарады. Шығыстанушы А.Н. Самойловичтің еңбектерін, ал 1899 жылы А.С. Пушкиннің мерейтойына орай «Бақшасарай фонтанын» қырым диалектісімен татар тілінде басып шығарады.

1911 жылы патша үкіметі оған мұсылман діні мазмұнындағы кітаптарды шығаруға тыйым салады. Бұдан кейін тек орыс шығыс­танушыларының еңбектерін жарыққа шығаруға тура келеді. Алайда мұндай қа­таң тыйым мен талапқа қарамастан, 1913 жылы І. Борагинский Әбу Ханифаның ілімі жайында діни әдебиетті басып шығарғаны мәлім.

1917 жылғы революциялық төңкерістен кейін Ілияс Борагинский башқұрт атты әскер дивизиясына арнап «Салават» газетін шығарып, башқұрт қызыләскерлерін баспа ісіне үйретумен айналысады. Бұл астананы ақгвардияшы Юденичтің шабуылынан қорғау үшін Петроградқа башқұрт атты әскерлерін әкелдірумен тікелей байланысты болатын. Ал өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Петербургтегі баспаханасын Стерлитамакқа көшіріп, сонда тұрады. Өз ісіне шексіз берілген әрі ағартушы, әрі баспагер Ілияс Борагинский, байқап отырғанымыздай, сталиндік қуғын-сүргіннің қармағына ілікпеген тәрізді. Өйткені ондай ешбір дерек жоқ. Ілияс мырзаның өмірден көшкен уақыты жайлы да (жорамалмен өткен ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 1942 жылдар аралығы) айтылады. Шамалауымызша, Стерлитамакта жерленген болуы керек.

1909 жылы Петер­бургте араб қарпімен Ілияс Борагинский шығарған Абай кіта­бы, жоғарыда айтқанымыздай, 17 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге 1886–1891 жылдары дүниеге келген өлеңдері енген. Бұл Абайдың шығармашылық шеберліктің шыңына жетіп, поэзия әлеміндегі қайталанбас қолтаңбасы мен өзіндік өрнегі қалыптасқан тұсы болатын. Екінші бөлімдегі туындылар ішінен «Өлең – сөздің патшасы» және «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты бағдарламалық жырлары бөлекше атап көрсетуге тұрарлық.

Үшінші бөлімге он жеті өлең енген. Төр­тінші бөлім түгелімен махаббат тақырыбына арналады, атақты «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі осында енгізілген. Бесінші бөлімдегі он туындының ішінде көкейкесті тақырыпты арқау еткен «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңі бар. Он бір өлеңнен тұра­тын алтыншы бөлімнен «Базарға әркім барады-ны» ерекше атап айтқан жөн. Жетінші бөлімге екі-ақ өлең енген.

Сегізінші бөлімді Абайдың фило­со­фиялық поэзиясының шыңы саналатын «Сегіз аяқ» құрайды. Тоғызыншы бөлімге қыз сұлулығын суреттейтін үш өлеңі енгізіл­ген. Ал оныншы және он үшінші бөлімдерге жыл маусымдары («Жаз», «Күз», «Қыс», «Көктем») туралы хрестоматиялық сипат­тағы және басқа тақырыптағы өлеңдері топ­тастырылған. Он төртінші бөлім қазақ­тардың бүркітпен аң аулау кәсібі тақырыбына арналады. Он бесінші тарауда Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой және Гете, Шиллер, Байрон, Мицкевич өлеңдерінің тәржімелері, барлығы 42 ау­дар­ма өлеңі қамтылған. Он алтыншы бөлімдегі «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» («Аттың сыны») өлеңіндегі «қамыс құлақ» тіркесі тамаша метафоралық көркем теңеу ретінде ерекше назар аудартады. Он жетінші бөлімде Абайдың шығыс дас­тандарының рухында жазылған екі туындысы – «Масғұт» және «Ескендір» поэмаларына орын берілген.

Кәсіби аудармашы ретінде маған Абайдың тәржімешілік қызметі жақын. Осыған толығырақ тоқтала кетейін.

Қазақ поэзиясы кемеңгерінің аудар­ма туындыларына зер сала қарасақ, оның Ресеймен әдеби шығармашылық бай­ланы­сының негізі молекулалық деңгейде, тереңнен тамыр тартады деуге болады. Пушкин, Лермонтов, Крыло­втың Абай аударған өлеңдері жұртшылыққа кеңі­нен танымал. Бұл құбылысқа қазақ және орыс әдебиеттанушы ғалымдары көп­теген ғылыми мақалалар мен том-том зерттеу еңбектер арнағанымен, оның аудармашылық мұрасы аса терең зерде­ленген жоқ. Бұған Антон Дельви­г, Яков Полонский және Иван Буни­н өлеңдерінің аудармалары жатады. Дельвигтің «Сұрғылт тұман дым бүркіп…» романсын Абай домбыра пернесіне салып, қазақы әуенмен жеткізген. Орыс ақынының кең тынысты романсы Абай аудармасы арқылы дала аспабының үнімен үйлесіп, соны мәнерге ие болуы заңды да.

Ал Абайдың өз шығармаларына ке­ле­тін болсақ, оларды В. Шклов­ский, В.Рождественский, С.Липкин, М.Пет­ровых, В.Звягинцева, Л.Озеров аударды. Бұл игілікті іс негізінен Мұхтар Әуезовтің үлкен күш-жігер жұмсауының арқасында жүзеге асқаны белгілі. Осы шығармашылық эстафета М.Дудин, Ю.Кузнецов, Ә.Қодардың тәржімелері арқылы өткен ғасырдың соңына дейін жалғасты. Ал жаңа ғасыр басталысымен осы ізгілікті миссияға астрахандық ақын-аудармашы Юрий Щербаков атсалысып келеді. Астана мен Алматы епархияларының епископы міндетін атқарған кезде архимандрит Геннадий (Гоголев) ағартушылық либераль­­­дық ислам негіздеріне сәйкес, қазақ және орыс мәдениеттерін жақындастыру рухында Абайдың «Қара сөздер» кітабының үзінділерінен поэтикалық аударма жасады.

Заманауи қазақ әдебиетінің хатқа түсіп, баспа жүзін көруі Абай кітабының 1909 жылы алғаш жарыққа шығуынан бастау алғаны аян. Арада үш жыл өтер-өтпесте Қазандағы Кәрімовтер баспасынан Мағжан Жұмабаевтың «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы шықты, онда ақынның «Алтын хәкім Абайға» өлеңі жарияланған-ды.

1970 жылы Мәскеудегі «Прогресс» бас­пасынан Абайдың ағылшын және араб тілдеріне аударылған шығармалары жарыққа шықты.

Ал жиырмасыншы ғасырдың соңында, 1995 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО аясында аталып өткен кезде ақынның шығармалары әлемнің түрлі тілдерінде жарық көріп, дүниежүзінің мәдени орталықтарында, оның ішінде ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде де салтанатты шаралар өтті. Қазақстанда «Абай» энциклопедиясы дүниеге келді. Абай шығармалары қай елде, қай тілде жарыққа шықпасын, қазақ жазба әдебиеті атасының даналыққа толы поэзиясы сөз өнерін сүйетін талғампаз жұртшылықтың жүрегіне қашанда жол табары хақ. Өйткені Абай даналығы уақыттың да, кеңістіктің де сынынан өтіп, жалпыадамзаттық рухани құндылыққа айналып кеткен. Белгілі орыс ақыны, Абай шығармаларының аудармашысы Константин Алтайскийдің сөзімен түйіндесек, Жер-жаһанның қай түкпірінде болсын Абай ақынға есік біткен әркез айқара ашық.

«Литературная газета».

Мәскеу. 15–21 шілде. 2020 жыл.

                                                                                                                                             Аударған Балжан ХАБДИНА.

 

Абайға барар жол – Абайға ұқсау!

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Абай жылы болып жарияланды, әрі ақын, ойшыл, философтың туғанына 175 жыл толу мерейтойына орайластырылған.

 Абай күні (10 тамыз) – қасиетті дата! Туындыгердің өлмес құндылықтары басымызды біріктірген індет кезінде ғана емес, осынау ата-аналарымыздан бастап, біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағына рухани түрде жалғасып жатқан киелі күн.

«Абай бол!» – Осылай деп ескертетін еді бізге жасөспірім және жастық шағымызда. Абайлап жүр, өзіңді сақта! Сонымен бірге ата-бабаларымыздың осы өсиетіне сай рухымыз да, жүрегіміз бен тағдырымыз да молекулалық деңгейде мынандай тілек туындайтын. Ол – өз ой-ниеттерің мен шығармашылық ізденістеріңде Абайға ұқсау!

Өткен ізгі де қайырлы уақыттардағыдай, белгілі бір дата алдында өз шығарма­шылы­ғыңды електен өткізіп, қорытындылауға тиіссің. Бұл үрдістен мен де тыс қала ал­маймын…

 Бұл біздің күнтізбемізге осы жылдан бастап заң жүзінде Абай күні болып аталған Ақынның күнінде оның рухы алдында менің есеп беруім болмақ.

Поэзия пайғамбарының рухы алдындағы
шығармашылық есеп

  1. Абай: өмірі мен шығармашылығы. Деректі фильм, 1983 жыл.

«Қазақфильм». Бүкілодақтық деректі фильмдер фестивалінің жүлдесі.

Режиссері Тимур Аргинчеев. Сценарий авторы Б. Қанапиянов.

  1. Шәкәрімнің соңғы күзі. «Қазақфильм», 1992 жыл. Толық метражды көркем фильм. Сол кездегі экономикалық жағдайға байланысты фильм түсіруге қажетті қаражаттың жартысын Абай ауданының тұрғындары жинап берді. Режиссері Тұраш Ыбыраев. Сценарий авторы Б. Қанапиянов.
  2. Абай өлеңдерінің аудармасы (Ресей мен Қазақстандағы жарияланымдар, 1982–2020 жж.).
  3. Абай күнтізбесі, 1995 жыл. Идея авторы және құрастырушы Б.Қанапиянов (қазақ және орыс тілдерінде). Лев Озеровтың рецензиясы – «Календарь или Антология?» («Литературная газета», мамыр 1995 ж.)
  4. Абайдың 150 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс, Алматы, Республика Сарайы (ЮНЕСКО-ның Бас хатшысы Федерико Майордың қатысуымен, 9 тамыз 1995 жыл).

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Абай туралы сөз» баяндамасы.

Қазақстан және ТМД елдері өнер шеберлерінің (Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, А.Соловьяненко, О.Табаков, Ә.Дінішев, А. Мұсаходжаева, Ж.Әубәкірова, Р.Рымбаева және т.б.) қатысуымен гала-концерт.

Қоюшы-режиссерлері: Ә.М.Мәмбетов, Р.С.Андриасян. Сценарий авторы және кеңесшісі – Б. Қанапиянов.

  1. Шәкәрімнің, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың, Ахмет Байтұрсыновтың Абайға арналған өлеңдерінің (Алтын Хәкім Абайға және т.б.) аудармасы. Қазақстан мен Ресейдің мерзімді басылымдары, «Литературная газета» (Мәскеу қаласы), жекелеген басылымдар.
  2. Пушкин жылы және Абай жылы, «Литературная газета» мақаласы, сәуір 2005 жыл.
  3. Шәкәрім, қазақ тілінде, екі томдық, 2006 жыл. Шығарушы және құрастырушы Б. Қанапиянов.
  4. «Нан иісі» әңгіме-новелласы (Мұхтар Әуезовпен және оның «Абай жолы» кітабымен алғаш кездескендегі кішкентай баланың бастан кешкен сезімдері мен түсінік-түйсігі). «Литературная газета» (№15, 11 сәуір 2010 ж.) мен «Қазақ әдебиеті» (12 сәуір 2011 ж., аударған Б.Хабдина) газеттеріндегі жарияланымдар.
  5. Орыс ақындары және Абай, «Литературная газета» мақаласы, №31, 29 шілде 2015 ж.
  6. «Абай» (канондық мәтіндер), 2019 жыл, қазақ тілінде, «Жібек жолы» баспасы. Құрастырушылар: Б.Қанапиянов, Б.Хабдина.
  7. Абай күнделігі, 2020 жыл. Идея авторы және құрастырушы Б.Қанапиянов (қазақ және орыс тілдерінде).
  8. «Абайдың алғашқы кітабы» («Литературная газета», Мәскеу, 22 шілде 2020 жыл). Аталмыш мақаланың қырым татарлары тіліндегі аудармасы және жарияланымы. «Янъы дюнья», 7 тамыз 2020 жыл. Аударған Сейран. Қырым Республикасы.
  9. М.О.Әуезовтің 50 томдық академиялық толық басылымы. Шығарушы және орыс мәтіндерінің редакторы Б.Қанапиянов (1997–2014 жж.). Осы жоба туралы жарияланған екі мақала: «Литературная газета», сәуір 2014 ж. және «Қазақ әдебиеті», «Ақын кетіп барады…», 3 шілде 2020 ж.
  10. «Абай жолы» роман-эпопеясының А.Кимнің жаңа аударуындағы басылымы, 2007–2017 жж. (бірнеше қайта басылымы). Редакторы және баспа жобасының жетекшісі Б. Қанапиянов.
  11. «Радушно распахнуты двери Поэту». Б.Қанапияновтың Абай туралы «Казахстанская правда» газеті (20 мамыр 2020 жыл) мен ippokrena.kz сайтында жарияланған мақаласы.
  12. «Пространство души казаха». Б.Канапияновтың «Профиль» журналында жарық көрген мақаласы, Мәскеу, шілде 2020 ж. ҚР Сыртқы істер министрлігінің тапсырмасы бойынша.
  13. Абай туралы хабар, жүргізуші – С.Коковинец, «АбайTV», шілде 2020 жыл.
  14. «Абай әуендері». Б. Қанапияновтың жыр жолдарына түсіруіндегі Абай өлеңдері циклы («Достояние души» кітабы, Жан Бахыт, «Жібек жолы» баспасы, 2018 жыл).
  15. «Абай», Абай өлеңдерінің орыс тіліне және одан әлемнің басқа да 10 тіліне аударма кітабы. Алғысөзін жазған ҚР Президенті Касым-Жомарт Тоқаев. Құрастырған Б.Қанапиянов.

Аударма бюросы, Нұр-Сұлтан, М.Ломоносов атындағы МГУ баспасы, Мәскеу, 2020 ж.

10 тамыз 2020 жыл.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір