Жанайқай: 37-нің елесі кезіп жүр…
23.11.2020
818
0

1993 жылы Совет үкіметі құлаған бетте Шортанбай жыраудың 175 жылдығын тойладық.
Мерекеге Т.Кәкішев, С.Қирабаев, М.Мағауин, С.Нигимов, С.Сматаев бастаған 20-дан аса жазушы-ғалымдар, Қ.Сұлтанов сынды Парламент депутаттары келді. Осы зиялы қауымның қатысуымен аудандық музейге Шортанбай жырау есімі берілді (Ол құжат қолымызда бар). «Егемен Қазақстан» газеті бұл туралы жазды (Газеттің түпнұсқасы да қолда).
Музей 19 жыл бойы «Шортанбай атындағы тарихи-этнографиялық музей» деп аталды. Кенет аудан әкімі мен музей басшылығы өз бетімен музейден Шортекеңнің атын алып тастап, жырауға арналған, жабдықталған бөлме қиратылды. Бұл жерде музейге бөлінген аса ірі қаржының біреулердің тамағынан өтіп кетуі де бар.
Мәселені сан рет көтеріп жаздық. Шешімін таппады. Биыл маусым айында облыстық Мәдениет басқармасына арнайы барған едім. Е.Жұмакенов: «Біраз тұрғыннан қол қойғызып, менің атыма өтініш түсіріңіз. Онамастикалық комиссияға өзіміз ұсынып, дұрыстайық», – деген жанашырлық танытқан.
Айтқанын жедел орындадық. 72 адамның қолы қойылған өтінішті, өзге де құжаттарды табыстадық.
Қыркүйек айында Е.Жұмакенов: «Аудан жұртының өтініші аз, бұған қоса музей қызметкерлерінің келісімі керек»,– дегенді жеткізді. Мұның аяғы мынадай сорақылыққа әкеліп тіреді.
Үкіметтің тәуелсіздік ала шығарған қаулысы бар еді. Мұнда Еділ батырдан басталып Қ.Рысқұлбековпен бітетін 150 адам тіркелген. Сол тізімде Бұқар жырау, Махамбет, Ә.Бөкейхан, Абайлармен қатар Шортанбай жырау да тұр. Бұл ұлы тұлғаларға республиканың қай қаласы, ауданы болса да музей, мектеп, көше аттарын беруге болатыны анық берілген.
Ал біздің ұлы Шортанбай жырауға көрсетіп жатқанымызды қай сорақылыққа жатқызамыз?
К.ЖҮНІСТЕГІ, 30.10.2020 ж.

Қарағанды облысының Мәдениет,
архивтер, құжаттама басқармасының
басшысы Е.Жұмакеновке
жазушы К.Жүністегіден

Шет аудандық музей қызметкерлері 14.09.2020 жылы №7 хаттама толтырып, музейде Шортанбай жырауға тиісті «бірде-бір жәдігер жоқ» дегенді жазыпты. Осы айдың 15-і күні өзіңіз облыстық музей басшысы, т.б біраз азаматтарды ертіп келіп, жиналыс өткіздіңіз. Шортанбай жырауға байланысты 1993 жылы жыраудың 175 жылдығына орай өткен мерекелік шарада түсірілген видеофильмді мен көлденен тарттым. Ол фильм әлденеше рет жұртшылыққа көрсетілген. Деректі фильмді музей басшысы С.Қамытбаева да көрген. Оны осы жиналыста өзі де мойындағанын естідіңіз. Сол фильмде қариялар Шортанбай салдырған су диірмен болғанын, оның кейінгі тарихын айтып берді. Мен, С.Қамытбаеваға: «Сол фильмді көрдің, онда Шортанбай жырауға тиісті жәдігерлерді қариялар атап көрсетті. Соны біле тұра неге Шортекеңе байланысты жәдігер жоқ дедің?» – деген сұрақ қойдым. Жауап бере алмай тұрып қалды.
Тағы бір жағдай Шортанбай жырау мінген пәуеске туралы. Қолдан құжат жасапты. «Түпнұсқасын көрсет» деп сан рет барғанмын. Түпнұсқа облыстық музейде деген соң облыстық музейдің де басшысына барғанымда, құжаттық түпнұсқасы тек аудандық музейде болатынын айтқан. Сол сөзді бетке ұстап тағы С.Қамытбаеваға барған едім, қызметкері Б.Баямановаға: «Әкел», – деп бұйырды. Қолыма осы заманның жылтыр қағазына басылған көшірмені ұстатты. Мен: «Мынау осы күнгінің қағазы, дұрыс емес», – деп өздеріне қайтып бермей қалтама салып алдым. Осы жалған құжатты жиналыс үстінде өзіңізге де көрсеттім. Ал Шортанбайға 14 жасынан атқосшы болған, оның пәуескесін сақтап қалған Әбеу ақсақалдың немересі Адамқұл Тұрсыновтың пәуескені маған бергені туралы қол хатының көшірмесін менен өзіңіз алдыңыз.
Барды жоқ деп жалған құжаттар жасап, жалған хаттамаға қол қоюды ұйымдастырып жүрген С.Қамытбаеваның ісі тап сол жерде әшкереленді. Бұл рухани алаяқтық. Жұртшылық арасында араздықты қоздыру шарасы. Мұндай адамның бұл жерде жұмыс істеуіне енді еш хақысы жоқ. Тіпті заң алдында жауап беруі тиіс.
Музей қызметкері Б.Баяманова: «Ол деректі фильмді көрмедім», – деп жалтарды. Мұнысы шындыққа жанаспайды. Мәдениет бөліміне де «осы фильмді көшіріп алыңдар» деген едім. Тағы бір кездесуде С.Қамытбаева: «Көшіріп алдық», – деген еді. Тағы бір сорақы сөз, Б.Баяманова сол өзіңіз қатынасқан жиналыста: «Тас диірменде Шортанбайдікі деген жазу жоқ», – деп соқты. Тура анекдот.
Ағыбай батырдың немересі Бимендені аудандық комитеттегі басшы қызметінен алған Бименде: «Ағаекеме айтып едім, «орыспен соғыспа, ұрпағыңа жаман болады» деп, тілімді алмады», – деген екен.
Сол сияқты Шортанбай жырауға: «Шортеке, диірмен тасына «Шортанбай» деп жазып кет. Әйтпесе «оқу өтіп кеткен» музейдегі бір қатын дау шығарады», – дей алмай қалдық (осыны Көпен Әмірбекке айтсам ба екен?). Осындай «ақылды» адам музейде енді қалай қызмет істейді?
Газеттерден оқып, телеарналардан көріп жүрміз, көптеген азаматтар көне бір жәдігерлерді музейлерге әкеліп «бәленше батырдан, шешеннен, биден қалған зат» деп тапсырып жатыр, куә – атадан қалған аңыз сөз.
Ал біздің музейдегілер бар затты жоқ ету үшін жанталасып жатыр. Музейде Көпжан Байменовтың қолынан алған жез леген атаусыз тұр. Көпжан ақсақал тарихи үш жәдігерді сақтап қалған еді. Ол Жанғұттының ас табағы, Шортекеңнің аса таяғы, жыраудың жез легені.
Орынбасар Жабаевтан алған «Шортекең қолына ұстап, таң қалған» оқшантай атаусыз. Сол сияқты «Шортанбайға қымыз құйып берді» делінген ағаш ожау көрсетілмейді де.
Ең күйзелетінім, Жарықта тұрған Смағұл молладан алған, бетінде патша цензурасының мөрі басылған, 1880 жылы Қазанда шыққан, әбден ескірген, кей беті жыртылған, бірақ түптелуі аман Шортанбай жыраудың кітабы қайда кеткені белгісіз. Сол музейді ашып, көне жәдігерлерге толтырып кеткен едім. Қазір соның құнды жәдігерлерінің жартысы жоқ, не болғаны, не жоғалтқанының тізімі менде бар. Ол заттарды есептен шығаратындай бүлінетін азық түлік емес!
Халық депутаттарының Шет аудандық кеңесінің №11/175А22 1992 жылғы қаулысымен Мир көшесі Шортанбай жырауға берілді. Күні бүгін солай аталып тұр.
Сол қаулымен аудандық музейге Шортанбай жырау аты берілген еді (Қаулы қолда бар). Ендеше Шортекеңнің есімі неге музейден алынып қалды? Қызыл қырғындар бітіп еді ғой. Әлде солардың жандайшаптары тұтанып жүр ме?
Біз көтеріп отырған мәселені «енді аудан басындағы адамдардың жиналысына салып шешейік» деген сөз шығып қалды. Сасық рушылдықтың бетін көріп отырсыздар. Бұл ру тартысы сияқты келеңсіздікке апаратын жол. Әрі кімнің туысқаны көп болса соның айғағын басым ететін, әрі халықты бөле жаратын, араздықты қоздыратын жағдай. Мәселе бұлай бет алса, мен өз басым ауданның 20 округінен де халықтың қолын жинауға бара аламын. Әлеуметтік желіні де қосуға болады. Қазақтың 900 жазушысы мен журналисі де үн қосады. Сіздерге Республиканы дүркірететін осындай айғай керек пе?
Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы
17.10.2020 ж.

Ең бір қызығы, Е.Жұмакенов келіп кеткен соң, музейдің үш қызметкері Динара, Барқыт, Әсет менен кешірім сұрап келді. Олардан: «Шортекеңе байланысты жиналыс болды ма?» – деп сұрағанымда, «жоқ», – деп жауап берді. «Енді хаттамаға қалай қол қойдыңдар?» – дегеніме, мәжбүр болғандарын айтты.
Сонан соң, ертеңіне музей басшысы С.Қамытбаеваға бардым. Ол да жиналыстың болмағанын, хаттаманы сырттан біреулер дайындап алып келгенін мойындады. Міне, музейдегі былықтар.
Қазан айының 28-і күні облыстық Мәдениет басшысы Е.Жұмакеновке бардым. Ол: «Шортанбайға музей атын берме», – деп біреулер телефон шалады дегенді айтты. «Кімдер?» дегенім жауапсыз қалды. Сонан соң: «Шортанбай сарт көрінеді», – дегенді көлденең тартты. Әрине, бұл әбден шектен шыққандық! Мен атақты жазушы Қалтай Мұхамеджанов пен Шортанбайдың әкесі немере екенін айтқан едім, үнсіз қалды.
Телефон шалып, пәле қуып жүргендердің, рушылдықтың, басқаны көре алмаушылықтың түтініне булығып жүргендер екенін, бұл тоқтамаса менің бүкіл қазақ халқынан, айтқандай 900 ақын-жазушыдан қол жинауыма тура келетінін де жеткіздім. «Жинаңыз», – деді басшы.
2018 жылы сасық рушылдыққа бой алдырғандар, не қызыл империяның қалдықтары орысқұлдар «Шортанбай жыраудың 200 жылдық мерейтойын өткіздірмейміз», – деп үстімізден екі рет жоғарғы жаққа арыз жазған еді.
Мұхтар Мағауин: «Шортанбай жырау» XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын діңгегі», – деп баға берген екен. 37-нің елесіндей болған мыналар сол Алтын діңгекті қопарғысы келгендей. Біздің аймақты 37-нің елесі кезіп жүр.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ, жазушы
29.10.2020 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір