Аршат ОРАЗ, IT маман, Texter.kz блог-платформасының құрушысы: АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫСТА ӘЛІ ДЕ ЖЕҢІЛІП ЖАТЫРМЫЗ
20.11.2020
1326
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің өткен сандарының бірінде ғалым, профессор Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВТЫҢ бүгінгі қолданыстағы клавиатурамен цифрларды жазу қолайсыз екендігі туралы мақаласы жарық көрген болатын (««Екі жерде екі» қазақша қалай жазылады?» №44, 06.11.2020 ж.). Осы орайда, IT маман Аршат ОРАЗДАН пернетақтаға төл дыбыстарымыз бен сандарды жүйелі орналастырудың қандай жолдары бар екенін және IT саласының қыр-сыры хақында сұрап көрдік.

– Аға, «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен санында белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтің қазақ клавиатурасының сандарды жазуға ыңғайсыз екендігі туралы мақаласы жарық көрген болатын. «Мысалға, «2020 жыл» дегенді қазақ клавиатурасымен жазып көріңіз. Ағылшын клавиатурасымен емес. Орыс клавиатурасымен емес. Қазақ клавиатурасымен. Бар өнеріңізді салыңыз. Нәтиже: «Әқәқ жыл» болып сақауланса, ал «2021» саны «әқә» болып айдалаға қашады. Сонда өзге тіл клавиатурасына ауыспай қазақ клавиатурасында қарапайым сандарды жаза алмасақ, яғни бірінші сыныптан аттай алмасақ, өмір бойы «двойшник» болып бір сыныпта отыра беруіміз керек пе?» – дейді ғалым. Осы пікір тұрғысында ойыңызды білдірсеңіз. Яғни, қазақтың төл қаріптері жүйелі орналасқан клавиатура жасау­дың қандай жолдары бар?

– Сандарды жазудың 2 түрлі амалы бар. Біріншісі – клавиатураның 2-қатарындағы сандар тізбегімен жазу, екіншісі – оң жақтағы сандар блогы арқылы жазу. Қазақ клавиатурасымен бірінші амал арқылы жаза алмайсыз. Өйткені біздің тілімізде әріп саны көп, сондықтан қазақ тілінің төл дыбыстарын белгілейтін әріптер (Ә, І, Ң, Ғ, Ү, Ұ, Қ, Ө, Һ) 2-қатарға орналастырылған. Бұл әріптерді қоятын басқа орын жоқ. Сондықтан, меніңше, таңбалардың бұлай орналасуы – идеал. Ал жалпы сандарды теруге оң жақтағы сандар блогы ыңғайлы. Оны басқа тілдегі клавиатура пайдаланушылары да солай пайдаланады. Жалпы, клавиатураның өз стандарттары бар. Ол 6 қатардан тұрады. Тек бір ғана тіл үшін тағы бір қатар қосу тиімсіз. Қазіргі оптимизацияланған заманда бұл мүмкін емес нәрсе. Сондықтан қазақ клавиатурасымен сан жаза алмау, менің ойымша, үлкен мәселе емес.

– Латын графикасына көшу бұл мәселені түбегейлі шеше ала ма? Әліпби ауыстырудың бұдан өзге қандай артықшылықтары мен кемшіліктері болуы мүмкін?
– Иә, латын әліпбиіне көшкен кезде мұндай мәселе болмайды. Әріп саны азаяды, төл дыбыстарға да орын табылады. Мысалы, түрік клавиатурасында мұндай кілтипан жоқ. Барлығы жинақы орналасқан. Бұдан бөлек, латын графикасына көшу жалпы ақпараттық технологиялар саласы үшін өте ыңғайлы болмақ. Банк, құжат айналымы немесе басқа жүйелерде латын әріптері қолданылады. Бұл тұрғыда әліпби ауыстырудың қолайлы тұстары көп және жалпы программалауда, деректер қорымен жұмыс істеуге де латын әліпбиі тиімді. Визуал көрініс тұрғысынан қарасақ, алдымен ықшамдылық пайда болады. Мысалы, кириллица әріптері таңбаланғанда көп орын алады, латын әріптері оған қарағанда ықшам. Мәтін көлемі азаяды осылайша. Түрлі шрифттерді де қолдануға болады. Қазіргі кириллицаға арналған шрифт саны аз, ал латын әліпбиіне өткен кезде мыңдаған шрифт қолдануға мүмкіндік туады. Көркемдік тұрғысынан да бұл әлбетте жақсы.
Қазақстанда интернет бағасы әлемдегі ең арзан интернет қатарында

– Қазақстанда жаңа технологияны игеру процесі қалай жүріп жатыр?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын электронды қызметтерді алу қиын болатын. Қазір халық электронды қолтаңба қолдануды, онлайн қызметтерді пайдалануды үйренді. Түрлі төлемдер де жаңа технология арқылы жасалады. Бұрын картамен төлем жасауға да қорқатын халық қазір мұның ыңғайлы екенін түсінді. Яғни технология өмірімізге кірген сайын, адам да соған қарай бейімделеді, кей нәрселерді үйренуге мәжбүр болады.

– Кейде елімізде жаңа технологияны меңгеру қарқынының әлі де бәсең екені турасында айтылып қалып жатады. Бұған қандай себептер ықпал етуі мүмкін?
– Бәсең демес едім. Қазақстанда технологияны меңгеру жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Түрлі қосымшалар, онлайн қызметтер, е-дүкендер өмірімізге толық енді. Онлайн сабақтар да қалыпты нәрсеге айнала бастады. Қазақстанда интернет бағасы әлемдегі ең арзан интернет қатарында. Бірақ жылдамдық жағы әлі де әлсіз. Егер жылдамдығын және бағасын көтеретін болса, оны да қолданатындар көптеп табылары сөзсіз.
«Адам өздігінен хакер бола алмайды, хакер болып туады»

– Жалпы, цифрланған қоғам орнатудың адам санасына тигізер ықпалы турасында не айтар едіңіз?
– Қазіргі заман – ақпарат заманы, ақпараттық технологиялар заманы. Адам санасы да соған бейімделеді. Оптимизация, яғни ықшамдалу, жылдам ойлау, сараптама жасай алу, тайм менеджмент – уақытты дұрыс жоспарлау сияқты қасиеттер алға шығады. Заманның талабы осы. Адам эволюциясының да талаптары сондай – үздік болу, ортаға бейімделу, даму. Цифрланған қоғамда өмір сүре алу үшін осындай қасиеттерге ие болу керек.

– Еліміздегі IT мамандарын даярлау жұмысына көңіліңіз тола ма? IT мамандарының маңыздылығына кеңірек тоқталсаңыз. Бұл мамандық иелерінің математикаға бейімі болуы маңызды ма?
– Бір танымал фильмде: «Адам өздігінен хакер бола алмайды, хакер болып туады» деген сөз бар. Яғни біреуді ұстап отырып, үйретуден пайда болмайды. Ақпараттық технологиялар саласын таңдаған адамның ішкі болмысында сол салаға деген икемділік болуы тиіс. Бір ұшқын болса жарайды, өзі алып кете алады. Университетте оқу да міндетті емес, тіпті. Қазір шетелде, керісінше, «уақытыңды бостан-босқа университетте құртпа» деген қағида бар. Одан гөрі стартап жасап, түрлі жобаларға кірісіп көру керек. Қазақстанда стартап жобаларға жақсы мүмкіндіктер көп. Стартаперлерге арналған хабтар бар, тегін офис, жұмыс орны ретінде қолдана алады. Өнімдеріне инвестор табуға да көмектеседі. Бәлкім, Кремний алқабы сияқты ірі технология орталығымыз жоқ болар, бірақ қазақстандықтар көштен қалып жатқан жоқ. Дегенмен, жақсы жағдай және инвестор іздеп шетелге кетіп жатқандар да жоқ емес. Бұл мамандық иелеріне керек ең басты қасиеттер – ең алдымен еп, ынта, ниет. Базалық тұрғыда әлбетте математика керек, қанша дегенмен, ғылымның патшасы – математика ғой. Өзін дамыту тұрғысында қай салаға болмасын, ағылшын тілі де ауадай қажет. Өйткені қазір ақпарат тілі – ағылшын тілі. Бұл тілді білмей даму туралы айтуға болмайды.

– Қай салада болмасын цифрланған технологиялардың мүмкіндігін тиімді қолдана алып жүрміз бе?
– Қазақстанның барлық аймағында болмаса да, жаңа технология кеңінен қолданылуда. Бірақ кей қызмет түрлерінің, цифрлық тауарлардың қымбат болуы себепті медицина, ауылшаруашылығы сияқты салаларда жаңа технология өнімдері кең қолданыста дей алмаймыз. Бағасы қолжетімді отандық өнімдерді көптеп шығару керек. Әлбетте жақсы мамандар да тапшы, қолда барына жағдай жасап, елде ұстауға тырысу керек.

– Маман тапшылығын жою үшін қандай шаралар жасалғаны дұрыс?
– Аймақтарда көрінбей жатқан талантты жастар бар. Соларға мүмкіндік беру үшін өңірлерде стартап жарыстары өткізіліп тұрса, ашық кеңістегі коворкинг офистері де жақсы мүмкіндік туғызар еді. Конкурстар да жақсы мотивация болады. Осылайша ақпараттық технологиялар саласында кадрлар пулы қалыптаса бастайды. Оларға сұраныс та артатын болады.

– Қазақстанда IT саласын драйвер салаға айналдыру мүмкін бе?
– Негізі, Қазақстанда ІТ тұрғысынан әлеует бар. Бірақ, айтып өткеніміздей, мықты мамандар шетелге кетіп жатыр. Ал талантты жастарға жағдай жоқ. Кремний алқабы, Сколково сияқты үлкен орталық жасалса, түрлі стартаптарға инвестиция тартылса, әбден болатын нәрсе. Бізге қазір өзіміздің қолданысымызға арналған өзімізде шыққан өнімдер керек. Содан кейін барып әлемдік нарыққа да қадам басуға болады. Егер дұрыс ұйымдастырылса, Қазақстанда ІТ саласын жетекші салаға айналдыруға негіз көп.
Отандық өнімдерге қолдау көрсетілетін күн жақын…

– Тұтынушылықтан өндірушіге өтудің алғышарттары қандай?
– Сұраныс пен ұсыныс тұтынушылықтан өндірушіге апара алады. Мысалы, кей нәрсеге қолданушының көңілі толмайды, оны өзгерту, дамыту бойынша ұсыныстар айтады, сондай сұраныстар көбейе бастаған кезде ол соңында өнімнің шығуына себепші болады. Қарапайым мысал: Қазақстандағы такси қызметтері шетелдік компаниялардың өнімі. Яғни олардың табысы шетелге кетіп жатыр. Үйге тамақ әкелу қызметтері де шетелдік тетіктер. Қаншама қаржы шетелге кетіп жатыр нәтижесінде? Алдағы уақытта мұндай қосымшалардың орнына отандық өнім келетін болады. Қазіргілердің барлық кемшіліктерін жабады, салық та төлейді, ақша да елде қалады. Естуімше, билік те осы бағытта әрекет істеп жатыр. Отандық өнімдерге қолдау көрсетілетін күн жақын.

– Бірнеше жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда: «Қоғам ақпараттық соғысқа дайын емес», – деген екенсіз. Ал бүгін ше?
– Ақпараттық соғыста әлі де жеңіліп жатырмыз. Ақпарат көп болған сайын, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырату қиын. Дезинформация өте көп. Адам сенгісі келген ақпаратына сенеді. Фактчекинг яғни ақпаратты тексеру қалыптаспаған. Бұл жағынан сауат жетпей жатыр әлі де. Халық ақпараттық манипуляцияға тез түсіп қалады. Бұның сауаттандырудан басқа емі жоқ. Жалған ақпарат үшін жазаны да күшейту керек, әлбетте.

– Халық, әлеуметтік орындар ақпарат­тық тұрғыда қаншалықты қорғалған? Күні кеше ел сеніміне енген, қаржылық айналымда көптеген ыңғайлы тетіктері қарастырылған Каспи банкіндегі техникалық ақаудың шығу себебін кибершабуылмен байланыстырғандар көп. Бұл аталған банктің техникалық қауіпсіздігінің дұрыс сақталмағанын көрсете ме әлде өзге де себептері бар ма?
– Жаңа айтқанымдай, көп нәрсе сауат­тылыққа келіп тіреледі. Және бізде халықты ақпараттандырудың да кемшін тұстары көп. Нәтижесінде халық бірінші шыққан ақпаратқа сеніп қалады, соны бөліседі. Мекемелер бұқаралық ақпарат құралдарымен және халықпен байланыс қызметтерін күшейтулері керек. Әлеуметтік желіде де белсенділікті арттырулары қажет. Қазір жәй есеп үшін ғана ашылған парақшалар көп. Ал шынымен жұмыс істеп жатқандар аз. Бәлкім, ақпараттандыруға бөлінетін қаржыны көбейткен дұрыс болар? Өйткені ақпарат бар бола тұра, оның таралу ауқымының, ақпаратқа реакцияның төмен екенін көреміз.
Аталмыш банкте қандай ақау болғанын білмейміз. Банк қызметкерлері де себебін ашып айтпады. Кең қолданыстағы құрал болғандықтан серверлер кейде жүк көтере алмай қалатын кез болады. Мүмкін сондай да себебі бар шығар? Бір мезеттік көп сұраныс болған кезде талай нәрсенің істемей қалғанын жиі көріп жүрміз ғой. Мысалы, 42500 тг әлеуметтік көмекке өтініш тапсыру кезінде сұрау жасаған адамның көп болуы себебінен сервер істен шығып қалды. Nur Otan праймеризінің алғашқы күнінде де дауыс беру құрылғылары істемей қалғаны белгілі. Мұндай мысалдар көп. Түсіністікпен қарау керек.
Ақпаратты бөлісуден бұрын, оның жауапкер­шілігін де ойлаған абзал

– Ақпараттық майданда біз – қарапайым халық ескере бермейтін тағы қандай жайлар бар?
– Ақпарат, ол – азық. Адам тамақ аларда оның қолданыс мерзімін анықтап, тағы да басқа критерийлер бойынша әбден қарап алады ғой. Дәл солай. Ал ақпаратты таңдамайды. Бірінші келгенін жұта салады, басқалармен бөліседі. Ол да қорек секілді, жарамсызымен азықтанған адам өзі уланғанымен қоймай, онысын басқаларға да жұқтырады. Сондықтан ақпаратты тексерген дұрыс.
Тағы бір ескеретін жайт – жағымсыз жаңалықты бөліспеу. Педофильдер, зор­лықшылар, банк тонау туралы, өзін-өзі өртеу сияқты неше түрлі жаман жаңалықтар қаулап шығады. Соны жұрт жарыса бөлісіп жатады. Бұл жерде маңызды 3 нәрсе бар: Біріншісі, жағымсыз жаңалық көбейген сайын қоғамда депрессиялық көңіл-күй өршиді. Нәтижесінде адамда күйзеліс, ұйқысыздық, қан айналымының нашарлауы сияқты түрлі жағымсыз нәрселер пайда болады. Екіншісі, ішкі жануар түйсігінің оянуы. Жаман жаңалықты адамның барлығы бірдей жаман деп қабылдамауы мүмкін. Ішкі түйсігіндегі жануар оянып кетуі ықтимал. Бұрын, мысалы, өзінің кей ойларынан ұялатын болса, жаңалықты көрген кезде «мен сияқты басқа адамдар да бар екен» деп алдымен өзін жұбатады. Оның арты кейін жаман әрекеттерге ұласпасына кім кепіл? Үшіншісі, оқиғалар тізбегінің жалғасуы. Кей жағымсыз жаңалықтар біреулер үшін мәселенің шешімін табар жолы болып көрінуі мүмкін. «Осылай да істеуге болады екен ғой»,–деп ойлайды. Мәселен, бір кездері еліміздің түрлі өңірлерінде жаңа туған сәбиін дәретханаға тастап кету үрдісі жүрді. Жергілікті басқару органдары ғимараттарының алдында өзін-өзі өртегендер ше? Жануарларды қорлау видеолары ше? Мұндайлардың барлығы бір жаңалық шыққаннан кейін қысқа мерзім ішінде қайталанған оқиғалар. Сондықтан ақпаратты бөлісер алдында оның жауапкершілігін де ойлаған абзал.

– Қазіргі кезде «жасанды интеллект» ұғымы жиі сөз болуда. Осы жасанды интеллект иесінің нағыз сана иесіне қандай да бір ықпалы болуы мүмкін бе? Бұлар арқылы адамзаттық прогресс алға баса ма әлде керісінше ме?
– Жасанды интеллекттен қорқудың қажеті жоқ. Ол болашақта болатын нәрсе емес. Қазір де қолданыстағы алгоритм. Әлеуметтік желіде де, басқа қосымшаларда да күнделікті көріп жүрміз. Адам байқамауы мүмкін, бірақ жасанды интеллект қазірдің өзінде өмірімізге кірді. Мысалы, сізге ұсынылатын жаңалықтар, жарнамалар, видеолар сіздің қызығушылықтарыңызға қарай барынша дәл ұсынылады. Әсіресе, жарнама секторында бұл жақсы қолданылады. Нақты өзіне керекті аудиторияға ғана жарнама көрсетіледі. Осылайша қаражат та тиімді қолданылады, оның әсері де жақсы болмақ. Жасанды интеллект адам өміріне жақсы өзгерістер, ыңғайлылық әкеледі.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір